«АЛЛАҒА ОРАЛУ МЕКЕНІ СИРИЯДА ЕМЕС, ӘРКІМНІҢ ЖҮРЕГІНДЕ… ӨЗ ОТАНЫНДА»

Досай КЕНЖЕТАЙ:

…«ақиқатты тұтас таныдым, Алла осы, ақиқат осы» деп айқайлау – ақылды адамды надан қылып көрсететін өлшем

– Қазіргі ислам әлемінің шаңырағын шайқалтып, адамзат қоғамына қауіп төндірген ДАИШ террористік ұйымының әрекет­тері мен идеологиясына көз­қара­сыңызды білдіріп кетсеңіз.

– Сириядағы содырлардың «Ислам мемлекеті» деген лаңы жаһандық күштердің бүгінгі ең ықпалды жобасы болып отыр. Батыс ориентализмінің тарихын ақтарып отырып, Эдуард Сайид­тің шариғат негізіндегі ислам мем­лекетін құру идеясын Батыс­тық республикалық жү­йеге қарсы оппозициялық агрессия­лық сананы мұсыл­мандарға егумен азық­тандырып отыру басты саяси ойын екенін көруге болады. Жалпы, жаһан­дық тепе-теңдік  қарама-қай­шылықтардан тұруы тиіс деген ұстаным, бұл – христиандық саяси орталықтарға тән түсінік. Ал ислам өркениетінің теоре­тиктерінен Ибн Халдун, «қала мен дала» (хадра уа уадийу) арасындағы тепе-теңдік теория­сын табиғи үйлесім ретінде көрсетіпті. Қазіргі жаһандық саясат та ба­тысты – «қала», шығысты (мұсыл­ман әлемі) «дала» ретінде танып, табиғи диалектика ретінде қарастыруын жалғастырып келеді. Себебі, Батыс пен Шығыс диалек­тикасы саяси ойындарында мұсылман әлемі тұрақсыздық пен қаржы құралы ретінде орын алып келеді. Осы ғаламшардағы, фани дүниедегі диалектикалық орта, ақша табу, ақша шашу, мұсылман қанымен, басқаларды исламо­фобиямен үркітіп, деге­ніне көндіріп, әлемді уысына ұстап отыру – негізі керемет жаһандық саяси орталық­тандырылған жүйе. Бұл жүйеге мұсыл­мандарды орталық­сыз­дан­дыру, ыдырату, санасын тұмшалау, тек ашуы мен ызасын туғызып, агрессиясына жоғары техно­логиялық қару арқылы жауап беру, мұсыл­мандарды өзара қыр­қыстырып мал табу – адам­заттың адам­дықтан алшақтауы. Армагедон теория­сының прак­тикадағы траекториясы – адам адамның қасқыры. Мұн­дайда дін де ештеңе істей алмайды. Себебі, бұл – теоло­гияның кри­зисі. Енді тек мұсылмандар үшін ғана емес, жалпы әлем үшін Аллаға тәуекел ету ғана қалады.

– Қазақ жастарының содыр­лар қатарына қосылып, қол­дарына қару алуын ұлтқа төнген қауіп деуге әбден болады. Осы келең­сіздіктің себеп-салдары, саяси астары туралы не айтасыз?

– Қазір Сириядағы содыр­лардың методологиясында ақыл емес, тек нақылдағы бұй­рық­тарды орындау сияқты тәуе­келшілдік ұстанымы қалды. Бұл адам құндылығын ұмытып, тек қана өлімге, жихадқа, шахид­тікке бағытталған идео­логияны көрік­теп жатыр. Осы құбылыс­тан тыс қалмаған қазақ жас­тары да «Дәлелің бар ма?» деген сұрақтар төңірегінде на­қылды ғана тану, өзін ұмытып, жаттану үдерісін басынан өт­керуде. Дәлел іздеу – жақсы құбылыс. Себебі, адам рухының тыныш­тығы үшін маза­лаған сұрақтарға жауап алу, қанағат табу, уәжді тұжы­рымға келу шарт. Дегенмен, «дәлелдің жоқтығы, сол жоқтың дәлелі емес». Егер дәлел жоқ деп отырса, мұсылмандар тарих бойы Құран­нан, сосын сүннеттен, ижмадан, сосын қиястан дәлел жауап іздеп әуре болмас еді. Қала берді, мәзһабтар, фикх, калам мектеп­тері қалыптаспаған болар еді. Бұлар – мұсылмандардың бүгінге дейінгі діни тәжірибесі…

Рас, қазіргі жаһандық үде­рісте, уақыттың адамды езіп жатқан кезінде, жастарымыз өз бетінше ізденуден не оқудан гөрі, дайын таным, мәлімет, не құлақпен естіп, «тақлиди» иман деңгейінен шығудан қашады. Оның да психологиялық себеп­тері жоқ емес, әрине. Ақи­қатты Алла­мен, адаммен, тәжі­рибемен, нақылмен салыстырып отыру – адамның табиғатында бар құбы­лыс. Осылардың ішінде ақиқатты Алламен салысты­рып, өздерін кішкентай ғана айна ретінде танытатындар болған. Солардың бірі әрі бірегейі Яссауи бабамыз былай дейді: «Алла мен адам арасын­дағы байланыста әмбебап нәтижелерге жету мүмкін емес. Осы шындық деген танымның бір бұрышын ғана жарық­тандырып алсақ, қанеки. Ақиқаттың бір бұрышы сенің жүрегіңнен өтеді. Сенде бір айнасың, әрбір адам – айна. Адам сол айнадан ақи­қаттың бір бұрышын ғана «көре» алады. Онда да көкірек көзі ашылса. Ал Алланың ақи­қатын тұтас көрдім деу – нағыз надан­дық. Себебі, ол – Жарату­шы, сен – жаратыл­ғансың, ол шексіз, сен фанисің, шектеулісің, ол кемел, сен нұқ­сан­сың, міне, ақиқатпен өзіңді осылай салыс­тырып қарай алсаң, жахил екеніңді сезіне түсесің», дейді. Сол жүрегіңе Алла ақыл, жан берді аманат қылып. Сондықтан сен ақылдысың, бірақ, адам «ақиқатты тұтас таныдым, Алла осы, ақиқат осы» деп айқайлау – ақылды адамды надан қылып көрсететін өлшем.

ДАИШ содырларының бүгінгі ұстанымы ақиқатты тек өздері ғана танып, түсінгендей, әлемге ислам жолын қайта жасап жатқандай насихаттау екендігі мәлім. Білесіздер, ұлыбрита­ниялық басылым «Ислам мемле­кеті» ультра-радикал діни ұйымы таратты» деп сипатталған қазақ тілінде кәмелетке толмаған жас балалар түскен бейнежазба жа­риялады. Өрімдей жастарды осы­лай жариялауы олардың Қазақ­станға деген көзқарасы мен бағалауының ең төменгі дәрежесі екендігін байқауға болады. Олар қазақ елі дін жағынан ең сауатсыз ел деп қарағанының көрінісі. Әйтпесе, ықпалды видео жас ба­ла­ларды емес, ол жердегі идео­логиялық негіздермен келуі керек еді. Бұл жерде сауатсыз қазақтың жастарын үлкен жаһандық жоба­ның құралы ретінде ғана ұстап отыр­ғандығын көрсетеді. Сол сияқты, содыр­лардың «әл-хаят» атты медиа орталығы даярлаған бейнежазбада адамдар арабша және қазақша сөйлейді. Үш қатар субтитрлердің бірі ағылшын тілінде жазылған. Басылымның сипат­тауынша, бей­нема­териал­дың толық нұс­қасының басында «хижра жасап, Аллаға оралған қазақ­стандық бауырлар» деп сипат­талатын бір топ адам көр­сетіледі. Негізінен, Аллаға оралу­дың мекені Сирия емес, ол әркім­нің жү­регінде, санасында, таны­мында, өз елінде бола­тындығына ой жүгіртпеген кез-келген мұсыл­ман осы тұзақтың құр­баны бола береді.

Ал үзінді видеода өзі сияқты әскери форма киген қатар­ластарының алдында шамамен бастауыш сынып жасындағы бала Калашников автоматын жылдам құрастырып, нысана көздейді. Одан кадр сыр­тындағы адам қазақша: «Атың кім? Қай жақтан келдің? Қайда тұрасың? Өскенде кім бола­сың?» — деген сұрақтар қояды. Ол: «(атым) Абдулла. Қазақстаннан (келдім). Ислам халифатында (тұрам). Өскенде, кәпірлер, сен­дерді бауыздайтын муд­жаһид болам» деп жауап береді. Міне, нағыз «исла­мофобия», мұсыл­манды, қазақты басты құнды­лығы, рухани тірегі — исламнан бездіру дегеніміз осы. Калаш­ников авто­маты – символ ретінде, уахха­бистердің қаруы. Оларға бұдан артық қару берілмейді де. Бірінің етін бірі жесін, бірінің қанын бірі төксін деп беріледі. Мұсылманды мұ­сыл­манға айдап салу такти­касы.

– Былтыр «жиһад» қылу мақсатында елімізден кеткен 150 отбасы туралы видео әлі есі­мізде. Мұның артынша қазақ­стан­дықтардың Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыс­тарға қатысып жатқанын рас­тайтын және бірнеше видео интернетте дүркін-дүркін жария­ланды. Одан кейін Ұлттық қауіп­сіздік комитеті (ҰҚК) ДАИШ экстремистік ұйымына қосылған Қазақстан азамат­тарының саны 300-ден асқанын хабарлады. Осындай жария­ланымдар да бір түйткілдің шетін тарқататын сыңайлы…

– Иә, бұл жарнамалар Қа­зақстанның ішкі, сыртқы саясатқа тартылуын, сосын, елдің тыныштығы мен тұрақ­тылығына сына қағу үшін ұйымдастырылып отыр. Қазақ «Іштен шыққан жау жаман» дейді, яғни, өз бауыр­ларыңды қарсы диалектикалық жаққа шығарып, қазақты жікке бөліп, екі лагерьде шабыстырып қою, исламды батыстық жобаларға қолдану, тәуелсіз елдің зайыр­лылық ұстанымына қарсы, ел­дің ертеңі мен баяндылығына қарсы күш қалыптастыру – арандату әрекеті. Ал исламның саясилануы дегеніміз – батыс­тық шаблонға қарсы (құқық мемлекеттік құрылым, мораль, орталықтану жаһан­дану, тех­никалық өркениет, ватикан саясатына) революция­лық на­разылыққа исламды құрал қылып, идеологиялық негіз ретінде алып, жалаң қолмен «исламо­фобияға», яғни, батыс­тық жобаға жем болу деген сөз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан  –

Жайық НАҒЫМАШ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *