Қали СӘРСЕНБАЙ: Баспасөзден мәдениеттің, зиялылықтың исі аңқып тұруы керек

 

Қали СӘРСЕНБАЙ, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

– Қали аға, сіздің «Шал мен шындық» деген кітабыңызды сұхбат алдында қайыра бір оқып шығып, әр жазбаңыздың жеке бір сауалға сұранып тұратынын байқадым. Биыл «Алматы ақшамы» газетінің жарық көргеніне  30 жыл толып отыр. Өзіңіз газет тарихындағы үшінші бас редакторсыз. Бас редактор болып келгеннен кейін жұмысыңызды неден бастадыңыз?

– Күні бүгінге дейін Алматыға  арналған ән мен жырдың санының өзі мыңнан асып жығылады екен. Алматыға күн сайын сөз арнайтын, бары мен жоғын түгендеп, шамшырағы іспетті болып отырған жалғыз басылымы «Алматы ақшамы» газетінің де орны бөлек. Жұмысты тұлғаларға бет бұрудан бастадық. Әшірбек Сығай Қапан Бадыровтың күнделіктерін әкелді. Одан Асанәлі Әшімовтің күнделіктері. Бұл бетбұрыс Сәбит Оразбаевтың естелік-әңгімелеріне ұласып, Нұрғали Ораздың Есмұхан Обаевпен сұхбатымен жалғасты.

Мәңгі жасайтын ешкім жоқ, шынын айту керек, өтірік те өрге басып тұрған заман. Ал өнерге өтірік жүрмейді. Кешегі күннің әңгімесін бүгінгі тірі шежіре Асекеңдер, Сәбеңдер айтпаса, ертең ол әңгімені біреулер өтірік айтуы әбден мүмкін. Бұл кісілер Қаллеки, Шәкен, Елубай, Серкелерден бастап бәрінің көзін көрді, әңгімесін де өзін асқақ, өзгені аласартып көрсететін пендәуи пиғылмен емес, биік пайыммен парасатты  айта біледі. Өзін көрмек-білмек түгілі, даңқы дәуірлеп тұрған кезде туған балалар «естелік» айта бастаған тұста бастап кеткен бұл жобамыздың орынды болғанына бек қуаныштымыз. Ал бәрін де көз алдынан өткізіп, уақыттың куәсі бола тұра, көрген-білгені туралы тіс жармай кетсе, ертең нағыз рухани қылмыскер адам сөзсіз сол болып шығады. Сөйтіп жүріп осы «Ақшамның» ішінен-ақ «Алматы ақшамының» кітапханасы» сериясымен Асекеңнің  көптомдықтары, Сәбеңнің «Өмірдің өзі  – театр», «Тазарғың келсе, театрға бар» деген екі кітабы жарық көрді. Осылайша «Ақшамның» ел аузында жүрген айдарлары кітаптың атауына айналып шыға келді.

– Тұлға тақырыбы тек сіздің стихияңыз секілді, дәл өзіңіздей қалам тербеген адам сирек шығар. Осы бір қызықты тақырыптың жаныңызға жақын болуы не себептен?

– Әмсе, тарихты тобыр емес, тұлға жасайды. Шүкір, қазақ тұлғасыз емес. «Тұлғатану», «Адамдар.Жылдар.Тағдырлар», «Тұлға-тағдыр», «Бұрынғының адамдары-ай!», «Алаштың айымдары», қапелімде бәрін санамалай алмаспын, бірақ қай басылымда қызмет атқарсам да, ең алдымен тұлғаға арналған айдар ашумен айналысатынымды жасырмаймын. Бұл тақырыпқа неге қызықтым? Бәлкім, белгілі, даңқты адамдардың өміріне арналған ғұмырбаяндық кітаптарды көбірек оқитын әуесқойлық себеп болған шығар.  Айтпағым, ұстазымыз Ақселеу Сейдімбек ағамыз тарихты тұлға арқылы зерттеу қағидасын алғашқы болып енгізгендердің бірі және бірегейі.

Тарихты кілең бесжылдықтар арқылы танып өскен біз үшін бұл тым тосын тәсіл болды. Тұлғалардың өмірін оқыған адам тарихты өз-өзінен біледі. Қарап отырсақ, әлем тарихының өзі тұлғалардың өмірінен тұрады. Наполеонсыз Францияны, Черчилльсіз Ұлыбританияны елестету мүмкін бе? Сол секілді өзіміздің Алаш ардақтылары да қалың тарихымыздың үлкен әрі маңызды бөлігін жасап кетті. Бәрінің анасы бір мезгілде толғатқандай бір заманда топ-тобымен туа қалған осы алаш қайраткерлерінің әрқайсысы (сол тұста Орта Азия аумағында мұншалық қайраткерлер шоғыры шыққан емес) ұлтына жанқиярлықпен қызмет еткені өз алдына, жеке тұлға ретінде алып зерттесең, бәрі жан-жақты, білімді, терең, зияткерлер. Еліне жанқиярлықпен еңбек еткені өз алдына, олар ұлты үшін ғазиз басын бәске тіккен жанкешті тағдыр иесі болды. Мағжан ақын бола тұра педагогикадан, жазушы Жүсіпбек психологиядан, ал қайраткер Халел қазақ тілінде медицинаны жіліктеп кітап жазды. Бұл кезінде ұлтты көтеру үшін қажеттілік болған да шығар, бірақ басқа салада жүріп, мұншама терең, сауатты, жан-жақты еңбектер жазып, тарту ету үшін телегей-теңіз ілім-білім керек. Міне, олар осындай еді.

– Ең әуелі қала тұрғындарына арналған «Алматы ақшамы» газетінің мазмұны, сапасы  жағынан кейбір республикалық газеттермен бәсекелесе алатын басылым екенін мойындау керек. Газетіңіздің өзге басылымдарда жоқ қандай артықшылығын атаған болар едіңіз?

– Мақсатымыз газетті элиталық газетке айналдыру еді. Қыңыр емес, қоңыр газет жасау көкейде тұрды. Марқұм Әшекең, Әшірбек Сығай Астанада жұмыс істеп жүріп «Жарық жұлдыздар» деген жобасын жүргізуді бастап,  «аптасына біреуін жазып қойып отырайын, жұмысқа аласың ба мені?» деп, риясыз күлімсіреп, газеттің тіршілігімен етене жақын араласа бастаған еді. Сонау Мүсілім Магомаев, Эдита Пьеахалардан бастап жазған алтын көмбесінің қақпағын қайта ашып, жалғастырып жазуды жоспарлап жүрген-ді. Меніңше, жұмысқа  алатын адамның алдымен  жасына емес, басына қарау керек.  Жасы маңызды емес. Қазір жасына қарау деген шықты ғой. Кезінде Қадыр ағаны жұмысқа алып едік, өмірінің соңына дейін ғажап жұмыс істеді. Ағымдағы жұмыс, әртүрлі жиын-шаралар, қаланың күнделікті тіршілігін қалт жібермей қадағалап отыру негізгі міндетіміз болғанымен, басылым мақсатты жұмыс істеуі керек деген қағиданы ұстанатын адаммын. Газеттің өзіне ғана тән дидары, мазмұны, тұздығы болуы керек, бір сөзбен айтқанда, газет шығарудың да өнер, мәдениет екенін пайымдай білуіміз қажет. Одан надандықтың емес, мәдениеттің исі аңқып тұру керек.

«Алматыны басқарғандар», кейін орысша аудармасында «Градоначальники» деген кітап шығардық. Бұл да бір ашылмай жатқан тарих еді. Журналистерді архивпен жұмыс істеуге дағдыландырдық. Сонау Жетісу губернаторы болған Колпаковский заманынан бастап Алматыны кімдер басқарды? Сол тұстағы қала әкімі А.Есімов осы кітаптың  алғысөзін жазды. Журналистерге қойылған басты талап – басшылардың қаланы қай жылдар аралығында басқарғанын біліп келу емес, ол қаланы басқарып тұрған кезінде Алматы үшін не істеді, Алматының дамуына қандай із қалдырды, адам ретінде, басшы ретінде ол қандай тұлға еді, міне, осы сауалдарға жауап табу басты мақсат болды. Діттеген мақсатымыз толықтай орындалды, жігіттердің жанкешті еңбегінің арқасында ерекше кітап болып жарық көрді. Мәселен, сол мұрағаттарды ақтарып жүргенде, Алматының күретамыры іспетті 12 шақырымға созылып жатқан ең ұзын Сейфуллин даңғылының Сәкеннің атын иеленгендегі қызық тарихын кездестірдік. Сол тұстағы қалалық атқару комитетінің төрағасы

Есен Дүйсенов болмағанда, бүгінгі даңғыл Сейфуллиннің есімін меншіктеген болар ма еді, жоқ па еді? Бірде қаланың атқару комитетінде бүкіл салалық бөлімдердің басшылары қатысқан үлкен жиын өтеді. Е.Дүйсенов ағамыз «анау бір көшеміздің әлі күнге аты жоқ, соған ат қояйық, қандай революционерлерді білесіңдер?» дейді жағалата көз салып. Әр бүйірден «Киров», «Фрунзе», «Орджоникидзе» деген сияқты, орыстың да, басқа ұлыстың да жақсыларын жіпке тізіп, жарыса атаған дауыстар шығады. Бірде-бір қазақ аталмайды. Сөйтіп отырғанда ағамыздың өзі «Сейфуллин ше?» деп қалады. «Ондай революционер бар ма еді?» дейді бүйірден біреу. Жиналыстың соңына таяу дауысын нығыздаңқырап: «сонымен көшеге кімнің атын береміз?» деп ашуға басады. Осы сөзді күтіп отырғандай орыс-қазағы бірдей жапырылып: «Сейфуллиннің, Сейфуллиннің атын берейік»!» деп тұс-тұстан жамырай жөнеледі. Бұл көшенің Сәкен атын иелену тарихы осылай. Қойшыманов деген әкім өткен дүниеден. Марқұм қайтыс болғаннан кейін жинақ кітапшасынан 50 доллар ғана табылыпты. Неткен адал адам десеңізші! Міне, «Алматыны басқарғандар» деген кітаптың әр беті осындай қызықты, соны тарихқа тұнып тұр. Сондай-ақ, газет журналистерінің  жазғандары да жеке кітап болып шығып тұрады. «Ақшамда» жарияланған таңдаулы жарияланымдарды  «Таңдаулы» деген атпен шығарып тұру үрдіске айналды. Бұл жинаққа абайсызда көзі түсіп кеткен адамның одан оңайлықпен бас көтере алмайтынына бәс тігемін.

— «Алматы ақшамы»  газетіндей, Үш мезгілдік ауқаттың қажетіндей» деген екен Мұзағаң-Мұзафар Әлімбаев. Осы газеттің аса қиындықпен ашылғаны жас та болсақ, есімізде қалыпты. Өткенге қысқаша шолу жасап өтсеңіз…

– Газет ең алғаш 1988 жылы 1 шілдеде «Вечерканың» ішіндегі қосымша аудармасы болып жарық көрді. Бюллетень секілді хабарландыру, ресми ақпараттан көз сүрінетін айқарма беттер оқырман есінде болар. Газет екі жылдан соң 1990 жылы 17 ақпанда ғана дербес отау болып бөлініп шықты. Қазіргідей газет пен журнал қаптаған заман емес, ол жылдары қазақша басылымның жарық көруі деген сенсация, дүмпуге айналатын. «Алматы ақшамы» арпалыспен, азаппен жарық көрді. Әлі де Мәскеудің мысы басып, соған қарап қол жайып, бата сұрайтын кезіміз. Оның жарыққа шығуына қоғам мен қауымды дүр сілкінтіп келген айтыс өнері үлкен рөл атқарып кетті. 1989 жылы наурызда өткен айтыста Әселхан мен Әзімбектің сөз сайысына «Алматы ақшамы» арқау болады. Әселхан былай дейді:

Рахмет, құттықтаулар қаулар тағы,

Әйтсе де басылмайды даулар жағы.

Әйтеуір зиялылар оқып жүр ғой,

Күніге «Вечеркадан» аударманы, – дейді. Сонда Әзімбек марқұмның жұлып алып берген жауабы:

Жеңеше, жібердіңіз оталдырып,

Шын қайны Әселханға атандырып.

Сол «Ақшам» шіркін, жеңеше шықса, қайтер,

Бөлініп өз алдына отау құрып ,– дейді.

Кейін Сырбай Мәуленов пен Рахманқұл Бердібаев бастаған ынталы топ құрылып, осы мәселеге қайта кіріседі. Міне, «Алматы ақшамы» осындай тартыспен, ұлтжанды азаматтардың табан тіреп, қажырлылық танытуының арқасында дүниеге келген басылым. Ең алғашқы бас редакторы Исламғали Бейсебаев және  Ерғали Сағат газеттің қалыптасу жолында көп еңбек сіңірді.

– Газеттің маңдайшасында жазылған «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деген сөздің сәулесі оқымай жатып-ақ жан әлеміңдегі ең қараңғы бұрышқа шуағын шашып, жарқыратып жібергендей болады. Осы ұран қалай өмірге келді?

– Ұстаным, мақсат, мүддемізді білдіріп тұрған бұл сөздің де өз тарихы бар. Қазақ қашанда маңдайшаға қарайды. Сондықтан ең алдымен газет маңдайшасындағы сөзді өзгертуді ойладым. Қыз-жігіттерге идея ұсынуды тапсырдым. Түскен ұсыныстарды ойласа келе, осы сөзді дұрыс деп таптық. Бұл атауды газеттің маңдайшасына шегелеп тұрып жазуымызға сол шақтағы орыс тілінде шығатын кейбір газеттердің дүркін-дүркін «Алматыға 150 жыл», «151 жыл» деген қиямпұрыс әңгімені қоздатып отыратыны себеп болды. Жыл сайын қала күні қарсаңында осы әңгімені жандандырып, түрлендіріп бергенді жақсы көретін. Верныйдан ары аттап баспайды, одан арғысын қозғауды жөн санамайды. «Жас Алашта» істеген жылдардан бері жүйкеге тиіп жүр еді, сәті келген күні «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деп газет маңдайшасына қашап жазып, оқырманға бір ауыз лебіз сөзімізді жолдап, жарқ етіп, рухтанып шыға келдік. Ол тұста Алматының мың жылдық тарихы туралы әңгіме  аса күшіне ене қоймаған.

Газет шығарудың машақаты көп еңбек екенін осы төңіректе жүргендердің бәрі біледі. Жақсы газет шығару – бір спектакль қойғанмен бірдей.

– Деңгей – қоғамдағы күллі құндылықтар өлшемі. Әр саладағы даму деңгейімізді айтпағанда, рухани, мәдени деңгейіміз өте алаңдарлық жағдайда. Осы деңгей қайткенде көтеріледі?

– Өскен-өнген, өркениетті елдерде есік көзінде отырған вахтеріне дейін тұлғасын тап басып таниды. Бұл ненің жемісі екенін байқап отырған боларсың. Бәрі де салыстыру арқылы сараланады ғой. Қазіргі лауазымды басшылардың кейбірі анекдотпен күн көріп жүр. Өйткені деңгей сол. Біздің деңгейіміз қазір қай тұста? Ресейдің «Культура» деген бағдарламасын көрсем, демаламын. Миллиондар көретін аудиторияға тойдың әндері  шығып кетті. Теледидар тойхана іспетті. Той-томалақтың әншісіне «құбылыс» деп баға беру түкке тұрмайды. Той мен ойдың әншісін айыра алмайтын жағдайға жеттік. «Недоросльдер» нөпірдей қаптады. Ермек Серкебаев өмірден өтті, ал ол шырқап өткен «Япурайды» енді кім айтады? Қандай ән десеңізші, қандай картина! Тұнып тұрған амбиция. Парижге қашып, ақыры сонда көз жұмған ұлы композитор Сергей Рахманинов алғаш «Япурайды» тыңдағанда: «Мына әнді шығарған халықты мен қайтсем де көруім керек!» депті.

Көрді ме, көрмеді ме, бір құдай біледі, бірақ сол «Япурай» қайда қазір? Ал бүгінде кішкентай дауысы бар, керісінше кеудесі аяққаптай, шоу бизнесті шебер меңгерген, отыздан енді асып тұрып «халқым» деп сөйлейтін той-томалақтың  әншілерін әспеттейтініміз сонша, теледидар мен сайттарды ашып қалсаң, не дейді десеңші – «бәленше халыққа келіншегін көрсетті!» дейді. Қазір күнде бір жұлдыз туады. Жақановтар жайына қалды. Әлі отызға жетпеген бір жұлдыз «өткен өмірім туралы кино түсіріп жатырмын» дейді. Өмірі енді басталған адам қандай өмір туралы айтып отыр? Міне, осындай сұмдықтар тоқтаусыз жалғасып жатыр. Рухани эпидемия ғой. Ауру адамды емдеуге болар, ал бұл дерттің бетін қайтару енді оңайға соқпайды.

Міне, біздің деңгей?.. Баяғыда Салехиддин Айтбаев ағамызды талай мәрте сұхбатқа көндіре алмай жүрдім. Ол «мен өз деңгейімді өзім жақсы білемін» деп шеберханасына журналистерді жолатпайтын. Өзінің деңгейін, өзінің кім екенін білген адамның қалыбын көріп, қайран қалған едім. Сол тұста мені бала күнімде «Огонекте» үздіксіз жарияланатын Игорь Долгополовтың орыстың әйгілі суретшілері туралы жазған сериялы жазбаларын оқып өскенімнің әйгілі суретшімен тең тұрып сөйлесуге пайдасы тиіп еді.  Шіркін, ана Т.Шармановты, К.Ормантаевты, А.Айталыны, М.Қойгелдіні, М.Жұрыновты, тағы басқа танымал тұлғаларды университет ректорлары шақырып алып, «мына балаларға бар білгеніңізді айтыңыз» деп, тым болмаса айына бір рет студенттерге дәріс неге оқытпайды екен?

Солар көк тиын да сұрамай, қуана-қуана келісер еді.  Бұрынырақта М.Әуезовтің мұражайында апта сайын «Халық университетінің» дәрістері жүретін. Сол сабақтың үздіксіз жүргізушісі Р.Бердібаев қазаққа жанашыр тұлғалардың түгелін дерлік тізіп әкеп,  тақырып-тақырып бойынша сөйлетіп жататын. Жалпы, сол заманда алматылық қазақтарды ұлттық құнарынан ажыратпай, сақтап қалған, рухани жағынан өсірген М.Әуезов театры мен М.Әуезов мұражайындағы осы «Халық университеті» сабағы еді. Былайша айтқанда, біз екі университет бітіріп шықтық.

Ойды ой қозғайды. Жүргенов, Омаров, Жәнібеков. Әрісін айтпағанда, берідегі қазақ мәдениеті, эстетикалық ой тарихын осы үш линиясыз көзге елестету мүмкін бе? Олар туралы айтуға неге құмармыз? Оларға бар абырой-атақ азаппен, арпалыспен келді. Ондай атақтың ғұмыры да ұзақ, ақыры да жақсы болады. Міне, әлгіндей тұлғалар дәріс оқыса, оларға соқпай кетпес еді. Жастар жүргеновшіл, омаровшыл, жәнібековшіл болып, ұлт құндылықтарының қадірін, бардың бағасын біліп өсер еді, жаңаша элиталық орта қалыптасып, ұрпақтар арасындағы сабақтастық, байланыс үзілмес еді.

– Сіз өнер туралы, талантты адамдар туралы терең білесіз. Асанәлі ағамыздан басқа таланттар туралы сериялы кітаптар жазу ойыңызда жоқ па?

– «Тұлғатану» сериясымен  «Абыз-аңыз», «Шер-шындық», «Имаш»  (А.Әшімұлы, Ш.Мұртаза, И.Тасмағамбетов туралы) деген үш кітапты дайындап қойдым, енді Өзбекәлі Жәнібеков, Қадыр Мырза Әлі, Амангелді Сембин, т.б. туралы жазғандарымды осы сериямен әзірлеуге кірісіп жатырмын. Бұлардың әрқайсысы шамамен әрі кетсе жүз беттен аспайтын шағын, қалтаға сиып кететіндей дүниелер болмақ. Әзірге,  демеушісін күтіп жатыр.

– «Қоғамның байлығы – дарынды адамдар» дейсіз бір сөзіңізде…

–  Елбасы көптен бері интеллектуалды ұлт мәселесін қозғап келеді. Соның керемет бір көрінісі – «Ұлттық Домбыра күні» туралы Жарлығы. Домбырадан артық қандай құндылығымыз бар біздің? Домбыра ұстаған бала ертең елді де ұстайды. Бұл елдің бәрі де домбыра тартсын деген сөз емес, баласын қолынан жетектеп домбыра класына апарып табыстағанда, ол ойдың түпкі жағында «адам болсын» деген ізгі ниет жатады. Домбыра шерткен, өнерді, музыканы сүйіп өскен бала ешқашан жаман жолға түспейді. Бұзылмайды. Жаны таза болады, рухани жетіледі. Былайша айтқанда, дұрыс бастау болады. Зияткерлікке тереңдеп бару үшін бұрынғыға көбірек бұрылып отыру керек. Кешегі мен бүгінгіні сабақтастыратын – газет. Руханият саласын, әсіресе, өнер мен мәдениетті тым болмағанда «мини Жәнібековтер» мен «мини Кекілбаевтар» басқаруы керек, сонда, көп дүниеден ұтамыз. Құрығанда адамды, тұлғаны танисыз, бардың бағасын, жоқтың қадірін білесің ғой.  Ұлт өсуі керек, ұлт өсуі үшін басылымның интеллектуалдық деңгейі өсуі керек. Ұлтты өсіретін ұлттық басылым.

Ұлттық басылым батыл болуы тиіс. Тал түсте қолына шам алып,  түнде көлеңке іздеп біреудің ізіне түсіп мақала жазудың заманы өтті. Бұл қазір ешкімге де қызық емес. Мысалы, бүгінгі «Егемен Қазақстанды» алайық. «Егеменнің» мәселеге тереңдеп бару, талдап жазу, материалды академиялық, классикалық стильмен беру секілді ежелден қалыптасқан өз дәстүрлі мектебі бар. Сол дәстүрдің бүгінгі «Егеменде» заманауи форматта жалғасын тауып жатқанын байқап отырмын. Дәстүрлі бағыттағы басылымдардың мақсаты ұлттың ұпайын түгендеп, дұрыс қазақ болуға қатысты әңгімені қағаз бетінен түсірмей айтып отыруы керек деп ойлаймын. Басылымның интеллектуалды деңгейі көтерілсе ғана оқылымды болады. Қазір халық соған сусап отыр. Халықтың рухани сұранысы биіктеп кетті.

– Әңгіме зияткерлік пен деңгейден ұзамай тұрғанда, сұрағымды қойып алайыншы, аға. Таласбек Әсемқұлов деген тамаша адам өтті дүниеден. Сол кісі қайтыс болғанда әлеуметтік желіде «тектім-ау», «тарпаңым-ау» деп жоқтау айтқан жігіттерге белгілі жыршымыз Берік Жүсіп: «әй, жігіттер, өтірік өкіргенді қойыңдар, егер Таласбекке шын мәнінде жақсылық жасап, қамқорлық көрсеткен екі адам болса, оның бірі – Досхан, бірі – Қали» деп бетін қайтарып тастағаны есімізде. «Ақшамның»  бетінде танымдық мақалаларымен атойлаған Таласбекті қалай тауып алып жүрсіз?

– Тәкең редакцияға арнайы келіп, «Алматы ақшамының» алаңы нақ өзінің жазуына қолайлы, өзіне арналған басылым екенін айтып, автор болуға ниет білдірді. Көктен іздегенім жерден табылып, құдайдың өзі айдап келіп тұрған адамнан айналмайсың ба, мұндайда ойланып жатудың өзі артық, бірден келістім.  Таласбекті алайық, кешегі Рахымжан Отарбаевты алайық, бұлар –  айырықша жаратылған болмыс. Бұлардың басты артықшылығы – ешкімге ұқсамайтындығында. Жазуын, әңгімесін былай қойғанда, жай айта салған сөзінің өзі дайын тәмсіл, тақырып еді ғой. Тәкеңнің мақаласын оқып отырғанда шертпе күй тыңдағандай елітетін едім. Көп оқымайтын адамдар, Тәкеңнің тамылжытып отырып айтатын әңгімелерін тыңдап алып, тап өзі оқығандай желдей есіп, желпініп отырып айтатынын талай естідім. Сүгірдің  «Назқоңыры» туралы жазып отырып Тәкең: «Күй дегеніміз – адамның жүрегіндегі тәубені бейнелейтін әуен» дейді. Мұндай сөзді Таласбектен басқа кім айта алар еді? Басқасын айтпағанда, «Ақшамның» оннан астам нөмірінде жарияланған Асқар Сүлейменов туралы эссесінің қоғамда зор дүмпу туғызғанын айтсақ та жеткілікті. Таң ата салып толассыз соғылатын қоңыраулардан телефон жарылып кете жаздады ғой сонда. Асқарды Тәкеңнің танығаны сондай, ол тірілткен Асқар оқырманға мүлде жаңа қырымен келді. Асқар бұрынғыдан да аңызға айналып кетті.

Таласбек киноның тілін жөндеуді бастаған еді. «Қыз Жібектен» кейін жоғалуға айналған киноның тілін экранға қайта алып келді. «Біржан сал», «Құнанбайдағы» диалогтар, монологтар қандай, өлмейтін, тірі сөз қалдырды ғой. Хан қымызды сапырып ішіп отырғандай, мәйекті сөздің дәмі таңдайыңда қалады. Таласбек таусылмайтын тақырып қой. Амал не? Ол жөнінде арнайы сұхбат жасалуы керек.

– Сіз «Егеменнің» бетінде қазақтың бетке ұстар ұлдарының бірі Мейрамбекке қарата ойлы сөз айтып, салмағы мың батпан сауал жолдап, хат жаздыңыз. Бірақ осы хат адамын, «адресін» дұрыс таба алмады-ау деген ойда қалдырды…

– Жауап беру, бермеу әркімнің өз шаруасы. Мен жүрегімнің түбіне байланған шерді шығардым. Жеңілдедім.

Аңдаған адамға хаттың  жалғыз Мейрамбекке арналып жазылмағанын байқау қиын емес. Мейрамбек – шартты түрде алынған нысан. Бұл жалпы өнердің төңірегінде жүрген Мейрамбек секілді дарынды жастарға, келе жатқан буынға бағытталған сөз. Сондықтан да бұдан астар іздеудің қажеті жоқ. Аса дарынды ақын Бақыт Беделхан «Жас қазақ» басылымының бетінде бұрынғы шайырлардың мақамына салып отырып, «Аманат арқалаған аға. (Қали Сәрсенбайға)» деген поэма іспетті арнау жазды. Осы жетеді.

–Бүгінгі баспасөз жұмысына әлеуметтік желілер, блогерлер, сарыжағал басылымдар, сайттар қаншалықты өзгеріс әкелді? Осының ортасында баспасөз өз орнын қалай белгілейді?

– Бұл да бір аламан. Қазір бәсекенің заманы. Кімнің тауары (ақпарат деп түсініңіз) сапалы, ұтқыр, өткір – сол өтеді. Сондықтан ақпарат құралдарының көптігінде тұрған ештеңе жоқ. Көзі қарақты оқырман өзі таңдап, талғап оқиды, керегін алады, керек емесін күресінге тастайды. Олардың бәріне тән қасиет – табыс табу, танымалдылыққа ұмтылу, ақиқи ақпаратты жеткізуге талпыну. Керек десеңіз, ақиқаттың өзі де соңғы сөз емес, процесс қой, айтқан сайын жетіледі.

Ұлттық баспасөз заманауи, дарынды орта қалыптастырған жағдайда ғана ақпарат кеңістігіндегі өзінің орнын ойып алады. Бәйге атын есті қазақ көкпарға салмайды, оған бап, күтім керек, оны таң асырып тұру керек. Санаулы дәстүрлі басылымдарды бәйге аты дейтін болсақ, мемлекеттің қамқорлығында қала беру керек. Ал ол қамқорлықты сезінбесе, өз обалы өзіне. Қалғаны, таланттың шаруасы.

– Мен білгенде жас буын журналистердің біразы тікелей сіздің тәліміңізді көрді, тұсауын кестіңіз. Идеяның генераторысыз. Журналистер арасында «Шер-ағаңның шекпені» дегендей, «Қалидың қайрағы» деген  де ұғым қалыптасып келеді…

– Шерағаңдардай болу қайда-а-а-а… Біз Шерағаңдардан алғанымызды әлі жетілдіру үстіндеміз.

Ғабеңнің (Ғ.Мүсірепов) «Ай мен Күн айғайламай-ақ шығады ғой» деген сөзі бар. Өзі дарынды адам бәрібір жарып шығады. Біздің міндетіміз соған сеп болу, білгенімізді айту, дұрыс бағыт-бағдар  беру, жолға салу. Бізде апта сайын тәртіп туралы жиналыс болмайды, оны әркімнің санасы шешеді. Біз анда-санда жиналып жақсы әңгіме-дүкен құрамыз. Сол әңгімеде бәрі айтылады. Сол әңгіме кемі үш айға, жарты жылға азық болады.

Тілшілерді аралап жүріп әңгімелескенді ұнатамын. Ой, идея, тақырып кейде оқыстан туады. Бас редактор ешқашан өзін бастық сезінбеуі керек. Бастық сезінген адам өзіне өзі ерте үкім шығарады, ой тоқырайды, тез таусылады. Бастысы, рухани тойымсыз адам болсаң, жұмысыңда нәтиже болады.

– «Газеттің бас редакторы – бас журналист» дегенмен келісесіз ғой. Мүлдем жазбайтын бас редакторлар туралы не айтасыз?

– Қазіргі күнде бір менеджер деген кәсіп пайда болды ғой. Кейбір салаға сол саланың маманын емес, мықты ұйымдастырушы, пысықай деп біреуді қоя салатын да жағдай бар. Маман болу міндет емес. Оның маманы көп болса орынбасары болады. Бұл шын мәніндегі кадрды қорлаудың бір түрі. Талантты адамды тұқыртудың бір таптырмас тәсілі.

Бұрын бас редактор тұлға болатын. Оны ел білетін. Ал қазір олай ойлау міндет саналмайды. Әркім өз ісімен айналысса, елде ілгерілеу болатынын бағамдайтын түр байқала бермейді. Қысқасы, «кім сойса да қасапшы сойса екен» дейтін ақ ешкінің де арманын еске алуға тура келіп тұр.

– Көсемсөз жанрының кеміп кетуіне не себеп?

– Кейбіреулер үшін бұл баяғының бас мақаласын еске түсіретін шығар. Көсемсөз дегеннің өзі де аса тапқыр қойылмаған, оның болмысы қазір көп өзгеріске ұшырады. Оның міндетін әр басылымның түрлі айдарлары атқарып жүр. Кешегі Мараттың, Жұматайдың тотияйын тілі жетпей жататыны рас.

– Біз үшін өнердің қадір-қасиетін терең таныған эстет адамсыз. Дегенмен нашар категорияға жатпайтын журналист екеніңізді білетін шығарсыз?

– Сөз басында Салехиддин Айтбаевтың айтқанындай, адам  өз кемшілігін де, өз артықшылығын да өзі іштей біледі. Өзіңді өзің мақтау өліммен тең. Жалпы адамның болмысы қайшылықтарға толы болады. Ішкі қайшылық, ішкі мәдениет – адамның өзін-өзі жетілдіруі үшін, рухани дамуы үшін өте-мөте керек нәрсе. Маған ғана солай көріне ме, әлде шынымен жалпы солай болды ма, ілгерідегі журналистика ірі секілді еді. Газеттің бетінде тірі сөз болатын. Мінез көрінетін.

Ойымызды былай қорытындыласақ қалай болар екен?

Қытайларда дағдарысты «қауіпті» әрі «мүмкіндік» деп қарастырады. Соның ішінде мүмкіндікке көбірек иек артады. Біз үшін де сол мүмкіндік туған жоқ па?! Мүмкіндіктер кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Демек, көп нәрсе өз қолымызда. Сондықтан баспасөз бөспесөзге айналмай сол мүмкіндікті пайдаланып, тарихқа кеткен есемізді қайтарудың маңызын көбірек ойласақ, ұлт ұпайы өзінен өзі түгенделеді. Олай болмаған күнде қоғамда талант пен еңбекқор адамды ажырата алмау үрдісі жалғаса береді. Екеуі мидай араласып кеткені сонша, қазір талантты адамың да бір, еңбекқор адамың да бір. Ең өкініштісі сол,  қазіргі қоғамда көбіне орташа таланттар мінберге шығып кетті.

Қысқасы, мәдениетінен мән кетіп, руханияты рухсыздыққа бет бұрған қай елдің болсын топырлатып заң қабылдаудан көзі ашылмайды. Ел ізгілікпен, жүректегі иманмен басқарылған күнде сол көп заң керек болмай қалады.

— Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *