АЛАТАУ ЖАЗЫ КӨҢІЛДІ

Жазғы демалысқа шығып, ойынға еркін кіріскен балалар үшін әрбір күн қызыққа толы болып тұр. Алматының әсем табиғаты, мәдени-демалыс орындарының көптігі де демалыстың қызықты әрі тағылымды өтуіне өз әсерін тигізбей қоймасы анық. Биылғы жылы да қаламыздың Алатау ауданына қарасты мектептерінің жанынан ашылған жазғы лагерлердің жұмыстары да бір сәтке толастаған емес. Осындағы бала біткеннің қуанышына ата-аналардың ризашылығын қосыңыз. Алатау аудандық Білім бөлімінің басшысы Айгүл Жұмабекқызының айтуынша, аудандағы 25 мектеп жанынан ашылған жазғы сауықтыру лагерлерінің барлығы ұмытылмас қызықты сәттер сыйлап отыр.

 – Жазғы сауықтыру лагеріндегі тәрбие­лік-дамытушылық, сауықтыру бағытын­дағы жұмыстардың барлығы да тәрбие­шілердің, музыка жетекшілерінің, ағыл­шын тілі пәні  мұғалімдерінің еңбектерінің арқасында жүзеге асуда. Арнайы құрылған жұмыс жоспары барысында ән, би, шахмат, бассейн үйірмелері жұмыстарын жүйелі жүргізсе, «Ағылшын тілін үйренеміз» атты ойын түріндегі сабақ­тар да балалардың ой-өрістерін дамытып, танымдық дүниелермен толық­тырды. Аудандағы балалардың жазғы демалыстарын үздік ұйымдастырып, оны ұйымшылдықпен өткізген мектеп ұжым­дарының еңбектеріне ата-аналар да дән риза, – дейді Айгүл Жұмабекқызы.

Жазғы сауықтыру лагерлерінің жұмы­сы көбіне спорттық сайыстарға, түрлі саяхаттар мен мәдени іс-шараларға негіз­деліп жасала­ды. Мектеп жанындағы әрбір жазғы лагер­лерді аралап, жұмы­сымен танысқанда бала­лардың эстетикалық бағыттағы іс-шараларға үлкен дайындық­пен атсалысатынын бай­қадық. Топқа бөлінген балалардың өз әні, өз ұраны бар. Мәселен, «Шарлар әлемі», «Әнші  болғым келеді», «Үздік сән үлгілері», «Үздік шаш үлгісі», «Үздік жазғы киім үлгісі» сынды байқаулар барысында балалар өздерінің ой-қиялдарын көрсетіп, үздіктері жеңімпаз деп танылды. Жазғы мектеп лагерлерін­дегі үйірмелердің жұмыстары да өте ұйым­шылдықпен өткенін айта кету орынды.

Ұлттық тоғызқұмалақ ойынын қызыға ойнаған балаларға қарап, олардың бір сәт ұялы телефонды ұмытып, құндылыққа ұмтылып отырғанына риза болдық. Шах­матшы балалар да өте көп екен. Олар сәтін салса әлем чемпионы Жансая Әбдімәлік­пен достық кездесуге ниетті екендіктерін білдірді. Жазғы лагердің жұмыс жос­парына сай қыз балаларға арналған би түрлері мен олардың иықтарын тік ұстап жүруге баулитын арнайы үйірмелер де бар болып шықты. Оқушылар­мен бірге мектеп медбикелері де жазғы лагерлерде бірге жүр. Әсіресе, қазіргі балалардың арасында майтабандылық көптеп кездеседі. Осының алдын алу үшін мектеп медбикелері табан­дағы нүктелерді тауып, оларға арнайы мас­саждар жасауды да үйретуді қолға алыпты.

Алатау ауданындағы №149, №152, №156 мектептерде бассейн бар. Балалар арнайы кесте бойынша суға түсіп, жүзуді үйреніп алған. Жаз айларында көптеген оқыс оқи­ғалар кездесіп жатады. Сондықтан балалар­дың жүзуді үйреніп алғаны өздері үшін өте қажет-ақ. Арнайы жаттықтыру­шылардың көмегі арқылы жүзудің қыры мен сырын меңгеріп алған аудан бала­ларының қуаныш­тары тіпті ерекше. Бұдан өзге, лагердегі мәде­ни іс-шаралардың көп­тігі де өз алдына. Қаламыздың тарихи орын­дарымен танысып, ойын-сауық кешен­дерін аралаған балалар естелік су­ретке түсіп, өз қаласының тыныс-тірші­лігіне, қайнаған еңбекті өз көздерімен көріп, тіпті қайран болғандарын жарыса айтуда.

«Сарыарқа» кинотеатрына, Ғ.Мүсіре­пов атындағы жастар театры мен рес­публикалық қуыршақ театрына барып, қойылым тамашалаған балалар өздеріне рухани да азық алып қайтты. Осылайша мектеп жанындағы жазғы лагерде демал­ған балалар өз дем­алыстарын бір сәт бос өткізбей, қызықты етіп өткізсе, лагерь жетекшілері бастаған тәрбие­шілер, музыка мамандары, денешы­нықтыру пәні мұға­лімдері мен медбикелер өз жұмыс­тарын үлкен жауапкершілікпен атқаруда.

 

«Балаусадағы» бал күндер

Алатау ауданы мектептері жанынан ашылған жазғы лагерлердің жұмысына ата-аналар да, балалар да дән риза. Неге десеңіз, баласының қауіпсіз жерде демалып, демалысын қызықты өткізгенін қандай ата-ана құптамасын?

Маусым айының үшінде ашылған №149 мектеп жанындағы «Балауса» лагерінің жұмысы өте тыңғылықты басталды. Мұнда­ғы демалушы бала­лардың бір сәтке де бос уақыты бол­мады. Мектептің кең ауласын­да, енді бірде спорт залында, сосын бас­сейінде ойын қызығына берілген балалар қала орталығын аралауға да уақыт тапты.

Мектеп басшысы Шырынкүл Зейнул­лаева­ның айтуынша, балалар үшін лаге­рдегі әрбір күн қызыққа толы. Әсіресе, ұлттық ойынымыз тоғыз­құмалаққа қы­зығу­­шылар саны биыл арта түскен екен. Бұл ойын түрін бүгінде оқушылардың барлы­ғы дерлік үйренген деуге болады. Сон­дықтан денешынықтыру пәні мұғалім­дерінің ұйытқы болуымен бірнеше спорт түрінен жарыстар өткізіліп отыр. Жазғы демалыстың қызықты өтуіне спорттық жарыс­тардың алар орны ерекше екендігін осы жарыстар дәлелдеп тұрғандай.

Жазғы демалыстың тағы бір тиімді тұсы балалардың тіл үйренуге уақыт­тарының көптеп артылуы. Осы уақыт­ты балалар бос өткізбей орыс, ағыл­шын тілдерін үйренуге арнай­ды. Түрлі тренингтерге қатысады. Аптасына екі рет бассейнге баруға да мүмкіндіктері бар. Балықша жүзіп жүрген балалар­ды көргенде жат­тықтырушылардың біраз тер төк­кенін аңғарасыз. Мек­тептің медби­кесі де балалардың денсау­лығын тиісті бақылап, олардың күн астында көп жүрмеуін, жаз айларында көп кездесетін жұқпалы аурулардың алдын алу қажеттігі туралы толық мағлұмат беріп, сақтан­дырып отырады.

Ай бойы тәрбиешілер түрлі бай­қаулар, тәрбие сағаттары, спорттық сайыстар сияқты іс-шаралар өткізіп, әрбір күннің қызықты өтуіне күш салды. Өйткені, балалардың өсіп, қалыптасуына жазғы демалыстың да қосар үлесі зор.

 

«Ер Төстікте» ержеттік

Жаздың жайдары күндері мерекеге толы. Әсіресе, балабақшаның бүлдіршіндері үшін нағыз жауапты шақ осы кезде басталады. Мектепке даярлық тобында болып, оқып-үйреніп, қатесіз жаза білетін балақайлардың да білім шаңырағының босағасын аттайтын кезі келіпті.

Еліміз тәуелсіздікке ұмтылған тұста есігін ашқан «Ертөстік» бала­бақшасы сонау желтоқсанның ызғарлы күндерінде ашылғаны белгілі. Сол күннен бастап тәуелсіздігіміздің тұмарындай болған «Ертөстік» десе бәріміз елең ете қалатын болдық.

Бүгінде осынау сырға толы сары үйге тарыдай болып енген бүлдір­шіндердің мектепке баратын уақыты да ерекше мереке болып аталып өтеді. Балабақша меңгерушісі Эльмира Сейітжанқызының құттықтау сөзінен соң, бүлдіршіндер де өздерінің қимастық сезімдерін білдіріп жатты.

Қаламыздың қай мектебіне барса да, «біз «Ертөстікте» ержеттік» дейді кішкентай бүлдір­шіндер. Дап-дайын «оқушылар» мектеп бағдар­ла­ма­ларын да бірден меңгеріп кетеді. «Ертөстігім – балалықтың мекені» деп әндеткен бүлдіршіндердің тағы бір легі білім әлеміне аттанды.

Бетті дайындаған – Рая ЕСкендір. 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *