Алатау театры – мен үшін ақжолтай өнер ордасы

 

Астананың 20 жылдық мерей­тойына  орай  және «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының концерт залында театр өнерпазы, халықаралық және республи­калық байқаулардың лауреаты Ж.Сақаевтың «Алатау алабында Жасұлан Сақаев» атты есеп беру концерті өтті.

Кеш шымылдығын Жасұлан Нұрбекұлының «Алатау» театрын­дағы әріптестері сахналық көрі­ніспен ашты. Одан әрі кеш иесінің бірінен бірін асырып салған әндері, сол әндерді айтқан кезде қазақы қалпын, қарапайым шы­на­йылығын сақтай білуі, жалпы кешке мұқият дайындалып, репер­туарын талғампаздықпен іріктеп құруы көрермендердің оған деген құрметін арттыра түсті. Әнші репертуарындағы сезім қылын шертетін лирикалық әндер тың­дарманды бірде ойға батырса, бірде көңіл-күйін көтеріп, серпіліс берді. Дәстүрлі өнер өкілдерінің ізін басып келе жатқан, Арқаның әншілік дәстүрін ту еткен Жас­ұланның орындаушылық мәнері, әдемі де сазды дауысы жиналған қауымды бірден өзіне тартты.

Кеш Жасұланның өнердегі ұстаздары Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамға­зиев, домбырашы Мұрат Әбуғазы және «Steppe sons» модерн этно-джаз ансамблінің өнер көрсетуі­мен қорытындыланды.

Концерттен соң әлі де болса толқыныс әсерінде жүрген Жас­ұланды сөзге тарттық.

 – Жасұлан, қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келген, алғашқы есеп беру концертіңіз құтты болсын! Маған концертке келген көпшіліктің өнеріңізге мейірі қанбай қалғандай көрінді…

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Негізінде бұл концертке жылға жуық уақыт дайындалдым. Түрлі идеялар туып, әрқалай пікірлер айтылды. Өнер саласындағы мамандармен ақылдасып, ұстаз­дарымның кеңесін тыңдап, әр қадамымды ой елегінен өткізіп отыруға тырыстым. Кәсіби  режис­сер, сценарист ағаларымыздың көмегіне жүгіндім. Неге десеңіз, халықты ұлттық киім киіп, дом­бырамен ән шырқап қана қызық­тыра алмайсың. Тыңдарман талғамы әртараптанып, дәстүрлі өнерге деген қызығушылық азая бастаған заманда осы саладағы өнерпазға көп еңбектеніп, іздену керектігін түсіндім. Қала берді, біреулердің «дәстүрлі өнерге қазір ешкімді жинай алмайсың» деген әңгімесі де болды. Құдайға шүкір, бәрі жақсы өтті. Сахналық киі­мімнен бастап LED-экран, жарық беру, жалпы концерттік бағдар­ламаның өзара үйлесім табуы – өз ісінің маманы болып табылатын шеберлердің арқасы. Өз басым ол кісілерге бек ризамын. Сонымен қатар, концертті әзірлеу бары­сында театр таңдауы көп адам біле бермейтін, бұрын-соңды айтылмай келген әндерге түсті. Соларды барынша іріктеп, халық ықыласына бөленеді-ау дегенде­рін қамтыдым. Өнердегі үлкен ағаларым да өздерінің ыстық лебіздері мен алғыстарын білдіріп жатты. Әрине, бұл мен үшін үлкен қуаныш, алайда мұнымен тоқтап қалмаймын, одан әрі еңбектене беремін.

–       Жалпы, концерт барысы көңіліңізден шықты ма?

– Осыған дейін ұйымдастыру жұмыстарымен жүріп, әндерімді пысықтауға уақыт жетіңкіремей, әуелгі дайындықпен шыққаннан болар, бір жарым сағатқа созыл­ған концертте аз-кем кемшілік болды. Бірақ оны өзім ғана біле­мін (күлді). Жалпы, театр басшы­лығы да, көрермен де риза болған сияқты. Ақсарайлы «Алатау» сахнасында өнер сүйер қауым алдында алғаш рет есеп бердім. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылуы біз секілді өнерпаздар үшін үлкен бақыт, зор мүмкіндік. Мәселен, біздің алдымыздағы әншілердің кезінде мұндай жағдай, өнер ордасы болмады ғой. Сондықтан осындай керемет ән отауының бой көтеруіне үлес қосқан ел азаматтарына, соны­мен бірге есеп беру концертімді өткізуге мұрындық болған театр ұжымына, оның директоры Берік Мырзалыұлына алғыс айтамын.

–       Өнерге қай жасыңыздан бастап келдіңіз? Жалпы кәсіби біліміңіз, жеткен жетістігіңіз жөнінде айта отырсаңыз.

–       Өнерге бала күнімнен жақын болдым. Әкемнің үлкен ағасы шаңғы спортынан қазақтан шыққан ең алғашқы спорт шебері болса, екінші ағасы қазақша күрес­тен Азияның сегіз дүркін чем­пионы атанған. Осындай спорт­шылар әулетінде дәстүрлі өнерге арнайы бет бұрған мен ғана. Негізінде, өз атам да, наға­шы атам да  қолдарынан домбы­расы түспеген өнерлі жандар болған екен. Бұған қоса мен қазір елімізге белгілі дәстүрлі әнші және халық әндерінің насихатшысы, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­раткері Ерлан Рысқали аға­мызбен бір ауылда көрші тұрдым. Ол кісі Ахмет Жұбанов атындағы дарын­ды балаларға арналған мек­тепте оқып жүріп, жазғы  дема­лысқа келген кезде айтқан әнде­рін тыңдап, қасына еріп жүріп өне­рін үйрендім. Орта мектепті тәмамда­ғаннан кейін ата-анам­ның ақылы­мен Қазақ қатынас жолдары университетін бітірдім. Бітірген бойда құжаттарымды жинап, үйге айтпастан Жүсіпбек Елебеков атындағы Эстрада-цирк коллед­жіне дәстүрлі ән маманды­ғына оқуға түстім. Әрине, кейі­нірек ата-анамның ризашылығын алдым. Колледжді бітіргеннен кейін Темір­бек Жүргенов атын­дағы Өнер академиясында дәс­түрлі ән мамандығы бойынша білі­мімді толықтырдым. Акаде­мияда оқып жүріп өнерге арала­сып, түрлі шараларға, байқауларға қатыса бастадым. 2014 жылы Өскемен қаласында өткен Әсет Найман­баев атындағы байқауда бірінші орын алып, сол жылы Жезқазғанда өткен Тайжан Қал­мағанбетов атындағы республи­калық байқау­дың дипломанты атан­дым. 2017 жылы  Тұрсынғазы Рахимов атын­дағы «Сәби болғым келеді» халық­аралық дәстүрлі әншілер байқа­уында екінші орын иеленіп, биыл Мұқағали Мақа­таев атындағы «Жырлайды жүрек» әншілер байқауының бас жүл­десін алдым. Өнер академиясын бітір­ген соң «Алатау» дәстүрлі өнер театрына келіп, еңбек жолым­ды бастадым.

–       Сөз арасында репертуары­ңыз жөнінде мәлімет бере кетсе­ңіз? Қандай шығармалар жаны­ңызға  жақын?

–       Репертуарымда жалпы саны жүзге жуық ән бар. Оның ішін­де отыз шақтысының сөзін ұмытпай айта аламын десем болады. Жақсы көріп орындайтын әндер көп қой. Дегенмен, бұрын ешкім орындамаған, көп айтыла бермейтін әндерді айтқанды ұнатамын.

–       Өнердегі ұстаздарыңыз кімдер? Жамбыл ақын айтқандай «піріңіз» бар ма?

–       Өнердегі тікелей ұстаз­да­рым Жоламан Құжиманов, Рама­зан Стамғазиев. Сондай-ақ, алды­нан ән үйренген белгілі дәс­түрлі әншілер Еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқали, Нұржан Жан­пейі­сов, Талғат Әбуғазыларды да өзіме ұстаз тұтамын. Жалпы, алдыма қой­ған мақсатым – тұлға ретінде өзіңді өзің тәрбиелеп, қалыптас­тыру. Ешкімге елікте­мей, дара­лығыңды сақтау. Жалпы, біреудің көшірмесі болған жақсы емес қой.

–       Дәстүрлі әнші, соның ішінде Арқа мектебінің өкілі ретін­де дәстүрлі әннің қазіргі жағдайы жөнінде не айтасыз? Заманауи эстрада дәстүрлі өнердің алдын ораған қазіргі заманда не істеуге болады?

–       Эстрада болсын, дәстүрлі ән болсын қай салада жүрсем де әннің қазақы нақышын сақтап еңбек етсем деймін. Бүгінгі заман талабы – өнердің озығын алып, тозығын тастау. Қазір кейбір дәс­түрлі әншілер елді жалықтырып алған. Шығады да әнін айтып болып кете береді.  Мәселен, менің есеп беру концертіме келгендер де әу баста солай ойлаған болу ке­рек. Әлгінде өзіңіз атап өткендей, жиналғандар біржарым сағаттық концерттің қалай өте шыққанын білмей де қалды. Бәлкім олар менен іштей бір жаңалық күткен болар. Олай дейтінім, бір жарым сағатты азырқанып, қайтқысы келмегендер де болды. Айтсаң өзіңді көтермелеген болып шыға­ды-ау, осы жолы көрермен ықы­ласын оята алдым ғой деп ойлай­мын. Өйткені, концерт барысында біз қазіргі сахна өнеріне тән ұрым­тал әдістерді қолдануға тырыстық. Жақсы нәрсе қашан да аз сияқты болып тұрады. Менің шығармашылық бағытыма кон­церттік бағдарламаның микс түрі тән. Яғни концертті бірыңғай ән айтумен шектеп қоймай, оны моноспектакль, қойылым-кон­церт, киноконцерт қалыбына ыңғайлап құрғым келіп тұрады.

–       Алдағы жоспарларыңыз қандай? Жалпы, театрдағы қызме­тіңізге көңіліңіз тола ма?

–       Әндерімнің аудиожинағын шығарсам деген ойым бар. Кон­цертке дейін шығаруға болушы еді, бірақ оны бөлек шығарайын деп шештім. Өйткені, бұл концерт­тің көлеңкесінде қалып қояр еді. Театрдағы жұмысыма келсем, иә, жұмысым өзіме қатты ұнайды. Мысалы, консервато­рияның, өнер академиясының түлектері оқу бітіргеннен кейін қайда барарын білмей дағдарып қалады. Біреуі мектепке, біреуі балабақшаға, ал кейбіреулері асабалықтың жолына түседі, көпшілігі ыңғайлы жұмыс таппай ауылдарына оралады. Ал менің жолым болды – театрға келдім. Ара-тұра құдалыққа, той-тома­лаққа барып қоямыз. Ұстаздары­мыздың «тамадалықтан аулақ жүріңдер, дауыстарыңа нұқсан келеді, басты мақсат – асаба болып пайда табу емес, абыройлы, жақсы әнші атану» деген сөздерін миға тоқып алғанбыз.

 

Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ,

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының PR-менеджері.

 

Әншімен екі арада осындай жылы сұхбат өтті. Тұтас алғанда, бұл есеп беру кеші әншінің жаңа­лыққа құштар ізденімпаздығын көрсетті.  Оны Мәди Бәпиұлының «Қаракесек», Абайдың «Өзгеге көңі­лім тоярсың», Әсеттің «Мақпал», Иран Тасқараұлының «Бөркің-ай», Тайжан Қалмағам­бетовтың «Сақ-сақ», Үкілі Ыбы­райдың «Шалқыма», Шәкәрімнің «Ән туралы», Мұхиттың «Қилаш», Нүркейдің «Нүркей» және осынау халық композиторларының шы­ғар­маларынан басқа халық әнде­рінен түзілген репертуарының сан алуандығынан аңғарылды. Қа­сиетті Рамазан айына тұспа-тұс келген дәстүрлі ән кешінде орын­далған Тұрсынғазы Рахимовтың «Иә, жаратушы Аллам» сазы да кештің өн бойына жүзікке қас қондырғандай жараса кетті. Әншінің жеке концерті лирика­лық поэзия нұсқаларымен, моно­логтармен, өмірбаяндық-поэти­калық үзінділермен көмкерілді. Соның ішінде Естайдың атақты «Құсни-Қорлан» әні театрлан­дырылған көрініс түрінде орын­далды. Кештің жанрлық ауқымы­ның кеңдігін және бір ұрымтал әдіс – Тайжанның «Жігіттер» әнінен кейін қалың ойда тұрған сәтте сахнаға кенеттен шыға кел­ген қыз-жігіттер тобының Жас­ұланмен өнер салыстыруы, атап айтқанда, оның бір топ әнші қыздармен айтысуы  байыта түсті. Осылайша кеш иесі өзін кон­церттік дәстүрлі әнші ретінде ғана емес, әртіс-әнші ретінде де таныт­ты. Абайдың романстық «Өзгеге көңілім…», Мәдидің «Қаракесек»,  Әсеттің «Мақпал» сияқты әндерінің алдында ән тарихы жөнінде монолог түрінде мәлімет беру, «Жігіттерді» поэзиямен айшықтау драмалық театрдағы моноспектакль элементтерін еске салса, қыздар мен кеш иесінің ән­мен айтысуы фольклорлық қа­йым айтысты және опера жан­рының элементін ойға оралтты.

Бір сөзбен айтқанда, концерт жарқ етіп ашылып, жалп етіп сөнген жоқ, маздап басталып, жарқырай аяқталды. Көрерменді ынтықтырып, өнерпаздың бойына сенім­ділік ұялатып, өнер айды­нында одан әрі құлаштап жүзуіне дем берді. 

Өнер өрісіне жаңадан шыққан «Алатау» сынды дәстүрлі өнер театрының ұжымы үшін нағыз шығармашылық жұмыс енді басталды. Алда іргелі, әр алуан мәдени өнім жасап, ұсынуға толы қауырт та қызықты жұмыс күтіп тұр. Ендеше «Алатауды» бетке алайық, ағайын!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *