Алатау ауданының тұрғындары Алматы әкіміне 400-ден астам сұрақтар қойды

9 тамызда Almaty Art Center-де Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті.

Қала әкімі мегаполисті дамытудың негізгі бағыттары, абаттандыру, әлеуметтік және жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру, медициналық қызметтің қолжетімділігі, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұмыс орындарын құру туралы айтып берді.
Б. Сағынтаев қаланың барлық аудандарында сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін ерекше атап өтті. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін медмекеме жоқ ықшам аудандарда медициналық пункттер мен амбулаториялар ашылады әрі мұнда орталық емханалардың дәрігерлері қабылдаулар жүргізеді. Бұдан өзге, бірінші тамыздан бастап тоқсан сайын жылжымалы медициналық пункттер халықтың ортасында болып, кәсіби мамандар кеңес береді.

Қала әкімі еңбекпен қамту мәселесіне ерекше назар аударды. Қызмет көрсету мен сервисті экономика саласында ШОБ қолдау арқылы сапалы жұмыс орындарын құрудың кешенді шаралары әзірленді. Аудандарда «Бақытты отбасы» көпбалалы аналарды қолдау орталықтары ашылуда және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін «Іскер ана» бағдарламасы іске асуда.
Еңбек нарығында жастардың қажетті мамандық алуларына көмектесу мақсатында қала колледждерінің мобильді (көшпелі) қабылдау комиссиялары жұмыс жасауда. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуға және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында тегін оқыту қолға алынуда.
Б. Сағынтаев қауіпсіздік мәселесі бойынша полицияның жаяу және автомобиль нарядтарының бұдан былай аулалар мен қараңғы учаскелерді бақылауға алатыны туралы айтты. Барынша криминалды жерлерде полицияның мобильді пункттері жұмыс істейтін болады.
Өз кезегінде аудан тұрғындары инженерлік, жол инфрақұрылымдарының, жарықтың жоқтығын, иесіз желілерге, жер мен жеке үй салу істерін заңдастыруға, коммуникацияға қосылуға қатысты проблемалар туралы айтты.
Ең өткір мәселелер – көлік қатынасы, медициналық қызметтің қолжетімділігі, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Ауданда 4760 оқушы орны жетіспейді.
Кездесуге келгендердің барлығы әкімге сұрақтарын тікелей қойды. Үш сағатқа созылған кездесу барысында тұрғындар ауызша және жазбаша түрде 400-ден астам сауалдар жолдады. Алматы әкімдігінің көшпелі хатшылығы сұрақтардың барлығын тіркеді, олар сараптамадан өтеді және тиісті шешімдер қабылданады.
«Біз жедел шешетін мәселелер бар, олар – абаттандыру мен жарықтандыру. Ал кейбір мәселелерді шешу үшін біраз уақыт, қосымша қаржыландыру қажет. Шешілетін мәселелердің барлығы шешімін табады. Жоқтан бар жасайтын боламыз», — атап өтті Б. Сағынтаев.
Еске салсақ, қала әкімі өткен сенбіде Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездескен болатын, мұнда да ашық диалог орын алған еді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *