АЛАШТЫҢ АРЫ АХМЕТ

Байтұрсынұлының мұражай-үйі мемлекет меншігіне өтіп, ел рухына қызмет етуі керек

Шаһар басшысының назарына

 Қали СӘРСЕНБАЙ

 Соңғы уақытта бірнеше республикалық басылымдарда («Ана тілі», «Жас Алаш») Алматыдағы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйдің тағдыры туралы сөз болды. 90-жылдары Алаш арыстары ақталған соң, Ахаңның да Алматыда тұрған мекен-жайы анықталған еді. Белгілі алаштанушы ғалымдар Ғарифолла Әнес пен Аманқос Мектептегі кезінде «Алматы ақшамында» алғаш болып әлеуметтен сүйінші сұрап, былай деп жазған екен. «12 басқышында табан ізі, есігінің тұтқасында алақанының табы қалған осы үй Алматыда Ахаң тұрған пәтерлердің ішінде бүгінгі таңда бірден-бір сақталып отырғаны. Сондықтан да бұл үйді көздің қарашығындай сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы абыройлы парыз».

Бүгінде бұл қасиетті шаңырақ аса күтімсіз де, қараусыз да емес. Алайда, ол жекенің, атап айтқан­да, Ахаңның інісі Мәшеннің немересі Серік Самыратұлының иелігінде. Десек те, Ахаң бір әулеттің ғана Ахаңы емес, ол Алаштың Ахметі ғой. Сондықтан бұл мұражай-үй халыққа қызмет ететін тағылымды, тарихи орынға айналу керектігі өзінен-өзі түсінік­ті. Ұлты үшін отқа да, суға да түсіп, ғұмырының соңына дейін мемлекетшіл болған Ахаң­ның талай ұйқысыз, керек болса шыбын жанын шүберекке түйген үрейлі күндері өткен үйді мемле­кет өз қарауына алып, мемле­кеттік мәртебе берілмесе, келешек тағдыры туралы ойлаудың өзі қиын. Бұл ретте оның туған-туыстарымен дұрыс мәмілеге келіп, оның ел, ұлт мүддесі үшін зор маңызы түсіндірілуі керек. Қайсыбір жылы «Алматы ақша­мы» жаңа  мекен-жайға қоныс аударғанда (Шевченко-Масан­шы) алғашқы жұмыс күнін Ахаң­ның мұражайына барып, рухына Құран бағыштаумен бастаған еді. Содан бері бұл мәселе жөнінде басқа басылымдармен қатар «Алматы ақшамы» да бірнеше мәрте дабыл қаққан еді. Өкінішке орай, әлі күнге нәтиже жоқ. Обалы нешік, Иманғали Тасма­ғам­бетов әкім болып келгенде мұражайды мемлекет меншігіне алу қолға алына бастап еді, ол кісі қызметін ауыстырған соң аяқсыз қалды. Сол ойдан әлі де ажыра­май жүрген болса керек, ол кісі қолы қалт еткенде әлі күнге мұражайға келіп тұрады деп те естиміз.

Сонымен қатар, кезінде шаһар­да «Қоршаусыз қала» деген жалпы акция қолға алынғанда оның төңірегіндегі қоршау да алынып тасталған еді. Бізде қайбір биік мәдениет бар, бүгінде өзіміз де күнде көріп жүргендей мұра­жай айналасы кейбір жүр­гін­шілердің түнеп, қоқыс тастап кететін жеріне айналып кете ме деген қауіп те жоқ емес. Күнкөріс үшін шығар, осы шағын ғана үйдің жертөлесі де әлдекімдерге жалға берілген. Дейтұрғанмен де, осынау қасиетті шаңырақты көздің қарашығындай сақтап отырған Серік бауырымызға, Райхан ханымға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ахаңның рухы қолдасын.

«Қазақстанның қасиетті ме­кен­дері» тізіміне Алматы бойын­ша енген санаулы құндылықтың бірінің бүгінгі ахуалы осындай.  Аз айттың не, көп айттың не, естір құлақ болса мәселенің мәнісі бұдан артық түсіндірмені қажет етпейді. Алматы қазақтың арғы-бергідегі ұлы тұлғаларының, зиялыларының табанының ізі қалған байырғы Отаны.  Соның бірі де бірегейі, «Ел бүгіншіл, мен ертеңшіл» деп ел ертеңін ойлап еңіреп өткен, Алаш арыстарының көш басында тұрған, ұлттың басты идеологы болған ұлы Ахаңның әруағы алдындағы ұлы парызымызды орындауды енді бұдан әріге созуға болмайтынын бек түсінсек керек.

Р.S. Көрген көзде жазық жоқ. Жанынан өткен сайын жаның жабырқайды. Қоршауы алынған көше жақ бетіне жіп тартып қой­ған. Аула сыпырушының айтуын­ша, шамдары бір жанып, бір жанбайды. Қысқасы, бұл ұлы Ахаң тұрған үй дейтіндей ешқандай көз­тартар ерекшелік байқалмайды. Айтпағым, мұражай-үйдің тарихи маңызын сақтай отырып, қазіргі заманауи талаптарға сай жаңа жоба жасалуы керек.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *