Алаш арыстарын еске алды

 

М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма театрының «Сырласу бұры­шын­да» қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстарын, қоғам қайрат­керлері мен өнер майталман­дарын еске алу кеші болып өтті. Рухани маңызы зор басқосу барысында әкемтеатрдың аға буын өкілдері көзі көрген ұла­ғатты ұстаздарының, сахналас­тарының, әріптестерінің басынан кешкен тауқыметі мен көрген азаптары жайлы естеліктерді, қиыншылықта мойымаған жігер­лерін жас буынға өнеге ретінде әңгімелеп берді.

Басқосу барысында Қазақстанның Халық әртісі Сәбит Оразбаев еске алу кешінің жас ұрпаққа беретін тағылымы терең екендігін атап өтті.

– Егеменді ел болған соң жоғы­мызды жоқтап, асылдарымызды ардақ­тап, еске алып отырмыз. Мен 3 том кітап жаздым. Соның бірінде Әміре Қашау­баев жөнінде жазған едім. Оның өзі еркіндік келген кезде ғана айтылды, бұрын айтылмайтын. Шынында да ғұмы­ры ғибратқа толы таланттар тобы өте бір қиын кезеңде театрдың қазығын қағып, ел боламыз деп еңбек етіп жүр­ген кезде бастарынан өткізген үлкен қасіретті айта алмаған, халқына жеткізе алмаған. Тарихқа үңілсек, дүниедегі көп қырылған елдің бірі – қазақ халқы екендігіне көз жеткіземіз. Өмірден өткен асыл азаматтарымызды еске алу кешінің жас ұрпаққа беретін тағылымы терең, – деді театр тарланы.

Жиында сөз сөйлеген Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Бақыт Беделхан бұл күннің тарихи маңызына тоқталып өтті.

– Тарихымызға үңілсек, бұл күн – қазақ елі үшін ұлттың қабырғасын қайыс­тырған қасіретті күн. Зобалаң жылдары елдің тұтқасы, тұғыры, туы, тізгіні болған таудай тұлғаларымыз қасіреттің құрбаны болды. Қазақтың ардақты арыстары туған елі мен туған жерін сатпағаны үшін атылып кетті. Ертеңгі ұрпақтың рухы аласармасын, жігері жасымасын деген ерлікпен ұлт үшін құрбан болған асылдарымызды, арыстарымызды біз аза тұтып, асқақ рухта еске алатын күнге тәуелсіз­дігі­міздің арқасында қол жеткізгенімізге тәубе етеміз. Елбасының «Рухани жаң­ғыру» мемлекеттік бағдарламасы Алаш­тың асқақ рухын қайта жаңғыр­тып, бола­шаққа жалғастыруға, жандан­дыруға бағытталған.

Театр – қазақ руха­ниятының алтын қазығы. Осы қасиетті қара шаңырақтың іргетасын қалап, уығын қадап, шаңы­рағын көтер­ген, ұлт руханиятына жанын салып қызмет еткен, қуғын-сүргін көрсе де, айдауда жүрсе де, аңду­да жүрсе де, өнер­ді өркен­дету жолында аянбай атсалыс­қан театр тарландары болған. Қалибек Қуанышбаев бастаған Серке Қожам­құлов, Қапан Бадыров, Шахан Мусин, Елубай Өмірзақов, Сәбира Майқанова тәрізді таланттар тобы театрда қызмет етті. Байқап қарасақ, олар өте бір қиын кезеңде театрдың негізін қалап, қуғын-сүргін, аңдудың кезеңінде өнерді өлердей сүйіп, өртеніп жүріп, осы халге жеткізген екен. Ол кісілерді еске алмай кету бізге сын, – деді Бақыт Беделхан.

Шара барысында режиссер Еркін Рақышевтың «Ашаршылық» атты дерек­ті фильмінен үзінді көрсетілді. Сон­дай-ақ, шарада дәстүрлі әндерімізді наси­хаттаушы өнерпаздар Алаш арыста­рына арналған әндерді орындаса, Халықара­лық «Алаш» әдеби сыйлығы­ның иегері Әбубәкір Қайран өзінің жалынды жырларын шабыттана оқыды. Тағы­лымға толы болған еске алу кеші­нің соңында өмірі өнегеге айналған Алаш арыс­тарының рухына Құран бағышталды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *