Алаш ардақтыларының жаңа кітаптары

Ұлттық кітапхананың көрмелер залында Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының құрылғанына 25 жыл толуына орай бірнеше жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті. Асфендияр Кенжиннің «Сборник документов и материалов», Н.Асқарұлының «Төребек Османов – тұңғыш банкир», А.Ликерованың «Первый экономист-профессор Азимбай Лекеров», А.Байтұрсынұлының «Қазақ тіл білімінің мәселелері», Қ.Жұбановтың «Қазақ тіл білімінің мәселелері» кітаптары таныстырылды. Сонымен бірге «Әділет» қоғамының биылғы 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырған шаралары, «Жаңалық» мемориалдық кешенін абат­тандыру мен қоғамның 25 жылдығын атап өту жөнінде пікірлесу өткізілді. Тұсаукесерді Ұлттық кітапхананың бас директоры, Мемле­кеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әлібек Асқар жүргізді. «Әділет» қоғамының басқарма мүшесі, ҚР Президенті мұрағатының қызметкері Е.Грибанова, Ә.Лекеровтың қызы А.Ликерова, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Н.Асқаров, тарих ғылымдарының кандидаты Ә.Сүлей­менова, «Әділет» қоғамының төрағасы, «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғ.Әнес, А.Кенжиннің ұрпағы І.Жангелдин, І.Жансүгіровтің ұлы С.Жансүгіров, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының бірінші орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Б.Қойшы­баевтар жаңа басылымдар туралы өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. 

Ұлттың ұлы ұстазы, Алаштың рухани көсемі, қазақ әліпбиінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы мен оның ісін жалғастырушы, қазақ ғылымының жарық жұлдызы, профессор Құдайберген Жұбанов туралы көпшілік құлағдар, олардың өмірі мен шығармашылығы жайында талай еңбектер жарық көрді. Бұл жаңа кітаптарда олардың тілдік ғылыми мұрасы түгелденіп, түсініктемелер берілді. Ал, Алаш арыстары — Асфендияр Кенжин, Төребек Османов және Әзімбай Лекеровтер туралы еңбектерді шын мәнінде «ақтаңдақтардың» бетін ашқан ізашар туындылар десек болады.

Асфендияр Кенжин — төңкеріске дейінгі кезеңде қазақ халқының ағарту саласына үлкен үлес қосқан, кеңестік биліктің алғашқы жыл­дарында ҚазАКСР-ын құруға бар күшін салған қазақ зиялыларының алғашқы легінің өкілі. Жинақ ҚР Президенті мұрағатында сақталған құжаттардан тұрады.

Н.Асқарұлының кітабында ХХ ғасырдың 20-30 жыл­дары қазақ­стандық банк-қаржы саласын қалыптастыруға маңызды үлес қосқан Төребек Османовтың (1893–1937 жылдар) өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы баяндалады.

Әзімбай Лекеровтің өмірі мен қызметі оның қызы Ай­седора Ли­керо­ваның көптеген мұрағат деректері негізінде жүргізген зерттеуінде көрсетілген. Тұсаукесер барысында жаңа басы­лым­дар Ұлттық кітап­ханаға, қатысушыларға және қала кітапхана­ларына сыйға таратылды.

Жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсіміне қуғын-сүргінге ұшыраған зиялы қауымның ұрпақтары, ақын-жазу­шылар, «Әділет» қоғамының мүшелері, тарихшы-ғалымдар, архив және мұражай қызметкерлері, жоғары оқу орындарының студенттері, қала кітапханаларының қыз­меткерлері қатысты.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *