АЛАШ ҚАЙРАТКЕРI немесе Алматыда туып-өскен Садық Аманжолов туралы не бiлемiз?

Ілкiде газетiмiзге белгiлi алаштанушы-ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Қазақты бөлетiн емес, бiрiктiретiн идеяда жұмыс iстеу керек» атты сұхбаты жарияланған болатын. Аталған сұхбатта есiмi елеусiз қалған көптеген тұлғалар қатарында белгiлi Алаш қайраткерi Садық Аманжоловтың да есiмi айтылатын-тұғын. Осы сұхбат жарияланғаннан кейiн араға көп уақыт салмай редакциямызға Садық Аманжоловтың аталас немересi Бихан әжей Сағымбекқызы келген едi. Бихан әже қолтығына бабасы туралы жазған естелiгiн де қыса келiптi. Сол келiсiнiң өзiнде Садық Аманжоловтың Алматы қаласында тұрып, қазақтың сол кездегi қоғамдық-саяси өмiрiне белсене араласқанын, талайлы тағдыр кешiп, Қытай асқанын, кейiннен көзi Тәшкентте жұмылғанын жеткiзген болатын. Әжемiздiң өз қолымен және әңгiме барысында қағазға түртiлген сол естелiктердi ықшамдап жариялауды жөн санап отырмыз.

Қыз бен жiгiт сырласқан «күйеу тас»

Мен атам туралы жазғанда, Құрманәлiнiң тете iнiсi Аманжолдың жалғыз ұлы Садық атамен екеуiн бiрге жазуды жөн көрдiм. Себебi, екеуi де тел қозыдай бiр жылдың түлектерi. Бiрiне-бiрi әркез ақыл-кеңес берiп, бастарына қиын заман туғанда көмектерiн аямаған ағайынды жандар болып табылады.

Құрманәлi бабамыздың ең кенже ұлы Ақпанбет — менiң атам. Қаңлының келесi ұрпағынан би болған және бiр рулы елдiң Шелек өңiрiндегi ең соңғы биi осы менiң атам. Атамның билiк құрған жерлерi: қыстауы – Қаратұрық елдi мекенiнiң Алатау бөктерiн ала орналасқан. Қыс қатты болған жылдары Iле өзенiнiң сол жақ жағалауын қыстаған; көктеуi – Киiкбай болады; жайлауы – Асы жайлауының солтүстiк күнгей жағында орналасқан Қарағайлы бұлақ; күздеуi – Теректi мен Сатылы. Осы жерлердi суреттеп жазып кеткендi жөн көрiп отырмын.

Бiрiншi, жылдың басы – қыс болғандықтан, қыстаудан бастайын. Қазiргi Қаратұрық елдi мекенi, Алатаудың етегi – ол кезде тау Қаратұрық аталған. Суы мол, шөбi шалғын, қысы онша қатты болмайтын жер. Қысы жылы болған кездерде аталарымыз осы жерде қыстап шығады екен. Қазақ халқында жыл санау бiр мүшел – 12 жылдан тұрған. Сол жылдардың кейбiрiнде «жылан жылы шығып, жылқы жылы кiрген кезде немесе керiсiнше болғанда қыс қатты болады» дегендi бала кезде еститiнмiн. Сондай қыста қар көп жауып, аязды болған жылдары бiздiң аталарымыз Iле жағалауында қыстап шығады екен. Iле бойы құмды жер болғандықтан, қар қалың емес, көп жатпайды. Ол жерде «сексеуiл» деген шөл далада өсетiн бұталы өсiмдiк қана өседi. Жас балауса шыбығы малға азық болса, кәртейiп қураған түп жағы отын ретiнде пайдаланылады.

Көктеуi – Киiкбайдың сайы. Екi таудың ортасынан жарып аққан суы мол өзен бастауын Сатылыдан алады. Сатылыдан басталған өзеннiң екi жағындағы жоталардың арасы басында тарлау болып келсе, келе-келе кеңейiп, етек жағында жоталар бiр-бiрiнен алыстайды. Киiкбайдың сайында аталарымыз төрт түлiк малдарын төлдеткен.

Жоталар көктем шыға көк желек киiнедi. Қызғалдақ пен сарғалдақты бiреу қолдан еккен тәрiздi, көктемде сол жоталар қызылды-жасылды кiлемнiң түрiндей құлпырады. Киiкбайдың жоталарында «тобылғы» деген бұта өседi. Кепкен кезде қатты, жас кезде күрт сынбайтын иiлгiш қасиетi бар, бұтағынан қазақтың қамшысы жасалынады. Сайында исi аңқыған, қазақтың кең даласында ғана кездесетiн «жусан» деген шөп көктейдi. Оны бабаларымыз iш ауруына қолданған. Киiкбайдың сайында дәрiлiкке қолданылатын жемiс-жидек, долана, қарақат көптеп кездеседi.

Жаз жайлауы – Қарағайлы бұлақ. Сатылының асуынан асып түскен жерден екi жота шығысқа қарай созылады. Олардың ортасында кiшiгiрiм бұлақ ағады. Жоталар оңтүстiк-шығысқа ұзаған сайын етегi кеңейiп, үлкен сайға айналады. Бас жағын қарасаң, бiр пейiштiң төрiндей. Бұлақ сол жерден бастап ағып отырып, Асы өзенiне барып құяды. Қарағайлы бұлақтың басындағы жоталар толған арша, аршадан кестелеген шапан жамылғандай жыл он екi ай бойы жап-жасыл қалпын сақтаған. Ертеде екi жотаның ортасындағы бұлақты жағалай қатар-қатар қазақ үйлер тiгiледi екен. Сол бұлақтың жанында тастан салынған кiшiгiрiм үй бар. Абайлап қараған адамға ақ отауға ұқсайды. Келе жатқан жолаушы кенеттен жауған жаңбырдан тасалауына болады. Ерте кезде қыз бен жiгiт сол тастың iшiнде кездесiп сырласқан, сөз байласқан деседi. Ол тас отауды – «күйеу тас» деп атаған екен. Сай Асы жайлауына жақындаған жерiнде тарылады, терiскей жағында шырша өседi. Ал күнгей жағында неше түрлi өсiмдiк өседi, солардың iшiнде «рауғаш» деген азық болатын өсiмдiк бар. Ол қышқылдау, бала кезiмiзде талай терiп жедiк.

Күздеуi – Сатылы мен Теректi. Тамыздың аяқ кезiнде жайлауда күнде жаңбыр басталады, оның арты бұршақтатып келiп, қарға айналады. Сол кезде жұрт жылжып көшiп, Сатылы мен Теректiнiң асуынан асып, бергi терiскей жағына төмендеп қоныстанған. Қарағайлы бұлақтан тiк Теректiге түсетiн жолды немесе Теректiден тiк Қарағайлы бұлаққа асатын асуды «Қотыр тас» деп атаған. Ол жерде ешбiр өсiмдiк өспейдi, жалтыраған тайғақ тас жамылған биiк тау. Асыға шығарда төте жол болғандықтан, малды осы Қотыр таспен айдап шығады. Жетектеп, баяу жүрiп айдамаса, өте қауiптi жол. Тас малдың тұяғын кемiрiп тастайды, сонымен қатар ол тастар жалтыр, тайғанақ болып келедi. Тасты тау таусылғаннан кейiн Теректi жағы неше түрлi өсiмдiк өскен көк шалғынға айналады. Онда жемiс ағаштары және бүлдiрген, қарақат, долана, таңқурай сияқты неше түрлi жемiс-жидек өседi.

Атамның iзi қалған жерлер, мiне, осындай қасиеттi жерлер болып табылады.

Қазақ даласындағы алғашқы заңгерлердiң бiрi

Садық ата Аманжолұлы 1885 жылдың 25-желтоқсанында Алматы қаласында өмiрге келедi. 1907 жылы Алматы қаласындағы ер балалар оқитын гимназияны бiтiрiп, сол жылы Қазан университетiнiң заң факультетiне оқуға түсiп, оны 1912 жылы бiтiрiп шығады. Садық ата Қазан қаласында бес жыл оқиды. Сол жылдарда ел iшiнен қомақты көмек берiп, оқу ақысын төлеп тұрған — менiң атам Ақпанбет. Атамыз оқуды бiтiрiсiмен Алматыға оралып, осы қаланың аймақтық сотына судья болып орналасады. 1914 жылы емтихан тапсырып жоғарылап, дүниежүзiлiк судья қатарына iлiгiп, Лепсi аймағы бойынша Cемей (Сергиополь) қаласына жұмысқа ауысады. Сол жерде қызмет iстеп жүрген кезiнде Аягөзде тұратын Насыров деген бай татардың қызы Фаиза апамызға үйленедi. Ол апамыздың әкесi екi мәртебе Меккеге барып келген, дiнге қатты сенетiн үлкен молда болған адам.

Семейге қызмет бабымен ауысқан Садық ата Әлихан Бөкейхановпен танысады. Сол жылдары қазақ елiндегi оқыған азаматтардың барлығы дерлiк Алаш партиясын құрып, соның құрамына мүше болғандары тарихтан бiзге белгiлi. Қазiргi егемендiктiң бастауы — сол Алаш азаматтарының атқарып кеткен еңбектерiнiң жемiсi болып саналады. Егемендiктiң сара жолын жасап кеткендер де солар болды. Әлиханмен жақсы таныс атамыз да сол партияның белсендi мүшесi, әрi заң қызметкерi болғандықтан, Алаш партиясы және Алашорда үкiметiнiң құжаттары мен алдағы бағдарламаларын жазуда белсендi атсалысқандардың бiрi болған.

Ақпанбет ата – 1885 жылы тау Қаратұрықта қаңлы Баубек ұрпағының қыста отыратын жерiнде өмiрге келедi. Алла берген дарын бар, Келдiбек, Әюке аталарынан қанмен таралған шешендiк қабiлетi бар атам оқымай-ақ ел билеген, бiр рулы елдiң кем-кетiгiн жамап, басқа көршi руларға өздерiн таныта бiлген. Өзiнiң қарамағындағы ағайындарымен көшiп-қонып жүрiп, ата-бабасынан келе жатқан көшпендiлер заңы бойынша өмiр сүре бiлген. Не мектеп бiтiрмеген, не кiтап бетiн ашпаған атамның соншама даналығына таңқаласың. Жаратылысына ақылы сай көнекөздiң бiрi болды. Атамда жаратқан Алланың өзi берген емшiлiк қасиетi де болды. Менiң бала кезiмде ұшынғанда көзiмнiң қарасына ақ түсiп, көзiмдi ашқызбай қадалып тұрып алатын. Сол кезде атам менi алдына отырғызып алып, iшiнен Құран сөздерiн айтып, үрлеп-үрлеп жiбергенде кетiп қалатын. Ол емдi бойында қасиетi бар адам ғана iстей алады.

Ертеде бесiкте атастырып құда болу салты болған. Сол салт бойынша атама қыстақтың iшiндегi Құлақай руынан Күләй апамды жар етiп он үш жасында түсiрген екен.

Атамның ағасы Ақыжан ерте қайтыс болып кетедi. Одан қалған үш қыз бен бiр ұл жат болып кетпес үшiн әрi жат жерде жетiмдiк жәбiрiн көрмес үшiн, қазақтың бiр жақсы әдет-ғұрпы бар «әмеңгерлiк» деген, сол салтты сақтай отырып, Ақпанбет атам жеңгесiне үйленiп, олардан 1909 жылы менiң әкем өмiрге келедi. Бiрақ, әкем бiр жасқа толғанда шешесi қайтыс болады.

Атамның өзi ұнатып үйленген үшiншi әйелi Сары қаңлының қызы – Несiп апа. Ол кiсiден 1924 жылы туған Аспандияр деген ағамыз бар. Аспандияр аға Садық аталар көшiп келгеннен кейiн туған, ол ағаның атын Садық ата қойған болуы керек. Менiң ойымша, оған алғашқы қазақтан шыққан ғалым-дәрiгер С.Аспандияровтың есiмiн беруi мүмкiн. Қазақтың алғашқы оқыған бiлiмдi азаматтары бiрiмен-бiрi жақсы қарым-қатынас жасаған, себебi, олар сол кезде саусақпен санарлықтай аз едi.

1917 жылы ақпанда ақ патшаны құлатып, орнына уақытша өкiмет орнағаны тарихтан белгiлi. Осы кезде оқыған, бiлiмдi, көзi ашық қазақ зиялылары, Ә.Бөкейханов бастаған Алаш азаматтары қазақ елiне саяси дербестiк алып беру үшiн күрестi. Желтоқсан айында Орынборда өткен қазақтардың екiншi съезiнде Ә.Бөкейханов басқарған Алашорда үкiметiн құрады.

1918 жылдың қаңтарында қазақ жерiнде демокра- тиялық қоғам құруды аңсаған және осы мақсатпен Ақ патшаға қарсы күрес жүргiзген саналы да сауатты қазақтың маңдайына бiткен нар тұлғалы ұлдары, Алаш партиясының мүшелерi билiктен аластатылып, қуғын-сүргiнге ұшырайды. Олардың шет елге кетулерiне тура келедi. Мұстафа Шоқай Петерборда бiрге оқыған грузин досының көмегiмен Түркияға өтедi.

Қытай түрмесiнiң құрсауы

Сол кезде Садық атаның басына да қара бұлт үйiрiле бастайды. Ол заң қызметкерi болғандықтан, күнiбұрын жағдайдың қиындағанын сезiп-бiледi. Ол кезде елде би деген атақ әлi жойылмаған кез, Ақпанбет атам елде билiк құрып тұрған. Ертеде Абылай хан кезiнде Қытаймен шекарадағы қазақтардың сауда жасасу шарты жасалған едi. Қарқаралы жазығына қазақтар малдарын апарып, Қытайға өткiзiп, орнына мата, киiм-кешек, ұн, шәй-қант сияқты тауарларға айырбас жасап отыратын.

Қытай елiндегi өз жерлерiнде қалып қойған керей, уақ руларымен атам Ақпанбет байланысын үзбей, барып-келiп жүредi екен. Садық атаның амандығын тiлеген Ақпанбет атам бауырын 1918 жылы жанұясымен бiрге Қытай жақтағы керей руына көшiрiп апарады. Олар көшiп, таудан асып бара жатқанда апамыз Фаиза ұл туады. Ұлдың атын Ақпанбет атам Асқар деп қояды. Қытай жерiнде де Садық атамызға тыныштық болмайды. 1922 жылы Құлжа қаласында атаға «қызылдардың жансызы» деген сылтаумен үйiне тiнту жүргiзiлiп, түрмеге жабады.

Садық ата заң қызметкерi болғандығынан, сақтық ретiнде ешқандай құжаттарды сақтамаған. Түрмедегi үш айы үш жылға татиды. Сол кезде бес жастағы бала болса да, қызы — Рая тәтенiң есiнде мәңгiлiк сақталғаны әкесiне түрмеге барғандағы көрiнiс болатын. Әкесiнiң мойнына ағаштан жасалған қамыт кигiзiп, аяқ-қолын ұзын, жуан темiрден жасалған шынжырмен құрсаулап тастаған.

Ақпанбет атам барып-келiп, ауылдағы қарт әкесiне баласының, немерелерiнiң амандығын жеткiзiп тұрады. Ақпанбет атамның сол жердегi керей рулары арасындағы беделiнiң арқасында, сол жақтағы қазақ билерiнiң кепiл болып араласуымен Садық ата түрмеден босап шығады. Түрмеден босарда атаны дұнған (мұсылман) мешiтiне апарып, «екiншi қызылдар туралы үгiт жүргiзбеймiн» деген ант айтқызып, содан кейiн босатады. Ақпанбет атам келесi бiр барғанында бауыры түрмеден шығыпты. Ол кезде Садық атаның үйелмелi-сүйелмелi үш қызы, бiр ұлы болады. Ал, апамыз болса, бесiншi қызын жаңа босанып отырған кезi екен. Апаның жас босанып отырғанына, Садық атаның түрмеден әлсiреп шыққанына қарамастан, үлкен арба жалдап, жасырын түрде Ақпанбет атам басшы болып, жолға шығады. Себебi, сол кезде Садық атаның әкесi Аманжол баба әрi кәрiлiк жеңген, әрi өмiрге келген жалғыз немересiн бiр көрiп мауқын басу, мәңгiлiкке қоштасарда сағынған баласын көрiп, батасын беру — ол кiсiнiң арманы едi.

Асығып, суыт жүрiп келе жатқандағы жолда болған оқиға жайлы Рая әпкем есiне былай алады. Қытаймен шекарада таудан екпiндеп, сарқырап құлай аққан үлкен өзендер көп кездеседi. Солардың бiрiнен өте бергенде арбаның бiр жақ дөңгелегi шығып кетедi де, арба қисая кетедi. Арбаның үстiнде бес кiшкентай бала мен жаңа босанып отырған апамыз бар едi. Жаңа туған қызы қытайлардың талдың сабағынан тоқылған жайдақ бесiгiнде жатады. Бесiк арба қисайған кезде сусып-жылжып барып суға ағып кетедi. Сонда Ақпанбет атам өзеннiң жағасымен жүгiрiп отырып, бесiктiң тұсына жақындағанда өзендi кешiп барып судан алып шыққан екен.

Ендi сол өзеннiң ортасында болған екiншi уақиға: атам Ақпанбет бойы аласа, кiшiлеу адам болғанымен, қимылы өте ширақ, сөзi өткiр, даусы зор болатын. 1922 жылы күз кезiнде, есептеп отырсам, екi атаның да жастары 37-де, екеуiнiң де мүшелге толар кездерi екен. Арбаның дөңгелегiн салу керек, ол ағысы қатты үлкен өзеннiң ортасында қисайып тұр. Арбаның үстi бос емес, үстiнде жүк және адамдар бар. Атам арбаның қисайған жағын, дөң- гелектi кигiзгенше, иығымен тiреп тұрады.

Елге жеткенде Аманжол баба баласы мен немерелерiн тосып жатқандай, көзайым болып, мауқын басып, екi-үш күннен соң мәңгiлiк тұрағына разы болып аттанған екен.

Садық Аманжолов Жұбаныш Бәрiбаевпен көршi тұрды

Садық ата 1923 жылдың наурыз айында Алматы облысы бойынша, облсотта судья болып қызметке орналасады. Алматыға келiп орналасқан кездегi бес бөлмелi, ауласы кең жер үйi сол кезде қаланың ең шетiнде болады. Көшенiң алғашқы аты Сенной көшесi, екiншi аты Пастер көшесi, қазiр Мақатаевтың атында, 8-үй – көп қабатты, орталықта. Сол кездегi Жетiсу аймағы кеңесiнiң төрағасы Жұбаныш Бәрiбаевпен көршi тұрған және ол кiсiмен жақсы қарым-қатынаста болған.

1924 жылы Алаштың бұрынғы мүшелерi қайтадан бiрiгiп, егемендi ел болуды, жеке дербес мемлекет құруды ойластыра бастайды. Семейде өткен Алаш партиясының ең соңғы съезiнде Садық атаны Жетiсу аймақтық Алаш партиясының төрағасы етiп бекiтедi. Сол жылдары аймақтық кеңес төрағасы қызметiн атқаратын Жұбаныш Бәрiбаевпен Садық ата жақсы қарымқатынас жасаған әрi көршi тұрған.

Алаш азаматтарының ықпалы арқасында қазақ елi – Қазақ автономиялық республикасы статусына ие болып, «қырғыз» деген аттан бiржолата құтылады. Осы жолы Түркiстан үкiметi жойылып, оған кiретiн аймақтар Қазақ автономиялық республикасының құрамына кiредi.

1929-30-жылдары ел басына, әсiресе Алашқа мүше болып кiрген қазақтың бiлiмдi, оқыған, көзi ашық, көкiрегi ояу азаматтарына қара бұлт тағы да үйiрiле бастайды. Бұл жолы қаладағы зиялы азаматтар ғана емес, ауылдағы бай мен биге де большевиктер тиiсе бастайды. Ауылда туыстары, елi бар Садық кеңестiк билiктiң бiр орталыққа бағындырып, көшпендiлердiң малдарын тартып алуына қарсы шығады. Қазақтардың күнкөрiсi болып отырған қолындағы малын алғанда, олардың аштан қырылатынына көзi жеткен атамыз алдымен егiн егудi үйретiп, отырықшылыққа бiртiндеп көшiру керектiгiн айтады. Сол үшiн атамызды 1929 жылы сайлауға қатысудан, дауыс беру мүмкiндiгiнен аластатады. Алаш азаматтарының көбi «халық жауы» деген қара тiзiмге iлiгедi.

Кеңес үкiметi кезiнде кедейден сайланған бiлiмсiз, надан белсендiлер қамшысын қоқаңдатып, әсiресе, байлар мен билерге тиiсе бастайды. Өш алу, кек алу жоғары дәрежеде өркендеп, мүлiктi кәмпескелеу тез жүзеге асады. Малдан айрылған қазақтарды аштық жайлайды. Сол кезде Голощекин жүргiзген саясат тек қазақтардың санын азайтып қана қоймай, жаңа құрылған жас мемлекеттi әлсiретiп, шаңырағын шайқалту болды.

Ендi қара тiзiмге менiң атам Ақпанбет те iлiнедi. Ол кезде Сiбiрге айдау iске асатын едi. Оны қазақтар «итжеккенге айдалды» дейтiн. Сiбiрдiң суығында шанаға иттердi жеккен якуттарды айтқаны болуы керек. Садық ата демалыс алғанда, балаларын алып, жылда жайлауға, елге барады екен. Бауырына жеке үй тiгiп, жақсы демалуына барлық мүмкiндiктi жасап отырған.

Садық атаның 1929 жылы ең соңғы жайлауға барғанында ағайындарын жинап алып айтқаны: «малға қарайламай, өздерiң аман болыңдар, бала-шағаларың аман болуы үшiн Қытайға қоныс аударғандарың жөн» деп кеңес берген екен. Сол кездегi бауырларының басына төнген қара бұлтты көре бiлген атамыздың соңғы ақылы осы болды. Екi атамның жасы отыз үшiншi жылы елуге таянып қалған. Бала кезден бiр-бiрiне тiреу болып, егiздердей бiр-бiрiне ақыл берген, кездескенде телқозыдай жарасқан екi атам «Алла дәм-тұзды бұйыртса, кездесермiз» деп қоштасады.

1930 жылы атам көшбасшы болып Қытайға өтедi. Жоғарыда жазып кеткендей, атам ол жақтағы керей руымен жақсы таныс болған. Бұрынғы салт-дәстүр бойынша, олардың iшiнен бiр шiрiген байы атамның ортаншы баласы Аспандияр ағаның жастығына да қарамай, қызымен атастырады. Сол қызын сылтауратып, атама жер бередi. Қызын мал-мүлкiмен ұзатып, атамды дәулеттiлер қатарына қосып жiбередi.

Қытайға барғаны болмаса, ол жақта Шығыс Түркiстан жерiнде өңкей қазақ рулары қоныстанған, көшпендiлер салтымен көшiп-қонып жүрген кезi. 1949 жылы коммуна ол жақта да етек жаяды. Байлардың малын орталыққа алу басталады. Бiрақ, Кеңес үкiметiндей тездетпей, егiн егiп, одан өнiм алуға бiртiндеп бейiмдейдi.

Ол жақта атам тағы кәмпескеге түседi. Мал-мүлiктерiн кедейлер талап алады. 1949 жылдан бастап, бiртiндеп қазақтар отырған жерлерге қытайлар қоныстана бастайды. Атам 1950 жылдары жасы 65-ке келiп кәрiлiктiң хабары келе бастаған шағы. Қазақтардың өз Отанына қайтып келуiне мүмкiндiгi болмайды. Сталиннiң билiгi кезiнде шекара тас болып жабылады. Атамның Алладан жалынып сұрайтыны, жатса-тұрса уайымы — атамекен, туған жерiнiң топырағын бұйыртса деген арман болады. Сол арманы 1953 жылы Сталин өлiп, 1955 жылы шекараның ашылуы арқылы орындалады.

Бiшкекте — аға консул, Тәшкенде — судья

Ақпанбет атам туған жерге оралған кезде жасы 70-ке келген. Туыстарымен шұрқырасып бас қосқанымен, Садық атамен кездесудi Алла атама жазбаған екен. Атам елiне, жерiне оралғанда Кеңес өкiметiнiң кезi болатын. Ол кезде жасы келген ақсақалды құрметтеп, сыйлайтын кез. Атамды ағайындары құрметтеп, әдейi келiп сәлем берiп, өткен-кеткендi еске түсiрiп, әңгiме-дүкен құратын. Бауырлары атама келiп ақылдасып, кеңес сұраушы едi. Атамды ел сыйлап, «ақсақал, көптi көрген қария» деп той-жиындарынан қалдырмай шақыратын. 25 жылдай Қытай қазақтарының арасында жүргенде де осындай сый-құрметке ие болғанын, атамның кемеңгер, данышпан екендiгiн айтқым келедi. «>зi жақсы кiсiге бiр кiсiлiк орын бар» деген мақал осыдан қалса керек. Атамның артында үш ұлынан өрбiген он жетi немересi бар. Көзiнiң тiрiсiнде шөбересiн көрiп кеттi. Ақпанбет атам өз ағайындарының арасында ылғи көшбасы бола бiлдi, өзiнiң артынан рулы елдi ерте бiлген дара адам ретiнде жарқын өмiр сүрдi деген тұжырым жасаймын. Атам тоқсанға жақындап барып, бұл өмiрден өзiнiң мәңгi тұрағына аттанды.

Ендi Садық атаның 1929 жылдан кейiнгi өмiрiне көз жiберсек. Атамызға ендi «халық жауы» деген жала жауып, Қазақстанда жұмыссыз қалдырады. Садық ата Мәскеуге шындық iздеп барады. Ол кезде Тұрар Рысқұлов Совнарком төрағасының орынбасары болып қызмет iстеген (бұл жұмысты 1926 — 1937 жылдар аралығында атқарған), сол азаматтың арқасы болар деп ойлаймын, атамыздан «халық жауы» деген жаланы алып тастайды. Атамыз, өзi заң қызметкерi болғандықтан, жазба түрiнде еш құжат жазып қалдырмаған, себебi, бiр қауiп төне қалса, жақын адамдарына кесiрi тиiп кете ме деген қауiп болуы керек. Садық атаға 1929 жылы Мәскеуден тiкелей Қырғыз елiне жолдама берiледi. Бiшкекте аға консул болып жұмысқа тұрады. Осы жұмысын 1937 жылға дейiн атқарады.

1937 жылдан бастап қызметтегi лауазымы жоғары, бiлiмдi азаматтарды қаралап, оларға жала жабу тағы басталады. Оны iске асырып жүрген ендiгi кезде НКВД болады. Сол кезде Садық ата балашағасымен Таразға көшiп келедi. Ол жерде бiлiмi жетерлiк, тәжiрибесi мол, дәрежесi әлемдiк деңгейдегi судья бола тұра жұмысқа орналаса алмайды. Садық атам сияқты бiлiктi мамандар қазақ елiне сол кезде ауадай қажет едi десем, асырып айтпаған болар едiм.

Садық ата ары қарай көшiп Ташкентке барып паналайды. Ташкент қаңлы елiнiң ежелгi тұрағы десек, атаға солардың көмегi болғаны анық. Ташкенттiң ең шеткi көшесiнен ескiрген екi бөлмелi үйдi сатып алады. Ол көше қаланың шетi болғандықтан, жанында ескiрген мешiт, одан ары молалар басталатын едi. Ташкентте Садық ата жай судья болып қалалық тамақ және сауда өнеркәсiбiне жұмысқа орналасады. Егер ол қазақ жерiнде қалған болса сол жылдары ұсталып, сотталып, ату жазасына кесiлер едi.

1918 жылдан бастап қуғын-сүргiндi үш дүркiн басынан өткерген атамыздың денсаулығы 1937 жылдары нашарлай бастайды. Жұмысы да өзiнiң көңiлiнен шықпаған адал адам, тай-құлындай ойнақтап өскен туған жерден, елден алыстағаны жасы елуден асқан адамға оңай болсын ба? 1941 жылы 22-маусымда Ұлы Отан соғысы басталады. Дәрiгерлiк оқуды бiтiрген үш қызы да майданға аттанады. Атамыздың ауруы күзге қарай асқынып, сол ауру ақырында 5-желтоқсанда 56 жасқа толар шағында мәңгi тұрағына алып кетедi. Садық атаның қабiрi – Ташкент қаласында.

Бұрынғы кезде Алаш партиясының мүшелерi отыздай деп жазылып жүретiн. Ал қазiргi кезде солардың оншақтысы ғана ел есiнде, оларға қалаларда ескерткiш орнатылып, көшенiң аты, мектептiң аты берiлген. Жүз жылдық, жүз жиырма бес жылдық мерейтойлары аталып өтiп жатады. Олар туралы музейлер де бар. Менiң арманым — Садық атаға туған жерi Алматыда бiр көшенiң аты берiлiп, ескерткiш орнатылса, аруағы разы болар едi дегiм келедi. Садық ата Ташкент қаласына өз қалауымен, өз еркiмен кеткен жоқ. Ол — өмiр соққысы, сол заманның ызғарлы желi Алаштың азаматтарын өз елiне тұрақтатпай, шет елге кетулерiне мәжбүрледi. Алаш қайраткерлерiнiң арасында Алматы қаласында туып-өскендерi бiрен-саран ғана. Екеуi болса, соның бiрi Садық Аманжолов десем, артық болмас.

Әзiрлеген – Думан АНАШ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *