Қаламгерлер шахмат тақтасында кездесті

%d1%88%d0%b0%d1%85%d0%bc%d0%b0%d1%82

Шахмат десе ішкен асын жерге қоятын жұрт­шылық өткен аптада Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясына жол тартты. Өйткені, мұнда «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты «Ақиқат» журналының жүлдесі үшін журналистер арасында дәстүрлі шахмат турнирі жалауын көтерді.

Шараның ашылу рәсімінде  «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин жарысқа қатысушы­ларға сәттілік тілей отырып, осы бір аса жоғары дең­гейдегі интел­лектуалдық ойынды қолдауға ынталы кәсіпорындар қатары көбеюіне тілектестік білдіріп, шахматты ХХ ғасырдың 20-жылдардағы ұлт зиялылары – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтар ойнағанын, шахмат ойыны ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің де сүйікті ойыны болғанын айта келіп, сөз соңында турнирдің өткізілу мақсатына тоқ­талды. Келесі сөз кезегі аталған академия дирек­торының орынбасары Алма Әшіроваға, сонымен қатар «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлімұлы,  техника ғылымдарының докторы, кафедра меңгерушісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақдәулет Құмар сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік білдірді.

Биыл төртінші рет ұйымдастырылған турнир Дүние­жүзілік шахмат федерациясы болып сана­латын ФИДЕ Кодексіне сай швейцариялық жүйемен алғаш рет өткі­зілді. Себебі, бұған дейін журналистер арасында өткізілген үш турнир тек олимпиада жүйе­сімен өткізілген болатын. Сол байрақты додаларда әр жылдары Нұрлан Құмар, Асқар Беков, Арсилан Алахунов жеңімпаз атанған болатын.

Биылғы сайысқа жалпы саны 16 үміткер қатыс­ты. Швейцар жүйесі болғандықтан, шахмат саны барлығы 7 ойынға ұласты. Жарыс қоры­тындысы бойын­ша, 9 ойыншы жүлдегер атанды. Бірінші орынды «Ұйғыр авази» газетінің меншікті тілшісі Арсилан Алахунов, екінші орынды журна­лист Асқар Беков, үшінші орынды Қазақ радио­сының қызметкері Амангелді Жоламанов пен «Үр­кер» журналының бөлім редакторы Нұрлан Құмар және «Қазақстан» ұлттық арнасының қызметкері Талғат Ерубаев иеленді. Арнайы жүлдеге ие болған қатысу­шылар — «Арыс» баспасынан Мақсот Ізімұлы, «Эконо­мика» газеті редакторының орынбасары Амангелді Шопан, ардагер журналистер Аян  Ныса­налин  мен  Мамадияр Жақып  алғыс хаттармен  марапатталды.

–Енді қаламгерлер арасында шахмат жарысы тек швейцар жүйесі бойынша өткізілетін болады. Бұл жүйе спортшы қаламгерлердің шеберлігі мен шы­ғар­машылық ізденісін арттыруға мол септігін тигізеді, — деді жарыстың бас төрешісі болған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақдәулет Құмар.

 

Салтанат ҚАЖЫКЕН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *