ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚАНАТТАНҒАН ҚАРАШАҢЫРАҚ

Қазақстан Жазушылар одағы­ның 85 жылдық тарихында Ота­нымыздағы жоғары білім берудің қарашаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің айрықша орны бар. 1918 жылы Түркістан Респуб­ликасының астанасы Ташкенттегі халық ағарту институты болып құрылып, 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік университеті болып жалғасқан жүз жылдан асқан тарихы бар бұл қараша­ңырақтан қанаттанған көрнекті ақын-жазушылар көп жанрлы қазақ сөз өнерінің қалыптасуы мен дамуына мол үлес қосты.

Абай атындағы тұңғыш уни­верситет – Қазақстандағы  барлық жоғары оқу орындарының үлкен үйі – қарашаңырағы. Тұңғыш жоғары оқу орнының алғашқы онжыл­дықтарында қазақ сөз өнері мамандығы бөлімдеріне көрнекті қайраткерлер (Ахмет Байтұрсынов – 1928-1929; Молдағали Жолдыбаев –  1928–1937; Өтебай Тұрманжанов – 1928–1938; Халел Досмұхамедұлы – 1928–1938; Сәкен Сейфуллин – 1930–1937; Саттар Ерубаев – 1936-1937; Мұхтар Әуезов – 1937–1946; Сәбит Мұқанов – 1937–1941) дәріс оқыды. Тұңғыш жоғары оқу орнынан білім алған маман­дардың Отанымыздың орта мектеп­теріндегі мұғалімдік қызметтерімен жаппай орта білім алуды дамыт­қаны белгілі. Сонымен бірге, әдеби-көркем шығармашылық, журналистика, фольклортану, әдебиеттану салалары бойынша талай көрнекті қаламгерлер осы қарашаңырақтан қанаттанды.

Университеттің алғашқы және одан кейінгі түлектері арасынан көптеген танымал қаламгерлер Қазақстан Жазушылар одағы тарихнамасының  көрнекті қайрат­керлері болып миллиондаған оқыр­мандар ықыласын иеленді. Бірқатар ақын-жазушы түлектер (Хамза Есенжанов, Ғали Орманов, Дүй­сенбек Еркінбеков, Мұхтар Жанға­лин, Есмағамбет Исмайылов, Мәлік Ғабдуллин, Қалижан Бекқожин, Әли Есмәмбетов, Абдолла Жұма­ғалиев, Мұхамеджан Қаратаев, Белгібай Шалабаев, Әди Шәріпов, Қайнекей Жармағанбетов, т.б.) осы университеттің қазақ әдебиеті кафедрасында ұстаздық қызмет атқарды.

ХХ ғасырдың 40–60-жылдары Абай атындағы тұңғыш жоғары білім беру ордасынан білім алып, поэзия, проза, драматургия, көр­кем аударма, әдеби сын, әдебиет­тану, фольклортану салалары бойынша әдеби-ғылыми шығарма­шылық еңбек жемістерімен таныл­ған талантты қаламгерлер легі айрықша дараланды. Мысалы, Бердібек Соқпақбаев, Герольд Бельгер, Сағынғали Сейітов, Ісләм Жарылғапов, Қапан Сатыбалдин, Нығмет Ғабдуллин, Айқын Нұр­қатов, Баламер Сахариев, Серік Қирабаев, Мекемтас Мырзахмет­ұлы, Ғафу Қайырбеков, Мыңбай Рәшев, Сейіт Қасқабасов, Әдібай Табылдиев, Бәтима Батырбекова, Нұрдәулет Ақыш, Гүлжаһан Орда, Кенжехан Матыжанов, Дихан Қамзабекұлы, т.б.

Ал осы толқынның дәстүрін жалғастырған түлектер қатарын­дағы қаламгерлер де көп жанрлы қазақ әдебиетіндегі классикалық дәстүр мен жаңашылдық сабақтас­тық аясында оқырмандардың ыстық ықыласын иеленді. Мыса­лы, Шәміл Мұхамеджанов, Асқар Сүлейменов, Әкім Тарази, Абдрах­ман Асылбеков, Нүкеш Бәдіғұлов, Надежда Лушникова, Темірхан Медетбеков, Бақыткерей Ысқақов, Жанат Елшібеков, Кеңесжан Шалқаров, Серік Асылбекұлы, Әнуар Тарақов, т.б.

ХХ ғасырдың 90-жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университетінен білім алып, бұл күндері танымал шығар­машылық тұлғалар қатарында бағаланып жүрген Оразалы Досбо­сынов, Саят Қамшыгер, Бақыт Беделханұлы, Сержан Молдасан­ұлы, Алтыншапақ Хаутай, т.б. түлектер есімдерін қазіргі жаңа толқын білімгерлеріміз мақтан етеді. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы университеттің білім­герлері ұлттық тарихымыздағы сөз өнерінің алыптары мұраларын насихаттау, шығармашылық дәс­түр­ді жалғастыру жолында жаңа­шыл іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Университет басшылы­ғымен, оқытушы-профессорлық ұжымның ықыласымен соңғы жылдары «Абай әлемі» атты өнер фестивалінің, «Менің пірім – Сүйінбай» атты студент ақындар айтыстарының жүйелі өткізіліп келе жатқаны – қарашаңырақ оқу ордасының жаңа буын білім­гер­лерге зор ықпалы болып отыр. Тұңғыш жоғары білім беру ордасы­ның 91 жылдық тарихымен бірге жалғасып келе жатқан студент­тердің Сәкен Сейфуллин атындағы шығармашылық өнер бірлестігі аясында жаңа буын қаламгерлердің қалыптасуы педагог мамандардың рухани жаңғырудағы болашағына бағдар беруімен ерекшеленеді.

Көркем әдебиет туындыларын оқулықтарға енгізіп оқытатын, ғылыми-зерттеу нысанында зерде­лейтін, тәлім-тәрбиелік жұмыс­тарға құрал ететін негізгі педаго­гикалық насихат жұмыстарының Бас орталығы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситеті. Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық тарихында осындай кешенді жұмыстарды жүзеге асырып келе жатқан универ­ситетіміз түлектерінің жаңа буын ақын-жазушылар, көркем аудармашылар, әдебиет сыншы­лары қатарын болашақта да толық­тыра беретініне кәміл сенеміз.

 

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымының докторы,

профессор, Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі, Жамбыл атындағы Халықаралық

сыйлықтың лауреаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *