Ғаламдық дамудың басты бес мегатренді

Адам қызметінің барлық сала­ларын цифр­ландыру

Энергетикалық революция

Жер шарындағы тұрғындар саны­ның жылдам өсуі

Урбанизация қарқыны мен сипаты

Жаһандық еңбек нарығының өзгеруі

 

Бұрнағы күні Елордада Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың қатысуымен Global Challenges Summіt 2018 форумының жалпы отырысы басталды.

Мемлекет басшысы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Астана экономикалық форумына қатысу көпшілік үшін игі дәстүрге айнал­ғанын атап өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

– Он бірінші рет өткізіліп отырған бұл форум экономиканың, инвести­цияның және инновацияның мейлін­ше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Биылғы форум жаһандық сын-тегеу­ріндерге лайықты жауап табу мәсе­лелерін де қарастырады, – деді Қазақстан Президенті.

 

Нұрсұлтан Назарбаев шиеленісті жағ­дайлардың көбейгеніне және қазіргі өрке­ниеттің жаңа жаһандық трансформациясына тоқталып, ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың қатарында адам қызметінің барлық салаларын цифр­ландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының және  жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар.

Мемлекет басшысы экономиканың жаңа цифрлық моделінің нәтижесі оның ұлғаюына ғана емес, сондай-ақ 2017 жылы бизнес үшін ең қауіпті деп танылған киберқауіпсіздіктің артуына да байланысты екенін айтты.

– Біз де осы жаңа жағдайға бейімделіп келеміз. «Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масын іске асыру арқылы елімізде цифрлық инфра­құрылымның және ІТ-экожүйесінің дамуы қамтамасыз етіліп, тұрғындардың 85 пайы­зының цифрлық сауаттылығы артады. Біз жаңа технологияларды қолдана отырып, 5 жыл ішінде өңдеу секторындағы еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларға Қазақстанда «жасыл» экономиканы жүйелі түрде дамытудың негізіне айналған «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен ұйымдастырылған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қалай өткені жөнінде әңгімеледі.

Мемлекет басшысы жер шары тұрғын­дарының саны жылдам өсіп келе жатқанына тоқталып, базалық ресурстардың шектеулі екеніне және ауыз су тапшылығының артуына байланысты азық-түлік өндірісін көбейту қажеттігін айтты.

– Агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі мен ресурстарды пайдалану тиімділігін айтар­лықтай арттыру қажет. Бұл сала енді жоғары технологиялық салалардың біріне айналуға тиіс. Қазақстанда заманауи жетістіктерді қолдана отырып, 5 жылда агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсаты қойылып отыр , – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда агломерацияларды дамыту жөніндегі стратегия іске асырылып жатқанын, сондай-ақ Астананың 20 жылдығын мере­келеу барысында өтетін Жібек жолы елдері ірі қалаларының форумы туралы айтты.

Мемлекет басшысы жаһандық еңбек нарығының трансформациялану мәселесіне тоқталып, креативті ойлау қабілетін қалып­тастыруға, қажетті ақпаратты тауып, оны дұрыс қолдану қабілеттерін жетілдіруге бағытталған білім беру саласын реформалау жөнінде Қазақстан тарапынан қабылданып жатқан шараларға назар аударды.

– Біз мемлекет қалыптастыру ісінің бастауында «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік. Сол арқылы 13 мың қазақ­стандық мемлекет есебінен әлемнің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, елімізде әлемдік деңгейдегі университеттер ашылды. Олардың қатарында Назарбаев Университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институты және Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті бар. Жаңа «Бес әлеуметтік бастама» арқылы оқу гранттары­ның саны көбейіп, студент жастардың тұрмыс жағдайы жақсарады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев аталған жаһандық 5 тренд әлемде орын алып жатқан тұрақсыздық жағдайының арта түсуінің негізгі факторлары болып саналатынын және G-Global бастамасын ұсынғанын атап өтті. Бұл бастама G-7 және G-20 бастамаларына қарағанда, барлық елдердің пікірлері мен мүдделерін біріктіруге мүмкіндік беріп, мейлінше теңгерімді шешімдер табудың нақты тетігіне айнала алады.

– Осы басқосуда орнықты даму, экономи­калық теңсіздікті қысқарту, халықаралық сауда-саттықтың, жалған ақпарат тарату­дың, криптовалютаны қолдану мен оны реттеудің жаңа ережелерін айқындау мәселелерін талқылауға болады. Жаһандық дағдарысқа қарсы шешімдер әзірлеу ісіне бүкіл халықаралық қоғамдастықтың атсалысуы қажет екенін ескеріп, бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы алаңда жүзеге асыруды ұсынамыз, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті шараға қатысушыларға табыс тілеп, форум жұмысы нәтижелі әрі жемісті болатынына сенім білдірді.

Бұған дейінгі форумдарда жаһандық экономика, цифрландыру және тағы басқа мәселелер қаралған еді. Биылғы форум барысында ресурстар, роботизация, адам­заттың өзгеруі, агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктер, денсаулық саласының мәселелері талқылануда. Форумға әлемнің түрлі елдері­нен 500-ге жуық спикер қатысып жатыр. Бұл АЭФ-тің рекордтық көрсеткіші. Топ-спикерлер арасында Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, БҰҰ-ның бұ­рынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Дүние­жүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бас экономисі Ганс Тиммер, физик, футуролог Митио Каку, Golman Sachs бұрын­ғы төрағасы Джим О’Нил, Apple компания­сының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк, Ресей президенттігіне үміткер болған Ксения Собчак және өзге де тұлғалар бар.

Форумның алғашқы екі күнгі күн тәртібі жаһандық мәселелерге арналса,  соңғы үшінші күн спикерлер ҚР Үкіметінің, сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен алты бағыт бойынша жұмыс жүргізбек. Конгрестің 10 жылдық жұмысы барысында оған әлемнің 150 елінен 50 мың делегат, соның ішінде 20-дан астам Нобель сыйлығының иегерлері, 30-дан астам шетелдік жоғары деңгейлі саяси қайраткерлер келген. Жалпы құны 20 млрд. доллардан асып жығылатын 300-ден астам меморандум және келісімдерге қол қойылды.

Айта кетейік, Елордада өтіп жатқан XІ Астана экономикалық форумының бүгін соңғы күні.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *