ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА ҮМІТКЕРЛЕР ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Түрксіб ауданының №36 сайлау округі бойынша қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Михаил Грачевтің аудан тұрғындарымен кездесуі жалғасып жатыр.Үміткердің өз округі бойынша үгіт-насихат жұмыстары өткен аптада басталған еді. Бас партия атынан сайлауға түсіп жатқан үміткер М.Владимирович Алматы менеджмент және сервис колледжінде, Алматы вагон жөндеу зауытында, сонымен қатар Сүйінбай даңғылындағы №172-190 үйлердің тұрғындарымен кездесті.
Мәншүк БЕКБОСЫН
Ауданның бүгіні мен болашағына қатысты мәселелер кеңінен айтылуда
Жиында күнделікті тірлікте кездесетін күрделі мәселелер мен ауданның бүгіні мен болашағына қатысты мәселелер кеңінен айтылып, ашық талқыланды. Тұрғындар өз аудандарында жерүсті өткелдерді көбейтуді сұрады. Сонымен қатар, жасыл желектердің көптеп отырғызу керектігін алға тартты. Қоғамдық тәртіп, кейбір көшелерде көше шамдарының жоқтығы, бейнекамералардың көптеп орнатылуы тілге тиек етілді.
– Түрксіб ауданының тұрғындары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесін көптеп айтып жатыр. Олардың барлығын шешу үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін. Сонымен қатар, мектептердің маңын абаттандыру да назардан тыс қалған емес», – дейді қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Михаил Грачев.
М.Грачев тұрғындардың қатысуымен болған әр кездесуде айтылған кез-келген мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Сонымен қатар, ол алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың көптігін де тілге тиек етті.
– Дегенмен, барлығымыз бірігіп, бар мәселелерді шешеміз деп ойлаймын, – дейді М.Грачев.
«Ең алдымен – ел қамы, содан кейін қалғаны»
Түрксіб ауданының №34 сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына «Нұр Отан» партиясы атынан үміткер Гүлнас Ахметованың осы аптадағы халықпен кездесуі №17 және 20 мектептерде өтті.
Бұл округтің тұрғындары балаларға арналған спорт алаңдарын көбейту керектігін айтуда. Өмірінің 40 жылын ұстаздыққа арнаған кандидат тұрғындардың мәселелері кезең-кезең бойынша шешілетінін жеткізді. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама арқылы қалай баспанаға қол жеткізуге болатынын айтты.
– Тұрғындармен біраз кездесулер өткіздім. Байқағаным, бүгінгінің адамдары жеке бастың шаруасын емес, көбіне ауданның, қала берді, қаланың жағдайына алаңдайтыны қуантады. Оларға балалары ойнайтын ортақ аула керек. Көшеге бейнебақылау камераларының орнатылуын қалайды. Аялдамалардың ретке келтірілуін сұрайды. Байқасаңыз, тек өзіне емес, жалпы тұрғындарға керек мәселені көтереді. «Ең алдымен – ел қамы, содан кейін қалғаны» деп Қадыр Мырзалиев айтқандай, мемлекеттің негізін құрайтын әрбір шаңырақтың, әрбір тұрғынның әл-ауқаты, жұмысы, тұрғын үйі, кәсібі болса ғана ол ертеңіне сенімді болады, мемлекетіне адал еңбек етеді, – дейді Гүлнас Кенжетайқызы.