ҚАЛАЛЫҚ КЕҢЕС ҚОЗҒАР СӨЗ КӨП

Халық пен биліктің арасында дәнекер рөлін атқарып, елдің естілмей жатқан сөзін, айта алмай жүрген пікірін, шешімі табылмай жүрген мәселесін тыңдап, тікелей билікке жеткізеді әрі биліктің өзі санасады деген қоғамдық кеңес құрылғалы алматылықтардың арасында үлкен бір сең қозғалғандай.

Тіпті, газет оқырмандары редакциямызға қоңырау шалып, қоғамдық кеңестің мекен-жайын, телефондарын сұрап, жиі хабарласуда. «Бізді еститін құлақ болса» деп жүрген қарапайым халық үшін бұл қоғамдық кеңес «халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» бола ала ма? Көпшіліктің сауалын жеткізу үшін біз бүгін қоғамдық кеңес мүшелеріне хабарласқан едік.

 

77Рахман АЛШАНОВ,

Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы:

 

– Қазір Қоғамдық кеңесте алты комиссия құрылды. Әр комиссияға әкімшілік басқар­малары есеп береді. Осы алты комиссия тыңдауларға қатысып, сараптама жүргізеді. Барлық құзырлы органдарда біздің өкілдер олармен бірге жұмыс істейді. Әкімшіліктің, мәсли­хаттың шешімі қоғамдық кеңестің сараптамасынан өтуі керек. Біз пікірімізді айтамыз. Осыған  байланысты қазір сайт ашылып жатыр. Қоғамдық ұйым­дардан, кәсіпорындардан өкілдер бар, кәсіпкерлер, блогерлер бар – солардың бәрін тыңдауға, пікір айтуға мүмкіндігінше жағдай жасалды деуге болады. Бұл енді жаңадан басталып жатқан дүние ғой. Болашақта тағы да өзгерістер болады деп жатыр.

Газет арқылы болсын, қара­пайым халықтан көптеген ұсы­ныс­тар келіп түсуде. Маңызды-маңыздыларын қоғамдық тың­дауға шығарайық деп жатырмыз. Үш ай сайын үлкен шаралар өткізу жоспарда бар. Алмалы ауданы әкімшілігінде бұрын басқа бір ұйымдар отырған зал бар екен, бізге, Қоғамдық кеңеске сол жерді берді. Бүгін-ертең телефонын беретін болса, міндетті түрде халыққа хабарын береміз.

Қазіргі кезде «жанып» тұрған мәселенің бірі – ПИК-тер. Қалада 800-ден астам ПИК бар екен. Біреуіне 120 үй кіреді, біреуіне 4-ақ үй кіреді. Осы ПИК-тің жұмысын жолға қоймасақ, бо­латын түрі жоқ. Оларға арнайы сайт ашу, есеп бергізу деген сияқты жұмыстар басталып жатыр. Алматылықтарды мек­тептің үштілді білімге көшуі, оқулықтар сапасы, «Тастақ» базары мәселесі, күнде көтеріліп жатқан баға мәселесі және тағысын-тағы көптеген әлеу­меттік мәселелер алаңдатады. Ян Гейл жобасы бойынша көлік мәселесі қалай шешіледі, жетім балалар мен ауру балалар мәсе­лесі, кәсіпорындардағы қысқарту, ғылыми-зерттеу институты қызметкерлері 4 айдан бері айлық алмаған деген секілді мәселелермен бізге хабарласып жатқан жұрт көп.

 

 

78Айдос САРЫМ,

Қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Дәл бүгінгі күні Қоғамдық кеңес енді ғана сайланып, енді ғана құрылып жатқан ұйым ғой. Сондықтан, алғашқы екі отырысы болып өтті. Ол кеңестің жұмысын ұйымдастыру, комиссияларын құру, тәртібін анықтауға ар­налды. Оңай шаруа емес, бірінші рет құрылып жатқандықтан, әлі де болса көптеген мәселе бар, шынын айту керек. Заң бойынша Қоғамдық кеңес билік органдары қоғамға қатысты қабылдап жат­қан кез келген шешімді қолдау я қолдамау керек деген заңдық қағидат бар. Солай болса, мәс­лихаттың, билік органдарының не қажеті бар деген көптеген мәселе туындайды. Мен бірдеңе түсін­сем, мемлекеттік органдар қабыл­даған әрбір құжатты қарап, оны талқылайтын болса, оның еш­қайсысына уақыт жетпейді. Мемлекеттік органның есебін тексеретін орган жетіп жатыр. Әрқайсысымыздың ор­нықты жұмысымыз, қызметіміз бар. Бұл – қоғамдық жұмыс.

Менің ойымша, Қоғамдық кеңес, негізінен, екі нәрсеге назар аудару керек. Біріншіден, Алматы қаласының стратегиялық даму жоспарлары. Бюджет, қаланың Бас жоспары, даму бағыттары  секілді. Қалалық дәрежеде қабыл­данатын мемлекеттік бағдарла­малар бар, соны талқы­ласа. Екінші жағынан, кез- келген мәселе бойынша қоғамда  белгілі бір пікір бар. Кейде ол пікір қате болады, кейде дұрыс болады, кейде оны билік естімей жатады, кейде арада түсініс­пеушілік пайда болады. Осындай кезде Қоғамдық кеңестің және мүше­лерінің алға қоятын мәселесі тек қана белгілі бір көзқарастарды айту ғана емес. Мысалы, қандай да бір мәселе, бағдарлама талқы­ланып жатса, оған үкімет мүше­лері, ұйымдар, белсенді азамат­тармен кезігіп, қалалық билікпен арада дәнекер болу. Кез- келген мәселе бойынша қала тұрғын­дарын алаңдататын жол, көлік, экологияға қатысты пікірлер жиынтығы бар. Сондай жиынтық­тарды жинап, билікке айтып отыру керек. Алдағы уақытта осы Қоғамдық кеңестер деген заңнамаға да белгілі бір өзгерістер енгізілу керек сияқты.

Бүгінгі күні Алматының ішінде, қоғамында, баспасөзінде жетпей жатқан әңгіменің бірі – заманауи урбанистика. Қала қалай даму керек, оның бағыты қандай, әлемде қандай үрдістер бар, оны қалай біздің Алматыға игеруге, пайдалануға болады, қайсысы бізге керек, қайсысы бізге керек емес деген секілді кесек-кесек әңгімелерге жол ашатын ұйым немесе талқылар керек. Қалалық газеттің ішінде, сайттарда болсын, менің ендігі ойым, арманым — осындай әңгі­мелердің бастауы болатын ұйым болса, ол – Қоғамдық кеңес. Күй­бең тіршіліктен сәл де болса басымызды көтеріп, жан-жағы­мызға қарап, Алматының бола­ша­ғына байланысты, бәлкім, қоғам­дық ұйымдар, бәлкім ғы­лыми мекемелер бар болар, со­лар­дың басын қосатын үлкен бір алаңшаға айналса деген арман бар.

Кесек-кесек дүниелермен шектелсек деген ұсыныс бар. Алдағы уақытта 20 шақты кесек, ірі мәселелер бойынша қоғамдық тыңдау туралы шешім қабыл­данды. Есептерді тыңдаудың тәртібі қабылданып жатыр.

Қала тұрғындары көптеген мәселеге немқұрайлы қарап, билікке сенімі, өзара сенім бол­маса, қала дамымайды. Қалада қазір 5 тұрғынның басын қосу­дың өзі проблема болып отыр. Демократиялық мәдениет, үрдіс жоқ. Сондықтан, бүкіл мәселені алып келіп билікке жүктейміз. Билікті кінәлі қыламыз. Қалай дамимыз, қайтсек адам боламыз деген әңгімелер қоғамда толассыз жүріп жату керек секілді. Қала тұрғындары шын мәнінде өздерін осы қала тұрғынымын деп сезінуі тиіс. Әрбір тұрғында қалаға деген жауапкершілік сезімі болу керек. Бұлай болмаса, Алматы сияқты үлкен мегаполис дами алмайды. Олай болмаса, Алматы өз проблемасына өзі тұншыға береді.

Дайындаған – Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *