Қаладағы ғимараттар мен бизнес-нысандарға ортақ стандарт бекітіледі

Алматы қаласының әкімдігі сәулеттік ғимараттардың дизайн-кодын әзірлеп және олардың орналасуын жүйелейтін болды. Сондай-ақ, қала инфрақұрылымын дамыту үшін жеке жер телімдері нарық бағасы бойынша сатып алынатындығы да белгілі болды.

Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов қабылданған «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң аясында қала құрылысы саласын дамытудың болашағы туралы кеңінен әңгімелеп, тілшілердің сауалдарына жауап берді.

Әсел ДАҒЖАН  

А.Ахмеджановтың айтуынша, Алма­ты қаласы аумағында жүзеге асуы тиіс өзгертулер қала құрылысы регламент­теріне орай дизайн-кодты, қалалық жос­парлау жүйесін, сонымен қатар қала аумағына сәулеттік безендірудің жеке жүйесін енгізуді қамтиды.

– Аталған нормативтік талаптар Алматы қаласының сәулеттік кеңістігін сақтау үшін тиісті стандарттар құруға, ғимараттарды сәулет ескерткішіне жат­қызу үшін ереже әзірлеуге, сонымен қатар санитарлық-аймақты ескере оты­рып, олардың сақталуын (ғимарат алаңын­­дағы аймақты дамыту сәулет сти­ліне сай болуы тиіс) қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Алмасхан Ахмеджанов. Және ол ескерткіштердің саны 130-дан 300-ге дейін артқанын атап өтті. Биылғы жылы қосымша нысандарды сәулет ескерткіштерінің тізбесіне енгізу үшін қоғам өкілдерімен талқылаулар өтетіні де белгілі болды.

Өз кезегінде дизайн-код Алматы қала­сының аумағында ғимараттардың қасбет­теріне, жазғы алаңдарға, кіші сәулет піші­ніндегі нысандарға қойылатын талап­тарды жүйелеп әрі олардың орналасуын реттейді. Сонымен қатар, заңға қажетті инфра­құрылымдық коммуникация жүр­гі­зілетін алаңдардың сызбасын (бұрын­дары сауда алаңдары берілген өтінішке орай орналас­тырылатын) талап ету енгізілген.

Регламенттер бір айдан соң жұртшы­лықтың кеңінен талқылауына ұсыныл­мақшы.

Дәл осы брифингте қала инфра­құры­лымын дамыту үшін жеке жер телім­дері нарық бағасы бойынша сатып алына­тындығы да айтылды.

Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самам­бетов «Алматы қаласының ерекше мәр­тебесі туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аясында әкімдіктің жаңа құзыреті туралы әңгімелеп берді.

Басқарма басшысы қаланың инфра­құрылымын одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттік қажеттілік үшін жер телім­дерін қайтару тетігі енгізілетінін айтты. Сонымен қатар, шаһардағы барлық жер­дің 95% жекеменшікте екендігі белгілі болды.

Айта кетерлігі, мемлекеттік қажетті­лікке қайтарылатын жер телімдеріне қа­тысты жағдайлардың тізімдері Қазақ­стан Рес­публикасының Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының «Мем­ле­кеттік мүлік туралы» Заңында бекітіл­ген. Аталған заңнамалық актілерде жер телім­дерін немесе басқа да мүліктерді қай­та­руға мәжбүрлеу немесе тоқтату оқиға­ла­ры, қағидаттары жан-жақты түсіндіріл­ген. Осыған орай, «Алматы қаласының ерек­ше мәртебесі туралы» Заңға енгізіл­ген өз­герістер мен толық­тырулар әрбір істі нақ­тылайды әрі ҚР заңнамасына сай қабыл­данған.

А.Самамбетов айтып өткендей, жер телімдерін қайтару көлік, энергетикалық инфрақұрылымдарын салуға және басқа мәселелерге қатысты болуы мүмкін. Мәселен, қазір көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік және энергетикалық нысан­дарды салуды дамыту бойынша 21 жоба жұмыс үстінде көрінеді.

Олардың арасында Сейфуллин даң­ғылы мен Жансүгіров көшелерінің қиылысы, Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесі бойындағы бірқатар ірі жолай­рықтар, Абай даңғылын үңгілеу секілді ірі жо­балар бар.

Брифинг барысында Ардақ Самам­бетов жер телімдеріне өтемақы нарықтық баға бойынша жүзеге асатынын қадап тұрып айтты.

– Өтемақыға келер болсақ, жер телім­дерінің ақысы кадастрлық баға немесе нарық бағасынан төмен келісім бойынша есептелгенде, бізде проблема болды. Алматы әкімдігінің бастамасы бойынша аталған заңға өткен жылдың басынан бастап өзгерістер енгізілді. Біз мемлекеттік қажеттілік үшін қайтарып алынатын мүлікке өтемақыны тек нарықтық баға бойынша төлейміз. Сондықтан қазіргі кезде бізде өтемақыға қатысты проблема жоқ, – деді А.Самамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жыл­дың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Жергілікті мемлекет­тік басқару мен өзін-өзі басқару туралы» және «Сәулет, қала құрылысы және құры­лыс қызметі туралы» Заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қол қой­ған болатын. Міне, сол Заңдар өз күшіне енгелі бірнеше күн ғана өтті. Соған қара­мастан Алматының әлеуметтік және сая­си өміріне аса мұқият, қырағы алматы­лықтар бұл жаңалықтарды да назардан тыс қалдырмағанына сенімдіміз. Бүгін біз сол Заңдардағы өзгерістер мен толық­тыруларға қатысты біраз адамнан пікір сұраған едік.

 

Мира ЕЛШІБАЕВА, қала  тұрғыны:

Алматы «үлкен ауыл» болмауы керек

– Алматыда тұрғаныма 10 жылдан асып барады. Дүниенің қай бұрышына барсам да, өзімнің Алматыма жететін қала жоқ. Шет елге демалуға шықсам да, бес күннен соң Алатауды сағынып тұрамын.  Қаланың өзгеше бір аурасы бар. Оны өзіміз ғана білеміз алматылықтар. Соны біз шет елден келген туристерге сезіндіре әрі көрсете білуіміз керек деп ойлаймын. Соңғы жылдары жиі шет ел асып, шығып жүрмін. Сонда байқағаным, әрбір қаланың өзіне тән ерекше келбеті бар. Бакуге барсаңыз да, Стамбулды көрсеңіз де дәл солай. Осыдан 7-8 жыл бұрын Павлодар жақтан бір туысымызды күтіп алып, қаланы күні бойы қыдыртып, кешкілік сондай бір мақтанышпен «қалай екен, Алматы, ұнады ма?» дегенімде «жақсы, Алматы – үлкен ауыл ғой» дегенінде қатты ренжігенім бар.  Біз енді орталықта тұрып, үйреніп қалғанбыз. Туысымыздың сол сөзін кәдімгідей көңіліме алып едім. Шет ел асқалы байқап жүрмін, ол сөзінің де мәні бар сияқты. Алматының көзге жарқ етіп түсетін келбеті жоқ екен. Ғимараттар болсын, үйлер болсын тым солғын. Қалаға көбірек қанық түс енгізсе, жақсы болар еді.

 

МҰРАТ, көлік жүргізуші:

Кешке дейін  көшеде жүреміз

– Алматының ерекше мәртебесі жайлы жаңалықтардан естіп қалғаным бар. Біз енді үнемі көліктің тізгінін ұстап жүргендіктен, шыны керек, жайланып отырып теледидар қарау деген бола бермейді. Махамбет айтушы ма еді, «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» деп, дәл солай азаннан кешке дейін нан табумен көшеде жүреміз. Сондықтан мен үшін қаланың көшелерінде кептеліс болмай, «Сергекке» ілініп кетпей, күні бойы адамдарды жетем деген жеріне аман-есен жеткізіп салып, кешке жақсы олжамен үйге қайтсам, одан артық мәртебе жоқ.

 

Ержан РАШЕВ, жазушы:

Еуропаның қалалары – адамдар үшін салынған

– Еуропа қалаларында қыдыратын болсаң, үнемі сондай бір жайбарақат сезімі мен тыныштықты сезінесің. Сондай бір достық атмосферасы есіп тұрады. Еуропаның қай қаласы болсын, бәрінде жазу, сурет салу да, өлең шығарып жіберу сияқты шығармашылық шабыт саған жеңіл келеді.  Талғампаз сұлу архитектурасы, тар болса да жайлы көшесі мен жұмыр тас төселген жолдары және алаңдары, сүйкімді кафелері мен террасалары саған: «асықпа, өмір ғажап, әрбір күнің – саған берілген сый» дейді үнсіз ғана.

Неге бұлай екен деп ұзақ ойландым. Содан кейін барып Еуропа қалалары әлемде әлі автомобиль мен абыл-сабыл жол қозғалысы жоқ кезде тұрғызылғанын түсіндім. Бәрібір Америка, Азия мен Кеңес Одағында қалалар машина үшін салынған. Ал Еуропаның қалалары – адамдар үшін салынған. (Инстаграмдағы жазбасынан).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *