ҚАЛАДАҒЫ ҚАЗАҚЫ АУЛА ТЫНЫСЫ

Алматы қаласы, Сейфуллин даңғылы, 546-үйде бір-бірімен тату, бауырмал, ізетті, қайырымды тұрғындар тұрады

Алматыдай алып мегаполистің қақ ортасында, ең көрікті жерлерінің бірінде, дәлірек айтсақ, Сейфуллин даңғылы мен Сәтбаев көшесінің қиылысында 9 қабатты еңселі үй бар. Ол – Сейфуллин даңғылы, 546-үй. Оны жұрт кезінде кілең жақсылар мен жайсаңдарға, зиялыларға берілген «Совминнің үйі» ретінде жақсы біледі.

 

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Көршілер бір-бірін танымайтын…

Бірақ осы үйдің күйі сонау Тәуелсіздік алған жылдардан бастап қаша бастады. Кірпіштері кертіліп, қабырғалары сыз тартып, шатырына дейін тесіліп, одан аққан қар, жаңбыр сулары төменгі қабаттарға сорғалап, оған әбден тозығы жетіп, шіріген құбырлардан аққан кәріз суының жағымсыз иісі қосылып, тұрғындарды ығыр қыла бастады. Аулада бала ойнайтын да ештеңе қалмаған.

Бертінге дейін биік үйге бастайтын ортақ қақпа болмаған соң аула да, жертөле де тұрғылықты мекен-жайы жоқ қаңғыбас адамдардың қамсыз ұйықтап кететін орнына айнала бастады. Есірткіге есін бергендер де үйірсек болған. Үйді қоршап тұрған бетон дуалдар шөгіп, аласара бастаған соң, одан асып қарғып түсетіндер көбейді. Сондықтан ұры-қары да басынды. Бір пәтерге екінші, үшінші қайтара ұрылар түскен жағдайлар болды. Аула тасқараңғы. Есік алдындағы көліктердің де дөңгелегі, айнасы жиі-жиі қолды болатын. Қараңғы­лықта жұмыстан қайтқан әйелдердің сөмкелерін жұлып алып қашқан жүгенсіздерге де тоқтам болмады, мойын-құлақтағы алтынды да жұлып кететін. Бала-шаға да үлкендерсіз далаға шығудан қалды.

Әлгі жертөлені «үй» қылып алған тышқандар пәтерлердің балкондарында емін-еркін сайрандай бастаған. Шыбын-шіркей, қаптаған масада да есеп жоқ. Ит пен мысықтың өлексесіне де тола бастаған.

Тұрғылықты адамдардан гөрі, пәтерлерді жалға алушылар қатары да көбейді. Тіпті, «бір күндік» баспана болатын пәтерлер саны да артты. Сондықтан тәртіп қайдан болсын. Көршілер де бір-бірін таны­майтын. Бір-бірімен жақындық, жылылық жоқ.

Әрине, бұл көпқабатты тұрғын үйлердің басым көпшілігінде орын алатын жағдайлар еді. Бірақ үйреншікті жағдай ғой деп қалай қарап отыра берерсің. Сөйтіп, ешкімге иек артпай-ақ, өмірді өз беттерінше жақсартуды көздеген 546-үйдің тұрғындары бұрынғы ПИК (КСК) құрамынан шығып, өз күштерімен әрекет етуге кірісіп кетті.

«Асыл мекен» пәтер иелері кооперативі

Алдымен белсенді деген 10-15 шақты тұрғын суырылып алға шығып, жиналыс ашып, барлық жағ­дайды айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ара­ларында осы үйде 15 жылдан астам уақыттан бері тұрып келе жатқан жеке кәсіпкер, үлкен-кіші Роза деп кеткен Разия Асанбекова да бар болатын. Көпшілік оны сыртынан бірауыздан ПИК төрайымы етіп сайлауды шешіп те қойған болатын.

– Роза, бізге өзің секілді еті тірі адам керек. Біз де қарап қалмай, бір жағыңа шығысуға жараймыз, – дегендеріне  Роза Елеусізқызы:

– Менің жеке жұмыстарымның өзі шаш-етектен, отбасым бар, уақыт таба алмаймын, – деген уәж айтып еді, оған тоқтағысы келмеген, әсіресе, қариялар жағы, жоғары оқу орындарында сабақ беретін профессор, академиктер өтініп тұрып алды. Қазақы ортадан шыққан, үлкендердің тәрбиесін көрген кентаулық Роза қариялардың көңілін қимады.

– Жақсы, үш-төрт ай істеп, бастап берейін, сосын өздеріңіз іліп әкетерсіздер, – деген ол, бұрынғы жинаған қаражаттарымыз қайда деп біреудің ізіне шам алып түскеннен гөрі, уақыт өлтірмей, бәрін қайтадан басынан бастауды жөн деп шешті.

Рас, алғашқы кездері өздері құрып, «Асыл мекен» деп атаған ПИК-тің тұрғындары тарапынан төленетін коммуналдық төлемақы мөлшері 30 пайызға әрең жетіп жығылатын. Мардымсыз ақшаға жапырып тұрып бірдеңе істеу қайдан болсын.

Роза Асанбекова әлдеқайдан ақша күтіп отырмастан, өз қалтасынан қаражат шығарып, ең алдымен тасқараңғы ауланы түгел жарықтандырды. Жарық болғанда, үнемді болуы үшін диодты шамдар қондыртты. Жертөледегі тобықтан келетін кәріз суын сорғызды. Дезинфекция жасатты. Бұрын қысы-жазы айдалып, жауын жауса батпаққа батып, лай болып жататын аяқжолға тас төсетті. Сөйтіп, бұрыннан басшылық қызметте жүрген Роза кез-келген істің ығын, көзін білетіндіктен, осылай қолға алған істері бірден жүріп сала берді.

Бір күні Роза тағы да өз қаражатына өздері тұрып жатқан, қабырғалары үгітіліп, ойылып түсіп қалған, сұрқай тартқан подъезге күрделі жөндеу жұмыстарын бастады. Мұны көрген кейбір көршілер де, қалған подъездегі тұрғындар да қосылатындықтарын айтып, қаражат жинауға көшті. Уақыт өте келе подъездерге де өң кіріп, айнадай жарқырап шыға келді.

Осындай жұмыстардан соң тұрғындардың көзі ашылып, жақсы өмір сүруге деген ынта-ықыласы артып, енді өздері де ортақ іске бір кісідей жұмылып, атсалыса бастады.

Гүл де, шырша да, қайың да осында

Ауланың бір басынан екінші басына дейін шашылып жататын тұрмыстық қалдықтардың иісі ауланы тұтас алып кететін. Үйге жапсарлас орналасқан балабақша өкіл­дері де бұл үшін реніштерін жасырмайтын, қағаз қалдықтары, целлофан қалталар да ұшып, айналаны басып тастайтын. Роза Елеусізқызы тұрмыстық қалдық­тарды жинап әкетумен айналысатын компаниямен сөйлесіп, олар тозығы жеткен контейнерлерді жаңалап, үстін де қалқалап берді. Қазір тұрмыстық қалдық заттарды тиісті компания ұзақ жатқызбайды, күніне екі мезгіл алып кетіп тұрады.

Аулаға, барлық подъездің алдына және ішіне бейнекамералар орнатылған. Сондықтан бүгінде ұры-қарының да аяғы кесіліп, қоқыс ақтаратын адамдар да мұнда тұмсық сұға алмайды.

Бұрын аулада балалар сырғанап ойнайтын темір құрылғы, сосын спорт алаңқайы бар болатын. Бірақ спорт алаңын қоршап тұрған темір торлар әлсіз әрі аласа орналасқандықтан, балалардың добы айдалаға түсіп кете беретін. Тор сыртына шығып кеткен допты аламын деп қайта-қайта алаөкпе болып жүгіріп жүрген балада ойынға деген  ынта қайдан болсын. Роза құрылыс маманы болғандықтан, осындайдың бәріне ден қойып, мән бере бастады.

Бір күні осы үйде тұратын Бауыржан деген жігіт ПИК төрайымына: «Алматы аулалары» деген бағдарлама бар екен, соған қатысайық, біздің аулаға да балаларға арналған горка қойсақ», – деген ұсыныспен келді. Бұл бағдарлама туралы Роза да хабардар-тын, әкімдікке қағаз жүзінде тапсырыс бергеніне де біршама уақыт өткен-ді. Бірақ бұл кезең-кезеңімен шешілетін уақыт еншісіндегі мәселе болғандықтан, «Асыл мекен» кезек күтіп отыра беруді жөн санамай, тағы да өздері кірісіп кетті. Бауыржан азаматтық танытып, ПИК-ке өз қалтасынан 1 млн. теңге әкеп берді. «Оның 100 мыңын менің есебімнен жаратып, ал қалғанын әйтеуір бір мүмкіндік болғанда қайтара жатарсыздар, – деді.

– Бауыржан, бұл істе жалғыз сенің ақша шығарғаның жарамас, бәріміз атсалысайық, тұрғындардан да жи­найық. Сонда олар да ортақ қаражатпен келген мүлікке жауапкершілікпен қарайтын болады, – деген Роза бұл игі іске барлық тұрғынды жұмылдырды. Нәтижесі өте жақсы. Қазір бала біткен арнайы мамандар әкеп қондырып берген қауіпсіз әткеншек, сырғанақта алаңсыз ойнап жүр. Айтпақшы, бұрынғы темір әткеншектер де кәдеге жарап тұр. Оларды жылда өң беріп сырлап қояды.

Көгілдір отынға арналған бұрынғы үлкен темір ыдыстар алынып, жер кеңейіп, орны жеке көліктер тұрағына айналды.

 

Жаңаның аты – жаңа

Бұрын үйді қоршап тұрған дуалдар қысқа болғандықтан, ойын балалары қолды-аяққа тұрсын ба, дуалды қызық көріп, одан асып түсіп жүргенде жазым болып жататын. Оған да берік сым тор жалғап, ұзартты. Сосын балаларға да қауіпсіз болсын, айналаға әдемілік, таза ауа таратып тұрсын деген оймен дуалдарға жасыл желектер өсіріле бастады. Гүлдер отырғызылды. Декоративтік жасыл ағаштар уақытылы қырқылып тұрады. Шырша да, қайың ағашы да бүгінде аула сәні.

Өсіп тұрғанына талай жылдың жүзі өткен қарағаштардың түбі босап, көліктердің үстіне құлап, адам жүретін жолдарды басып қалатын жағдайлар жиі бола берген соң, Роза әкімдіктің рұқсатымен шіріп тұрған ағаштарды былтыр кестіртіп тастады.

Жертөледегі жылу беретін құбырларды түгел өз ақшасына жаңалап шықты. Мамандармен ақылдасып көрген екен, тесілген жерлерді жамап-жасқағанмен болмайтынын айтқан. Жаңаның аты жаңа ғой, қазір тұрғындар ыстық су мен жылуға бұрынғыдан гөрі үш есеге дейін арзан төлеп отырғандарын айтады.

Әрине, 123 пәтерлі үйде түрлі адам тұрады, сондықтан барлық шаруа мінсіз атқарылды деу артық болар. Бірақ Роза Елеусізқызы әр адаммен жеке-жеке сөйлесіп, жағдайларын түсінуге тырысты. Талап ететін жағдайларда дауыс көтеруіне де тура келді. Мінез, табандылық болмаса, жұмыстың алға басуы екіталай. Егер тұрғындардың арасында коммуналдық төлемдерді уақытылы төлей алмайтындары болып жатса, ол туралы өзіне оңаша келіп айтып кетулерін ескертетін. Немесе бөліп төлеп тұруға да мүмкіндік жасап қойды.

«Асыл мекен» ПИК штатында 3 адам жұмыс істейді. Төрайымы  Роза Елеусізқызы, бухгалтері және шебері бар. Бухгалтер осы үйдің тұрғыны, сондықтан барлық мән-жайдан ол да хабардар. Тіпті, төрайым құжат жүзінде ғана жалақы алғанымен, қолына бір тиын да ұстамайтынын біледі. Себебі, бұл үйде, аулада түрлі төтенше жағдайлар орын алса, мәселен, құбыр жарылып жатса, Роза Елеусізқызы ақша жиналсын деп күтіп отырмайды, өз ақшасына сатып әкеліп, маманды да шақыртып, жасатып қояды. Әлгі заттардың бәрінің түбіртегі есепшісінің алдында үйіліп тұрғаны да шындық. Ол бәрін өзім әкеліп, өзім төлеп жатырмын демейді, міндетті түрде тұрғындардың алдында есеп беріп отырады.

Ал шебердің жұмысы – ауланы сыпырады, сынған-бүлінген жер болса, жөндейді, сырлайды, сылайды. Гүлдерді суарады. Тал жапырақтарын түзулеп қырқады.

 

«Офис ұстауға қажеттілік жоқ»

Төлемақы демекші, айына тұрғындардан түсетін коммуналдық төлемдердің мөлшері 200 мың теңгеден сәл-ақ асатын көрінеді. Яғни әр үйдің шаршы метріне 25 теңгеден алынады. Бұдан 25 жыл бұрынғы баға осындай еді, қазір де сол баға. Екі штатттың айлығы да, әлеуметтік салық та, ауладағы бүкіл жарықтың ақшасы, ағымдағы жөндеу жұмыстары да осы қаражаттың ішінен төленеді.

Айтпақшы, біз бас сұққан подъездегі заманауи лифтіні көріп, «әкімдік ғимаратындағы жеделсатылар сияқты екен» деген таңданысымызды да жасыра алмадық. Іші жап-жарық, зырылдап жүріп тұр.

Былтыр пәтер иелері кооперативтерінің күрделі жөн­деуге қаражат жинақтауға міндеттелетіні туралы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 31-бабының 8-тар­мағында бекітілген болатын. Соның нәтижесінде және тұрғындардың ауызбіршілігінің арқасында 9 қабатты үйдің шұрқ тесік шатыры бүтінделді.

Осы орайда Алматы қалалық әкімдігінің, дәлірек айтсақ, қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының мамандары 1993 жылы салынған, бірақ заңды құжаты жоқ осы үйдің паспортын заңдастырып беруге үлкен көмек жасағанын айта кетейік.

«Асыл мекен» ПИК-тің офисі жоқ. Тұрғындар ара­сында «жертөледе орын бар ғой, содан неге кабинет ашып қоймайсың» дегендер болды. Роза Елеусізқызы кәсіби құрылысшы ретінде жертөле өте төмен орналасқандықтан, оны бұрғылап қазып, кабинет жасап қоюға болмайтынын жақсы біледі. Өйткені, сейсмоло­гиялық жағынан қауіп төнуі мүмкін. Екіншіден, офисті ұстауға кететін шығындарды үйдің басқа да кем-кетіктерін бүтіндеуге жұмсағанды дұрыс санайды. Ал қазір ақпараттық технология қарқынды дамыған заман, кез-келгеннің қолында байланыс құралы бар, әлдебір жағдайларда ПИК төрайымымен немесе тұрғындармен хабар алмасу, байланысқа шығу қиын емес.

 

Қазыналы қариялар батасы

Аула ортасынан орын тепкен күркенің рөлі ерекше. Түске қарай, сосын кешке, күн еңкейген шақта аталар есік алдына шығып, арнайы жасалған үстел үстінде дойбы, шахмат ойнайды. Апалар жағы бір-бірімен шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құра бастайды. Бала құшақтап, сәби жетектеген жас аналардың да бір-бірімен емен-жарқын амандасып, хал-жағдайларын сұрасып жатқаны бір ғанибет! Бақытты балақайлардың у-шуына бөленген ауладан жуық арада ешкімнің кеткісі келмей қалатыны да рас. Өйткені, осы бір шағын аулада жылылық, туыстық, тыныштық, жақсылық орнаған.

Енді төрайым келесі жылы тренажер құрылғыларын қойдыртсам деп отыр. Аулаға шығып отыратын үлкен кісілердің арасында белі, буындары ауыратын қария­ларға бір көмегі болса деген ниеті.

Осы аулада өткен биылғы екінші жылғы Наурыз тойы ерекше болды деп отыр тұрғындар. Роза Елеусіз­қызы музыка жалдады, палау пісіретін адамды шақырды. Самаурын да әкелді. Осында тұратын жас келіншектерге үлкен кісілердің шәйі үзіліп қалмасын деп тапсырды. Үйінен шыға алмайтын қарттарға ауыз тиіңіздер деп той сарқытын пәтерлеріне апарып бергізді. Дастарқанға кім үйінде не бар, соны әкеліп салды. Біреуі бауырсағын, екіншісі құрт-майын, үшіншісі тәттілерін әкеліп төкті. Зейнеткер апалар бірігіп наурыз-көже пісіріп әкелді. Жасөспірімдер жағы ән салып, би билеп, көңілдерді көтерді. Тақпақ айтқаны бар, айтпағаны бар, барлық балақайға сыйлықтар үлестіріліп, олар да шаттанып қалды. Сол мейрамнан естелік ретінде күрке төбесінде шаңырақ іспетті қазақша орнаменттер тұр қазір. Қарапайым ғана лента, орнамент, жалаушалар да адам көңіліне жайлылық, жылылық сыйласа деген ниетпен оларды ПИК өкілдері жинап алған жоқ. Әбден өңін бергенше тұра берсін деп шешті. Айтпақшы, Наурыз тойында қариялар осы үйдің еңсесін көтеруде, жамағаттың арасын жалғауда ерен еңбек сіңірген Роза қыздарына ризашылықтарын білдіріп, көптің алдында оған кең-молынан пішілген зерлі қамзол кигізіп, ақ баталарын берді. Сосын келесі жылғы Наурызда үлкен-кіші түгел қазақы киіммен шығуға уағдаласып тарқасты.

 

Әдемі көйлек киген бүлдіршін

Біздің әңгімеміздің желісін сүйкімді балақайдың дауысы үзіп жіберді.

– Сәлеметсіз бе, Роза апа! – деді жанымызға таяп келген бүлдіршін. Бұдан ауладағы үлкендер тұрмақ, балалар да Роза Елеусізқызын жақсы танитынын бағам­дадым. Әлгі 2-3 жастағы балдырғанға Роза:

– Түу, көйлегің қандай әдемі еді! – деді періштеге деген ілтипатын танытып. Өйткені, ол баланың қазір ғана киіп шыққан жаңа көйлегін мақтанып көрсетіп тұрғанын сезе қойды. Міне, осындай жылылық, жақындық барда өмір де жайлы болмақ.

Иә, «Асыл мекен» ПИК төрайымы Роза Асан­бекованың өзі де жетекшілігіндегі 546-үйдегі 123 пәтердің үлкен-кішісін түгел, аты-жөндеріне шейін таниды. Кісісі қайтыс болған үйге де ниетін білдіруді парыз санайды. Ондай жағдайда тұрғындармен хабарласа қойып, кім қанша бере алады, соны жинап, «Құран оқытыңыз» деп оншақты көрші жиылып, қаралы үйге кіріп шығады.

Көршілер демекші, бұрындары жеті күлшесін тарататындарға біртүрлі қарап, бет сипауды білмейтіндер де болғаны жасырын емес. Ал қазір  біреудің есігін қағуға именетін сол күндер де алыста қалды. Енді ыстық күлшелерін балалар жесінші деп аулаға, ортаға әкеп қоятын болған көршілер.

Бір қызығы, қазір көршілердің бір-бірімен қоян-қолтық, етене араласып кеткендігі соншалық, балалардың туған күндерін де осы аулаға атап өтетін болған. Жертөледе тұрған ескі столдарды шығарып кеп жіберіп, бетіне дастархан жайып, үстін тәттіге толтырып, аниматор-кейіпкерлерге де тапсырыс беріп, айналаны мерекеге айналдырып жібереді той иелері. Оны айтасыз, үйдің іші ыстық деп, осы жайлы аулаға құдалық тойын өткізген тұрғындар да бар.

Бүгінде Роза Асанбекованың да үш баласы аяқтанып, өз алдарына отау құрған. Қазір отағасы екеуі қонаққа келетін немерелерін осы аулаға алып шығып, ойнатады.

 

Үлкеннен – ұлағат, кішіден – ізет

Бізге осы бір берекесі жарасқан, бірлігі бекем 546-үйдің тыныс-тіршілігі туралы, оны аз жылдың ішінде қазіргі жарқырап тұрған дәрежеге жеткізген Роза Асанбекова жайында айтқан мемлекеттік деңгейде түрлі жоғары лауазымды қызметтер атқарған қоғам қайраткері, қалам мен қағазды серік еткен қарт журналист Кеңес Мұсаханұлы Шаймерденов болатын. Еңселі үйіміздің бүгінгі бет-бейнесі жайында жазсаңдар деп те бір ауыз өтініш айтқан осы кісі еді.

Бардық, көрдік, сөйлестік, таңдадық, риза болдық. Ақсақал айтқан жақсылықтарға тікелей куә болып, бәрекелді дедік. Айтпақшы, сонау бір қиын жылдары осы қарияның зайыбы – Мәдина апай ғой, өзінің пәтерінен, үшінші қабаттан шелекпен су тасып әкеліп, жапырақтары әбден қуаруға айналған әлгі талдарды суғарып жүретін.

Қазір сенбілік десе, үлкендер де қарап отырмай, жастарға бас-көз болып, бір жағына шығысып жүреді. Үлкендер қамқор, мейірімді болса, олардың ізінен ерген кішілер де сол жандарға қарап ой, бой түзейтіні анық. Бұрын мектепке не балабақша әркім өз баласын жетектеп кетіп бара жататын, ал қазір бес-алты ата-ана бірігіп, балаларын бір-біріне сеніп табыстап қойған. Бұл да ауызбіршіліктің, ынтымақтың көрінісі. Алыс жолға сапарлатып кететіндер де бір-біріне пәтерінің кілтін қалдырып, гүлдерін суарып тұруды  тапсырып жатады. Олардың осындай тыныс-тіршілігін, бір-біріне деген қарым-қатынасын көпке үлгі етуге тұрады деп ойлаймыз.

Міне, арада төрт жылға жуық уақыт өтіпті. Иә, бүгінгі «Асыл мекен» пәтер иелері кооперативі 2015 жылдың қазанында құрылған болатын. Осы аз ғана уақыт ішінде талай жұмыс атқарылыпты.

– Орнымды басатын адам болса қазір-ақ кетіп қалғым келеді, бірақ адам табылмай тұр, – деген Розаны енді ешкімің ешқайда жібергісі, одан айырылғысы жоқ. Себебі, ол – батыл, сөзі өтімді, сауатты, іскер, табанды, қайырымды әрі мейірімді.

Осылай ел-жұртқа адал қызмет етіп, онысын бұлдамай, күні-түні тынбай еңбек етіп жүрген қазақтың Разиядай қыздары аман болсын дейміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *