ҚАЛАДА 25 БЕЙНЕТҮСIРУ КАМЕРАСЫ IСКЕ ҚОСЫЛДЫ

86-4804-1Құттыбек АЙМАХАН 

Қазiргi жағдайда камералар түсiрiп алған жол ережесiн бұзу белгiсi бойынша айыппұл көлемi көрсетiлiп, хаттама толтырылады да, пошта арқылы жол ережесiн бұзған адамның үйiне жiберiледi. Ал егер тәртiп бұзушы облыстық көлiк болса, онда айыппұл қағазы сол өңiрдiң Жол полициясына жiберiледi.  

Естерiңiзде болса, былтыр Алматы қаласында шаһар жолдарындағы ахуалды жақсарту және көшелердегi жол қозғалысы тәртiбiн нығайту, сондай-ақ, жемқорлықты ауыздықтау мақсатында 107 бейнебақылау бекетi орнатылған едi. Ал ендi биылғы жыл басында қала әкiмi Ахметжан Есiмов Алматы тұрғындарымен есептiк кездесуiнде «Жергiлiктi бюджет қаржысына «Жол қозғалысы қауiпсiздiгi» жобасы қолданысқа енiп, қаламызда 25 бейнебақылау бекетi мен Мәлiметтердi өңдеу орталығына ақша бөлiндi» деген болатын. Мiне, осы 25 бейнебақылау бекетi шаһарда биылғы көктемде орнатылып қойылды.

Дегенмен, бұл 25 бейнетүсiру камералары қаламыздың әр көшесiне осы көктемде орнатылуын орнатылғанмен, олар бүгiнгi күнге дейiн жұмыс iстемей тұрған болатын. Бiрақ, оларды көрген жүргiзушiлер «жұмыс iстеп жатыр» деп ойлап, сол аумақтан «сақтанып» өтiп жүретiн. Ал негiзiнде бейнебақылау камералары осы жақында ғана толықтай iске қосылды. Нақтылай айтқанда, бұл камералар 10 шiлдеден бастап байқау-сынақ тәртiбiмен жұмыс iстей бастаған-тұғын. Сөйтiп, бес күндей сынақтан өтiп, егер бәрi қалыпты жағдайда жұмыс iстесе, осы дүйсенбiден, яғни, 15 шiлдеден тұрақты жұмыс iстеуге қосылатын болып жоспарланған болатын.

Негiзiнде, Алматы қаласында қазiр бейнебақылау камераларының бiрнеше түрi қолданысқа енгiзiлген. Оның бұл түрi – жолдағы қозғалыс ережесiн бұзуды суретке түсiрiп алады. Бұл ретте ереже бұзуға негiзiнен – бағдаршамның қызыл жарығынан өтiп кету, жылдамдықты арттыру, тоқтау сызығын (жалпақ ақ сызық) басып тұру, тiптi, жаяу жүргiншiлер өтпесiне (ала сызық) жетiп тоқтау секiлдi тәртiп бұзушылықтар жатқызылды. Ал ендi екiншiсi – кеңарналы бейнебақылау камераларымен жабдықталған заманауи жүйе жоғарыда аталған жол қозғалысы ережесiн бұзу қимылдарымен қатар айналадағының бәрiн, тiптi, елеусiз ғана тәртiп бұзушылықтың өзiн ап-анық көрсетiп тұрады. Сондықтан да көше қиылыстарындағы барлық тәртiп бұзушылықтар бейненазарға iлiнедi.

Әрине, қазiр жұмыс iстеп тұрған мұндай бейнекамералар тек қана жылдамдық тәртiбiн бұзғандарды, тоқтау сызығын басып тұрған және бағдаршамның қызыл жарығынан өткен көлiктердi ғана көрсетедi екен. Ал жоғарыда атап өткен бейнебақылау камерасының екiншi түрi жақын болашақтың iсi болып отыр. Егер ондай бейнебақылау бекеттерi орнатылса, онда қарама-қарсы жолға шығып кеткен көлiктер, қауiпсiздiк белбеуiн тақпаған, ұялы телефонмен сөйлескен және темекi шегiп көлiк жүргiзген жүргiзушiлер назарға iлiнiп қалатын болады.

Айта кететiнi, бейнебақылау камералары жемқорлықтың алдын алады. Өйткенi, мұнда бұрынғыдай айыппұлды жол полициясы қызметкерiне қолма-қол төлеу деген атымен жоқ. Қазiргi жағдайда камералар түсiрiп алған жол ережесiн бұзу белгiсi бойынша айыппұл көлемi көрсетiлiп, хаттама толтырылады да, пошта арқылы жол ережесiн бұзған адамның үйiне жiберiледi. Ал егер тәртiп бұзушы облыстық көлiк болса, онда айыппұл қағазы сол өңiрдiң Жол полициясына жiберiледi. Сөйтiп, екi жағдайда да айыппұл ақшалары Алматының есеп-шотына түседi. Бұл ретте машина рөлiнде кiм отырғанына қарамастан айыппұл көлiк тiркелген адамының атына жiберiледi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *