ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев қоғаммен байланысты нығайту мақсатында Баспасөз орталығын құрды. Мұнда журналистер әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, ақал өміріндегі барлық жаңалықтардан хабардар болып тұратын болады.

ОТПЕН ОЙНАМА

Жаңа аптаның жаңа жұмыс күні өз жұмысын бастаған қала әкімінің Баспасөз орталығы журналистерге арнаған алғашқы баспасөз мәслихатын сенбі-жексенбі күні қала жұртын алаңдатқан Көктөбедегі өрттің мән-жайын түсіндіруден бастады. «Отпен ойнама» дегенді қазақ текке ескертпесе керек. Көктөбеде аяқасты тұтанған от кәдімгідей қала жұртының зәресін алғаны рас. Әсіресе, сол маңайда орналасқан жеке тұрғын үй иелері үшін оттың қаупі зор еді. Бірақ Алматы қаласы Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерінің жұмыла атқарған жұмыстарының нәтижесінде өрт жексенбі күні сағат кешкі 19–50-де біржола ауыздықталды. Өртті сөндіруге тікұшақтармен қоса 15 өрт сөндіруші көлік пен 28 техника жұмылдырылғанын, өрт кезінде бір адамның мәйіті табылғанын мәлімдеді. Өрт болған жерге қала басшысы Бақытжан Сағынтаев барып, жағдайдың жәй-жапсарымен танысып, Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлеріне барынша сақ болуды және өрттің шығу себептерін анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырғанын айтты. Өз сөзін журналистерге қарата айтқан департамент басшысы Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына қала сыртына демалуға шыққанда өте абай болуды жеткізуді және сіріңке тұтатып, темекі қалдықтарын қалай болса солай тастамауды ескертетіндігін жеткізді. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Серік Әубәкіров қазіргідей ми қайнатар ыстықта отқа абай болуды ескертті.

ОН АЛТЫ МЫҢ БАЛАНЫҢ МЕКТЕПКЕ БАРУЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ

Қала әкімінің баспасөз орталығының сол күнгі қонағының бірі – Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова болды. Қаламыздың бас мұғалімін журналистерге Алматы мектептерінің 2019-2020 оқу жылына дайындықтары жөнінде әңгімелеп беріп, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Білім басқармасы басшысының айтуынша, жаңа оқу жылында 258 мың оқушы жаңа оқу жылының қоңырауын соғып, 32 мың бүлдіршін бірінші рет мектеп табалдырығын аттайтын көрінеді. Жаңа оқу жылына сақадай-саймыз дегенді айтқан Г.Ходжабергенова барлық мектептерде ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталғанын, екі балабақша мен 9 мектепте және №9 мектеп-интернатта күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын айтты. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бес мектептің жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталады деп күтілуде, – деп мәлімдеді басқарма басшысы.
Биыл шілде айынан басталған «Жүректен жүрекке!» ұранымен өтіп жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясымен қаламыздағы көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының 16 мың баласы қамтамасыз етіліпті. Олардың барлығы жаңа оқу жылына дейін мектеп формаларымен және оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылмақ. «Мектепке жол» акциясының қаламыздың кәсіпкерлері мен қайырымды адамдардың көмегімен жүзеге асып жатқанын айта келіп, «Мектепке жол» бағдарламасын қолдауға бюджеттен қосымша 15 миллион қосымша қаражат бөлінгенін айтты. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы басталған наурыз айынан бастап екі мың оқушы бес мың, 385 колледж студенттері 10 теңге көлемінде шәкіртақымен қамтамасыз етілген. Биылғы оқу жылында да үздік оқитын көпбалалы отбасыларының балаларына шәкіртақы тағайындау жалғасады деді, – білім басқармасының басшысы.
Алматы қаласында 185 мемлекеттік балабақша, 204 мектеп және 22 колледж бар екен. Қала әкімінің Баспасөз орталығының ашылуына құтты болсын айтқан журналистер орталықтың Алматы жұрты үшін жағымды жаңалықтардың отауы болуына тілектестіктерін білдірді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *