«Еститін мемлекет» осылай жұмыс істейді — Б. Сағынтаев аудандардың проблемаларын шешуде

Бүгін, 6 желтоқсанда Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Жетісу ауданының тұрғындарымен екінші рет кездесу өткізді.

«Еркін микрофон» форматындағы кездесу Кемел ықшамауданының мәдениет үйінде өтті, 23 тамызда болған кездесуде тұрғындар барынша өзекті мәселелерді көтерген еді. Мұнда 10 мыңнан астам адам тұрады. Қалаға осыдан 5 жыл бұрын қосылған «Первомайский» поселкесінде ұзақ уақыт бойына дамыған коммуналды инфрақұрылым, су мен жол болған емес. Бүгінгі күні бұл проблемалар «Жаңа Алматы» даму бағдарламасының «Шетсіз қала» қағидасына сәйкес жоспарлы түрде шешілуде.
Ауданның өзекті мәселесінің бірі Палладин көшесі бойындағы жер телімдерін заңдастыру болып табылады. Рұқсат құжаттары жоқ 309 үй анықталған. Бүгінгі күні 52 үйдің құжаты жер комиссиясының қарауына ұсынылды, 47 құжат дайындық үстінде. Қалғандары бойынша қосымша жұмыстар жүруде.
Жетісу ауданында 2021 жылдың аяғына дейін 160 км су құбырлары мен кәріз желілері тартылатын болады. Осылайша, шамаман 10 мың үйдің тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етіледі, ауданда ауыз сумен қамту деңгейі жүз пайыз болады.
Ауданда электр желілерінің ұзындығы 743 км, оның 82 км иесіз, ешкім оларға қызмет көрсетпейді әрі жөндеуді қажет етеді. Осының салдарынан электр жарығы жиі және ұзақ уақыт өшіп тұрады. Қазіргі кезде желілерді «АЖК» АҚ-ның балансына беру жөнінде жұмыстар жүруде.

Ауданда барлық аулалардың 80%-ы немесе 244 аула (барлығы 305) толық абаттандырылған әрі бұларда ішкі аула жарығы мәселесі де шешілген. Мысалы, Кемел ықшамауданында 19 ауланың барлығына жөндеу жүргізілген. Келер жылы ауданның қалған аулаларын жөндеу жоспарланған.
Ауданда 242 көше (90%) жарықтандырылды, 27 көше жарықсыз қалуда. 2020 жылы Жетісу ауданы көше жарығымен толық қамтамасыз етілетін болады. Ол үшін көше жарығының 514 бағаны және Көкмайса, Көкжиек, Айнабұлақ, Жұмысшы поселкесі ықшамаудандарындағы 55 учаскеге 1421 шам орнатылды. Жұмабаев, Иссыкская, Грибоедов, Нүсіпбеков, Палладин көшелері мен Винтер бұрылысына 65 бағана мен шамдар қосымша орнатылуда. Сонымен қатар жыл аяғына дейін Led-жарығымен 61 көше модернизацияланады.
Аудандағы Жансүгіров, Жангелдин, Сейфуллин, Зубарев, Верхоянск, Потанин, Кудерин, Жұмабаев көшелерін жиі су басып қалады. Бұл проблеманы шешу үшін ағымдағы жылы 2,9 км арық желісі салынды. Келер жылы жұмыс одан әрі жалғасады, тағы 22 км арық салу жоспарланған. Бұдан өзге, Ратушный, Омаров, Мұқатай, Тобаяқов, Серіков көшелері бойындағы скверлер абаттандырылды және Айнабұлақ-3 ықшамауданында жаяу жүргінші аймағы салынды.
Бұрындары өткен кездесуде тұрғындар Қапшағай трассасының бойына жасыл желек отырғызу мәселесін көтерген еді. Жүргізілген жұмыстың арқасында жол жиегіне 500 ағаш отырғызылды. Бұдан өзге, Көкжиек, Көкмайса, Айнабұлақ, Құлагер ықшамаудандарына жыл басынан бері 4 мыңнан астам ағаш отырғызылды. «Jasyl Almaty» үш жылдық жоба аясында аудан аймағына 30 мың ағаш отырғызылатын болады.
Жолдардың жағдайына сын көп айтылуда. Жұмысшы поселкесі ықшамауданындағы ұзындығы 20 км асатын барлық 28 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кемел ықшам ауданындағы жолдарға инженерлік желілер салынып біткен соң (белгіленген мерзім 2021-2022 жылдар) жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Ауданда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полицияның үш модульді постысы, көшелердің 37 учаскесіне «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылды, патрульдеу күшейтілді және жаяу нарядтар саны артты. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының өтініштері мен тілектерін ескере келіп, жылдамдықты азайту белгілері қойылды, Құлагер ықшамауданында патрульдеу күшейтілді, Палладин көшесі бойындағы жыра бақылауға алынды.

«Бұл проблемалардың барлығы қала тұрғындарымен алғашқы танысу кездесуінде айтылған еді. Мәселелерді шешу үшін біз даму бағдарламасына түзетулер енгіздік және бюджетті қайта қарадық. Мәселелерді тиімді шешу үшін аудан әкімдіктерінде «ашық есіктер» күнін белгілейміз әрі олар тұрақты жұмыс жасайтын болады», — деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Кездесу кезінде 85 проблемалық сұрақ қойылды, оларды шешу үшін аудан әкімдігі қала басқармаларымен бірге жұмыс жасайтын болады.
Еске салсақ, кеше қала әкімі Б. Сағынтаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесті, мұнда да жылдар бойы шешімін таппаған инфрақұрылымдық даму мәселесі шешілуде. Мысалы, Жайлау, Құрамыс, Таужолы ықшамаудандарына жаңа су құбырлары мен кәріз желілері тартылуда. Ауданда сумен қамту проблемасын толық шешу үшін екі су тоғаны және алты ықшамауданда су және кәріз желілері салынатын болады. Иесіз 54 трансформаторлы қосалқы станция балансқа алынды, тағы 100-і жұмыс жасауда. «Шұғыла» ТК тұрғындарының өтініші бойынша 14 үй бірінші кезекте абаттандырылды және газбен қамтамасыз етілді. Қарашада осы ТК тағы 16 үйіне газ тартылды.
«Жалпы, тұрғындардың оларды ести алатынымызға және өтініштеріне назар аударатынымызға көздері жетті. Егер ағымдағы жылдың 14 тамызындағы кездесуде 41 сұрақ қойылса, бүгінгі қойылғаны 123, 50-ден астам сұрақ жазбаша берілді. Көпетеген мәселелер жедел шешімін табуда, қалғандарына уақыт қажет.
«Ести алатын мемлекет» — іс үстінде: сіздер бізге Алматыда өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесудесіздер», — деді қала әкімі Б. Сағынтаев Наурызбай ауданындағы кездесуді қорытындылай келіп.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *