ҚАЛА ӘКІМІ ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫН ЖАҚСЫ БАҒАЛАДЫ

Елімізде ендірілген жоғары мамандандырылған  көмектің

182 әдісінің 135 түрі Алматыда жүргізілген

2Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Кеше Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасында қала әкімі Ахметжан Есімовтің қатысуымен Алқа мәжілісі болып өтті. Оның жұмысына аудан әкімдері, қалалық құрылымдардың басшылары, ем­деу-сауықтыру мекемелерінің бас дәрігер­лері, сондай-ақ, республикалық медицина­лық ғылыми зерттеу институттары мен орталықтарының жетекшілері, медицина­лық оқу орындарының басшылары, үкімет­тік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде бар ма, тісіміз сырқырай қалса да ақ желеңді абзал жандарға жүгініп, жаны­мызды ажал мен азапты аурудан солардың құтқарып қалатынына сеніп, соңғы үміті­мізді соларға артамыз. Адамның осынша үмітін ақтау дәрігер атанған әрбір адамға үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық. Ал осы жауапкершілік жүгін Алматы қала­сының ақ желеңді абзал жандары қалай арқалап жүр? Бұл сауалға басқарманың 2011 – 2015 жылдары Қазақстан Респуб­ликасының денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру барысы мен 2015 жылы атқарылатын басты міндеттеріне арналған алқа кеңесіндегі басқарма бас­шысы Жанат Қасымжанованың баянда­масы арқылы толық жауап алғандаймыз.

Қандай істің болсын шешімін табуы қалтадағы қаражатқа байланысты десек, өткен 2014 жылы денсаулық сақтау саласына 62,2 миллиард теңге бөлініп, қаржыландыру көлемі 10 пайызға артқан. Бөлінген қаражат 99,9 пайызға игеріліп, соның нәтижесінде Алматы қаласының денсаулықты сақтау мен жақсарту көрсет­кіші  бойынша республикалық көрсеткіш­тердің ал­дың­ғы легінен көріне білді. Туу көрсеткіші артып, жалпы өлім-жітім көрсеткіші азайып, ана өлімі 2 есеге, бала өлімі 27 пайызға төмендеп, бұл еліміз бойынша бұрын-соңды қол жеткізілмеген үздік көрсеткіштердің бірі болып отыр. Табиғи өсім 12 пайызға артып, қала тұрғындары­ның өмір сүру ұзақтығы 70,9-дан 74,4 жасқа жеткен. Денсаулық сақтау қызмет­керлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдай­ларын жақсартуға да айрықша көңіл бөлініп келеді. Өткен жылы 138 медицина қызметкеріне арналған пәтер түріндегі жатақхана пайдалануға берілді.  Инновациялық даму жалғасын тауып, елімізде енгізілген жоғары маман­дан­ды­рылған медициналық көмектің 182 әдісте­месінің 135 түрі Алматы қаласында жүргізілген.

Дейтұрғанмен, бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, кейбір жағдайларда әттең-айларға да жол беріліп қалатыны да жиында айтылмай қалған жоқ. Мамандар тапшылығы ден­саулық сақтау саласын­дағы өзекті мәсе­лелердің бірі болып тұрғандай. Қазіргі кезде Алматыдағы емдеу мекемелеріне 500-дей дәрігер, 700-ден астам орта буынды медицина қызметкерлері жетіспейді.

Алматы қаласы дәрігерлерінің 2014 жылы атқарған жұмыстарына арналған алқа жиынын қортындылаған қала әкімі Ахметжан Смағұлұлы Алматы дәрігер­лерінің жұмысына жақсы баға беріп, келер жылғы міндеттерін айқындап берді. Әкім осы жылдың соңына дейін шығынды деп саналған 2 денсаулық сақтау мекемесін мемлекеттік-жекеменшік серік­тестікке өткізуді тапсырды. Сондай-ақ, қаржылық тәртіпті жақсартуды, бөлінген қаржыны тиімді пайдалануды, медици­налық туризм­ді дамытуды және осы саладағы менедж­мент қызметін жетілдіруді тапсырды. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыра отырып, халық денсаулығын жақсарту ісін ілгері­летуді тапсырды.

 

Керек дерек

Қазіргі кезде Алматыдағы емдеу мекемелеріне 500-дей дәрігер, 700-ден

астам орта буынды медицина қызметкерлері жетіспейді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *