Қала әкімі Бауыржан Байбек халықаралық форумда қазақша сөйледі

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Еуразиялық медиафорумның басты миссиясы – сарапшылар мен саясат­керлердің, экономистер мен қоғамдық пікір иелерінің қатысуымен Қазақ­станның, Еуразияның, жалпы әлемдік қоғамдастықтың экономикалық, геосая­си, әлеуметтік-мәдени  өзекті тақырыптарын талқылау, екшеп, таразылау.

 

Биыл он бесінші рет өткізіліп отырған үшкүндік форумның бірінші күні шеберлік дәрістерінен басталды. Оған өзімізбен бірге, алыс-жақын шет елдерден, мұхит асып, әлемнің әр шалғайынан келген журналистер қатысты.

Алғашқы шеберлік дәрісін «Мобильді журналистикадан — әлеуметтік виртуалды шындыққа дейін» деген тақырыппен «Hashtag our storіes» компаниясының негізін қалаушы Юсуф Омар (Ұлыбри­тания) бастады. Ол жаңа тенденциялар жайында, сондай-ақ, көзді ашып-жұмған­ша әлемнің кез-келген түкпірінен ақпарат алу мен оны тарату мүмкіндігі туралы баяндады. Юсуф Омар бүгінгі таңда ақпарат таратудың болашағы бейнежур­налистикада екендігін айтты.

– Шындық сол, бүгінгі оқырман ресми дерек көздеріне емес, жекелеген адамдардың ақпаратына сенеді. Сондай-ақ, тыңдарман телевизияға емес, интер­нетке ден қояды. Сондықтан дәстүрлі журналистикаға біртіндеп болса да осы үдеріске икемделуге тура келіп тұр, – деді Ю.Омар.

Ал келесі спикер – ВВС-дің британ­дық корпорациясында 14 жыл еңбек еткен әскери журналист Шахида Төлегенова (Ұлыбритания) «Қауіпті аймақтан репортаж жасау» тақырыбын қаузады. Шиеленісті аймақтардан небір репор­таж­дар жасаған әскери репортерге БАҚ өкілдерінің сауалдары да көп болды. Бұл дәрісте тек журналистикалық тәжірибе ғана сөз болған жоқ, қантөгіс болған жердегі қарапайым халықтың жай-күйі де шынайы сөз болды. Оқ пен оттың арасында қалған шарасыз халыққа БАҚ тарапынан қандайда бір психологиялық қолдау қажеттігі де тарқатылды.

«Тиімді Байқоңыр» шеберлік сабағы да БАҚ өкілдерін ұйытты. Ғарыш тақырыбындағы ақпараттық сюжеттер жасаудың қыр-сырымен халықаралық ғарыш зерттеуші-журналист Тира Шубарт (Ұлыбритания) бөлісті.

Ақпараттық технология дамыған замандағы медиаэтиканың мән-маңызы хақында «New Eastern Europe» журналы­ның бас редакторы Ивона Райхардт және ғалым-саясаттанушы Бартош Рыдлиньс­ки әңгімелеп берді. Ал «Select Commu­nіcatіon Group» басқарушы директоры Виктор Елисеевтің дәрісі медиа саладағы маңызды тенденция­лардың бірі – БАҚ «дижитализациясы» және аудиторияға қажет ақпараттық өнімді құрудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру жөнінде өрбіді.

Айтулы форумның екінші күні, яғни кешегі салтанатты ашылуына ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың форум делегаттарына арнаған құттықтау хатын оқып берді. Одан кейін сөз алған Алматы әкімі Бауыржан Байбек бастан-аяқ мемлекеттік тілде сөз сөйлеп, шырайлы шаһар жетістіктерімен бөлісті. Сонымен қатар, форумның Шығыс пен Батысты ортақ диалогқа шақыратын, заманауи ақпарат кеңістігі туралы мәселелер қаузалатын алаңға айналғанын атап өтті.

– Біздің көз алдымызда геосаяси, экономикалық үлкен өзгерістер болып жатыр. Осы орайда түрлі қауіп-қатердің алдын алу әлемдік БАҚ-тың бүгінгі бет-бейнесіне байланысты. Жалған ақпарат­тар шынайылық пен жауапкершілік қағи­даларын бұзуда. БАҚ тек қана қоғамдық пікір ғана туғызбауы керек, ол сонымен қатар адамдардың бірегейлігіне, қоғамдық құндылықтарына ықпал етуі тиіс, – деді қала басшысы.

Еуразиялық медиа форумы Ұйым­дастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева да делегаттарды 15-ші мерей­тойлық форуммен құттықтап, сәттілік тіледі.

Дариға Назарбаева өз сөзінде бүгінгі ұрпақтың келбеті туралы баса айтты.

– Қазіргі БАҚ осыдан бірнеше жыл бұрынғыға мүлдем ұқсамайды. Біз ең алғаш рет 2002 жылы Алматыда бас қосқанда, іPhone да, Facebook те, Іnsta­gram да, WhatsApp та болмаған. Бұл жаңа технологиялар біздің өмірімізге айнал­дырған бір-екі жылда еніп, ажырамас бөлігімізге айналып үлгерді. Смартфон қазір қалтаға сыйып кететін компьютер. Біз бала кезімізде қуыршақпен қалай ойнасақ, қазіргі бала тура солай девайстерден ажырамайды. Қазіргі цифрлық ұрпақ ақпараттар әлемін көз ілеспес жылдамдықпен меңгеріп келеді, – деді Д.Назарбаева. Сонымен қатар, цифрландыру, өкінішке орай трольдер мен фейктерге де жол ашқандығын атап өтті.

Еуразиялық медиафорум барысында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның Сирия келіс­сөздеріндегі рөлі туралы айтты. Ол Астана процесінің бірегейлігі ретінде келіссөздерге Ресей, Иран, Түркия сияқты мүдделі елдердің қатысып жатқанын атап өтті.

– Қазір әлемде болып жатқан жағдай­лар көз алдымызда. Елдердің арасындағы саяси, әскери, экономикалық бәсеке белең алып барады. Бізді халықаралық дипломатиялық мәдениеттің тоқырап бара жатқандығы алаңдатады. Соған қара­мастан Қазақстан достық пен бірліктің, ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп отыр, – деді Қ.Әбдірахманов.

 

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ТӘУЕЛ­СІЗ ҮНҚАТЫСУ АЛАҢЫ ДЕГЕН МӘРТЕ­БЕге ИЕ БОЛҒАН ЕУРАЗИЯЛЫҚ МЕДИА ФОРУМ ӘЛІ ЖАЛҒАСУДА.

БҮГІН ҚОҒАМДАҒЫ СЕНІМ, ҚОР­ШАҒАН ОРТАНЫҢ МЕДИА ЖӘНЕ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЭВОЛЮ­ЦИЯСЫ СӨЗ БОЛАДЫ.

 

Дариға НАЗАРБАЕВА,

Еуразиялық медиафорумның

Ұйымдастыру комитетінің төрайымы:

– Ашық интернет алаңы тек қана талантты журналистерге ғана емес, ақпараттық соғыстың көзге көрінбейтін сарбаздарына да есік ашты. Фейктер мен трольдер  жалған ақпарат шығарып, қоғамдық пікірге ықпал ете бастады. Олардың қасында таблоидтар абыройлы болып отыр. Бүгінде девайстар мен гаджеттер қолжетімді. Бұл кез-келген адамның медиапроцеске қатысуына кепілдік беріп отыр. Блогерлер мен желілік авторлар беделді журналистермен бәсе­кеге түсіп жатыр. Соның кесірінен ірі басылымдар тираж жоғалтуда. Газеттер­ден бөлек, телеарналар да бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып алмауы үшін жаңа форматқа көшуі керек.

 

Бауыржан БАЙБЕК,

Алматы қаласының әкімі:

– Біздің көз алдымызда геосаяси, экономикалық үлкен өзгерістер болып жатыр. Осы орайда түрлі қауіп-қатердің алдын алу әлемдік БАҚ-тың бүгінгі бет-бейнесіне байланысты. Жалған ақпарат­тар шынайылық пен жауапкершілік қағидаларын бұзуда. БАҚ тек қана қоғам­дық пікір ғана туғызбауы керек, ол сонымен қатар адамдардың бірегейлігіне, қоғамдық құндылықтарына ықпал етуі қажет.

 

Саясат НҰРБЕК,

форум сарапшысы:

– Қазіргі таңда ақпаратты даярлау мен оны шығару мерзімі қысқарып кетті. Бұрын журналистер үшін ақпарат жинау қаншама уақыт алатын, оларға редактор тапсырма беретін.  Қазір жарты сағаттың ішінде жеке субъективті пікір мен эмоция­сына негізделген блогердің жазған ақпараттарын бір сағаттың ішінде мыңдаған, миллиондаған адам көреді де, сол пікірге сүйенеді. Ақпаратты тексеру болмаған соң, жалған хабар деген қазіргі таңда өте көп. Неге десеңіз, эмоцияға негізделген жалған хабарға сену де оңай болып кетті, сондай-ақ, жаңа техноло­гиялардың арқасында тез таралады.

 

Керек дерек

 

Орталық Азиядағы тәуелсіз үнқатысу алаңы аталған Еуразиялық медиафорум жыл сайын 60 шақты елден 500-ден аса делегат жинайды.

Форум өз тарихында егемен Қазақстанға 6000-нан астам шетелдік қатысушыны (олардың қатарында танымал журналистер, белгілі саясат­керлер, мықты қаржыгерлер, Нобель сыйлығының лауреат­тары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен кәсіпкерлер бар) жинаған.

Форум өзінің белсенді жұмысының арқасында бүгінде дүние жүзі бойынша беделді медиа-алаң атанған. Оған 1500 айтулы БАҚ-тың: Euronews, CNN, BBC, Assocіated Press Televіsіon News, Reuters, Bloomberg, New York Tіmes, Al Jazeera Englіsh, ИТАР-ТАСС, РИА «Новости», РБК, Russіa Today, Первый канал, ИА «Джихан» және т.б. қатысқандығы дәлел бола алады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close