Қала әкімі Б. Сағынтаев модульді жұқпалы аурулар ауруханасын ашты

Мәншүк БЕКБОСЫН

18 күннің ішінде бой көтерген жаңа медициналық мекеме коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеуге арналған. Аурухананы аралап шыққан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев кешеннің сапасы мен медициналық жабдықтармен жарақтандырылуына жоғары баға берді. Сондай-ақ ол кешенді қысқа мерзімнің ішінде салып біткен құрылысшыларға да алғысын білдірді. Айта кету керек, жаңа жұқпалы аурулар кешені уақытша ғимарат болғанына қарамастан, осындай мекемелерге қойылатын халықаралық талаптарға сай келеді екен.

«Бүгін біздің дәрігерлер мен барлық медициналық қызметкерлер ұйқысыз әрі демалыссыз коронавирустық инфекциямен күресуде. Өздерін аямай, бізді қорғауда. Біздің міндетіміз – олардың жұмысына барлық жағдайды жасау. Жаңа кешен жұқпалы орындардың жеткілікті қорын құруға мүмкіндік береді. Бұл қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға ықпал етеді», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Жұқпалы аурулар ауруханасы 280 адамға есептелген. Ішінде 9 клиникалық бөлімше, 28 төсекке арналған реанимация бөлімшесі, бір кісілік және далаға бөлек шығуға болатын 10 палата, динамикалық бақылауда болатын бес бір кісілік палаталары бар қабылдау бөлімі бар.
Модульді кешенде персоналға арналған үй-жай да қарастырылған. Бұдан өзге зертханаға арналған төрт үй-жай, КТ, рентген, эндоскопиялық жабдықтар, УДЗ және электрокардиограф орнатуға арналған жеке үй-жайлар бар.
Штатта 75 дәрігер, 100 медбике және кіші медициналық қызметкерлер бар. Мекеменің барлық қызметкері «Атакент парк отель» қонақ үйіне орналастырылыпты. Қызметкерлер таңертең және кешкі уақытта тегін тасымалданады.
Аурухана заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған. Реанимация бөліміне 28 ӨЖЖ аппараты қойылды. Сондай-ақ, ауруханада компьютерлі томограф, қан газы мен электролиттер, метаболиттер анализаторы, электрокардиограф, мониторлар, перфузорлар, жедел диализ жүйесі, медициналық диагностикалық рентген жүйесінің керек-жарақтары, ультрадыбыстық зерттеуге арналған аппараттар, бактерицидті шамдар сияқты жабдықтар орналастырылды. Бұдан өзге мобильді рентген аппараты, зертханаға арналған жабдықтар да бар.
Модульді кешен өзара галерея арқылы байланысқан бір қабатты екі және екі қабатты төрт корпустан тұрады. Инженерлік коммуникациялар жүйесі бойынша да, атап айтқанда желдеткіш пен кондиционер орнату, сумен жабдықтау және кәріз жүйесін жүргізу, электрлі жылытумен жабдықтау жұмыстары аяқталды.
Шаруашылық-тұрмыстық су ағыны арнайы жинағыш ыдысқа құйылып, жиналады. Өрт дабылы және бейнебақылау жүйесімен де қамтамасыз етілді. Трансформаторлық қосалқы стансаны орнату қарастырылған.
Емханаға кіру мен шығу үш кіру аймағы арқылы жүзеге асырылады. Мекеменің сыртында және ішкі аймақта көлік қоюға арналған орындар бар. Сондай-ақ, аурухана аумағында көлікті өңдеуге арналған алаң, бірқатар техникалық құрылыстар да қарастырылған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *