ҚАЛА КҮНІНЕ ОРАЙ 90-НАН АСТАМ МӘДЕНИ ШАРАЛАР ӨТЕДІ

Күздің алғашқы айының үшінші жексенбісінде алматылықтар Қала күнін атап өтеді. Биылғы жылы бұл шара 16 қыркүйекке түсіп отыр. Дәстүрге айналған бұл мейрам бір күнмен шектелмейтіні анық. Алматының тұрғындары мен оның қонақтары Қала күнін мерекелеу аясында тамыз бен қыркүйек аралығында 90-нан астам мәдени шаралардың куәсі болмақ.

Бұлардың барлығы дәстүрге айналған мәдени-бұқаралық шаралар. Атап айтқанда, «Алматы Көктөбе Опера» классикалық музыка фестивалі, ашық аспан астындағы «Оркестрлер фести­валі», «KІTAP FEST» атты кітап фести­валі, «Отбасы күні», «Гәкку даусы», «Алма Fest» және «Парк фест» қалалық дәстүрлі фестивальдері өтеді.

Бұдан өзге, қыркүйек айында әлем­дік деңгейдегі шетелдік әртістердің қаты­суымен ауқымды шоу өтеді. Мәселен, «B-DAY PARTY» концертіне танымал рэп орын­даушы «Busta Rhyme» қатысса, «Almaty Arena»-да өтетін шараға Макс Барскихпен шақыры­лыпты. Сонымен қатар, «Muzzone Dance Party» мен «Nіnety one» тобы жеке концертін бермек.

Қала күні аясында тұңғыш рет 14–16 қыркүйек аралығында Панфилов және Жібек жолы көшелерінде ди-джейлердің «Jazzystan: APPLE TO APPLE фестивалі ұйымдастырылады. Оған шетелдің танымал алты ди-джейі қатысады екен. Ал 15–19 қыркүйек аралығында Республика Сарайында халықаралық «Almaty Fіlm Festіval» кинофестиваліне арналған бірқатар шаралар өтеді.

Мәдениет қайраткерлеріне арналған бірқатар шаралар да жоспарланған. Қазақ ССР-інің Халық әртісі Болат Аюха­новтың 80 жылдығы, Қазақстан­ның халық жазушысы Ғафу Қайыр­бековтың 90 жылдығы, Қазақстанның Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығы және басқалары аталып өтеді.

Концерттік бағдарламалардан өзге дәстүрлі және заманауи өнерге арналған көрмелер ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, К.Алтынбековтың «Алматы- 1000» көрмесі, Е.Серкебаевтың шығар­машылығына арналған мультимедиялы көрме, қалалық көркемөнер галереясы­ның ашылу құрметіне Қала күні көрмесі, «Алматы: кеше және бүгін» фотокөр­месі, «Мың бояулы қала» көшпелі көрмесі және басқалар бар.

Алматы мұражайында, Ә.Қастеев атындағы өнер мектебінде және қалалық көркемөнер галереясында танымдық шаралар ұйымдастырылады.

Бұдан өзге, кішкентай балдырғандар үшін Алматы хайуанаттар бағы «ZOO мұрасы» атты ашық есік күндерін өткізеді. Сонымен қатар, ашық аспан астында «Қуыршақ думан» спектаклі қойылады. Ал «Алатау аясындағы ару Алматы» әдеби ән кеші, қаланың көрікті және тарихи жерлеріне экскурсиялар, жастар акциялары, байқаулар, қаланың медицина мекемелерінде ашық есік күндері ұйымдастырылады. Кәсіпкерлік саласының жаңа нысандары ашылады. Көптеген спорттық шаралар да өтеді.

Н.АСЫЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *