ҚАЛА ЭКОНОМИКАСЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛЕДІ

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев республиканың жетекші БАҚ өкілдерімен және қоғам белсенділерімен онлайн режимде кездесу өткізді.
Кездесу барысында шаһар басшысы 20 сәуірден кейін жұмысын жалғастыруы мүмкін кәсіпорындар туралы айта келіп, коронавирус инфекциясымен күрес шаралары жөніндегі сұрақтарға жауап берді.
Қалада барлық тәуекел топтарының ПЦР әдісімен жедел-тестілеу және тестілеу басталды. Бұл 193 мың қызметкер, яғни, олардың қатарында әскери қызметшілер, полиция қызметкерлері, дәрігерлер, еріктілер, жүк және жолаушылар көлігінің жүргізушілері, теміржолшылар, ірі нысандардағы құрылысшылар, интернаттар, азық-түлік кәсіпорындары, ТКШ және т.б. қызметкерлері бар. Жұқтырудың жасырын ошақтарын анықтаудың жаңа алгоритміне сүйене отырып, қалада эпидемияға қарсы іс-шаралар күшейтілді. Басты мақсат – эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, жұқтыру деңгейін төмендету болып табылады.

Өнеркәсіп саласындағы 42,2 мың адам жұмыс орындарына оралады

Қала әкімі Б. Сағынтаев бүгінде күшейтілген карантин жағдайында қалада 210 мың жұмыс орнын қамтамасыз ететін кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысын жалғастыруда, бұл экономикада жұмыспен қамтылғандардың 17%-ын құрап отырғанын айтып өтті.
Сонымен қатар, күшейтілген карантин кезінде жұмысшылардың жалпы саны 727,8 мың адамға қысқарды. Негізінен қаржы секторы, сондай-ақ білім беру саласы, мемлекеттік басқару, ақпарат және байланыс саласындағы 200 мың адам қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Нәтижесінде 300 мыңға жуық адам уақытша табыссыз қалды. «Осыған байланысты мегаполистің әлеуметтік-экономикалық өмірін кезең-кезеңімен қалпына келтіру жоспарына сәйкес қала экономикасындағы салаларға талдау жасалды. Экономикалық белсенділікті қайта қалпына келтірудің үлкен әлеуеті бар, сонымен қатар коронавирус инфекциясының таралу қаупі төмен секторлар анықталды. Бұл – тиісті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтаған жағдайда, ағымдағы жылдың 20 сәуірінен бастап іске қосуға болатын өнеркәсіп және құрылыс салалары», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Өнеркәсіп саласындағы шектеулерді алып тастаған соң 42,2 мың адам жұмыс орындарына оралады. Құрылыс маусымының басталуына орай, сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңа жобалардың іске қосылуын ескере отырып, тікелей құрылыс саласында 34,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен бірге, ауқымды құрылыс жұмыстарының басталуымен жобалаушы, зерттеуші, инжинирингтік компаниялар (авторлық және техникалық қадағалаушы) және жобаларды сараптау сияқты мамандар мен қызметтердің санаттары қажет болады.
Сонымен қатар, құрылыс саласының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін көтерме сауда базарларын ашу қажет (қосымша 10,8 мың адам). Осылайша, жалпы алғанда, осы салада жұмысшылар саны 45,3 мың адамға артады.

Жұмысшылардың саны бір айда 89,4 мың адамға көбеймек

Бұдан өзге «БЖК – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын іске асыруға қатысатын кәсіпкерлердің кепіл мүлкін мемлекеттік тіркеу үшін нотариустар мен ХҚКО қызметін қайта бастау жоспарлануда.
Үстіміздегі жылдың 20 сәуірінен бастап, күні бұрынғы мәліметтер бойынша жұмысшылардың жалпы саны бір айда 89,4 мың адамға көбеймек. Шектеулерді кезең-кезеңмен алып тастау қоғамдық көліктерді, соның ішінде аялдамалар мен метро аялдамаларын, кәсіпорындардың өздерінің жұмыс орындары мен халық көп жиналатын орындарды жаппай залалсыздандырумен қатар жүреді.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев екі сағаттық онлайн-кездесу барысында қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдерінен келіп түскен өзекті деген 25 сауалға жауап берді.

Дайындағандар – Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ, Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *