Қала базарларының аумағы «қызыл сызықтан» аспауы керек Жуырда мақұлданған жаңа жобаға сәйкес, сауда орындарының жер аумағы ретке келтiрiлетiн болды

Ербол ТҰРЫМБЕТ

Қаладағы ретсiз орналасқан немесе «қызыл сызықты» басып кеткен базарлар туралы газетiмiзде бұрын да мақала жазып, олардың тiзiмiн жариялаған болатынбыз. Әкiмдiктiң қаладағы сауда мәдениетiн қалыптастыру мақсатында атқарып жатқан ауқымды шараларының бүгiнде нақты нәтижесi де көрiнiп жатыр. Соның нәтижесiнде «Көк базардың» маңы мен көше бойын жағалаған заңсыз сауда нысандарынан тазара бастаған Алматының ажары әлдеқайда өзгердi. Ендiгi мәселе – орналасқан жерi тиiстi шеңберден асып кеткен сауда орындарының аумағы қаладағы жүргiншiлер мен көлiк қозғалысына едәуiр кедергi келтiруде. Бұл ретте, тiршiлiгi қайнаған жайма базарларды айтпағанның өзiнде, құрылысы көзге қолайлы көрiнетiн кей сауда орталықтарының өзi жер аумағы бойынша талапқа сай емес. Қалалық әкiмдiк пен Алматы қаласының мемлекеттiк Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жуырда мақұлдаған жаңа жоба ендi сол олқылықтың орайын келтiрмек. Бүгiнде Алматының iшiнде орналасқан 74 сауда орны белгiлi болса, оның 34-iнiң орналасқан аумағы «қызыл сызықты» басып кеткен. Мұндай сынға ұшырағандардың басым көпшiлiгi Солтүстiк айналма жолының бойында, былайша айтқанда, «жайма базарда» орналасқандар екен. Мәселен, «Барахолкадағы» екi бiрдей «Сауран» базары, тiптi, көрiктендiру мен жасыл желек отырғызудан басқа жұмыс жүргiзiлмеуi тиiс аумақта қоныс тепкен. Яғни, екi базардың да тұрған жерi қаланың Бас жоспарына қайшы. Сонымен қатар, Әуезов ауданындағы «Береке», Түрксiб ауданындағы «Мехриниса» және басқа да сауда орталықтары түгелдей Бас жоспарға сәйкес емес. Бұдан бөлек, қаланың Бас жоспарына сәйкес, қоғамдық мақсатта пайдаланылуы тиiс жерлерге де «қызыл сызықтан» асқан базарлар жайғасып алған.

Қазiргi таңда қала әкiмдiгi та- рапынан базар иелерiне сауда орталығы аумағын әкiмдiк қойған талапқа сай тиiстi жер көлемi шеңберiнде орналастыру жөнiнде ескертпелер жасалынды. Соған сәйкес, бiрқатар сауда орындарының эскиздi жобалары жасалып, аудандық әкiмдiктер тарапынан мақұлданған. Егер сол эскиздi жобалар негiзiнде құрылыс жұмыстары басталып кетсе, қала ба- зарларының барлығының автотұрағы болады және еркiн жүрiп-тұру үшiн айналасы әлдеқайда кеңейедi.

Базар иелерi бүгiнде «қызыл сызық» мәселесiн шешу үшiн сауда нысандарын қайта жөндеуге кiрiстi. Олардың кейбiрi бұл iске жыл басында-ақ ден қойған. Нәтижесiнде, базарлар аумағы белгiленген жер көлемiнде ғана орналасып, жолаушылар мен көлiк қозғалысына кедергi келтiрмеуi тиiс.

Бұл жобаның сауда орындары иелерiнiң өз өтiнiштерi бойынша жасалып отырғанын айтқан Алматы қаласы мемлекеттiк Сәулет-құрылыс бақы- лау басқармасы бастығының орынбасары Жанат Айтiлеу:

– Әкiмдiк тарапынан жа- салған ескертпелерге қатысты ешқандай келiспеушiлiк немесе қарсылық танытушылық орын алып жатқан жоқ. Дегенмен, кәсiпкерлер «бұл бағытта жұмыс жүргiзуге қаржы жетiспеушiлiгi, дағдарыстың екiншi толқыны деген сықылды кедергiлер қиындық тудырып отыр» деген уәж айтуда. Алайда, осы уақытта бiрқатар сауда орталықтары ескертпеге сәйкес, базар аумағын ретке келтiру бойынша құрылыс жұмыстарын бастап та кеттi. Осыдан кейiн, қалған сауда орындары да жүргiзiлуi тиiс жұмыстарды қолға алады деген ойдамыз, – дейдi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *