АЛҒЫС АЙТЫП ЖҮРСІЗ БЕ?

Ардақ ИМАНБЕКҚЫЗЫ, «Мерейлі ұстаз» газетінің  Бас редакторы:

Біреуге риясыз алғыс айтып, басқаның жақсылығына балаша қуана аламын

Мен Алғыс айтуды немесе Алғыс алуды үлкен бата деп білемін. Байқасаңыз, «рахмет» деген ілтипаттың шуағы кез-келген адамның жүрегін жібітетін сиқырлы сөз. Ал мұның сыры Алла Тағаланың 99 көркем есімінің бірі Рахман болса, яғни Алғыс алып һәм Рахмет айтудың аста­рында «мына пендеңнің осы жақсылығы үшін оған рахым ет, мейіріміңді төк» деген дұға жатады деп ойлаймын. Осы орайда бізді ата-анамыз кішкентайымыздан «үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің бізге жақсы», «жүрген жеріңде алғыс ал, рахме­тің жүрсін жадыңда» деп өсірді. Сондықтан да болар, осы бір ауыз сөз санамда қашан­да жаңғырып тұрады. Біреуге риясыз алғыс айтып, басқаның мысқалдай жақсылығына балаша қуана аламын. Алла Тағаланың бұйыртқан барлық нығметтеріне шексіз шүкір етемін, сансыз Алғыс айтамын! Маған жақсылық жасаған жан­дарға «Алматы ақшамы» газеті арқылы алғыс айтқым келеді.

 

Дәурен ЖАҚСЫБЕКОВ, кәсіпкер:

Алғысты риза болған адам айтпай ма?

Ұрпағының алғысқа кенеліп,  ақ бата­мен көгеріп-көктегенін қалаған ата-ана баласының құлағына «қарғыс алма, алғыс ал» деген сөзді құйып өсірді. Сол сөз сана­мызда әлі күнге жаңғырып тұр. Қолдан келген жақсы­лығымды аямаймын және ол жақсылықтың қайтарымын күткен кезім болған емес. Ал алғыс айтып жатса, іштей риза болып қаламын. Негізінде, алғысты риза болғанадам айтпай ма?Алғыс айту деген сөз – адамдардың бір-біріне жылу сыйлауы ғой. Сондықтан дер кезінде рахметіңді айтып отырған жақсы. Шамаң келсе, жақсылықты жақсылықпен қайтаруға тырысқан одан да жақсы.

 

Айбек ҚАНАҒАТҰЛЫ, қала тұрғыны:

Өмірдің әрбір сәтін бағалай білейік

Мен осы қалпымда аспаннан салбырап түсе салған жоқпын. Бүгінгі күнге жеткенім үшін алдымен Аллаға сансыз шүкір деймін. Одан кейін өмірге әкелген ата-анама алғыс айтамын. Адам қандай да бір жетістікке жету үшін сан түрлі қатпар жолдардан өтеді. Сол секілді, менің жолымда да маған қолұшын берген, мықты маман болып қалыптасуыма жол сілтеген жандар көп болды. Өмірдің әрбір сәтін бағалай білейік. Бір-бірімізге жақсылық жасаудан аянбайық дегім келеді. Табиғат-Анаға мейірімді күні үшін, жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғысым шексіз!

 

Жұлдыз ЕРЖАНҚЫЗЫ, бастауыш сынып мұғалімі:

Туыстар арасындағы татулықты жалғайды

Пенде болған соң басымызға не келіп не кетпейді? Кезінде бір түйір нанға зар болған күндеріміз көп болды. Бүгінде сол қиын күндер артта қалып, өз қолымыз өз аузымызға жететін күйге келдік. Менің Аида есімді апайым бар. Өзі сондай мейі­рімді. Адам қиналған сәтте үнемі жанынан табылатын қасиеті үшін оны бүкіл әулет жақсы көреді. Оның бойында қолындағы барын беруге дайын тұратын мейірім бар. Жасаған жақсылығын ешкімге жария етпейтін сабырлы мінез бар. Мен бүгін сол әпкеме алғыс айтамын. Осындай игі істерімен туыстар арасындағы татулықты, ауызбіршілікті жалғастыра бер деп тілек айтамын.

Бағдагүл МЕКЕМБАЕВА, дәрігер:

Алғыс айту үшін арнайы күнді күтудің керегі жоқ

Алғыс айту екі адамның бір-біріне деген ізгі ықыласын білдіреді. Жасым 60-қа келіп қалды. Жұмыс істеймін. Қоғамдық көлікке көп отырамын. Автобусқа кіргенде жастар атып тұрып орын береді. Сондай риза боламын. Қазақ деген кеңпейіл халық қой. Ешқашан алғыс айтудан қашпаған.  Сондықтан Алғыс айту үшін арнайы күнді күтудің керегі жоқ. Мүмкіндік болып жатса, жақсы сөз айтудан жалықпаңдар! Бұл – алдымен әдептіліктің белгісі. Биыл Еріктілер жылында осы жастардың жасап жатқан жақсылықтары көп. Оны барлығы­мыз көріп-біліп жатырмыз. Бүгін мен үлкенге көрсеткен құрметтеріүшін Алматы жастарына алғыс айтамын. Сендер бізді сыйласаңдар, сендерді Құдай сыйласын, айналайындар! Көп жасаңдар!

 

Жандос ӘДІЛ, такси жүргізушісі:

Алғыс айта алмайтын сараң адамдар көп

 

Арамызда өзгенің шарапатын көрсе де, көңілін білдіріп алғыс айта алмайтын сараң адамдар көп. Жалпы, пендеге болсын демейтін, аузынан бір жылы сөз шықпай­тын жандар  жақсылықты ешқашан баға­лай білмейді. Өзіне керек кезде жаныңнан табылатын, қажетің болмаса жаныңа жуымайтын ондай жандар ешқашан көктеп-көгермейді. Бізді ата-анамыз бала күнімізде ешкімнің ала жібін аттамауға, шамамыз келгенше елге жақсылық жасау­ға үйретті. Сол берілген тәрбиенің арқа­сында бүгінде елдің алғысын арқалап өмір сүріп жатқан жайымыз бар.

Сауалнаманы жүргізген – Қ.Жұмаділова.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *