АЛҒАШҚЫ АҚБАЯН МАХАББАТ

3153немесе Бексұлтан Байкенжеевтің баяны

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

Бір и, екі и… немесе нотаның аржағындағы арпалыстар

Жас кездегі күндеріңнің өзі бір қызық қой, қазір ойлап отырсаң, есі кіресілі-шығасылы адамның тірлігіндей көрініп, қызықты жәйттердің бірі ойыңа түссе, екінші бірін көз алдыңа да елестете алмай қиналасың. Шіркін дейсің осындайда қиялға беріліп, адамның өткен өмірі жіпке тізгендей болып көз алдынан неге өте бермейді екен ойлаған сәтте. Бәрі өз басыңнан өткен, көз алдыңда болған жәйттер емес пе, киноны басынан бастап қайта қойып келіп жібергендей неге болмайды екен. Егер дәл сондай мүмкіндік бүкіл адамның қолынан келер болса бар ғой, ешкім ендігәрі қайтадан қателіктер жібермес еді, елдің бәрі мейірбан, бауырмал болып, адамдар арасындағы ағайынгершілік, туыстық қарым-қатынас жақсара түсіп, жұрт түгел бірін-бірі жақсы көріп тұрар еді.

Басқасын қойшы, мен күйгенде, баяғыда бала кезімде өзім ұнатқан қыздардың аты мен түр-келбеттерін есіме түсіре алмай күйдім ғой. Бірақ, бар ғой, өзімнен жастары әлдеқайда үлкен сұлу бойжеткендердің әдемі бейнелері мен есімдері мәңгі жадымда қалғанына түсіне алмай далмын. Жас кезімізде үнемі алға қарап бой түзеп, жоғары қарап армандап, биіктерге қол созып жүргендікі болар деп топшылаймын да қоямын, амалсыз. Бір қарасаң, шындығы да сол, өзің бала болған соң, өзіңнен кейінгіні адам құрлы көрмейсің ғой, тек алдыңдағы үлкендерге қарап тамсанасың, солардай болсам деп армандайсың, дәл осындай сұлу қызды қолтықтап жүрсем дейсің. Мөлтілдеп аққан бұлақтай шынайы тазалықтың жүректе сылдыр қағуы, таңғы шықтай мөлдіреген жайдары да ашық-жарқын көңілге көркем бейнелердің сәуле боп түсуі бал дәурен балалықтың бұлжымас заңы дерсіз.

Бесінші-алтыншы сынып оқитын кездеріміз болса керек, мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысамыз, домбыра тартып, неше түрлі ән-күй үйреніп жүрген уақыттар еді. «Бір и, екі и, үш и, төрт и» деп қойып, кей-кездері тіпті «тон, тон, жарты тон, үш тон, жарты тон» деп жаттатып қоймайтын Кентай Қыстаубаев ағайымызға да қызыға қараймыз. Ән сабағынан дәріс беретін мұғаліміміз баянда да жақсы ойнаушы еді. Мен ол кезде домбыра, сырнай тартуды өз бетімше үйдегілерден үйреніп алған болатынмын, сондықтан көбіне ноталарды жазып-сызғанға ғана ден қоятынмын. Содан кейін, даусың бар ма, жоқ па, шаруамыз жоқ, әйда келіп барынша айқайлап ән айтып жүруші едік. Біздің бала кезімізде ән мен оның сөзін жатқа білсең болды, дауысты елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ, сен де әншісің. Өйткені, көп бала жұмған аузын ашпайтын момын болды, ән түгілі, бір ауыз сөзін ести алмай үлкендер жағы ренжіп жататын. Ал әні мен сөзін жақсы үйреніп алып, айқайлап ән айтқан біз сияқты жүгірмектерді кәдімгідей арқадан қағып, мақтап қоятын. Соның арқа­сында, тіпті, ауылға түскен келіндердің алдында қасқайып тұрып алып, бет аша бастадым. Қанша дегенмен, өзіңнен үлкендерге қарап, ес кіріп келе жатқан уақыт емес пе, ел арасына кеңінен тараған «Ақбаян», «Ақ гүлім», «Ақшолпаным» әндерін әлі өзіміз айтпасақ та, сол әндерді айтқан қыздардың дауысына елітіп, небір тәтті қиялдарға берілетінбіз.

 

Ауданға барып, «Ақбаянның» авторын көрдім

Үлкен әпкелерім тұрмысқа шыға бастаған кезде құдашаларым көп болды, несін айтасыз, бәрі шетінен әдемі, бірінен бірі өткендей сұлу еді. Өзіміз кішкентай болғасын, әлі алысқа аттап басып шыға қоймағасын, өзге жақтың қызда­рының бәрі солай көріне ме, ол жағын кім білсін, әйтеуір, менің айналам сұлулыққа толы болды. Әдемілікке, сұлулыққа, әсемдікке құмар болып өскенім де содан шығар деймін кейде. Көрші аудандағы жыршы-термеші, композитор Әлмырза Ноғайбаевтың «Құдаша» әнін демде үйреніп, жаттап алып айтып жүрдік.

Бір күні, мереке қарсаңында концерт қоюға дайындық жасала бастаған сәттердің бірінде ортаға шығып, бір бойжеткен ән салды. «Сол бір кеште аялады тәтті арман, Жан сырымды жая алмадым, Ақбаян…», тоғызыншы ма, оныншы ма оқитын қыз, төрт-бес жас үлкендігі бар. Сұңғақ бойлы сұлу, жіп-жіңішке қылдай белі әне-міне үзілейін деп тұрғандай. Қарапайымдылығын жүзіне үйіріле кетейін деп тұрған әдемі күлкінің ізі әрлендіре түсіп, өзіне тартады.

Көз алдымда аспан иіп, таулар балқып бара жатқандай болып, қыз аузынан шыққан әдемі әуен тұла бойымды баурап алды. Көңілім толқып, жүрегім тулап кетті, кеудеме сыймай бара жатыр. Бұл не болды екен деп ойлады ғой дейсіз бе, үн жоқ- түн жоқ, аузыма құм құйылғандай состиып тұр­мын, аяқ-қолым істемей, қимылсыз қалғандай болдым. Осы сәт қана есімде, сол бейне мәңгі көңілде қалды. Қолыма сырнай тисе, бірден сол әнді айтатын болдым, «Ақбаян» мәңгі серігіме айналды. Ауыл клубында тағы бірде концерт ұйымдас­тырылғанда әлгі қыз «Қайран, менің жүрегім, жас жүрегім…» деп шырқай жөнелді. Ешкімге сездіргім келмесе де, өзімнің көңілімнен тыныштық кеткенін байқадым. Қазір ойлап отырсам, соның бәрі әннің құдыреті екен ғой! Мен әнге ғашық болған шығар­мын… Сол кезде мені тәнті еткен әнші қыз кейіннен атақты механизаторға айналды, бүкіл елге есімі танымал болды. Оған ауылдағы бар жігіт, әсіресе, менің ағаларым ғашық екенін артынан біліп, өзімдікі жәй ғана балалық екенін түсіндім. Ол — атақты Азия Қыстаубаева болатын, қазір біздің ауылдық округтің әкімі.

…Сол төменгі сыныпта оқып жүрген кезде көркемөнерпаздардың аудандық жарысына барып қатысқанымыз есімде. Біз түгілі, мұғалімдеріміздің өздері үрейленіп жүргенін ішім сезді. «Қазылар алқасында Бексұлтан Байкенжеевтің өзі бар екен!» дегенді бір-біріне үлкен қорқынышпен айтқанда, біз де үрпиісіп қалғанбыз. Танымайтын кісінің атын біреу үреймен айтқанда, сырттай-ақ денең тітіркеніп, кірпідей жиырылып қалатының рас қой. Ол кім болды екен? Көп ұзамай, ол сауалдың да жауабын мұғалімдеріміздің өздері айтып берді. «Музыка мектебінің директоры!»

Бұл жарыста біз бірінші орынға қол жеткізе алмаған болатынбыз, бірақ, мен сол жарыстан үлкен олжаға ие болып қайтқан едім. Оны ешкім сезген жоқ, әрине, өзім ғана білдім, ол менің ішкі рухани олжам болатын. Мен тұңғыш рет Бексұлтан Байкенжеевті көрдім! Мен айтып қоймайтын «Ақбаян» сол кісінің әні екен! Қолына баянын алып, қасқайып тұрып өзі шырқап бергенде мен үшін одан асқан алып адам жоқтай көрінді. Алдында ғана көрген орта бойлы, шағын денелі, бұйра толқын шашты кісінің тұлғасы қарсы алдымда тұрып биіктеп бара жатты. Өнер құдыреті деген осы шығар деймін ғой кейіннен.

 

Мәдинаның ән қанаты іліп әкетті 

Күндердің күнінде әнші Мәдина Ералиеваның орындауында «Ақбаянды» тыңдаудың сәті түсті. Өнерге аз да болса ден қоя бастаған кезім ғой, биіктік дегеннің не екенін сонда ұққандай болдым. Сөзін Әбдімәлік Сыздықов жазған «Ақбаян» әні Мәдинаға арналған екен ғой деп ойладым. Содан бері менің кеудемде асау да нәзік әуендер сезім қылын шерте қалықтап, сынаптай сырғып, ұстат­пай, ойнақ салып жүреді. Не мазалағанын қоймай­ды, не ұстатып көңіл тыншытпайды, аспан мен жердің арасында ұшып жүргендей күйге түсіріп, тәтті мұң мен ұшқыр қиялдың қанатына іліп жібергендей көрінеді. Алғашқы ақбаян махаб­батым, бәлкім, осы ән шығар деймін кейде. Кім білсін, мүмкін әнші шығар… Өнерге деген махаббат сұлулыққа, әдемілікке, әсемдікке құмарлықтан тұратын болса керек, ал оның ешқашан шегі болған емес. Адам баласы осы ғажайыптарды іздеумен, таба алмай сандалумен бүкіл ғұмырын сарп етеді, кейбірі тіпті өзінің нені аңсап, нені іздеп жүргендерін сезбей өтуі де мүмкін-ау.

Бексұлтан ағаның өз аузынан «Ақ гүлім» әнін тыңдағанда ол кісіге тіпті құлай берілдім. Қоңыр күзде егіс даласы сары алтындай жарқырап айна­лаға сәуле шаша бастағанда, әлдеқайдан сағына жеткен саумал самал күріштіктің басынан аялай сипалап еркелететіні бар. Бар дала әдемі әуенге елітіп, ырғала билеп тұрғандай болады. Бұл сәт мені төгіліп тұрған «Ақбаянның» әуеніндей әсерге бөлейтін еді, кейін «Ақ гүлімді» тыңдағанда осы сары даланың төсінен қып-қызыл болған қыр қызғалдағын көргендей күйге түскенім есімде.

Сені іздеймін алаңдап, дүрсілдейді бұл жүрек,

Сені ойладым сағынып, күндіз-түні елжіреп.

Қырық қыздың ішінде барамысың көш бастап,

Мен Төлеген болғанда, өзің болдың Қыз Жібек, Ақ гүлім.

Сөзін Адырбек Сопыбеков ағам жазған ойнақы да әсем әуен көңілімді еліктіріп, әлдеқайдан әлде­нені аңсай іздеуге мәжбүр­легендей, тыным бермей қойған. Содан бері әлденені әлі іздеп келемін. Бәлкім, ол Бексұлтан ағаның әдемі әндеріне деген құмарлық шығар… әлде, осы әндермен астасып жатқан бала кездегі албырт күндеріме деген сағыныш па екен? Кім білген, мүмкін сол кездегі өзімнен үлкен қыздарға деген алғадай аңғал махаббатым болар. Қалай болғанда да, бәрінің арғы жағында бұғып жатқан әдемі әуендердің иірімдері көңілде сағыныш отын маздатып тұратыны рас. Соны ойласам болды, Бексұлтан Байкенжеевтің бейнесі көз алдыма келеді. Өмірімде араласпаған адамның жаныма осыншама жақын болып кеткенін әлі де түсіне алар емеспін.

 

Сағынбау мүмкін бе? 

Мен үшін оның тұлғасы Алатаудай асқақ күйінде қала берді. Өзі биік адамның жасы да тым үлкен сияқты көрінетін еді, сөйтсем, олай емес екен ғой. 1993 жылы жазға салым «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет етіп жүрген кезімде ауыл жақтан қаралы хабар жетті, Бексұлтан аға мезгілсіз дүние салыпты. Сонда ғана байыбына барып, анық-қанығына көз жеткізе бастағаным рас. Небәрі 44 жасында қайтыс болыпты. Тіпті, сенер-сенбесімді білмей қалдым, соншама ғажап ән түлеткен, мен үшін бүкіл әлемге аты әйгілі болғандай көрінетін атақты Бексұлтан ағай әлі жап-жас болғаны ма? Бірақ, шындығы сол еді…

Жазбады ауруымды емші демі,

Көңілім одан әрі көншімеді.

Жанымды түсінетін өзің екен,

Сағынып, айналайын, жүрші мені, – деп келетін «Сағынып жүрші» (сөзі – А.Сопыбековтікі) деген әні еріксіз көңілдегі қыл ішекті шерте бастайды кейде.

Одан бері де қаншама жыл өтті, мына заман өзі біреуді біреу іздейтін заман болмай тұр ма, әлде біз жатбауыр болып, кісікиіктеніп кеттік пе, бәрі солай болуы тиіс сияқты көрінеді де, бойымызға зілмар бір салқынқандылық дендеп еніп алған. Өнердегі, өмірдегі ағайындарымыз, әріптестеріміздің орны ойсырап қалғанда ғана ойлана бастаймыз. Әйтпесе, Бексұлтан Байкенжеев мен үшін бал дәурен балалық шағымды әлдиге бөлеп, жалынды жастық дәуренімді әнмен әрлеп берген адам емес пе? Марқұм Мақсұт деген сы­ныптас досым екеуміз сырнайлатып, «Ей, Ақшолпан, сұлу қыз-оу!» деп, талай бойжеткеннің көңілін қытықтаған едік қой.

Жә, жарайды… басқасын айтпай-ақ қояйын, менің өзімді есейткен осы Бексұлтан Байкенжеевтің әндері емес пе еді, оны қалай ұмытамын. «Ақбаян», «Ақ гүлім», «Ақшолпан» әндерінің әрбірі менің өмірімдегі бір-бір белестің, енді мәңгі қайталанбайтын қиял-ғажайып мың бір түннің куәсі болғанын қалай айтпай тұра алмақпын. Бұл менің ғана басымнан өткен жай емес қой, айта алмаған, айтудың реті келмеген, тіпті, солай екенін байқамай да қалған менің қатарластарымның көбінің басында бар жағдай шығар деп ойлаймын. «Сағынып жүрші» деп ән шығарғанда ол кісінің өзі қандай ойдың құшағында болды екен, бұл да бір жұмбақ. Соның артынша көп ұзамай дүниеден өтуі, қалай десек те, ой салмай тұрмайды.

Шындығында, жастық шақтың әуендерін сағынбау мүмкін бе? Оқта-текте қолыма баян алсам, Бексұлтан ағаның баянын ұстағандай сезініп тұрамын…

«Ақшамның» анықтамасы:

Бексұлтан БАЙКЕНЖЕЕВ 1949 жылы 7 қарашада қазіргі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, «Қосүйеңкі» елді мекенінде дүниеге келген.

1966 жылы №51 М.Қаратаев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып бастаған. Аудандық мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесінің белсенді мүшесі болды. Кезінде С.Субханбердиннің «Айгүл», Б.Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі», Т.Нұрмағанбетовтің «Кімге тартқан», Қ.Тұрсынқұловтың «Кәпірзада», О.Бодықовтың «Ар азабы» пьесаларында басты рөлдерде ойнап, көрермендердің көңілінен шыға білді.

1972 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетін тәмәмдаған. Сол жылдан бастап өмірінің соңына дейін Жаңақорғандағы Әлшекей атындағы аудандық Өнер мектебінің директоры болып абыройлы қызмет атқарды.

 Қызылорда облысының белгілі «Сыр сұлуы», «Нұргүл» ән-би ансамбльдерінің құрамында әнші ретінде Болгария, Германия, Ресей елдерінде, Мәскеу, Кишинев, Нүкіс, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында болып, өнер көрсеткен. Кеңестік кезеңде мұның бәрі аса оңай шаруа емес еді. Бірнеше рет Халық шығармашылығы Бүкілодақтық фестивальдарының лауреаты атанып, дипломдармен марапатталған. Бірнеше мәрте құрметті атақтарға да ие болды. Әндері көптеген ән жинақтарына енген.

Әнші-композитордың «Ақбаян», «Жеңешем», «Еркелеші Ермегім», «Ақшолпан», «Ақ гүлім», «Құда болып жүрейік» деген сияқты, тағы да басқа көптеген әндері елге кеңінен тараған.

 

 

«Сағынып жүрші»

Балнұр АХМЕТ

Студенттер сарайында дарынды композитор, кәсіби музыкант Бексұлтан Байкенжеевтің туғанына 65 жыл толу құрметіне арналған «Сағынып жүрші» атты еске алу кеші өтті. Ыстық ықыласпен өткен мерейтойлық концертке композитордың жерлестері, белгілі әншілер – Әбдірейім Өміров, Сауран Елеуов пен «Экспресс» тобы қатысты. Сондай-ақ, еске алу кешінде Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, Жеңіс Ысқақова, Жеңіс Сейдоллаұлы, Дүйсенхан Сыздықов, Құдайберген Бекішев және «Нұрмұқасан», «Азия», «Қыран» топтары және қазақ өнерін өркендетуге атсалысып жүрген басқа да өнерпаздар композитордың әсем әндерін нақышына келтіре орындап, сағынған жұртшылыққа тарту етті. Сахна төрінен шашудай шашылған әсем әндермен әрленген әдемі кеште композитор Бексұлтан Байкенжеевтің ұлы – Әбсұлтан Байкенжеев жиналған жұртшылыққа шын жүректен ризашылығын білдірді. Еске алу кешінде жерлестері жылы лебізге толы тебіреністі сөздерінде композитордың тамаша әндері жұртының жүрегінде мәңгілік әуелеп тұратынын толғана жеткізді. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың ыстық сәлемі мен еске алу кешін ұйымдастыруға атсалысқан бас демеуші, кәсіпкер Қайрат Файзуллаевқа және басқа да азаматтарға деген алғысын айтып, кештің көркемдік жетекшісі болған әнші-композитор, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Дүйсенхан Сыздықовқа Алғыс хат тапсырды. Сондай-ақ, концертке қатысқан композитордың талантты шәкірттері ұстаздары жайлы жүректеріндегі сөнбес сағыныштарын жеткізіп, әуезді әндері қазақ халқының жанын мәңгі жылытып тұратындығын айтты. «Ақ гүлім», «Ақшолпан», «Ақбаян», «Сағынып жүрші», «Көркемжан», «Жанар қыз», «Сырдария», «Еркелеші ермегім», «Құда болып жүрейік» және т.б. сүйікті әндерін сағынған тыңдарман сахнадағы әншілерге қосылып, шаттана шырқап отырды. Халықтың жүрегіне жол тауып үлгерген әсем әндермен әрленген кешті «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» ақпараттық-сазды бағдарламасының жүргізушісі Берік Көшербекұлы мен «Қазақ радиосының» жүргізушісі Гүлмира Нәлібай жүргізді. Кеш барысында Бексұлтан Байкенжеевтің қазақ телевидениесінің қорында сақталған сыр-сұхбаттары мен концерттерінен үзінділер жұртшылық назарына ұсынылды. Көңілді әнімен, мың бұралған биімен көрерменді қуанышқа кенелткен концертте аты Алашқа жайылған атақты компози­торды өнерді жүрегімен сүйген жұрты сағынып қалған­дығының куәсі болдық. Көрнекті композитордың қазақ даласын тебіренткен ақ қанатты әндері қазақ аспанында аққудай мәңгі қалықтай бермек.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *