АЛҒАШ РЕТ АБАЙ КӨШЕСІНІҢ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

dsc_9216

Республика сарайының алдындағы «Абай» алаңында қала көлемінде тұңғыш рет «Абай көшесінің күні» мейрамы өтті. Медеу ауданы әкімінің аппараты ұйымдастырған ізгі шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілді. Көше күнін өткізудегі негізгі мақсат – жастарды рухани-адамгершілік және патриоттық бағытта тәрбиелеу, көше тұрғындары арасындағы бірлікті нығайту және Абай шығармашылығын кеңінен насихаттау болып табылады. Мерекелік шарада Абай атындағы ҚазҰПУ-дің хореография факультетінің  3-курс студенті Нұрбек Ботатаев көрермендерге ғибратты ғұмыр кешкен ұлы ақынның асқақ жырларын тебірене оқып, жұртшылықтың жүрегін тебірентті.  

Балнұр АХМЕТ

– Мыңжылдық тарихы бар қасиет­ті қаламыздың ең көрікті аудан­дарының бірінде орналасқан Абай даңғылына арналған бұл мерекенің маңызы зор. Аталған мереке еліміздің болашағын жалғайтын жастарды туған жерінің, туған қаласының тарихымен және қазақ халқының таудай тұлғаларымен таныстырады. Сондай-ақ, жас ұрпақты Алаштың асқақ рухты азаматтарының өнегелі өмірі мен шығармашылығымен таныстырып, жастардың жандүниесін байытады. Ұлы ақынның шығарма­лары қалың елі қазағының жүрегін мәңгілік жылытып, жарқын бола­шаққа жол бастап тұрады. Мұндай мереке көрікті қаламыздың басқа аудандарында жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болатын еді, – деді Абай атындағы ҚазҰПУ-дің хореография факульте­тінің  3-курс студенті Нұрбек Ботатаев.

Мереке аясында көрермендер «Абай» өнегесі» атты кітап көрмесі мен «Абай жастары» атты мерекелік концертті тамашалады. Абай атын­дағы ҚазҰПУ-дің мың бұралған бишілері Абайдың әуен­деріне би билеп, жиналған жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Талабы таудай талантты жастар көрерменге Абай әндері мен жауһар жырларынан шашу шашып, өнерсүйер қауымның жүрегін жырға толтырды. «Әйкерім» сән театрының дефилесі де көрер­меннің қызығушылығын тудырды. Ұрпағы ұлы ақынның ешқашан ескірмейтін шығармаларынан рухани нәр алуы үшін көрермендерге тұлға туралы кітапшалар таратылды.

Іс-шара аясында қолөнер шебер­лерінің жәрмеңкесі, аудандық шығармашылық ұжымдардың қатыс­уымен мерекелік концерт, «Абай» оқулары, ұлттық спорт түрлерінен спорттық ойындар ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, жыл соңына дейін Медеу ауданында «Достық», «Төле би», «Әйтеке би», «Қазыбек би», «Қа­банбай батыр» көшелерінің мейрамын өткізу жоспарлануда.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *