АЛҒАДАЙ

  • Майдан музасы

  

1Жамбыл ЖАБАЕВ

 

Түнеу күнгі кеткеннен

Ғали, жаңа келдің бе?

Алғадайдың мүрдесін

Жол-жөнекей көрдің бе?

«Топырағың торқа боп,

Тыныш ұйықта» дедің бе?

«Қалай қиып қалдырдың

Қарт әкеңді еліңде?»

Елжірейді өзегім,

Ауырады белім де…

Қаза болып көзелім,

Халім қиын менің де.

 

ІІ

Алатауды айналсам,

Алғадайды табам ба?

Сары-Арқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?

Өлім деген у екен,

Мендей кәріп адамға.

Күнде үйімде күңіренем

Көзіме жас алам да.

 

ІІІ

Құр сүлдерім, есім жоқ,

Жүріп тұрған десім жоқ.

Деп қараймын сәбиге:

«Игіліктің кеші жоқ!»

Бала қалды жетім боп,

Келін қалды жесір боп,

Біздей кәріп кісіге

Көз салыңдар есіркеп.

 

ІV

Темір өзек пенде жоқ,

Өлмес адам елде жоқ,

«Орынсыз деп өлімі»,

Ондай ойлау менде жоқ.

Көп жайланған жабының

Жал-құйрығы сұйылар…

Сол сияқты Жамбылдың,

Жұқарыңқы түрі бар.

Көңілі бос  кәрінің,

Көкейлерің ұғынар,

Көтермей жан жалынын,

Көзден жасы құйылар.

  1943 жыл.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *