АЛҒА ҰМТЫЛУ ДЕГЕН АТТАП ӨТУ ЕМЕС, ОЗЫҚ ЖҮРУ ДЕГЕНДІ БІЛДІРЕДІ

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан тұста Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарық көруі барша қазақстандықтар асыға күткен маңызды құжат болды деуге толық негіз бар. Әрине, тарихи тұрғыдан екі жыл өте аз уақыт, бірақ осы аралықта еліміз бойынша әр салада көптеген игі бастамалар жүзеге асып, қазіргі таңда өз нәтижесін беру үстінде.

Елбасының бұл мақаласы – бағдар­ламалық құжат. Мұнда Президент әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты негізгі бағытын айқындап берді. Барлығы ұлттық экономиканы және отандастарымыздың әл-ауқатын дамыту­мен тікелей байланысты. Мақалада ұлттық сананы жаңаша қалыптастыру, басқа елдердің озық тәжірибесін, жетістіктерін бойға сіңіріп,  пайдамызға асыру керектігі жан-жақты баяндалған. Сонымен қатар, Елбасының руханиятқа, білімге, ғылымға мән беруі – үлкен көрегендік. Бұл – еліміздің болашағы үшін жалғасып жатқан жұмыс.

Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» мақаласында  білімнің салтанат құруына негізгі екпінді қойып отыр. Осы орайда мақалада көрсеткен негізгі мақсат пен міндеттерге жету жолында жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, үлкен өмір айдынына қанат қақтыратын жоғары оқу орындарының  атқарар рөлі аса маңыз­ды.

Рухани дамудың әрбір себілген тұқымы отбасынан бастау алады десек, қателес­пейміз. Себебі, тіл, салт-дәстүр, мәдениет, ұлттық рух пен сана ана сүтімен балаға дари келе, кейін жасөспірімнің  отбасы ошақ қасында алған тәрбиесімен ұштасып, кемел елдің ер-азаматының қанына сіңеді. Ал ұрпақтың отбасында салиқалы тәрбие алуына жауапкершілікті артатын ата мен ана.  Ұлттық рухы мықты, білімі халық­аралық дәрежеге сай, жүрегі «туған жер» деп соққан патриот сезімі лаулаған ұрпағы бар елдің  алар асулары аз емес. Кең байтақ елі, ұлан-ғайыр жері мен рухани байлығы бар қазақ елінің  ертеңі өшпейтін өрке­ниетті ел құру жолында әр отбасы мүшесі, әр саланың маманы аянбай тер төксе,  жарқын болашаққа жетелейтін шыңдарды бағындырарымыз сөзсіз.

Тәуелсіз Қазақстанның  мақсаты айқын, бағыты белгілі. Әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылу жолында латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ. Елімізді рухани жаңғыруға бастайтын өскелең ұрпақты тәрбиелеу   негізгі міндет деп түсінемін. Сондықтан латын әріптерін меңгеру – уақыт талабы. Елді де, ұлтты да біріктіретін ұлы күш – тіл. Елбасы мемлекеттің дамуы үшін латын әліпбиіне көшу қажеттігін айтты. Өз басым қазақ қоғамының латын графикасына көшу керектігін жақтаушылардың бірімін. Менің ұғымымда латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз көп болмақ. Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Сонымен қатар, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты күшейтуіміз керек.

Алға ұмтылу деген көп мәселені аттап өту емес, оңтайлы жолын тауып, озық жүру дегенді білдірсе керек.

Аман ҚҰЛБАЕВ,

 Т.Жүргенов атындағы  Қазақ ұлттық

 өнер академиясы Сахна пластикасы кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *