Акция аясында талай бала мектепке келдi

«Қазақстан Республикасында бiлiм берудi дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» жүзеге асырылып жатыр. Аталған бағдарлама бiлiм сапасын алдағы онжылдықта жаңа биiктерге жетелейдi. Себебi, бағдарламада бiлiм берудi дамытудың негiзгi бағыттары, алға қойылған мақсаттарға жету жолдары мен атқарылатын тиiстi iс-шаралар нақты көрсетiлген.

Осы бағдарлама аясында 120 мың мұғалiмнiң қайта даярлықтан өтуi, 12 жылдық оқытуға көшуi қаралып қоймай, бiлiм берудi қаржыландыру, педагог мәртебесiн көтеру, бiлiм беру менеджментiн жақсарту, «e-learning» электрондық оқытуды дамыту, мектепке дейiнгi оқытуға, орта бiлiмге, техникалық және кәсiптiк, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмге ерекше көңiл бөлу сияқты мәселелер қамтылған. Ал, бағдарламаның басты мiндеттерiнiң бiрi – келешек ұрпағымыздың тәрбиесiне ерекше көңiл бөлу және жастар саясатын дамыту қарастырылған.

Қазiргi таңда аталған бағыт бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Жастардың ең көп шоғырланған ордасы саналатын Алматы қаласында жастар үшiн барлық жағдайлар жасалып жатыр. Осы мақсатта түрлi iс-шаралар өткiзiлуде. Осындай шараның бiрi – жалпыреспубликалық «Мектепке жол» акциясы болып саналады. Акция Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi Балалардың құқықтарын қорғау комитетiнiң бастамашылығымен республика бойынша үстiмiздегi жылдың 1-тамыз бен 30-қыркүйек аралығында өтiп жатыр. Акцияның негiзгi мақсаты – мектеп жасындағы балаларды бiлiм ұйымдарында оқумен қамту, әсiресе, күнкөрiсi төмен отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтiк көмек көрсету болып саналады.

Биылғы оқу жылында да аталмыш акция «Болашақ – бүгiннен басталады» атты ұранмен өтуде. Акция кезiнде бизнес-құрылымдарды, Үкiметтiк емес ұйымдар мен мемлекеттiк органдарды тартып, PR-науқандар мен баспасөз-конференциясы өткiзiледi. Сонымен қатар, бiлiм беру ұйымдарында акция туралы ақпараттық бұрыштар орнатылады. Мiне, Алматы қаласында да қала тұрғындарының көп шоғырланған жерлерiнде қалалық Балалардың құқықтарын қорғау департаментi жанынан құрылған балалар Көшбасшылар кеңесiмен акция логотипi басылған ақпараттық парақтар таратылды. Кеңес белсендiлiгiмен ғаламтор жүйесiнiң «В контакте» әлеуметтiк желiсiнде көшбасшылар кеңесiнiң жеке бетi ашылып, ол жерде «Мектепке жол» акциясы туралы ақпарат ұсынылып отыр. Сонымен қатар, азаматтардың өтiнiштерiн жедел қарастыру мақсатында департаменттiң «264-04-03» сенiм телефоны мен «қоғамдық қабылдау» бөлмесi жұмыс жасауда. Департаменттiң қоғамдық қабылдауында, аптаның әр бейсенбi күнi балалары 1-сыныпқа баратын ата-аналар департаменттiң жанындағы Үйлестiрушi кеңестiң психологтарынан құралған мамандардың психологиялық кеңесiн алуда. Осындай iс-шаралардың артуы, балалар болашағының жарқын болуына өз септiгiн тигiзетiнi сөзсiз.

Келешек ұрпақтың қамын ересек ойлап, жас ұрпаққа қолымыздан келген бар жақсылығымызды жасасақ, олардың ертеңi айқын болары анық.

Нұрлан ТӨЛЕГЕНОВ,

Балалардың құқықтарын қорғау департаментiнiң бас маманы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *