АКТРИСАНЫҢ ӨМІР ЖОЛЫМЕН ТАНЫСТЫ

Биыл Қазақстанның халық артисі Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО  көлемінде аталып өтіледі. Сол айтулы күнге орай жуырда Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада дауыстап оқу сағаты өтті.

Іс-шара барысында Әмина Өмірза­қованың өмірбаяны екі тілде танысты­рылды. Актрисаның жүріп өткен жолда­рынан қысқаша бейнебаян және әр түрлі образда түскен суреттері слайд түрінде көрсетіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақ халқының сүйікті актрисасы Әмина Өмірзақова 1919 жылы 8 наурызда Семей облысының Абай ауданы, Шың­ғыстау бөктеріндегі Қарауыл ауылын­да дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, Қаптығай есімді ағасының қолында өседі. Кейін осы ағасының отбасы 1932 жылы Алматы қаласына қоныс аударады. Осылайша Әмина Өмірзақованың үлкен өмір жолына қадамы басталады.

1934 жылы болашақ актриса Ленинград қаласындағы театр мен кино өнері инсти­тутына оқуға түсіп, небәрі 15 жасында КСРО халық артисі Василий Меркурьев пен профессор Ирина Мейерхольдтан білім алып, актерлік техниканың қыры мен сырын меңгере бастайды.

Оның «Абай әндері», «Ақ раушандағы» рөлдері екінші рет қайталанбайтын дара бейнелер еді. Алғашқысында Ажардың бойындағы төзімділік пен оның достарына деген ыстық ықыласы, турашыл мінезі мен батылдығы Әмина арқылы қазақ халқына кең тарады.

Актрисаның тағы бір есте ерекше қалған рөлі – «Тақиялы періштедегі» Тай­лақтың анасы. Осы Тайлақты сомдаған кейіпкер Әбілғазы Райымқұлов бірде араға көп жыл салып, актрисаның үйіне барғанында ол кісі: «Келмегелі қанша болды? Неге бір шәугім шайға келмей жүрсің?» – деп ұрысып, ілініп тұрған қамшымен әзілдеп ұрмақ болған екен.

Көрермен көзайымына айналған актриса 2006 жылдың қыркүйегінде көз жұмды. Осы кезде ұлы Талас Өмірзақов көпке дейін өзіне келе алмай қиналғанын жасырмайды. Ұзақ уақыт ол үйге келе салысымен бұрынғы әдетінше «Анашым, мен келдім» деп айтатын болған екен.

Соңында мол мұра қалдырған актриса 1965 жылы Қазақ КСР Халық артисі, 1967 жылы қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО-ның жоғарғы марапаты «Еңбек Қызыл Ту» ордені, КСРО-ның «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері атанып, КСРО-ның «Еңбек ардагері» медалімен, 1999 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік марапаты «Отан» орденімен марапатталды. 2001 жылы Қазақстанның Тәуелсіз «Пла­тиналы Тарлан» сыйлығының иегері атанды.

Меруерт ҚҰСАЙЫНОВА, өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің қызметкері.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *