Актрисаға арнау

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Енелер мен келіндер» комедиясы сахналанды

Балнұр АХМЕТ

 

Ұлтымыздың рухани болмыс-біті­мінен бастау алатын салт-дәстүрі­міздің, төл мәдениетіміздің, ұлттық құндылықтарымыздың адам өміріндегі рухани маңыздылығын көрсететін бұл қойылым Қазақстанның Халық әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Роза Әшірбекованың 80 жыл­дық мерейтойына және сахнадағы шығармашылығының 60 жылдығына арналды. Бір отбасының күнделікті күйбең тіршілігінің көрінісі арқылы бүгінгі енелер мен келіндердің кейпін көрсетіп, көрерменді күлкіге кенелт­кен қойылым жиналған жұртшылықты қазіргі қоғам өміріне үңілдіргені анық. 72 жылдық тарихы бар театр сахна­сындағы спектакль сан ғасырлардан бері сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жал­ға­сып келе жатқан салт-дәстүріміз тағылымды тәрбие көзі әрі қазақ жанының ажырамас бір бөлшегі болып қала беретінін айқын аңғартты. Комедиядағы бір әулеттің анасының бейнесін (Риза) Роза Әшірбекова сомдаса, келінінің кейпін (Айнагүл) Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Айгүл Иманбаева кескіндеді. Сондай-ақ, спектакльдегі басты рөл­дерде Қуаныш Тұрдалин (Тұрсынбай), Аида Жантілеуова (Нұржайна),  Ерден Жақсыбек (Алмат), Динара Нұрболат (Ақмарал),  Дарxан Манақов (күйеу бала) Ербол Идрисов (шал) ойнады.

Ата-бабалардың салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген киіз туырлықты қазақ халқында салт-дәстүр мен әдет-ғұрып тұрмыс-тіршілігінің тірегі, әрі алтын діңгегі болып табылады. Тамы­ры терең тарихтың тұңғиығына зер салдыратын салт-дәстүрлеріміз қазақ халқының өмірінің, болмыс-бітімінің, тұрмыс-салтының айнасы іспетті. Жаңа дәуірдегі жаңғыруымыздың негізі, руханиятымыздың өзегі – төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан тамыр жаяды, бастау алады. Жас ұрпақ тари­хи тамырымыз – ұлттық құндылық­тары­мызды сақтай отырып, ана сүтімен жанымызға, қанымызға сіңген салтымызды жаңаша жаңғыртып, бүгінгі өмірімізбен сабақтастыру арқылы ұштастыра білгені абзал. Ұлт тағдыры ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Еліміздің ертеңін жал­ғайтын, келешегіміздің кірпішін қалайтын ұрпақ тәрбиесі отбасындағы ажарына ақылы сай келіндерге қатысты екені анық.

«Келін жолы – үлкен жол» деген халық даналығынан дүниеде адамзат баласының ұрпағын жалғастыратын нәзік жандардың өмірдегі орны ерекше екені айқын аңғарылады. Жазу­шы Әзілхан Нұршайықов «Мәң­гілік махаббат жыры» атты кітабында «Өз балаларыңа ұрыссаң да, келін­деріңе ұрыспа. Келін – ұрпағыңның анасы ғой» деп отбасындағы келіндерге құрметпен қарау қажеттігі туралы ақыл-кеңесін айтады. Келін – келешек ана. Ал ана – отбасының ұйытқысы әрі темірқазығы. Ойлап қарасақ, келін бір ғана әулеттің ұрпағын жалғас­тыратын ана ғана емес, ол – болашақта қоғамның қозғаушы күшіне айналатын жастарды дүниеге әкелетін ұлт ұрпа­ғының анасы болып табылады. Сон­дықтан ұлт тағдыры мен ұрпақ тәр­биесі мәселесі бүгінгі әрбір қазақ отба­сындағы келіндерге тікелей бай­ланысты екенін ешқашан ұмытпа­ғанымыз абзал.

Көрерменге енелер мен келіндер туралы сыр шертетін бұл комедияны жазушы-драматург Сұлтанәлі Балға­баев өнерге өмірін арнаған сахна саңлағы Роза Әшірбековаға арнайы жазғандығын айтып, комедия тарихына тоқталды.

– Бүгінгі қазақ театры өнеріндегі жарық жұлдыздардың бірі – Роза Әшірбековамен 80-жылдардың орта­сы­нан бастап, ұзақ жыл бірге жұмыс істедім. Ол осы өнер ордасында актриса болды. Мен театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқар­дым. Шығармашылығымдағы пьеса­лардың бірнешеуін театр актриса­ларына арнап жаздым. Атап айтсақ, Лидия Кәденоваға арналған «Ең әдемі келіншек»  драмасы осы театрда сахна­ланды. Ал Фарида Шәріповаға арналған «Ғашықсыз ғасыр» драмасы М.Әуезов театрында қойылды. «Ғашықсыз ғасыр­дың» жазылуында Роза Әшірбеко­ваның тікелей әсері болды. Осыдан 20 жыл бұрын Дүние жүзі қазақтары қауымдас­тығында жұмыс істеп жүрген кезімде бір күні кеңсеге Роза Әшірбекова мен Фарида Шәріпова кіріп келді. Біз біраз әңгімелесіп отырдық. Фарида Шәріпо­ваның 60 жылдық мерейтойына арнал­ған пьеса жазу керек екен. Екі актриса сахнада бірге өнер көрсеткісі келетін ниетін білдірді. Фарида Шәріповаға арналған «Ғашықсыз ғасыр» спектаклі М.Әуезов театрында сахналанған­дықтан, Роза Әшірбекова ол қойылым­ға қатыса алмады. Сол кезде «мен сізге арнап пьеса жазамын» деген уәде менің мойнымда қарыз болып қалған еді. Әр түрлі себептермен уәдемді орындай алмай жүргенімде биыл Ғ.Мүсірепов атындағы  театр басшысы Сәбит Әбді­қа­лықов пен театрдың көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек Роза Әшір­бе­коваға арнап пьеса жазсаңыз деген өтініш айтты. Бұл комедияның қысқаша тарихы, міне, осындай. Бүгінгі таңда келіндер мәселесін көбінесе сатиралық жанрда көрсетеді. Ал негізі, келіндер қазақ халқының болашағында үлкен рөл атқарады. Жаңа ұрпақты дүниеге әкелетін біздің осы келіндеріміз ғой. Қазақ халқының болашағы, ұлт ретінде өсіп-өркендеуі келіндерге тікелей байланысты. Бізде мақтан тұтатын жақсы келіндер бар. Біз түскен үйінің түтінін түзу шығару үшін күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген көркем мінезді келіндерімізді көрсетуіміз керек. Қойылымға өнерсүйер қауым өз бағасын беріп жатар, – дейді Сұлтанәлі Балғабаев.

Өнер жолында Роза Әшірбековадан өшпес өнеге алып жүрген Айгүл Иманбаева біраз жылдан бері сахнада оның келінін сомдап жүргенін айтты.

– Бұл қасиетті қарашаңырақта жұмыс істеп жүргеніме 21 жыл болды. Осы театр сахнасында Роза апаймен 15 жылдай әріптес-серіктес  болдым. Ойлап қарасам, сахнада көбінесе Роза апайдың келінінің рөлінде ойнайды екенмін. Оралхан Бөкейдің «Атаукере» спектаклінде ол кісінің келінін ойнаған едім. Бұл қойылымда да оның келінінің бейнесін сомдадым. Театр репертуары­ның қоржынын толықтырған бұл қойылым сахнада ұзақ жылдар жүреді деген үміттеміз.

Сұлтанәлі Балғабаевтың шығарма­шы­лығын қатты құрметтеймін. Оның жазған туындылары қазақ театрлары­ның сахнасында үлкен сұранысқа ие. Бұл шығарма Роза апай екеумізге арнайы жазылған дүние. Сұлтанәлі аға актердің шеберлігіне байланысты кейіпкер кескінін көре отырып шығарма жазамын деп өзі жиі айтады. Осы жолы да солай жазылған болу керек. Сахнаға шыққаннан Роза апай екеуміздің серік­тестігіміз бірден үйлесім тауып, бір-бірімізге қабысып кеттік. Негізі, сахна­дағы серіктестікте бір-бірін үнсіз түсіну, қанат бітіру деген өте жақсы. Жалпы, өнерде де, өмірде де Роза апай­дан үйренетініміз көп. Киелі сахнамызда өнердің биік белестерін бағындырған міне осындай театр тарландарының көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алған мен бақытты жанмын. Театрдағы талантты тұлғалардың өнердегі ізін жалғап келе жатқан Роза апамыз 80-ге толып отыр. 80-ге толды деп айтпайсың «біздің қызды». Роза апамызды «Біздің қыз» деп еркелетіп қоямыз. Сахнада секіріп, билеп, өнер көрсетіп жүрген оған  Құдай күш-қуат берсін деп тілеймін. Өнер жолында өзінің дара ізін салған  оның ғұмыры ұзақ, дені сау болсын.  Соңынан ерген жастарға жол көрсетіп жүрген апамызға тек денсаулық, бақыт, шы­ғармашылық табыс тілейміз.                Роза Әшірбекованың өнегеге толы өнер­дегі жолы біз үшін тәлім-тәрбие алатын үлкен мектеп, – дейді актриса Айгүл Иманбаева.

«Енелер мен келіндер» қойылымы­нан кейін театр сахнасында мерейтой иесін салтанатты құттықтау рәсімі болды. Сахна төрінде 60 жыл бойы көрер­мендерді өз өнерімен тамсан­дырып келе жатқан сахна саңлағының көңілі қуанышқа, құшағы гүлге толды. Мерейлі жиында Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың жылы лебіздерге толы Құт­тық­тау хатын табыстады.

«Құрметті Роза Әшірбекқызы! Мәр­тебелі мерейтойыңыз құтты болсын! Халқымыз Сізді театр өнерінің хас шебері, үлкен дарын иесі ретінде жақсы біледі әрі қадірлейді. Табиғат берген қабілетіңізді шығармашылық ізденіспен ұштастыра біліп, өмірде биік белес­терге қол жеткіздіңіз. Сіз Ғабит Мүсі­репов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 60 жыл үздіксіз қызмет етіп, көрермен қауымның шынайы құрметі мен қошеметіне бөлендіңіз. Өнер жолы­ңыздың бастау шағында Сіз сом­даған Тоғжан, Ботагөз, Мәншүк пен Ақбөпе бейнелері қазақ қыздарының жарқын үлгісі болды. Сонымен қатар, шет ел классикасынан қойылған спек­такльдердегі «Гертруда патшайым», «Аркадина», «Клеопатра Львовна Мамаева» секілді кейіпкерлерді қазақ театры сахнасына алғаш рет шығарған әртіс ретіндегі еңбегіңіз көрермен жадында қалатыны сөзсіз. Ал бүгінгі таңда қазақтың өнегелі, ұлағаты мол аналары мен әжелерінің рөлін тамаша бейнелеп келесіз. Көп жылғы қажыр­лы қызметіңіз мемлекет тарапынан лайықты бағасын алып, «Қазақстан­ның Халық әртісі» құрметті атағына ие болдыңыз, «Құрмет», «Парасат» орден­дерімен марапатталдыңыз. Деніңіз сау болып, еселі еңбегіңіз бен зор абырой-беделіңіздің жемісін ұза­ғынан көре беріңіз. Сізге зор ден­саулық, амандық пен игіліктер тілей­мін» деп жазған Елбасы өзінің Құттықтау хатында.

Сондай-ақ, салтанатты рәсімде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы, Қазақ­станның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағам­бетов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстан театр ассоциациясының Президенті Асанәлі Әшімұлы, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма теа­трының директоры Асхат Маемиров, Ақмола облысының әкімі М.Мыр­залин, Алмалы ауданының әкімі Ж.Естенов, Медеу ауданының әкімі Е.Жылқыбаев мерейтой иесіне ақ ниетке толы Құттықтау хаттарын жолда­ды.

Жиналған жұртшылықпен қуаны­шын бөліскен мерейтой иесі сахнадағы сұлулығының сыры өнерге деген шексіз сүйіспеншілігінде екенін атап өтті.

– Театр – адамның жан-сарайын көрсететін, көңіл терезесіне үңілді­ретін, тарихпен тілдестіретін руханият ордасы. Киелі өнер әлемі адамның жан-дүниесін күнделікті күйбең тіршіліктің тозаңынан тазартады, көңілдің кірін кетіреді. Адамның жан-сарайын нұрландыратын театр – өмірдің айнасы. «Біздің өмірімізде театр бос думан емес, тіршіліктің ісі, қоғамның өсуіне көмектесетін өнер, жаңа өмірдің насихатшысы» деп К.Станиславский театр өнерінің адам өміріндегі рухани маңыздығын атап өткен. Өнер – киелі әлем. Әлі күнге дейін сахнаға шығар алдында жан-дүниеміз теңіздей толқиды, іштей қатты қобалжимыз, уайымдаймыз. Ал сахнаға шыққанда дүниенің бәрін ұмытып кетесің, кескіндеген кейіпке­ріңе айналып кетесің. Кейіпкер келбе­тінің кілтін тауып, бейнесін, жан-дүниесін жарқыратып көрерменге көрсетудің әр түрлі әдіс-тәсілін үнемі үздіксіз ойлап жүресің. Себебі, сахна­дағы саған сеніп тапсырылған кез-келген рөлдің өз жүгі бар, жауапкер­шілігі бар. Қай жерге барсаң да, кейіпкер бейнесін сомдаудағы саған жүктелген жауапкершіліктің салма­ғын сезініп жүресің. Тіпті, түннің бір уағында оянып кетіп, осы жердің қисынын қалай келтірсем екен деп теңіздей терең ойға батып кететін кездерім көп болған. Осы қасиетті қара шаңырақтың кірпішін қалап кеткен театр тарландарымен сахнада серіктес болғаныма бақыттымын. Өнердегі солардың салып кеткен сара жолымен жүріп келемін. Қазіргі таң­дағы менің ұжымым ұйымшыл, тату-тәтті тұра­тын алтын ұжым. Өнер киелі дүние ғой. Өнерге келген адамның ішкі жан сарайы таза болу керек. Өнерді жан-дүниесімен шексіз сүйген, өнерге шын берілген адам ғана сахнаның тылсым сырын сезіне алады. Жалпы, әртістің сахнадағы сұлулығының сыры өнерге деген өлшеусіз сүйіспенші­лігін­де болса керек. Сүйіспеншілігі ғана қанат бітіріп, әртісті өнердің өріне жүздіре алады. Өнерге деген сүйіс­пеншілігінің арқасында оның қанаты талмайды, өнер әлемінің биігіне сам­ғайды, – дейді өнерсіз өмірін елестете алмайтын сахна саңлағы Роза Әшір­бекова.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *