«АКТЕРЛАР ДА САУАТТЫ СЫНҒА МҰҚТАЖ»

Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры 86-шы маусымын ашады

Жақында, нақтырақ айтсақ, 15 қараша күні Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры 86-шы маусымын ашады. Осы күнге орай аталған өнер шаңырағының тыныс-тіршілігін, нендей тың жаңалықтары барын білмекке театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Руслан Токтахуновпен сұхбаттасқан едік.

       – Руслан Абдушүкірұлы, 1934 жылы  25 қыркүйекте Жалал Асимов пен Абдулхай Садировтың «Анархан» музыкалық драмасымен өз шымылдығын ашқан ұйғыр театрына биыл 85 жыл толыпты. Бұл театр шын мәнінде Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық ұйғыр халқының рухани құндылықтарын қалыптастырған алтын бесігіне айналды. Ұлттық театрымыздың соңғы төрт жылында бұл қара шаңырақта сіз директор қызметін атқарып келесіз.  Әлемдегі жалғыз ұйғыр театры дегенде көз алдыңызда нені елестетесіз?

– Шынында да, ұйғыр театры ежелден халқымыздың өлмес тарихын, мәдениетін, тілін, әдебиетін, салт-дәстүрін насихаттап, ұлтымыздың рухани тәрбие рөлін атқарып келеді. Бұл театрдың өркендеуіне күрделі тарихи оқиғалар себеп болғандығы жасырын емес. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы саяси құғын-сүргін кезеңінде ұйғыр зиялы қауымының  түрме-лагерьлерге қамалып, атылып, Ұлы Отан соғысында басым көпшілігі соғысқа аттанғанына қарамастан, ұлттық театр ұжымы өзіне жүктелген жұмыстарын батыл атқарып келді. 85 жыл ішінде ұйғыр кәсіби театр өнерінің дамуына үлес қосқан, бақилық болған барлық  артист, драматург, композитор, суретшіл, жазушылар көз алдыма келеді. Қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов: «Он екі мұқам – ұйғыр халқының «а»-дан «я» әрпіне дейін  барлық ән-күй, би өнерінің жиындысы», – деп баға берген. Рухани мұрамыздың сарқылмас байлығы, ЮНЕСКО тарапынан дүниежүзілік мәдениет құндылықтары тізімінен орын алған «Он екі мұқамды» үйренуде және насихаттауда «Нава» фольклор, «Рухсарә» би ансамбльдері жұмыс атқаруда. Театр директоры ретінде менің негізгі міндетім – театрдағы барлық жұмысты ұйымдастыру, іс барысындағы күрделі мәселелерді шешу болып табылады.

Былтыр театр ғимаратына қайта құрылыс жүмыстарын жүргізу үшін жабылған еді. Қазір барлық инженерлік және коммуникация жүйелері ауыстырылып жатыр. Сахна машинериясы жаңа техникамен қамтамасыз етіледі. Сахнаға жарық беру, дыбыс құралдарының жаңа технологиясы орнатылады. Театрдың ішкі көрінісі өзгереді. Ғимарат толық жөндеуден өткенде, ұжым мүлдем жаңа сахнада өз жұмысын бастайтын болады.

Осыдан жиырма бес жыл бұрын театр ғимараты «жұмыс істеуге жарамсыз» деп жабылған кезде, біз, яғни театр ұжымы көшеде қалдық. Тек еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің арнайы тапсырмасымен Мәдениет министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, халық ішінен жетілген бірталай кәсіпкер, тіпті қарапайым халықтың қолдауымен жеті жылға созылған құрылыс, жөндеу жұмыстары нәтижелі аяқталды.  2002 жылы 1 қазан күні жаңа ғимараттың ашылу салтанатына Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан еді. Енді театрымыздағы бүгінгі құрылыс жұмыстарының себебін түсіндіріп өтсеңіз.

Бұған жауап беру үшін алдымен біздің театр ғимаратының өте ұзақ тарихына көз жүгіртсек. 1935 жылы НКВД-ның (Ішкі істер комиссариатының) 480 орынды Мәдениет үйі болған бұл ғимаратты І  дүниежүзілік соғыстан кейін  жапондық тұтқындар салған екен. Тек 1969 жылдан бастап ғимарат ұйғыр театрының ұжымына берілген. Бұл нысан ешқандай техникалық мүмкіндіктерге ие болмаған. Мәселен, сахна айналмайды, төмен түспейді, жоғары көтерілмейді. 1934 жылдан бастап осы күнге дейін жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Оның үстіне сахнаның ескі шатырдан тамшылаған қар, жаңбыр суының кесірінен әбден шіріген еденін бассаңыз, төменге қарай құлап түсетіндей, жұмыс істеуге мүлдем жарамсыз халге келген. Ал 1994 – 2002 жылдардағы реконструкция кезінде театр үшін маңызды болған сахнаны жөндеу  үшін көп қаражат керек болған. Ол қаражатты үкімет дер кезінде бере алмағандықтан, сахнаны жөндеу жұмысы кейінге қалдырылған екен. Бұл жұмыстарды қайтадан қолға алу үшін театрымыздың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық артисі Мурат Абримұлы Ахмадиев көп күш жұмсады. 2018 жылдың шілдесінде құрылыс басталды. Бұл күндері құрылыс жұмысының 75 пайызы аяқталып, артистер жаңа репетиция залдарында жаттығулар жасауды бастап та кетті. Енді сахна кешені заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Көрермендер залы, вестибюльдің кіре берісі және бүкіл зал жаңаланады.

Театрымыздың уақытша жабылғанына қарамастан, бұл күндері ұжым өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Гастрольдік сапарлар, жобадағы сахна шығармалары дер кезінде көрерменге жол тартуда. Абонементтер жүйесі біздің театрда бірталай жыл бойы қолданылып келеді. 2019 – 2020 жылдардағы абонементтеріміздің бағасы бұрынғы 2500 теңге деңгейінде қалды. Сонымен, бір абонементте барлығы екі спектакль, ал қалған үш қойылым концерт. Біздің спектакльдеріміз негізінен Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында, Тұздыбастау, Ават, Ұзынағаш, Қайназар ауылдарының және басқа да мәдениет үйлерінің ғимараттарында қойылады. Жоспар бойынша 20-21 желтоқсанда Республика Сарайында  жыл сайынғы жаңа жылдық көңілді концерттік бағдарламамызды өткіземіз. Биылғы жаңа қойылымдар – У.Шекспирдің «Ромео Джульетта» (режиссері Ялкунжан Шамиев), Әлімжан Бавдиновтың «Қашғардағы сәуле» (режиссері Азиз Искандаров) тарихи драмасы. Сондай-ақ, «Нава», «Рухсара» ансамбльдерінің жаңа концерттік бағдарламаларын көрсетеміз. Гастрольдік сапарларға тоқталсақ, биылғы шілде айында драматург Ахметжан Аширидің қаламынан туған «Мұқамшылар» музыкалық шығармасымен Түркия елінің Ыстамбұл, Измир, Бурса шаһарларында болып, көрермендердің ыстық ықыласына бөлендік. Драма труппасы Дурнәм Мәшүрованың «Тағдыр қасіреті» драмасы және өзбек драматургы Н.Аббосхоннің «Жалғыз жұлдыз» комедиясымен Алматы облысының Панфилов, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарына гастрольдік сапарлармен барып қайтты. Биыл Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қостанай қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның этникалық театрларының V Республикалық театр фестивалі өтті. Оған «Апат» қойылымымен біздің ұйғыр театры да қатысты. Осы қойылымның авторы және режиссері Ялкунжан Шамиев «Үздік режиссерлік жұмыс» номинациясының лауреаты атанды. Бұл күндері драматург Акимжан Гулиевтің «Дәттикам» комедиясы бойынша жұмыс жүріп жатыр (режиссері Азиз Искандаров). Ал «Нава» және «Рухсара» ансамбльдері  драматург Ахматжан Аширидің  «Чәпбаят» шығармасын  дайындау үстінде.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында: «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен кітапхана, музей мен театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлдем көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмай отыр», – деді Президент.  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды  «Жастар жылы» деп жариялады. Осы тұрғыда театрдағы жастардың әлеуметтік жағдайы қалай, олардың баспана мәселесі қалай шешілуде? 

– Шынымен де, қазіргі уақытта елімізде айлық жалақысы ең төмен – мәдениет қызметкерлері. Артист сахнаға шыққанда, оны күнделікті тіршілігіндегі ешқандай проблемалар алаңдатпауы тиіс. Айлық жалақысы отбасын асырауға жетуі керек. Ол сахнада тек шығармашылықты ойлауы қажет. Жақында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Алматыда зиялы қауыммен кездесті. Министрдің айтуынша, келер жылдан бастап мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақысы 40 пайызға өседі және театр артистерінің айлығы орта есеппен 231 мың теңгені құрайды. Мәдениет және өнер қайраткерлерінің тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында оларға тұрақты тұрғын үй алуға көмектесу үшін бюджетке 3 млн. 700 мың теңге бөлінетіні айтылды. Бұл жастар мәселесін жақсартудың маңызды факторларының бірі, әрине. Біздің театрдағы жас артистердің басым көпшілігі пәтер жалдайды, айлығының көп бөлігін сол жалдамалы пәтеріне төлейді. Сондықтан олар жұмыстан тыс уақытта тойда және басқа да жолдармен ақша табуға мәжбүр. Біздің оларға «Сен неге тойға барасың?» деуге тіліміз бармайды. Бірақ мен артистердің тойда қызмет көрсететіне қарсымын. Егер олардың әлеуметтік жағдайы, тұрғын үй мәселесі үкімет тарапынан қолдау тапса, жақсы болар еді.

Руслан Абдушүкірұлы, театрдың шешімін күтіп тұрған тағы қандай күрделі мәселелері бар?

– Мәселе аз емес. Мысалы, құрылыс біткеннен кейін, заманауи техниканы басқаратын білікті мамандар мәселесі мені алаңдатады. Сондай-ақ, ұйғыр театрының болашақ режиссурасы, сахна суретшісі мәселесі де өз шешімін күтіп тұр. Музыкалық шығармаларда бас кейіпкер рөлін сомдайтын шырайлы дауысқа ие жас актрисаның жоқтығы алаңдатады. Көп жылдан бері әнші Луиза Розахунова барлық рөлді атқарып келеді. Луизаға рахметіміз шексіз. Бірақ актрисаның жасы да қырықтан асты. Екіншіден, кез-келген өнер ұжымы тек кәсіби тұрғыдан берілген сын арқылы өседі. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі таңда театрдағы жаңа қойылымдарды кәсіби деңгейде бағалайтын театртанушы маман жоқ. Бұл өз алдына үлкен проблема. Актерлар да спектакльден кейін сауатты сынға мұқтаж. Кезінде Ахметжан Қадыров театр тарихын, шығармашылығын ғылыми тұрғыда зерттеді. Бұл күндерде Ахметжан ағаның жасы да ұлғайып, зейнетке шықты.

Ұлттық театрдың дамуы үшін жақсы пьесалар керек. Өкінішке орай, бізді ұлттық драматургия мәселесі де алаңдатады. Театрымыз «музыкалық комедия» деп аталады. Бүгінгі репертуарымызда музыкалық комедия неге жоқ? Себебі, сол жанрда шығармашылықпен айналасып жатқан драматург, композитор жоқ.

Театр – тірі организм, сондықтан мәселелер де шаш етектен. Олардың әрқайсысын шешу – театр басшылығының міндеті. Бұл жолда мен жалғыз емеспін, көркемдік жетекші бар. Одан қалса, көркемдік кеңес, драматургтар кеңесі бар. Демек, біз біргеміз. Өзекті мәселелерді шешу мақсатында бірігіп жұмыс атқарамыз.

 

Сұхбаттасқан –  Гүлбахар Насирова.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *