АКАДЕМИЯ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАЛАПТАРҒА САЙ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Сайлау ҚАСАБЕКОВ, «Азаматтық авиация академиясы» АҚ-ның Академиялық мәселелер және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры:

АКАДЕМИЯ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАЛАПТАРҒА САЙ ДАМЫП КЕЛЕДІ

– Сайлау Аманжолұлы, қазір өзі әлемде қиын жағдай орын алып жатыр. Коронавирус пандемиясы жер шарын шарлап кетті. Қызметкерлердің бәрі қашықтан жұмыс істеуге көшті. Бұл қиындық тудырып отырған жоқ па?

– Жоқ. Біз бірнеше жылдан бері қашықтан оқыту технологиясын қолданып келеміз. Себебі, біздің пилоттар жан-жаққа практикаға шығады. Ұшу практикасы кезінде қашықтан оқиды. Қазір біздің 30-дан астам студентіміз шет елде білім алып жатыр. Оларға қашықтықтан сабақ береміз. Өйткені, халықаралық талаптар бойынша егер студент ATPL (пилоттарға арналған арнайлы модульдар) модульдерді бастады ма, соны бітірмей, оқуын аяқтай алмайды. Осы ретте олар шет елде 18 ай оқып, қолдарына сертификаттарын алып келеді. Ал біз басқа пәндерді оларға қашықтан оқытамыз. Сондықтан бұл жағынан тәжірибеміз жеткілікті.

Негізі, оқимын деген балаға қашықтан білім алу қиын емес. Оқу уақытын өзі белгілеп, күні-түні оқыса да материалдардың бәрі жеткілікті. Қосымша білім алуына да мүмкіндік бар. Бірақ жастың аты – жас емес пе, олар кейде қыдырғысы келеді, кейбір уақытта ғаламтордан өзіне қажет емес сайттарға кіріп кетіп, уақытын өткізіп алуы мүмкін. Оның үстіне, қазір WhatSapp,  Instagram, Facebook секілді әлеуметтік желілер көп, олар да жастардың уақытын алады. Егер студенттер Академия ішінде оқитын болса, онда ұстаздармен, оқытушылармен бетпе-бет кездесіп, бір нәрсені түсінбеген кезде сұрақтар қоя алады. Оқытушылармен қарым-қатынас жасап, дос болып, түсініктеме ала алады. Мұғалімдер де студенттерге көзбе-көз тапсырма беріп сұрай алады, бақылап, қадағалайды. Сондықтан қашықтан оқыту технологиясы көп мамандықтарға ыңғайлы болғанымен, авиация саласына онша келмейді. Себебі, бізде қауіпсіздік мәселесі ең бірінші жолға қойылған. Болашақ ұшқыш сапалы білім алуы тиіс. Ал Академияда нәтижелі білім беру мен уақытты пайдалы өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Биік және жарық ғимараттар, заманауи технологиялар, кітапханадағы кең ауқымды кітаптар және де жоғары білікті оқытушылық құрам бар. Бұл сөзсіз білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді. Қазірше әрине, министрліктің тапсырмасына орай қашықтан білім беруді қолға алып отырмыз. Бірақ мүмкіндігінше шақырып алып, осында білім бергенге ештеңе жетпейді. Оның үстіне, біз халықаралық стандарттар бойынша білім береміз. Ертеңгі күні болашақ ұшқыштар жұмысқа орналасып, халықаралық талаптарға сай болу үшін Еуропалық авиация саласындағы талаптарға сай оқытамыз.

– Қазіргі уақытта Академияның барлық білім беру бағдарламасы халықаралық азаматтық авиация ұйымының талаптарына толық сәйкес келеді деп айта аласыз ба?

– Қазіргі уақытта Академияның барлық білім беру бағдарламасы авиациялық оқу орындарына ұсынылатын (ICAO) халықаралық азаматтық авиация ұйымының талаптарына толық сәйкес келеді. ЖОО-ның студенттерді оқытуға, сондай-ақ өз Оқу орталықтарында жұмыс істеп жүрген әуе мамандарының біліктілігін арттыруға арналған барлық халықаралық стандарт пен әлемдік практикаға сай бағдарламалары, қажетті рұқсат құжаттары мен инфрақұрылымы бар.

2013 жылдан бастап Академия базасында ТМД кеңістігіндегі үшінші (Мәскеу мен Киевтен кейін) ICAO авиациялық қауіпсіздік бойынша  субөңірлік оқу орталығы табысты  жұмыс істейді. Оның материалдық-техникалық базасы, оқу-әдістемелік құжаттамасы және нұсқаушылар құрамы ICAO стандарттарына сәйкес келеді. Мұнда дайындалған мамандар тек авиация саласында ғана емес, сонымен қатар құқық қорғау және әлеуетті құрылымдарда да сұранысқа ие.

2016 жылы Академияда Ұшқыштарды даярлау орталығы ашылды. Студенттерде Boeing-737, Аirbus-320 заманауи жаттығу кешенінде және Орталық Азиядағы жалғыз FNTP-II Alsim кешенінде ұшуға дағдылануға тамаша мүмкіндік бар. Жаттығу құрылғыларында студенттерден басқа Қазақстан Республикасы әуе компанияларының ұшқыштары қайта даярлаудан өтеді.

Аспанға алғаш рет студенттер Tecnam-2002 заманауи бір моторлы ұшағымен көтеріледі, содан кейін үлкен әуе лайнері сияқты, тек аспап бойынша және тіпті түнгі уақытта ұшуға болатын екі моторлы Diamond D-42 ұшағымен ұшады. Академияның оқу-жаттығу ұшақтарының паркі үнемі өсіп отырады.

Сонымен қатар, Академия студенттерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ішінен үздіктері Еуропаның ұшу мектептеріне жіберіледі.

Оқуды аяқтап, ұшу және жаттығу практикасынан өтіп, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымда емтихан тапсырғаннан кейін бітірушілер ICAO талаптарына сай (CPL) коммерциялық ұшқыш куәлігін алады.

Академияда, сондай-ақ  әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге оқытатын Техникалық персоналды даярлау орталығы жұмыс істейді. 2020 жылдан бастап осы (A, B1 және B2) санаттағы мамандарды даярлау  (EASA) Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігінің  бағдарламасы бойынша жүргізіледі.

Әуе тасымалы мен логистика мамандарын оқыту (ІАТА) Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының стандарттарына сәйкес жүргізілетін болады. Ол үшін Академияда тиісті Мамандандырылған орталық құрылып жатыр.

Әскери кафедрада оқыған студенттер бакалавр дипломымен бірге запастағы офицер әскери атағын алады.

– Азаматтық авиация академиясы – еліміздегі ұшқыштарды даярлайтын бірден-бір жетекші жоғары оқу орны. Менің білгім келгені, бұл оқу орнында авиацияға қатысты қазақша оқулықтар бар ма, әлде теория жүзінде дәріс алу үшін қазақ балалары міндетті түрде орыс, не ағылшын тілін білуі керек пе?

– Біз үш тілде білім береміз. Бірақ халықаралық талаптар бойынша кейбір модульдік пәндер бар, олар тек қана ағылшын тілінде өткізіледі.

– Жалпы университет түлектерінің жұмыспен қамтылуы қай деңгейде?

– Біздің Академияны бітірген түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші өте жоғары. Өйткені, бұл еліміздегі азаматтық авиация мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орны. Түлектеріміздің 72 пайызы жұмыспен қамтылады. Қалғандары магистратураға түседі, жігіттеріміз әскерге кетеді. Кейбір қыздарымыз тұрмыс құрып, жанұялы болып кетеді. Сондықтан жұмыспен қамтылу мәселесі қажетті деңгейде деп айтуға болады. Біздің студенттеріміз практикадан өту кезінде жұмысқа орналасу мәселесін бірден шешіп алады. Кейде Қазақстандағы әуе компаниялары «мына баланы оқуын бітірген соң бізге жіберіңіз» деп жатады. Отандық және шетелдік компаниялардың біздің түлектерімізге деген сұранысы жылдан-жылға артып келеді. Бұл жерде біздің түлектерімізге кедергі болып тұраған – ағылшың тілінің сапасы.

Тіпті жергілікті әуежайлардан «бізге мамандар жіберіңдер» деген сұраныстар жиі түседі. Қазір Семей халықаралық әуежайынан, Жезқазғаннан да осындай ұсыныстар түсіп жатыр. Өкінішке орай, біздің түлектер онда барғысы келмейді. Көбісі ірі қалада қалғанды қалайды.

Сондықтан биылдан бастап арнаулы оқу орны (специальное учебное заведение) дәрежесін Академияға беру тұралы Мәжіліске ұсыныс беріп жатырмыз. Егер бұл іске асса, бізде бітірген түлектер сонда үш немесе бес жыл, мамандығы бойынша Қазақстан авиакомпаниларында жұмыс істейтін болады. Болмаса, оқуға түскен шығынын қайтарады. Бізде мәселен бір ұшқышты дайындау үшін 20 миллион теңге кетеді. Тікұшақ жүргізетіндерге 45 миллион теңге шығын шығады. Ол қаражаттың бәрі мемлекет тарапынан бөлініп отыр. Ал ұшақ жөндейтін механиктерді дайындау үшін әлемдік талаптар бойынша, олардың әрбіріне 40 мың доллар кетеді. Сондықтан осындай жүйені қолға алуды ұйғардық. Үкімет мұны қолдап, қазір құжаттарымыз Мәжілісте жатыр. Егер халық қалаулылары мұны мақұлдаса, онда біз тікелей Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайтын боламыз.

– Негізі халықаралық әуежайларда жұмыс істеу үшін ұшқыштарда кемінде мың сағат «ұшу тәжірибесі» болуы керек екен. Ал сіздерде түлектер 240 сағат ұшу тәжірибесінен өтеді. Бұл ертең олардың жұмысқа орналасуына кедергі болмай ма?

– Ұшқыштарды дайындаудың үш деңгейі бар. Біріншіден, ұшудың теориясын үйреніп, студенттер Tecnam-2002 заманауи бір моторлы ұшағымен көтеріледі, 160 сағат ұшып. Одан кейін 80 сағат екі моторлы Diamond D-42 ұшағымен ұшады. Оқуды аяқтап, ұшу және жаттығу практикасынан өтіп, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымда емтихан тапсырғаннан кейін бітірушілер ICAO талаптарына сай (CPL) коммерциялық ұшқыш куәлігін алады.

Біз алдымен кішігірім ұшақтармен ұшырамыз. Сосын студенттер Boeing-737, Аirbus-320 заманауи жаттығу кешенінде дағдыланады. Оқу бітірген соң мәселен «Эйр Астанаға» барса, олардың өзінің ұшақтары бар. Енді онымен ұшу үшін тағы да оқып, үйренуі керек. Емтихан тапсырып, қосымша сол типтегі ұшақпен ұшуы тиіс. Бұл ретте біз студенттерге дипломнан бөлек қосымша 14 сертификат береміз. Сосын коммерциялық ұшқыш куәлігі – CPL сертификатын алады. Мұны алғаннан кейін кез-келген әуе компаниясына барып, солардың емтихандарынан өтіп, қосымша өзі жүргізетін типтегі ұшағына отырады. Бұл – дүниежүзілік тәжірибе.

– Бүгінде еліміздегі оқу жүйесі халықаралық стандарттарға көшіп жатыр. Академияның материалдық-техникалық базасы заман талабына сай ма?        

– Ұшқыш болуды бала кезінен армандаған жастарымыз Академияға оқуға түсіп, армандарын шынайы өмірде ұштай алады. Академияның жаңарған техникалық базасы жастарымыздың жоғары білікті маман болып қалыптасуына толықтай кепілдік береді десек болады. Сонымен қатар академияның оқытушылық құрамы да өздерінің біліктілігін заман талабына сай ұштап, балаларға терең білім беруге машықтанған.

Бүгінде Азаматтық авиация академиясы  Еуропаның дамыған елдеріндегі азаматтық авиация саласына ұшқыштар даярлайтын оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатып, жан-жақты жұмыс істеп жатқанын атап айтуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстары Азаматтық авиация академиясының өз саласы бойынша Орталық Азияда көшбасшы оқу орынға айналғанын көрсетеді. Сондықтан азаматтық авиация саласының маманы болуды армандаған кез-келген жас академияны таңдауына болады.

– Жастарды қызықтыратын сұрақ жатақхана мәселесі. Бұл жағы қалай шешілген? Жеткілікті ме?

– Басқа қаладан келген студенттер оқу корпусына жақын, Академия аумағында орналасқан және 380 орынға арналған жатақханамен қамтамасыз етіледі.

Ең бастысы – болашақ әуе мамандарын жоғары білікті профессорлар, оқытушылар және тәжірибелі (тәлімгер) нұсқаушылар оқытады. Мысалы, белгілі қазақстандық авиатор Ербол Оспанов Азаматтық авиация академиясының Әуе кемелерін ұшуда пайдалану кафедрасының меңгерушісі. Ол 1992 жылы Қазақстан Республикасы Президенті лайнерінің бас ұшқышы қызметіне шақырылды. Ербол Оспанов бұл жауапты қызметте 17 жыл жұмыс істеді. Ол ТМД-да бірінші болып Боинг-747 ұшағын басқарды. Ербол Оспанов ұзақ уақыт бойы «Эйр Астана» әуе компаниясының вице-президенті болып жұмыс істеді.

Сондықтан да Академия біздің еліміздің жастары үшін ғана емес, сонымен қатар көрші мемлекеттер: Ауғанстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қытай үшін де тартымды. 2019 жылдың соңында Азаматтық авиация академиясы ICAO аясында әрекет ететін ALICANTO – әлемдегі авиациялық жоғары оқу орындарының халықаралық қауымдастығының мүшесі болды.

– Мәселен, Испанияда болашақ ұшқыштарды біздікіндей төрт жыл емес, тоғыз айда-ақ дайындап шығады екен.  Демек, мектепті бітіріп келген жас тоғыз ай пилоттық дәріс алса, оның құжаттарын алады. Бұл – біздегі жүргізуші куәлігін алған секілді, қысқа мерзімдегі пилот дайындау деген сөз. Ал бізде қалай? Біз мемлекеттік стандарттан ауытқуға болмайды дегенді алға тартып, қажетсіз пәндерді тықпалап, студенттердің басын қатырамыз. Неге Испания секілді болашақ мамандарды тек ұшақтың белгілі бір саласы бойынша дайындап шығармаймыз? Мысалы, авиация академиясының студенттеріне философия, филология, политология секілді толып жатқан гуманитарлық пәндер неге керек? Біз бірінші-екінші курстарда жалпылама білім береміз де, одан кейін барып арнайы дәріске көшеміз. Неге қысқа мерзімде маман даярлау мәселесін қолға алмасқа?

– Жоғарыда айтқандай, бізде бір ұшқышты дайындауға 20 миллион кетеді. Бұл тек практикасына ғана кететін қаражат. Одан бөлек, 600 мың теңге жылдық оқу ақысы бар. Ол да мемлекет есебінен бөлініп отыр. Одан кейін әрине, мемлекеттік стандарт бар. Біз одан ауытқи алмаймыз. Дегенмен биыл біраз өзгеріс жасадық. Мәселен, политологияны алайық. Біз бұл ретте жалпы политологияны оқытпаймыз. Тек мамандыққа байланысты дәріс берілу керек. Өйткені, біздің ұшқыштар ертеңгі күні шет елге барады. Онда авиация саласы қалай дамып жатыр, саяси жағдай ушығып тұрған жоқ па, неше түрлі халықаралық ұйымдар бар, оның бәрін болашақ ұшқыш біліп отыруы керек. Философия да солай. Ол жерде жалпылама философия оқытылмайды. Тек авиация саласына қатысты білім беріледі. Логиканы дамытатын сұрақтар беріледі. Себебі, болашақ ұшқыш тез, жылдам әрі сапалы шешім қабылдап үйренуі тиіс. Демек, кез-келген дәріс сол мамандыққа байланысты өтуі тиіс.

Сонымен қатар, Академия құрамында ұзақ жылдар бойы Авиациялық колледж жұмыс істейді. Сіз көтерген мәселені осы жерде дамытуды ойластырып отырмыз. Өйткені, қазір әуежайлар мен әуе компанияларына жоғары білімді маманнан бөлек, орта авиациялық білімі бар жұмыскерлер керек. Академия ректоры Бекен Сейдахметов осы мәселелерді көтеріп, мұны жан-жақты, кешенді түрде шешуді қолға алып отыр. Ол кезінде Авиация комитетінің төрағасы болғанда қазақстандық әуе компанияларын «қара тізімнен» алып шыққан болатын. Енді міне, Академияны халықаралық деңгейге көтеруге келіп отыр.

Әңгімелескен – Серік ЖҰМАБАЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *