Академик

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,

публицист-жазушы

 

Бүгінде академиктер көп. Ана салада, мына салада өздерін академик етіп алған­нан кейін солай болды. Академик дейтін айбарлы атақтың қадірі қашты. Тіпті заңды, құқылық орны анық акаде­мияның мүшелерінің де майдаланған жәйі бар.

Ал енді біздің бұл мақаламызға тақырып етіп алған әйгілі ғалым Рақымжан Елешұлы Елешев кім? Ол кісі қай дәре­жедегі ғалым? Азаматтық тұлғасы қандай? Айтар сөзі, ұстанымы ше?  Біз осы сауал­дарға лайықты жауап беру үшін  де қасиетті қаламды қолға алдық.

Бәлкім, сіз де Рақымжан Елешевті білетін шығарсыз. Дегенмен, айта кетейін: Рақымжан Елешұлы ауылшаруа­шылығы ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлт­тық Ғылым академиясының, Қазақстан Ауыл шаруашылығы академиясының, Ресей Ғылым академиясының, Мәскеу қаласындағы Халықаралық Аграрлық білімдер академия­сының, сол секілді Қазақстанның Жоғарғы мектебі акаде­миясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығы­ның, А.И.Бараев және А.Байтұр­сынов атындағы ҚР Мемле­кеттік сыйлық­тарының, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, ҚР Ғылымға еңбек сіңірген қай­раткері, ҚР және Ресейдің бірнеше жоғарғы оқу орындарының құрметті профессоры. Иә, бұдан артық қандай абырой-атақ керек?! Ол өз саласы бойынша әлемдегі танымал тұлғалардың бірі десек те болады.

– «Балалық шағы өткен жерде адамның жүрегінің жартысы қалады» демей ме аталарымыз. Менің жанымның бір бөлшегі өзім туып-өскен Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданындағы Саралжын деген аядай ауылда, – дейді әңгімені  ұйытып айтатын ағамыз. – Міне, сол ауылда 1938 жылдың 13 маусымында дүниеге келдім.

Әркім туған топырағын мақтайды. Рахаң да солай: «Саралжын – күллі Батыс Қазақстан өңіріндегі ерекше өңір. Ол әйгілі Мұхиттың туған жері. Әруағыңнан айна­лайын Мұхит бабамның бейіті біздің ауылдың қорымында. Сол секілді, үлкен қоғам қайраткері, атақты Алаш арыстары­ның бірі, Ресейдің І Мемлекеттік Дума­сының депутаты болған Бақытжан Қара­таев Саралжын топырағынан жаратылған. Осындай киелі жерде туылға­ныма мен де марқаямын, мақтанамын. Ол ауылда күллі қазақтың қасиеті бар. Өте ақынжанды, дәстүрлі ауыл».

Егер сұм соғыс ардақты әкесін жалма­маса, негізгі тегі Сарыбасов Рақымжан болар еді. Онда бүгінде бәрі ол кісіні Рақымжан Сұлтанғалиұлы деп жүрер еді. Қайтерсің, қарғыс атқыр қу соғыстың ылаңы… Төрт жасында әкесінен айырылды. Анасы жап-жас, үріп ауызға салғандай, сылаңдаған сұлу келіншек кезінде жесір атанды. Содан оны әкесінің туған інісі Қайырғалидың үйіндегі апасы Ұрқыш Сұлтанғалиева бауырына басып, өсірді.

Ұрқыш апа аяулы жан еді. Есі кіре бастағаннан құлағында қала берсін деді ме:

– Әкеңді де, Қайырғали көкеңді де 1942 жылы әскерге шығарып салған едік. Екеуі де сол жылдың күзінде қайтыс болды, – деп көзіне жас алады екен.

«Ол кісілер туралы қанша рет айтса, сонша рет ыстық жасын төгетін еді, қайран апам. Қазір осыны айтып отырғанда мен де көз жасыма тұншығып әзер отырмын», – дейді ағамыз.

Мұндайда жылаған да жөн шығар. Жүрегі бар кісілер егіледі, жүрегінің түпкі­рінде қимастарына деген сезімі өшпестей ұялаған жандар ғана жылап еске алады дейді, менің бір ойым. Өйткені, олардан артық, олардан жақын кім бар дейсің?! Содан кейін де ғұмырларын алаңсыз өмір сүруімізге арнап, көз жұмған әкесі мен көкесін еске алып отыр.

Бертінде әкесін іздеді, сүйегі жатқан топырақты да  тапты. Ол кісі Смоленскі қаласының түбіндегі Березка деген жерде қайтыс болыпты. Сөз жоқ, сол жер үшін болған қанды шайқаста қаза тапқан. Кейін опат болған күллі қаруластарына арналып ескерткіш орнатылып, мемориалды тақта тұрғызылыпты. «Ішінен әкемнің ойылып жазылған аты-жөнін оқыдым. Соның өзі көңілі бос мен үшін көзін, өзін көріп, жүздес­кендей әсер етті,– дейді  ағамыз қамығып.

Аяулы Ұрқыш апасы құрсақ көтер­меген кісі екен. Оқымаған, сауатсыз, бірақ санасы сергек, кісілігі зор жан болыпты. Жалғыз өзі қанша қиыншылық көрсе де, мойымай, тұрмыстың тауқыметіне илікпей, Рақымжанды туған ұлындай тәрбиелеген. Әйткенмен жас емес пе, екі тізесін құшақтап қашанғы жүрсін, өміріме серік болсын, мына жетім балаға екеулесіп пана болайық деді ме, Рахаң алты жасқа келгенде бір кісіге тұрмысқа шығады.

«Есімі – Елеш. Ол кісі келе-келе басқа біреу емес, өзімді өмірге әкелген туған әкемдей боп кетті. «Әкең кім?» десе, «Елеш» дейтін болдым. Жақсылығымен, жанының жомарттығымен, мол мейірімімен баурап алған адамды мен де шын ниетіммен жақсы көрдім. Әкемнің орнына – әке болды! Әуелі мектепке барған кездегі фамилиям Сарыбасов болса, төртінші сыныпты бітіргенде ешқандай карсылық­сыз тегімді өзгерттім. Сөйтіп, Елешев Рақымжан Елешұлы болдым», – дейді Рахаң өз тегі туралы әңгімесінде.

 

***

 

Рахымжан Елешұлының арманы Мәс­кеуде оқу еді. Жолдама бойынша дипло­маттар даярлайтын институтқа құжаттарын шілденің жиырмасына дейін тапсыруға тиіс болатын. Одан қалды. Не керек, 24-і күні алтын медаль куәлігін әзер алды.

Енді не істеу керек? Шынын айтқанда, Оралда қалуға көңілі соқпады. Оқысам, Алматыда оқиын деді алып ұшқан жүрегі. Вокзалға барды. Жүргінші көп, билет жоқ. Не болса да жетуім керек, оқудан қалма­уым қажет деп, әйтеуір ілікті-ау пойызға. Осылайша ауыр жолдың әлденеше күндік азабы мен машақатын тартып, 30 шілдеде Алатаудың баурайындағы әдемі қалаға табан тигізді.

– Келуін келдім-ау, енді қай оқуға барайын? Сол-ақ екен, ойыма Тау-кен институтында оқитын жерлес жігіт оралды. Қыста келгенде үстіне киген қонымды костюм-шалбары, сол киіміне лайықты бас киімі ұнаған. Ол оқитын оқу орнындағы­лар­дың бәріне осындай киім береді екен. Студенттеріне берілетін стипендиясы да басқа оқу орындарына қарағанда жоғары. Институт сол кездегі Ленин даңғылының бойында болатын. Жатақханасы да жанын­да еді. Алтын медальмен келгендер ешқан­дай сынақсыз студент атанады. Әрине, қуан­дым. Сөйтсем, ерте қуанып­пын. 2 та­мыз күні институттағы жөндеу-сырлау жұмысын жасап жатқан жерге келсем:

– Елешев, сені деканаттан іздеп жатыр, – дейді. «Неге іздеді екен?» деп елеңдеп жетіп барайын.

– Сенің құжаттарың дұрыс емес. Алған анықтамаң жарамайды, – дейді. Жарамай­ды дегені әлі күнге дейін нөмірі өзгермеген 286-дәрігерлік анықтама.

– Неге жарамайды, ауданнан алдым ғой!? – деймін жыларман болып.

– Жарамайды, – дейді деканаттағы кісі жаттанды сөзінен жаңылмай.

Содан кейін не болсын, басы салбырап, салы суға кетті. Бір күн бұрын тапсырған құжаттарын қайтадан қолына алды. Басқа оқу орнына барайын десе, қабылдау емти­хандары басталып кеткен. Алматыда барар жер қалмаған. Вокзалға қарай төмен  түсіп келеді.

Күн ұясына еніп бара жатқан кез. Ілбіп басып келе жатып көшенің сол жағындағы ғимаратқа көзін түсіп кетті. Бұл қандай мекеме болды екен деп маңдайшадағы жазуға қараса, «Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институты» деп қойыпты. Іші тағы да удай ашып сала берді. «Неге осында келмедім екен?» деген өкініш те өзегін өртеді. Мұғалім де қадірлі маман­дық қой. Бір кездері мұғалім болуды да армандаған. Бүкіл ел сыйлайды. Ауылдағы таза жүріп, таза тұратын ең зиялы қауым өкілдері солар. Өзіне сабақ берген ұстаздары бірінен-бірі өтеді. Шіркін, осы кісілердей болсам деген кездер артта қалды. Енді міне, жүрісім мынау… Көз алды тағы да шықтанып сала берді.

– Сондағы тұрысым осы сәтке дейін көз алдымда, – дейді ағамыз. – Бұтымда қара шаравар шалбар. Кеудемде вилветка костюм. Сол уақыттағы киімнің түрі  осы еді…

Ол өстіп институт ғимаратының алдын­да аяғы байланғандай болып тұрғанда ақ китель киген екі кісі әңгімелесіп сыртқа шықты. Анадай жердегі ақ «Волганың» жанына барып тағы да біраз тұрды. Содан бір кезде шашы толқынды келген сұңғақ бойлы кісі:

– Әй, не қып жүрген баласың сен? – деді жұлып алғандай.

– Абитуриентпін, аға.

– Қайдағы абитуриент? Қайда тапсырдың?

– Тапсыра алмадым. Енді оқуға түсе алмай кетіп бара жатырмын.

– Бірінші емтиханнан құлап қалдың ба? – деді әлгі кісі сауалдарын үстемелетіп.

– Жоқ, аға, құлаған жоқпын. Мен – медалистпін.

– Медалистпін дейсің бе?.. Ондайлар ешқандай сынақсыз қабылданбаушы ма еді?..

– Мені де сынақсыз қабылдаған… Бірақ бүгін…

– «Бірақ» дейсің, сонда не болды? Өзі, қайдан келген баласың?

– Қаратөбеден.

– Қаратөбеден?.. Сонда сен Оралдың арғы жағынан оқу іздеп келдің бе? Ғарифолланың ауылынан… Қаратөбе соның ауылы емес пе?

– Иә, аға, сол кісінің ауылы…

–  Ғарифолланың ауылынан келсең, сенің мұнда кімің бар?

–  Ешкімім жоқ, аға, – дедім даусым дірілдеп. Көзіме лықсыған жас алдымды бұлдыратып жіберді.

–  Онда медалист деген қағаздарың қайда, әкелші көрейік, – деген соң сандық­шамды аштым. Ерекше куәлікті қолына бердім. Қарады. – Сонда не дейді?

– Медициналық анықтамаң дұрыс емес дейді. Көзің нашар көреді дейді. Бірақ менің көзім дұрыс, аға…

– Әй, оңбағандар-ай, ә! Сенің обалыңа қалған екен ғой, – деді күйініп. Содан кейін бетіме ойлы көзбен қарады. – Біздің институтқа түсесің бе?

– Кешігіп қалдым ғой, аға. Енді мені қабылдай ма? – дедім сөзіне сенер-сенбесімді білмей.

– Жоқ, сен өзі бізде оқығың келе ме? – деді.

– Оқимын, – дедім ілезде үнім өзгертіп.

  Сөйтсем, ол кісі әйгілі Мәлік Ғаб­дуллин екен. Есімін ауылда жүргенде-ақ жақсы білетінбіз. Ұлы Отан соғы­сының қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, үлкен әдебиетші-ғалым. Мәлік аға өзім ауласында тұрған ҚазПИ-дің ректоры екен.

Ал мені тапсырған адамы Жәукен Амантаев деген тарихшы-ғалым, профес­сор, өзі ақтөбелік екенін кейін білдім.

Рахаң осылай ойламаған жерден ҚазПИ-дің студенті болып шыға келді. Лениндік стипендия алып оқыды. Қоғам­дық жұмыстарға белсене араласып, инсти­тут­тың комсомол ұйымын басқарды. Өмір­лік сыңарын жолықтырды. Тұрғанай екеуі оқу бітірер жылы үйленді. Екеуі де Алма­тыда қалдырылды. Тұрғанай – Зоо­тех­ника­лық-малдәрігерлік институтына, ал өзі Ауыл­шаруашылығы иститутына барды. Жұмыс істей жүріп, агрохимия саласын зерттеді. Ол үшін ең әуелі ауылшаруа­шы­лығы саласы бойынша жоғары оқу орнын бітіру керек еді. Сондықтан ассистент бола жүріп, сырттай оқып, Ауылшаруашылығы институтының Агрономия факультетін бітірді. Кандидаттық жұмысты қорғаған кездегі ғылыми жетекшісі – химия саласын өте жетік білетін Дәулетбай Қадырұлы Мәде­нов болатын. Сол кісінің бағыт-бағдар беруі, ақыл-кеңесімен Жамбылдағы супер­фосфат зауытынан шығатын амофос тыңайт­қышының топыраққа әсерін, оның алынатын өнімге қатысын жан-жақты зерт­теп, 1968 жылы кандидаттық диссер­тация­сын сәтті қорғап шықты. Ұстазының кеңесімен, Қазақстан топыра­ғындағы фосфорлардың түрлері және сол фосфор­лық түрлердегі қосылыстардың өсімдіктерге тигізетін әсерін түрліше табиғаттық жағ­дайда зерттей бастады.Осы жолда  мәскеу­лік ғалымдармен жүздесіп, етене араласты. Талмай ізденудің нәтиже­сінде «Фос­форлық тыңайтқыш және оның өсім­дік­терге тигі­зетін әсерлері» атты моногра­фиясын жазып, еңбегі  ғылыми ортада  тың ізденіс ретінде жоғары баға­ланды. 1984 жылы Мәскеудің К.А.Тими­рязев атындағы ауылшаруашы­лығы акаде­миясының ғылы­ми кеңесінде докторлық диссерта­циясын қорғады.

Ілгерілеген жылдармен бірге Рақымжан Елешұлының қызметі де өсе берді. Агро­номия факультеті деканының орынбасары болды. Одан кейін декандық қызмет атқарды. Ректордың орынбасары, бірінші орынбасары лауазымында отырды. Міне, сол кезде Алматыда әйгілі Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете түсті.

«Зиялы дегеніміз – өз ұлтының мұңы мен мұқтажын сезіне отырып, халқын ешнәрсеге сатпай, қорғай білетін азамат», – депті қазақ ұлты үшін ақырғы сәтіне дейін алысқан, алған жолынан айнымаған Мұстафа Шоқай. Халқың­ның ауыр сәтінде болыса алсаң, бұл – батырлығың. Қиналып тұрып, үндемей қалу да ерлік екенін сол бір желтоқсан күндерінде бәріміз айқын ұқтық.

«Алаңға барған, көшеге шыққан жастардың кез-келгенін буындырсам, қолым қалтырамас еді!» дегендерді де ұшыраттық. Бірақ бәрін уақыт өз орнына қойды. Желтоқсан көтерілісі – қазақтың жан жарасы боп қалды. Уақыт алға озған сайын осы бір оқиға Қазақ тарихынан ойып орын алатын күрес болып, бағасы арта беретіні күмәнсіз.

– Көтеріліс дүмпуі басылып-жаншыл­ғаннан кейін жазалау науқаны кең етек алды. Бізден де біраз студент қармаққа ілінді. Біраз деймін, тіпті қанша екендігі де есімде. 187 кісі тізімге алыныпты. Ректо­рымыз Борис Петрович Шах өзіне шақырып алды. Институттың партком хатшысы Дүйсенов болатын. Ол кісі жанында отыр.

– Әлгінде ғана обкомнан 187-сін де оқудан шығарыңдар деген тапсырма берілді. Біз обкомның талабын орында­мауға қақымыз жоқ, бәрін де оқудан қууымыз керек, – деді. Мен ғылым жағын басқаратын проректор едім.

– Жоқ, өз басым бұған келіспеймін! – деп бірден өре тұрдым.

– Неге келіспейсің? – деді ректор.

– Келіспейтінім, осының бәрі ай-шайға қаратпай оқудан қуып шығатындай қыл­мыскер емес шығар. Ішінде қосақ арасы боп бара жатқандары да кезігуі мүмкін. Сол себепті, бәрімен сөйлесейік, кім екенін білейік. Не істеп, не қойғандарын өздерінен сұрайық, – дедім.

– Олар көп қой. Ал берілген тапсырма өте шұғыл. Бізге тезірек не істеп, не қой­ғандарың жөнінде есеп беріңдер деп дікеңдеп жатыр.

– Жоқ, Борис Петрович, өткізуге тиіспіз. Бұл жерде адам тағдыры туралы мәселе боп отыр, – деп қасарысып бақтым. Сол кезде жалғыз емес екенмін, арамыздан мені құптаушылар да табылды.

– Сөйтейік, обал боп жүрмесін, – деді олар да.

Сонымен, түстен кейін, сағат үштер шамасында кірісіп, келесі күні таңғы жеті жарымда әзер бітірдік. 187 қыз-жігіт көз алдымыздан өтті. Бәрін арашалай алсақ, тіпті жақсы болар еді. Оның орайын келтіре алмадық. Алпыс жетісі ғана оқудан шығарылатын болды. Шыны керек, оларға ара түсе алмағанымызға әлі күнге дейін өкінемін… Бірақ солардың өзі кезіккен сайын:

–  Рақым аға, сізге ризамыз. Біз үшін шыр-пыр болдыңыз ғой, – дейді.

Желтоқсан сүргіні Рахаңның өзін де айналып өтпеді. Алдындағы өздері құрған тексеру комиссиясының кезіндегі жана­шыр­лық әрекеті аяқсыз кетпеді. Бір «мықтының» ісі ме, әйтеуір нысанаға ілінді. Желтоқсаншы жастардың қам­қор­шысы, қорғаны, жанашыры деп соңынан шам алып түсті.

Жүрген-тұрғаны бақылауға алынды. Бір күні Дзержинский көшесін­дегі мекеме­леріне шақырды… Оралға институтқа рек­тор­лыққа баруға бұйрық күтіп, үміт­теніп жүрген кезі еді. Әйтеуір жоғарыдан бір кісілерді араластырып жүріп орнында қалды.

 

***

 

– Докторлық жұмысымның тақыры­бына орай дүниежүзілік даңққа бөленген орыс ғалымдарымен қатар жүрдім. Мен сияқты қоян-қолтық араласқысы келіп, ыңғайланған талай кісіні ұшыраттым. Бірімен дос та болдым. Ол ғалымдығымен емес, былайғы өмірдегі кісілігіне тікелей байланысты еді. Алматыға келсе, жақсылап күтіп, қонақ етемін. Менің жолым Бакуге түссе, ол да жайылып жастық боп қалады. Агрохимия саласынан еңбектеніп жүрген­нен кейін талай мәрте Мәскеуде де бірге болдық. Бірақ докторлық жұмысы әбден қинады. Үшінші, төртінші мәрте ұсынғанда да, «мына күйінде жарамайды» депті өзі тонның ішкі бауындай араласып жүрген академик-ғалымдар. Көңілі әбден құла­зыды.

– Рақымжан, сен досымсың ғой, маған болыссайшы. Сен Андрей Васильевич Соколовпен өте жақсысың ғой, мен туралы бір ауыз сөз айтшы, жұмысымды кідірт­песін. Енді бесінші ретте өткізбесе, білмей­мін, қалай болатынын, – деді.

Мен де пендемін, қалай «жарайды, айтсам айтайын» деп уәде бергенімді өзім де білмей қалыппын. Уәде бергеннен кейін сөзде тұру керек. Келесі күні әдейілеп алдына бардым. Сөз арасында әзербайжан досымның жайын қозғап, «болыса салсаңыз қайтеді?» деп едім, бетіме «осыны шынымен-ақ сен айтып тұрсың ба?» дегендей бажырая қарады.

– Рақымжан Елешевич, сенің жаның ашып, жәрдемдессем деген азаматың ғалым емес. Қайта-қайта тықпалайтын еңбегі докторлық жұмысқа мүлде маңайламайды. Егер осы күйінде қорғатып жіберсек, күні ертең ол да сен секілді ғылым докторы болып шыға келеді. Сен де ғылым докторы­сың. Аспан мен жердейсіңдер! Сен соны түсінесің бе?! – деді. Сонда мен «ұялған тек тұрмастың» керімен:

– Ол енді өз республикасына кетеді ғой… Мен Алматыдамын, – дедім.

–       Жоқ, ғылым республикаға бөлін­бейді. Онда шекара деген атымен жоқ! Мұнда ұлт туралы да айту әбестік. Ғылым – ғылым! Біз дүниежүзілік деңгейді ойла­уымыз қажет. Мұндай мәселеде туыстық, жолдастық, жерлестікке байланысты көз­қарас ұстансақ, ғылым – ғылым болмай­ды, жылым болады. Осыны ол досың түсінсін. Егер ол ертеңін ойласа, респуб­ликасындағы ғылымның болашағына жаны ашыса, тағы да ізденсін, еңбектен­сін. Жақсы ғалымның артынан – жақсы ғалымдар ереді. Ал деңгейі төмен ғалым­ның артынан өзі секілді ғалымсымақ­тар балалайды.

Сен сөзін сөйлеп, мені болыс­са екен деген досың тура осы айтқа­нымдай ғалым. Бүгін көңіліңді жықпай қорға­тып жіберсем, ертең оның соңынан тұтас бір лек ілеседі. Ондай атына заты сай болмайтын өтірік ғалымдар кімге керек? – деді.

Андрей Васильевич осы сөздерін маған түсінеді деп, жаны ашып айтты. Шындықты мойындау керек қой! «Әттеген-ай! Бекер-ақ араласқан екенмін. Енді мен туралы ол кісінің пікірі өзгеретін болды-ау» деп өте ыңғайсыз күйде отырдым. – Рақымжан Елешевич, қалай, саған ауырлау айтып қойдым ба? – деді артынан.

– Жо-жоқ, сіз өте дұрыс және орынды айттыңыз. Енді бұл сөзіңізді ешқашан есімнен шығармаспын. Осы үшін рақмет! – дедім, бір жағы кешірім сұраған болып.

«Даналықтан асқан байлық жоқ, білімсіздіктен асқан кедейлік жоқ, тәрбие­ліктен асқан мұра жоқ, кеңестен асқан қорған жоқ», – дейді Мұхаммед (ғ.с.с.) пайғамбардың күйеу баласы Имам Әли. Мен де осыны қайталаймын. Әркім әліне қарай әлектеніп, шабу керек қой! Ғалым болғың келе ме, алданба, елді алдама, ғылымға өміріңді арна. Әйтпесе, отырған креслоны малданып, иі жұмсақ профессор, академиктерді «құлдай жұмсап» ғалым атану – бейшаралық қой!.. Өзін адам санай­тын кім-кімнің де мұншалықты майда­лануына, киелі нәрсенің құнын кетіруіне жүрегім ауырады…

Академик ағаның осы сөздерін естіп отырып менің де жүрегім сыздағандай күй кештім.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *