АКАДЕМИК АШҚАН АҚИҚАТ

Белгілі ғалым Мәлік-Айдар Хантемірұлының заманауи әдістемесі арқасында тарихшы-демографтар әр түрлі тарихи кезеңдердегі Қазақстан халқы мен еліміздің ұлттық құрамы санының нақтыланған есебін жүргізе білді

Қазақстан тарихы ғылымы аға буын ғалым-тарихшыларымыз құрған күшті іргетас негізінде дамып келеді. ХХ ғасырдың сексенінші жылдары және Тәуелсіздігіміздің алғашқы онжылдықтарындағы кезеңде Қазақстанның тарих ғылымының дамуына ҚР ҰҒА академиктері Р.Б.Сүлейменов, М.Қ.Қозыбаев, К.Н.Нұрпейісов және басқа да ғалымдар көп еңбек сіңірді. Еліміздің осы ірі кеңестік тарихшыларының қатарында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, белгілі ғалым және қоғам қайраткері Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбековтің есімі де ерекше құрметпен аталады.

Мәлік Хантемірұлының барлық еңбек қызметі дерлік тарих ғылымына қызмет етуге арналған. Өмірінің жарты ғасырдан астам бөлігі Қазақ­станның академиялық тарих ғылы­мымен тығыз байланысты. 1959 жылы кіші ғылыми қызметкерден бастап Ұлттық акаде­мияның мүшелігіне дейінгі жолдан жүріп өтіп, Қаз.КСР ҒА Тарих, архео­логия және этногра­фия институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айна­лысты. 1980 жылдан 2002 жылға дейінгі кезеңде институттың «Мәде­ниет ескерткіш­терінің жинағы» бөлімін, содан кейін «Индустриалдық даму және жұ­мысшы табы тарихы», «Қазақ­станның жаңа тарихы және тарихи демогра­фиясы» және т.б. бөлімдерін бас­қарды. Осы институт дирек­то­рының орынбасары қызметін атқарды. Ол басқарған барлық ұжым­дарда ғылыми шығармашылық, ұжым­шылдық, өзара түсіністік және өзара көмек көңіл-күйі орын алды.

М.Асылбеков 1963 жылы «ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басында Қазақ­станның темір жолдарында жұмысшы кадр­ларының  қалыптасуы»  тақыры­бын­да  кандидаттық диссертациясын, 1974 жы­лы «Қазақстанның теміржол кадрларының қалыптасуы мен дамуы (1917–1970)» атты тақырыпта тарих ғылымының докторы ғылыми дәре­жесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғады. Республика экономи­касының бұл маңызды стратегиялық саласы үшін осы зерттеудің зор мәні бар екен­дігін авторға «Қазақстанның құрметті теміржолшысы» атағының берілуі айғақтайды. Ол бес томдық «Қазақстан тарихының» (ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі), қазақ және орыс тіл­деріндегі екі томдық «Кеңестік Қазақ­станның жұмысшы табының тарихы», «Қазақстан тарихы. Очерк­тер» және басқа да институттың іргелі еңбек­те­рінің жауапты редак­торы және негізгі авторларының бірі. Ғалым орта мектептер мен ЖОО арналған бірқатар оқу-әдістемелік құралдардың да авторы.

М.Асылбековтың көпжыл­дық жемісті ғылыми қызметі көбінесе екі ғасыр аралығындағы өтпелі кезеңдегі Қазақстан тарихының өзекті мәсе­лелерін зерттеумен тығыз байланыс­ты. Бірінші орыс револю­циясы, 1917 жылғы екі революция тарихының мәселелері, ХХ ғасырдағы Қазақ­станның әлеуметтік-экономи­калық және саяси тарихы қалыптас­уынан бастап ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығына дейінгі республика жұмысшы табы тарихының өзекті мәселелері, ХІХ–ХХ ғ.ғ. Қазақстан халқының құрамы мен санындағы негізгі өзгерістер, демографиялық апаттардың себептері мен салдары, көші-қон үрдістерінің халықтың ұлттық және әлеуметтік құрылымына әсері, сондай-ақ, қазақ­тардың өз аумағында азшылыққа ай­налуы, міне, осы бағдарлар оның ғы­лыми зерттеу­лерінің негізгі бағыт­тарына айналды. Еңбектерінде батыл көзқарастар мен жаңашыл тәсілде­мелер болды. Атап айтқанда, Қазақ­стандағы индустрия­ландырудың хро­нологиялық шең­берін, оның қиын­шылықтарын, ерекшеліктері және салдарларын жаңаша ашып көрсетті. Объективті зерттеудің тұжы­рым­дама­лық тұрғы­сынан жұмысшы табының, әсіресе, оның ұлттық кадр­ларының қалып­тасуының негізгі кезеңдері, индуст­риялық салалар және қалалар мен ірі өнеркәсіптік орта­лықтардағы халық­тың құрамындағы қазақтардың аз болу себептері ашылды. Осы сияқты тағы да бірнеше мысал­дарды келтіруге болады.

Мәлік Хантемірұлы нағыз зият­кер­лік және рухани күш-қуатты Қазақстан тәуелсіздікке ие болғаннан кейін сезінді. Тәуелсіз Қазақстанның тарихи санасы мен тарих ғылымының қалып­тасу тұжырымдамасының не­гізін қалаушылардың бірі бола оты­рып, ғалым отандық тарихтың бір­қатар ең өзекті іргелі және қолдан­балы мәселе­лерін зерттеуге белсене қатысты. Атап айтқанда, оның ғылыми шығарма­шылығы республи­каның демография­лық дамуы және қазіргі жұмысшы қозғалысы мәсе­лелеріне бағытталды. Тарихи демо­графия мәселелері бойынша ғылыми мектеп құрды, республика мен аймақтардың әлеу­меттік-демография­лық тарихын зерттеді. Осы бағыттағы зерттеулерінің нәтижелері «Қазіргі Қазақстанның демографиялық үде­рістері» (1995), «Қазақтар (80–90-жыл­дардағы демо­графиялық үрдістер)» (2000), «Еге­мендік жағдайындағы Қазақстан Республикасының демогра­фиялық дамуы» (2001) моногра­фия­лық еңбек­терінде, сондай-ақ, Қазақ­стан халық саны тарихының өзекті мәслелері бойынша көптеген ғылыми мақала­ларында, баяндама­лары мен хабарла­маларында көрініс тапты.

Ол «Қазақстан халқының құра­мындағы әлеуметтік және ұлттық өзгерістер (1897–1992)» атты өзекті және дискуссиялық проблеманы зерттеу бойынша ғалымдар тобына сәтті жетекшілік жасады. М.Асыл­бековтың жасаған заманауи әдістемесі арқасында тарихшы-демографтар әр түрлі тарихи кезеңдердегі Қазақстан халқы мен еліміздің ұлттық құрамы санының нақтыланған есебін жүргізе білді. Ерекше атап өтетін жағдай, оның еңбектерінде, сонымен қатар, респуб­ликадағы қазіргі әлеуметтік-демо­графиялық жағдайды жақсарту және көші-қон саясатын жетілдіру бойынша практикалық ұсыныстар бар.

Академик М.Асылбеков персона­листика сынды тарих ғылы­мындағы жаңа белең алып келе жатқан жанрдың дамуына өз үлесін қосты. Атап айт­қанда, ғалым Қазақстанның индуст­риялық дамуы және жұмысшы табы тарихымен тығыз байланыста Қазақ­станның ірі мемлекеттік және қоғам­дық-саяси қайраткері – Тұрар Рыс­құловтың өмірі мен қызметін зерттеді. Оның жетекшілігімен және тікелей қатыс­уымен Ә.Бөкейханов, М.Ты­нышбаев және басқа көрнекті  мемле­кет қайраткерлерінің, соны­мен қатар А.М.Панкратова, П.Галузо, С.Баишев, А.Нүсіпбеков, Б.Сүлей­менов, Т.Та­жибаев, Б.Төлеп­баев, Г.Дахшлейгер, Р.Сүлейменов, М.Қо­зыбаев, Ж.Қа­сымбаев және басқа әйгілі ғалым­дар­дың ғылыми мұра­лары мен қыз­метіне арналған мақа­лалар мен моногра­фиялар жария­ланды, диссер­тациялық жұмыс­тар қорғалды.

Мәлік Хантемірұлының ХІХ–ХХІ ғ.ғ. басындағы Қазақстан тарихы­ның негізгі өзекті мәселелері бойын­ша еңбектері Қазақстанның тарих ғылымына қосылған үлкен үлес болып табылады. Қазірге дейін, тіпті, Кеңес өкіметі құлап, коммунистік идеоло­гияның үстемдігі жойылған соң да және тәуелсіз Қазақстан жағдайында өзінің ғылыми құнды­лығын жоғалтқан жоқ және ғалым еңбектерін біздің замандастарымыз, әсіресе, ғалым-тарихшылар мен студенттік жастар көп пайдаланады. Өйткені, бұл ғылыми жұмыстардың негізгі қағидалары мен қорытын­дылары жаңашыл, дәлелді болып табылады, бай әрі әр түрлі дереккөз базасына негізделген. Ресейдің, Өзбекстанның, Қазақстан­ның және бұрынғы Кеңес Одағының басқа да аймақтарының көптеген ірі архивтері мен кітапханаларында жұмыс істеген М.Асылбеков барлығы 450-ден астам ғылыми жұмыстар жариялаған, олардың 12-сі Қазақ­станның әлеу­меттік-экономикалық дамуы мәсе­лелері бойынша моногра­фиялар (ХІХ–ХХІ ғ.ғ.). Жарияла­нымдары қазіргі кезде де өзектілігін жоғалтқан жоқ және шет елдік ғылыми орта үшін аса қызығушылық тудыратын дүниелер.

М.Асылбеков өзінің бірнеше буын шәкірттерін қалыптастырды. Өзінің ғылыми қызметі мерзімінде тарих ғылымдарының 12 докторын және 50 кандидатын дайындады. Аспиранттар мен ізденушілер санының осыншама көптігі Мәлік Хантемірұлының ғылы­ми жетекші ретіндегі тамаша қасиет­терімен түсіндіріледі. Ақ пейілді, басқаны тыңдай білетін ол өзінің айналасына көпшілікті тарта білді. Ғылыми зерттеушінің ауыр еңбегінде барлығы оның қолдауына сүйенді. Бұл ретте ол ізденушілердің шығарма­шылық ұмтылысын сөн­дірмей, кері­сінше, демей білді. Шәкірттері ұстаз­дары­ның өздеріне әрқашан елгезек және қамқор болғанын, тіпті, әкелік мейірімі мен қамқорлығын атап көрсетеді. Оның үйінің есігі әрқашан барлығы үшін ашық болды. Ол жас ғалымдардың ой-өрісінің кеңеюіне, салааралық деңгейдегі ғалымдардың қалыптасуы­на үлкен ықпал жасады.

Мәлік Хантемірұлы шын мәнінде энциклопедиялық білім, бай ғылыми ой-өріс иесі бола отырып, жаңалықты аңғарып қана қоймай, оны тек ғылы­ми ғана емес, педагогикалық қызме­тінде табысты пайдалана білді. Ол бұл мәселеге Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық универ­ситетінің (1981 жылдан бастап) де, елдің басқа да жетекші ЖОО да профессоры бола жүріп үлкен көңіл бөлді. Оқыту­шылық жұмысындағы мол тәжірибесі ұстаз ұстанымының педагогикалық дарынын айқындады. Оның дәрістері мен семи­нарлары әрқашан тыңдар­мандардың, студент­тер немесе магистранттардың шынайы қызығу­шылығын тудырды.

Мәлік Хантемірұлының өмірінде сүйікті жары – Мира Сәбитқызының маңызды рөл атқарғанын атап өту керек. Олар екі ұлды және әкесінің ғылыми жолына түсіп, тарихшы-ғалым болған қызы Жәмиланы тәрбиеледі. Жәмила Мәлікқызы тарих пәндері бойынша ағылшын тілінде сабақтар жүргізетін азғана профес­сор­лардың бірі екендігін айта кеткен жөн.

Мәлік-Айдар Хантемірұлы айна­ласындағы адамдарды нұрға бөлейтін жан еді. Кәсіби біліктілігі мен пара­сат­тылығы ұстаздық тұлғасына жарас­қан Мәлік Хантемірұлының көптеген идеяларын, ғылыми бағдарлары мен зерттеулерін оның шәкірттері мен ізбасарлары одан әрі жалғастыра жүзе­ге асырып, әлі-ақ зерделілік шыңына жеткізетініне сенімдіміз.

 

А.Ш.АЛТАЕВ,

ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д.

С.СМАҒҰЛОВ,

Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close