«ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА» ТУРАЛЫ ИДЕЯЛАРЫ АСА ӨЗЕКТІ ДЕП САНАЙМЫН

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, Алматы қаласының әкімі

Биылғы 2020 жыл еліміздің тарихы үшін маңызды атаулы күндерге бай болып отыр. Төрткүл дүниеге танымал ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы – солардың ішіндегі ең елеулілерінің бірі. Ойшылдың арнайы заңмен бекітілген мерекелік шараларының Алматы қаласында басталуының да өзіндік сыры бар.

Себебі, еліміздегі ең басты оқу ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті мен Фараби мұра­ларын жүйелі зерттейтін іргелі ғылыми орталық – Ұлттық Академия да Алматы қаласында қоныс тепкен. Оған әл-Фараби кітапханасы мен Фараби орталығын қосыңыз. Осы орайда, сіздерге сүйікті қаламызға қош келдіңіздер дей отырып, бүгінгі айтулы шара – әл-Фара­бидің 1150 жылдық мерейтойының ресми ашылуымен баршаңызды құттық­тай­мын!

Қандай да бір халықтың өткенін таразылап, болашағына бағдар жасап отыруы – бұл табиғи заңдылық. Ертеңін ойлаған ел әр тарихи белесті артқа тастағаннан кейін, уақыт бедеріне салған өз таңбасын, қалдырған құндылықтарын ұдайы бағалап отыруы тиіс.

Қазіргі әлемдік қауымдастықпен тығыз араласу барысында біз ұлтымыздың ең басты құндылықтары мен тарихи тұлғаларын жаңа қырынан танып, оларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау аса маңызды болып отыр.

Бұл үдеріс тек рухани кемелдену арқы­лы, Әл-Фараби, Яссауи, Абай сынды заманынан озып туған даныш­пандардың еңбектерін жаңаша бағалап, солар айқын­дап берген даңғыл жолмен жүру арқылы ғана жүзеге асады.

Бүгінгі шараның басты себепкері – орта­ғасырлық ғұлама ойшыл, энцикло­пе­дист-ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани мұрасы әлемдік ғылым мен өркениеттің дамуына өл­шеу­сіз үлес қосқан білімнің сарқыл­майтын қайнар бұлағы.

Елдігіміз бен интеллектуалдық әлеуе­­ті­мізді әлем жұртшылығына паш ететін ғұла­маның дәл қазақ топыра­ғынан шыққаны біздер үшін зор мақтаныш.

«Екінші Ұстаздың» философиялық, логикалық, метафизикалық, әлеуметтік, жаратылыстану ғылым салалары бо­йын­ша әлемдік ғылымға қосқан үлесінің теңдесі жоқ.

Ғалым философиясының негізгі тақы­рыбы – адам. Ол адам бойындағы қа­сиет­терді мұқият зерделейді. «Өмір­дегі мақ­сат – адамның кемел­денуі. Ал кемел­дену – адамның «екі дүниеде» де асқан бақытқа жетуі. Адамның ізгі ниеті­мен бақытқа жетуі тек білім жинақтаумен, яғни теориялық білімді бойына барынша мол дарытуымен тікелей байланысты» деп есептейді ғалым. Теориялық білімдерді әл-Фараби «даналық» деп атап, әрбір жан бақытқа тек филосо­фияны терең меңгер­генде ғана жететінін баса айтады.

Әл-Фараби – ғасырлар қойнауынан тұтастай адамзат баласына үн қатқан биік парасат пен кемел ақылдың иесі болды. Оның айтқан ойлары бүгінгі таңда да әлем­дік ғылымда өзекті және өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде аса маңызды. Ғұламаның «Даналық жауһарлары», «Ізгі қала тұр­ғында­рының көзқарасы», «Бақытқа жету», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты еңбектері мыңдаған жыл өтсе де әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ.

Солардың ішінен мен бүгінгі таңдағы қала өмірі үшін ойшылдың «Қайырымды қала» туралы идеялары аса өзекті деп санаймын. Дамыған «қайырымды қала идеалы» – әдептілік, әділет және қала тұрғындарының ортақ игіліктерге жету жолына негізделген. Мінсіз қайырымды қала болу үшін қала тұрғындары өзара бір-бірін шынайы қолдап, жетістіктерге бірге қол жет­кізуді мақсат тұтады. Әрине, бірыңғай ортақ талапқа жауап беретін қоғам құру мұратының шынайы өмірде іске асуы қиын да шығар. Дегенмен, ол адам­дардың жақсылыққа деген талпынысын, өмірге құштарлығын өзгертті. Адамзат баласының әу бастан армандаған мәң­гілік мәселелерінің бірі – үйлесімге, бақытқа жету екендігін ұқтырды.

Сондықтан да әл-Фараби ең алды­мен ел басшыларының өзі биік мұрат­тарға қызмет етіп, көпке үлгі болуы тиіс екендігін ерекше дәріптейді.

Әл-Фараби айтып кеткен ізгі арман­дарды жүзеге асыру, сол межеге ұмтылу – дүние жүзіндегі барлық қауымдардың түпкі мақсаты. Осы орайда, Алматы қаласының дамуына қатысты бекітілген бағдарламаға Сіздердің де назарлары­ңызды аударғым келеді.

Бүгінгі таңда Алматы қаласы өзінің даму жолын 7 стратегиялық бағытта жүр­гізуді көздеп отырғаны өздеріңізге мәлім:

Біздің пайымымыз бойынша, бола­шақ Алматы бұл:

1) Шеті жоқ қала;

 2) «Ақылды» қала;

 3) Тең мүмкіндіктер қаласы;

4) Қауіпсіз қала;

5) Жасыл қала;

6) Жаһандық іскерлік орталық;

7) Мәдени креативті қала.

Байқасаңыздар, біздің ұстанып отыр­ған бұл мақсаттар әл-Фараби мұрат еткен «қайырымды қала» тұр­ғызу қадамдарымен ұштасып жатыр.

Үлгілі қаланы құруда философтың ұстанар басты принциптері: теория­лық қисындар мен қайырымдылық іс-әрекет­тердің бірлігін сақтау, яғни сөз бен істің тұтастығы. Әл-Фараби адам­ның, яғни қала тұрғынының бақытын барлығынан да жоғары қояды.

Біздің халқымызда «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дейтін қанатты сөз бар. Әл-Фараби да жақсы әрекетті әдетке айнал­дыру қажет деп санайды.

Ол әдетті адамның мінез-құлқын тәр­бие­леуші негіз деп біледі. Демек, қалада тазалық, тәртіп, қоғамдық қарым-қаты­нас­тардағы сыйластық, адамгершілік нормаларының сақта­луын әдетке айналдырсақ, қала тұрғын­дарының рухани қазынасы да молая түспек.

Әл-Фараби бақытқа «өз еркімен және таңдауымен» жақсылық жасаған­да ғана жетуге болатынын атап өтеді. Осындай жақсылық жасау әдебіне аза­маттары­мызды дүниеге келген сәттен бастап баулу біздің мемлекеттік сая­сат­тың басым бағы­ты. Елімізде «Во­лонтерлар жылы» аталған биылғы жылды қайырымды қоғамға бастайтын жол деп санауға толық болады және ол біздің табиғатымызда бұрыннан бар.

Бұқар бабамыздың: «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейтін қанатты сөзі бар. Бүгінгі біздің әлем қауымдастығы алдында беткеұстар жақсымыз да, ғалымымыз да – әл-Фараби. Оның мұрасын онан ары зерт­теу, бүгінгі күннің қажетіне жарату бағытында атқарылуға тиісті ауқымды істер жетерлік. Осы ретте бірқатар шараларды қолға алсақ орынды болар еді.

 

Соларды нақтылар болсақ:

Ең алдымен, әл-Фараби мұрасын зерттеу әлі де күн тәртібінен түскен жоқ, зерттелетін қырлары жетерлік. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі әл-Фара­би еңбектерін, шет тілдердегі аудар­маларын туған жеріне қайтарып, әл-Фараби орталығының жеке қорын жа­сау керек. 1975 жылы ойшылдың 1100 жылдық мерейтойынан бастау алған аударма ісін қайта жандандыру керек;

Екіншіден, Алматы – жастар қала­сы. Жастар – ел болашағы. Шығыс әмірлері­нің бірі әл-Фарабиден: «Уа, Ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде бол­мақ?», – деп сұра­ғанда, әл-Фараби: «Елің­нің болашағын білгің келсе, маған жас­тарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін», — деген екен. Осы ретте әл-Фарабидің адамгершілік құндылықтар арқылы тәрбиелеу ісі қоғамды ізгілендіруге септігін тигізері анық. Бүгінде студент-жастар арасында арнайы әл-Фараби шығарма­шылығы бойынша ашық байқау жариялау, Алматы қаласы әкімінің сти­пендиясын тағайындау ұсынылып отыр.

Үшіншіден, Алматы қаласында 2009 жылдан бері ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтетін «Әл-Фараби олимпиадасы» бүгінде кеңінен танымал. Осы сайысты «Жәутіков олим­пиадасы» секілді жаңа бір сапалық дең­гей­ге, халықаралық деңгейге көтерген жөн деп санаймын!

Төртіншіден, Әл-Фарабидің жүріп өткен жолын саралау арқылы, турис­терге тартым­ды болу үшін жарнамалық бағытта «Әл-Фараби ізімен» интерак­тивті картасын дайындап, соның негі­зінде интерактивті тур маршрутын жасау орынды болар еді.

Бесіншіден, ғұлама ойшылдың ғылы­ми нысанына аспан денелерін зерттеу ілімі де енген болатын. Жас жеткін­шектерге Фараби мұрасының жан-жақ­тылығын дәріптеу мақса­тында Алматы қаласындағы Обсер­ватория ішінен Фараби бұрышын ашуды ұсынамын.

Тұлғаның адамдық қасиетін жетіл­діру – әл-Фараби мұрасының өзегі. Ол тәрбиесіз берілген білімнің зиян екенін айтты. Яғни тек материалдық байлық адамға бақыт әкелмейтінін ескертті. Қазіргі кәсіпкерлерге осы бағыттағы тақырыптық тренингтер аса қажет.

Осы орайда Фараби ұсынған «Ба­қытқа жетудің даналық жолы» тре­нингтерін өткізу қоғамды ізгілендіруге жөн сілтейді деп ойлаймын.

Қадірлі қауым!

Әл-Фарабидің танымы бойынша, қала бақытты тұрғындардан тұруы тиіс. Мұндай қала қуатты мемлекеттің негізі болмақ. Ой­шыл ұсынған бақытқа жету формуласы – «Адамның өзін-өзі жетіл­діре отырып, кемелдікке жету жолы». Фарабидің бүгінгі бақытты адамы – заман сұранысына бейімделе алатын, рухани мәдениеті жоғары тәуелсіз елдің жасампаз тұлғасы!

Ұлы ғалымның 1150 жылдық мерейлі белесі той тойлаудың емес, бүгініміз бен келешегімізді таразылайтын ой мерекесі болғай!

Назарларыңызға рахмет!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *