ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ

2344Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

Тәуелсіз еліміздің тағы бір таңы атты. Басқа күнгі таңдарды білмеймін, бүгінгі таң бұлтсыз жарқырап атты. Ақын Сағи Жиенбаев жырлаған «Қайырлы таң» тәрізді. Менің айтып отырған күнім – қазанның 18-і. Осы күні Сағи ақынның кіндік кескен өңірінің орталығы – Ақтөбе қаласы оның 80 жылдығын атап өтті. Толықсып шыққан күн де ыстық та емес, суық та емес, бейнебір Сағи ағаның өлеңдеріндей мамыражай, әдемі, шуақты. Алаштың ХХ ғасырдағы ақиық ақындарының бірі Сағи Жиен­баевтың кезекті мерейтойы – туған күніне Алматы жадырап, Алатау баурайы да жарқын бітім тауып, біліп, ортақтасып, сәлем жолдап жатқандай сезіндім.

Қазіргі заманда адамгершіліктің қадірі кетіп, ақшаның бағасы артып, «өнер алды – қызыл тіл» де инфляцияға тап болып отырғанын білеміз. Біздің ойымызша, бұл– уақытша, өтпелі құбылыс. Неге бұлай екенін, мәселен, Сағи Жиенбаев сияқты шын, шың ақындарымыздың творчествосы қапы­сыз танытып, әрқашан анық айғақтайды. Айталық, ХІХ ғасырдағы алпауыттар жоқ, Абай бар. Мил­лиардерлер кетеді, Мағжан, Ахтанов, Мақа­таевтар қала береді. Міне, сондықтан да ақын Сағи Жиен­баевтың ең бірінші және ең басты ерекшелігі – ол тек Туған күні бар Ақын. Мәңгілік маржан жырлардың авторы.

Менің қолымда Сағи ақынның осыдан 48 жыл бұрын, 1966 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Қайырлы таң» атты жинағы бар. Басқа кітаптарын айтпай, тек осы кітабын алға тартсақ та, бір символдық нышан-белгі байқалардай. Бүгінгі өлшеммен қарасаң, әрине, кішкентай кітап. Бірақ, мәселе оның көлемінде емес, мағы­налық кенеуінде, көркемдік келелігінде екеніне келіссек, бұл – өте үлкен кітап. Өйткені, қазіргі күні шығып жатқан қазіргі күннің қаптаған Әбу­лақап Райымбековтерінің қалыңдығы кереқарыс, салмағы 5-10 кило тартатын мүліктерін қатар тара­зыға салсақ, онын ғана емес, он жүзін (мыңын) да басып кететін ауыр-асыл кітап. Себебі, мұндағы жыр­лардың бәрі дерлік күні кеше ғана жазыл­ғандай күй танытатын жаңа өлеңдер. Оқып көр­сеңіз, әлі өлең оқудан қол үзбеген біздерді былай қойып, ойлауды қойған қас надандар болмаса, жүрегі бар тірі адамды селт еткізетін, бір сәтке болса да марғау­лықтан, мырқымбайлықтан арыл­татын, неше түрлі жамандықтар мен сұрықсыз­дықтарды ықтыратын өлеңдер. Адам болып өмір сүрудің мәні ат басындай алтында, демалып жату емес қоңыр салқында, шық бермес Шығайбайдай салтанат құруда да емес, Машкевич сарайындай үйде тұруда да емес, ты­ныштықты ұйытуға үлес қосып, ұлтты сүйіп, ұрпақ өсіруде екенін ұқты­ратын өлеңдер. Мына жарық дүниедегі бес күн тіршіліктің тірегі де, оны сақтап, дүрсілдей соғып, жалғастырып тұрған жүрегі де – Махаббат. Отбасына деген, Отанға деген махаббат.

Бұдан 48 жыл бұрын жарық көрген кітаптың алғашқы бетін ашып, бірден оқи жөнелсек те бұған көз жете бастайды:

Тереземді ашып қоям әманда,

Кірсін үйге жұлдыздар да, далам да.

Келсін үйге піскен нанның иісі,

Бүкіл әлем жүрегінің тынысы…

Көрсін бәрі, көрсін мені бар әлем,

Мен біргемін кең жазира даламен.

Оларсыз мен отырмаймын столға,

Оларсыз мен алмаймын бір іс қолға…

 

Ақын үйіне кеңбайтақ даласы, зеңгір көк аспандағы жұлдыздар енгенде, төрткүл дүние түгел көшіп келгенде қолына қалам алады. Бұл – бар әлемге, күллі адамға деген махаббат. Жаңа жыр, міне, осылай туады. Содан соң ол айтса айтқандай: «Сол кезде бір жауып өткен селдеймін, Жалғыз өзім жалпақ жатқан елдеймін».

Жиенбаев Сағи ақынның «Қайырлы таң» жинағы – осы бір жалпақ жатқан елдің жыр-қазы­налары. «Дей алмайсың су сылдырап, құм көшіп, Қарлы боран неге азынамады?!» Туған жердің, ана-табиғаттың алуан түрлі суреттері. Кешегі кеңестік Қазақстанның ғана емес, қазіргі тәуелсіз Қазақ Елі өмірінің де бір-бір сұр және нұр беттері. Мұның бәрін айтып-талдап жеткізу түгілі, жай ғана қамтып, қадау-қадау қыр-сырларын толық таныстырудың өзі мүмкін еместіктен, «теңіздің дәмі тамшысынан білінетініне» бағып, бес-ақ жырын бөліп алып, байқап көрелікші.

Әңгімемізді біріншісімен жүздесуден бастадық та ғой. Екіншісі…

Сөз өнері төңірегінде жүрген көбімізге белгілі екінші шындық – өлең жарқ етіп жанып туу үшін шабыттың, басқаша айтқанда, өмірді өліп-өшіп сүйген сүйіспеншіліктің, жоғарыда айтыла да кеткен отбасына, Отанға деген, Анаға, адамға деген махаббаттың өзі аз; автор ақынға Өмірбаян керек. Бұл – ата-бабалардан қалған тарих-тағылым, әке мен шешелер бастан кешкен қиын да ғибратты ғұмыр ғана емес, өзіңнің тұрлаулы, басып өтер жол-соқпағың, есулі, тар жол тайғақ кешулі тағдырың. Құйылып түскен өлеңнің қан тамырында толғақты өмір тепсініп, атылған оқтай, қоздаған шоқтай көңіл білініп тұруға тиіс.

 

Көңілімнің күні болып жүр Анам,

Көз алдымда сол жүргесін жұбанам…

Әйтпесе мен ес білгелі жоқ әлі

Біздің үйде бір адам.

 

Ел де көрді,

Мен де көрдім соққыны,

Бала кездің өтті алаңдап көп күні.

Біздің үйде тұрады ылғи білініп,

Бір адамның жоқтығы.

 

Есімде жоқ – қандай еді түрі оның,

Бірақ, бәрін сезетіндей жүрегім.

Соны күтіп біздің үйдің төрінде

Бос тұр әлі бір орын…

Ол – кім? Сөздің сыралғысы үшін сұрап тұр­ғанымыз ғой, әрине, ол –әке. «Халық жауы» болып ұсталып кеткен Сағидың әкесі. Бұл өзі – ғазиз жандардың ыстық қаны нақақ төгілген, қарақан бастары жазықсыз болса да, ана-жарлар мен ұрпақ-балалардың қабырғасы сөгілген тағдыр. Бәлкім, тұтас бір буынның басына түскен трагедия. Көз жасы тұнған, мың-мың отбасылар іштей тын­ған тарих. Халықтың қасіреті. Міне, осыны Сағи қалай мөлдіретіп жырлайды. Елжіретіп айтады. Айыптау да жоқ, асқақ сөздер де жоқ. Жыл­­дарға созылған, жанды жылдар бойы жабырқатқан азап та жырдың бетінде емес, көзге көрінбейтін, көңіл­мен таныр тұңғиық тереңінде. Бірақ, осы аласа­пы­ран күйдің өзін, сұрапыл азаптың сөзін Сағи ақын әкеге деген ғажап перзенттік махаб­батқа, сұлу сезімге, үлбір үмітке бөлеп жеткізеді.

Бір үміт бар ұялаған кеудемде,

Айтам оны жұлдызға да, желге де.

Әлі күнге өзі келіп қалардай,

Отырмаймын төрге де.

 

Өтті-ау жылдар…

Неге мұнша кешікті?

Кеткенін де…

Балаң сенен есітті.

Келгенін де білмей қалып жүрмейік,

Бекітпе, апа, есікті…

Сағи ақын бұл күнде өмір­ден өткенмен, өмірден өтпеген, өн­бойынан сұлу сыны, жүрек­жарды сыры кетпеген мына өлеңі тіпті де аяқталмағандай. Әкенің төрдегі орны әлі бос. Бекітілмеген есік әлі иесін күтулі…

Баяғыдай жатыр үнсіз Жем ағып,

Жас толқынды жүгіртеді жел алып.

Ашылғандай көкірегім сарайы

Туған жерім ауасымен демалып.

 

Барлық үйі сол күйінде тұр аман,

Бәріне де кіріп-шығып жүр адам.

Жалғыз ғана жарқабақта тұратын

Қараңғы үйдің қабырғасы құла­ған…

Жалғыз құлаған қараңғы үйіміз немене? Ақын өзі абақты, түрме деп ескертпе беріпті. «Бір кездері тәңіріндей бұл жердің Ең айбынды, ең биік үй осы еді. Жарқамыстың маңдайына бітпеген Сол маңайда тұратын бір үш терек?» Бір за­мандағы осындай құдыретке барлық тіршілік бағынғанмен, бір ғана Жем өзені қарсы шығып, «толқынмен қайы­рылып кеп ұратын?». Сағидың туған өзені. Туған ауылы.

Көңіліме келеді ғой небір ой,

Ата-бабам қасиет тұтқан жері ғой…

Әуел баста-ақ менің Жарқамысыма,

Түкке мұның керегі жоқ еді ғой…

Осы кітапта және бір өзен – менің туған жерімдегі Сырдария туралы да бір тамаша өлең бар.

…Естідің бе менің балғын үнімді,

Сездің бе сен кеудемдегі дірілді.

Асуым деп, ардағым деп өзімнің

Алғаш рет саған айттым жырымды.

 

Тыңдадың ба менің салған әнімді,

Әнімді емес, аласұрған жанымды.

Сырласым деп, қимасым деп ең алғаш

Саған әкеп таныстырдым жарымды…

Бәлкім, бұл жолдарға бейхабар оқырман таң­данар. Сағи Жиенбаев өміріне бұл өзеннің не қаты­сы бар деп. Бірақ ақынның өзі жырлап отырғандай, ол бозбала жігіт шағында мен де оқып бітірген Қызылорданың Н.В.Гоголь атындағы пединститу­тында оқып, сол білім ордасынан маман болып қа­на емес, адам болып, ақын болып та түлеп ұшқан.

Сенің мөлдір толқыныңның бірі боп,

Өз жолыммен қойып кеттім теңізге.

Енді ақын Сағи Жиенбаевтың келесі бір 1969 жылы шыққан «Ор киік» деген кітабындағы «Жүз­қызға ғашық болдым мен» деген бір жырына және тоқталып көрейік­ші. Рас, ол – заманымыздың заңғар сурет­керлерінің бірі Расул Ғамзатовтан аударылған өлең. Бірақ, мұнда да ақынның тікелей өзінің жан сырлары, басынан өткен ғашықтық жан нұрлары, жаңбырлары жатыр.

Жүз қызға ғашық болдым мен,

Осынау жылдар ішінде.

Кетпейді бәрі көңлімнен,

Өңімде түгіл түсімде…

Жүз қыз – қандай қыздар? Құмыра көтерген қыз. Каспий жағасында жолыққан қыз. Мәскеуге бара жатқан пойыздағы купелес қыз. Өмір сапарында адамға жолығар арулар аз ба? Алуан жағдай, алуан ахуал, алуан көңіл күй.

Жайдары қызды ұнаттым,

Жай да бір қызды ұнаттым.

Көңілді қызды ұнаттым,

Жеңіл де қызды ұнаттым…

Кеудемде ерке күн жүзді,

Бәрін де «жаным» дедім мен.

Ұнаттым барлық жүз қызды

Бір ғана ыстық көңілмен.

Сонда қалай? Ақын жеңілтек пе, жоқ оның кейіпкері – Дон Жуан ба? Аспайық, саспайық. Жырды ары қарай оқиық.

Жабығып сонда бекерге,

Кеттің ғой тіпті көп ойға.

– Жүз қыздың бірі екем ғой,

Білмеппін, – дедің, – солай ма?!

– Тоқтай тұр, сәулем, тегінде

Сырымды менің білсең ғой.

Жүз болып маған көрінген.

Жаным-ау, бәрі бір сен ғой!..

Біздің бұған қосып-аларымыз жоқ. Ал ақынның өзінің қосары төмендегідей:

Бір өзің – жүз қыз дегенім,

Мейлі жұрт қалай жорысын.

Жүз қызға сені теңедім,

Жүз есе сүйем сол үшін!..

 

Кеңес орыс әдебиетінің ақын ағамыз Сағи Жиенбаев тектес, сұлу да сырбаз жазатын классик суреткері Константин Паустовскийдың: «Толық­сы­ған айлы түннің тамылжыған сұлулығын жеткізу үшін оны барлық жағынан қамтып суреттеп, шаршап-шалдығудың керегі жоқ. Оның жерде жатқан шынының сынығына түскен сәулесін сипаттап бере алсаң болғаны», – дейтіні бар. Сол айтқан­дай, жоғарыда келтірген біздің мысал, сипат­тауларымыз да Сағидың қазақ поэзиясындағы ойып алған орны, туған жеріндей, Ақтөбенің ерекшелі­гіндей әлемі үш түрлі құнарлы қасиет: жұмсақ жара­тылысты сұлулығын, жуас та әрі өр мінез –сырбаздығы мен бедерлі де бейнелі суретшілдігін біраз байқатып, таныта алса, біз өз мақсатымызға біршама жеттік деп білеміз.

Жеттік десек те, қысқа түрде болса да міндетті түрде айтуға тиісті жағдаят бар. Бірінші айтарымыз: үстіміздегі 2014 жыл – ақын Сағи Жиенбаевтың төл жылы. Туға­нына 80 жыл толған мүшелді мерекесі жарық дүние табалдыры­ғынан аттаған ауылы Оймауыттан бастап ол өскен, ержеткен, алғашқы азаматтық еңбек жолын бастаған аудан-аймағы — Байғанин мен Ақтөбе облысында жүйелі де жақсы тойланғаны бізді ғана емес, елді разы етті десек, артық айтпаймыз. Міне, енді Сағи Жиенбаевтың есімі мен еңбегі жақында Алматыда 10 қараша күні ардақталып, жыр мейрамының үлкен нүктесі қойылмақшы. Бұған қатты қуансақ та жарасады. Бірақ… сәл ойланалықшы, осы шырайлы да шуақты шара-шаруалардың ақынның өз басына керегі, бірдеңе бергені бар ма?! Сағиға керегі жоқ, Жиенбаевқа ештеңе бере де алмайды. Сонда кімге керек, мына мерекелерді не үшін өткізіп жатырмыз? Мына бізге – тірілірге керек мұның бәрі. Әңгіме – ақын Сағи Жиенбаевтың өшпес мәңгілік мұрасының кітап болып жаңадан шығарылып, әдебиеттегі өз орнына сай зерделі зерттеліп, ескерілуінде ғана емес. Дау жоқ, өлгендерге де әділеттілік керек. Бірақ, мұның да пайда-игілігін көретін – тағы да тірілер… Бұл – біріншіден. Екіншіден, біз осы Сағи ақын шығармаларындай ғажап-қазынаның игілігін неге бір-ақ жыл көріп, иеленіп, (онда да түгел республикамыз да емес), келесі жылы ұмытуға, Сағидың 90, 100 жылдығына дейін жиып қойып, пайдаланбауға тиіспіз?! Табиғаттың да, тарихаттың да бір құбылыс-шындығы: біраз жыл ағып, тартылып қалатын бұлақтар бар да, сарқылмайтын бұлақтар бар. Ал сол сарқылмас бұлақ бұлақтықтан асып, келесі ғасырларға қадам басып, тынбай ағып, жерді қуартпай, елді суалтпай келе жатқан Жем өзеніндей асыл қайнар болса ше?! Алаштың арда ақыны Сағи Жиенбаев та – міне, осы Жемдей жыр өзені. Шындық солай болса, біздің оны он жылда бір ескеріп, қаталап қалғандықтан құмарта сіміріп, қалған жылдарда бал суын ішпеуіміз, тал-нуын саяламай, қаз-қуын аяламауымыз, Алла тағала Алашқа тартқан сұлулықтан сусындамауымыз қалай?! Иә, ақын Сағи Жиенбаев мүшелтой шеңберіне сыймайтын, бізге әрбір ай, күн, жыл сайын рухани нәр, әдеби-әлеуметтік әр сыйлайтын Ақындық әлеміміз. Демек, ол әрқашан бізбен бірге өмір сүрсе, әсіресе, жас ұрпақ білсе, жан оқулығы етіп жүрсе, туындыларымен үнемі тыныстаса – нағыз әділеттілік те, келешек жылдарға ұласар әдебиет ырысы да осы емес пе?!

Екіншіден, менің айтайын дегенім, ақын Сағи Жиен­баевтың автор-адам ретіндегі қаламдастары да, азамат ретінде қоғамдастары да бірдей мойындаған ең негізгі бітім-мінез ерекшелігі – жаны ізгі, жүрегі жұмсақтығына қатыс­ты. Егер ақын Сағи Жиенбаев туралы алғашқы толымды пікір, толғақты баға Мұқағали Мақатевтың «1969 жылғы қазақ поэзиясы» атты мақаласында ай­тылды деп есеп­тесек, содан бері беріліп келе жатқан баға, байсалды талдап-таразылаулардың барлығында да оның жаны нәзіктігі, ақ пейілімен туған жерді, өскен ортаны сүйген мейірі, кісі бетіне жел боп тимейтіндігі қайта-қайта айты­лып келеді десек, адаспаймыз. Егіздей болған қатары, қазақтың Сағидай сыршыл, жомарт та жуас ақындарының бірі Тұмағаң – Тұманбай Молдағалиев замандасының:

Ұясынан шығып ап,

Ұшады бір құс күнде.

Жүреді ылғи зымырап,

Туған жердің үстінде.

Жанымның жас бұлбұлын

Қарауылға ілмеңдер,

Құс екен деп бір күні

Атып қойып жүрмеңдер, – деген жыр жолдарын келті­ріп, «Сағидың бұл айтып отырғаны да – жанымен туысып, табысып кеткен поэзиясы. «Мен сендерді сүйдім. Менің өлеңдерім – тек махаббаттан, арманнан, оттан жаралып еді. Құдайым сені жарылқасын, досым. Өзімді-өзім қорғармын тірімде. Өлеңіме мейірімді бола көріңдер», – дейді ақын Сағи», – деп өте орынды айт­қандай, оның жанының сон­шалықты жұмсақтығы, тазалығы мен адамдығы осы қос шумақ өлеңнен де жарқырап көрініп тұрған жоқ па? Ал, қазақтың қазіргі таңдағы ақиық ақындарының бірі Есен­ғали Раушанов мұны «Жұмсақ» деген ат қойып, арнайы мақала жазып жалғастырып қана қоймастан Сағи ақынның неліктен және қалайша жұмсақ (мейірбан, сұлу және кемел де кенен) ақын екенін тамаша тап басып, әдемі түсіндірген: «Ол кезде жастар арасында бүгінгідей сауда-саттықпен айналысу, амалдың жоқтығынан тамыр-таныс қуалау, ағайын-жекжат жағалау, өзіңді-өзің насихаттау деген ілуде біреу болмаса, емге жоқ, есіл-дертіміз – Өлең. Дүниеде Өлеңнен басқа қызық жоқ. Дүниеде Өлеңнен басқа азап та жоқ. Сол азапқа азат басыңды құл ету неткен ғанибет еді десеңізші!».

Бұл – не деген сөз? Бұл – қасиетті Өлең алдындағы жауапкершілік, Өнерге деген кіршіксіз адалдық, Өмірді өртеніп сүю. Байқайсыз ба, басқа да шын ақындарымыз, шың ақындарымыз сияқты Сағидың да жан түкпірін бір қалтарыс-құпия қалдырмай, бүкпесіз жайдырып, жүрек сырын толық та терең аштырып – жұмсақ екенін – жариялаған да, жарқ еткізген де жырлары.

Қара бір жердің өзін де,

Қаттырақ басқың келмейді.

Міне, осындай аса жұмсақ, нәті жуас ақынның кейде асаулық танытып, буырқанатыны да бар. Бұл ашуланғанда жуастан жуан шығатынының ғана көрінісі емес. Ақынның осы мінез-сипатын әдемі ашып отырғандықтан Есенғали Раушанов куәлігіне жүгінсек; ол: «Күнделікті өмірде ыңғайға көнгіш, момындау, қақ-соқпен ісі жоқ, дау-дамайға араласпай тыныш өмір сүретін ағамыздың қайыңның безіндей қатты, қара емендей қайсар мінез танытатын тұстары болады. Ол кезде былайғы жұрт Сағи ағаны тани алмай қалатын. Әңгіме қазақ өлеңінің тазалығы туралы болып отыр. Ол «Жазушы» баспасының поэзия редакциясын басқарып отырғанда қаптаған қалың халтурамен аяусыз күресе білді…»,– дейді. Бұл –рас сөз ғана емес, Сағи ағаның қайтпас қаһармандығын да айғақтайтын сөз. Өйткені, көбінесе қан төгетін басы ашық жаумен күресуден гөрі жан сөгетін, жеңілісің мыңдаған сарбаздардан өлідей айрылудан да ауыр соғатын, яғни миллиондаған алаш баласы – оқырманнан айрылуға апаратын рухани майдан бұл. Ендеше Сағи ағамыздың:

Бар екен ғой қызық-қызық тіршілік,

Тұр екен ғой сәуле шашып, күн шығып.

Өмір бойы жүріппін ғой, обал-ай,

Әбулақап арызына тұншығып, – деп неге айтқанын да түсінуге болады?!

Кеңестік кезеңде «әдебиеттегі халтурамен күрес аяусыз жүрді. Бармақ басты, көз қысты, басқаны білмеймін, әдебиетте жоқ еді», – деп Есенғали ақиқатты айтып отыр. Қазір бұл дерттің соншалықты асқынғаны да рас. «Ол кезде қазақ әдебиетінде жалғыз Әбулақап болды, бүгінде әр облыс, әр аудан, әр ауылдың өз Әбулақабы өсіп жетілді. Біздің Әбулақап жасамыс кісі еді, бүгінгі әбулақаптар жасарып келеді»,– деп Есенғали ашынғаннан айтып отыр.

Мен Есенғали Раушановтың осы мақаласына жүгініп, неге бұл мәселені жеке бөліп айтып отырмын? Оның себебі әдебиетіміздегі мұрнының астындағыдан арғыны көрмейтіндерден басқаларға өзінен-өзі түсінікті шығар деп ойлаймын.

Сондықтан да мен Сағи ағамыздың адам ретіндегі жомарт жұмсақтығы, «қойдың аузынан шөп алмай­тын» жуастығы – Алла тағала берген мінез шығар, ал ұлы ақын-азамат ретінде оның жұмсақ емес, құрыш­тан да қатты екенін айта кеткім келеді. Қабілетсіздерді де адам ретінде қалтқысыз сыйлайтын жұмсақ адамгершілік бұл, ал оның «ақын» ретіндегі ала-құла ағысын ақ бұлақтарға аттатпайтын адамгер­шілік бұл. Сағи ағаның осы мызғымас күрескерлігін ойлағанда менің есіме 1990 жылдар басында Қызыл­орда қаласындағы ақ күрішті ақтайтын элеваторға барғанда көрген бір ғажап құбылыс – өте қарапайым, бірақ, қайран қаларлық бір жаңалық түсті. Бау-бау күріштер зырқыраған науалар арқылы арнайы цех-аппаратқа ағызылмай ма, сол жерден ақ мар­жан дән мен қауыз-сабан бөлек-бөлек ажырап, салмақты дән төмен құйылады да, қауыз-топан ілгері атқыланады. Осы процестегі ең күрделі кілтипан-кем­шілік неде дейсіз бе? Әлгі ілгері тоқтаусыз күшпен ат­қыланған жұмсақ қауыз-топан өздерін тосып алып, төменге бағыттайтын темір тегершікті тез үңгіп-тесіп жіберіп, шыдатпапты. Темірді ауыстырып, орнына болатты қойса да… Сонда бір өнертапқыш құрыш ор­нына жай жұмсақ кендір қапты қойып, тығырықтан шығарыпты. Көрдіңіз бе, жұмсақ қап құрыштан да мықты.

Ақын Сағи Жиенбаев та – әдебиет-өміріміздегі осындай құбылыс қой. Демек, оның бүгінгі өмірімізге жайсаң ақындығы ғана қажет емес, мынадай жұмсақ адамгершілігі де өте қажет-ау.

…Тәуелсіз еліміздің – тағы бір таңы атты. Оны жас ақын, жайсаң ақын Сағи Жиенбаев шығармашы­лығымен ұластырсақ, ол – Қайырлы Таң, Қайырымды Күн, шығармашылық мамыр Көктем, мейірлі Жаз болып бізбен жүздесер еді. Әзірше ақын Сағи Жиен­баевтың ақ таңымен дидарласқанымызға қанағат етейік:

Келеді таңым!

Кәдімгі нәзік ақ таңым!

Осылай әр күн қарсы алам таңның атқанын.

Мен емес қана-ау,

Дүниенің құйттай пендесі

Торғайдың да анау

Қарашы мәз боп жатқанын…

Тағы да бір күн…

Төгеді нұрын өңірге,

Тағы бір жұлдыз

Көбейер бүгін көгімде…

Менсіз бір қызық

жетпейтін шығар жерде деп,

Тағы бір бөбек

келеді қазір өмірге…

Тілеймін сондай болғанын мына ақ таңның,

Жайнасын гүлі,

сайрасын құсы бақтардың.

Құтты күн болсын

Маған да, досым, саған да

Сәулесін шашып…

Осынау келе жатқан Күн!..

Осындай нұрлы тілекті, мейірлі жүректі ақынымыз Сағи Жиенбаевтың осы бір жеке өлеңі ғана емес, күллі өлең-өмірі Қайырлы Таң емес деп кім айта алар. Оның алғашқы жинағы «Қарлығаштан» «Ор киікке» орғып, зор биікке шығып, қайырлы жыр Таңы ұлы Сәскеге, Шаңқай түске ұласып, тым ыстық – жалқын да емес, «тымырсық» салқын да емес Қайырлы Күнге айналып, шуақты нұрын құйып тұрғаны қаш-шан?!

Әрбір қайырлы таң атқан сайын ақын Сағи Жиенбаев та жұмсақ жыр-сәулесін төге береді.

Қайырлы Таңымыз құтты болсын, шуақ-нұрын төге берсін Атырауға, Арқа, Ақтөбе, Алтай, Алатауға!

«Дүниеге келер бір рет…»

Балнұр АХМЕТ

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында көрнекті ақын Сағи Жиенбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Дүниеге келер бір рет…» атты жыр кеші өтті. Халқына мол рухани байлық қалдырған сыршыл ақынды еске алу кешінде Майра Ілиясова, Нұрлан Албан, Жұбаныш Жексенұлы, Гауһар Қаспақова, Саят Медеуов сияқты белгілі өнер майталмандары мен «Жігіттер» тобы, «Сарын» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және «Ұлар» фольклорлық ансамблі қатысты.

Кеш барысында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері сырлы сезіммен өрнектелген ақын өлеңдерін өнерді құрметтеп, өлеңді қастерлеген қауымның жүрегіне тебірене жеткізді. Поэзия кешінде көрсетілген көрнекті ақынның кісілік келбеті, таңғажайып табиғаты мен өнегелі өмірі жайлы бір үзік сыр шертетін деректі фильм көрерменді ақынның әлеміне үңілдірді. Жыр кешіне қатысқан қайраткер ақын-жазушылар – Сейфолла Оспан, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Кәдірбек Сегізбаев, Маралтай Райымбекұлының жылы лебіздері мен әдемі әңгімелері ақынның жансарайын жарқыратып ашып берді. Қоғам қайраткерлері өз сөздерінде Алматы қаласындағы көшелердің біріне асқақ ақынның есімін беру және Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну туралы өздерінің ой-пікірлерін білдірді.

– Қазақтың ешбір ақынына ұқсамайтын, үркердей нәзік, баладай пәк, таулардай асқақ Сағи ақын – шексіз жатқан әлем. Сағи ағаның жырларын оқып отырғанда, он сегіз мың ғаламға тіл бітеді, Табиғат-Ананың үні келеді. Сағи Жиенбаев – өз елін шексіз сүйген, сүйе отырып өз елінің болмысына айналып кеткен құбылыс. Қазақты Сағидан, Сағиды қазақтан бөле жара қарастыру мүмкін емес. Ақын жырлары жер бетінде қазақ деген халықпен бірге мәңгі жасай береді, ғасырлардан ғасырларға көше береді, – деді Қа­зақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *