АЙЫППҰЛ ТАЗАЛЫҚҚА КЕПIЛ БОЛМАЙ ТҰР

Нұржамал ТЕГIНБАЙҚЫЗЫ

Қаламызда «Таза қала» акциясы жалғасын табуда. Өткен жұма күнi Алматы қаласы экология инспекциясының ұйымдастыруымен Алатау ауданындағы құрылыс алаңдары мен техникалық жөндеу орталықтарына кезектi рейд жүргiзiлдi. Оған аудандық көрiктендiру, экология бөлiмдерiнiң және аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының жауапты мамандары қатысты.

«Таза қала» акциясы басталғалы бiраз уақыт болды. Қаланың маңындағы өзендердiң арнасы, көлдердiң жағалауы, арықтар қала тұрғындарының қолымен тасталған күл-қоқыстан тазаланып, ажары кiрiп қалғандай едi. Бiрақ, бұл тазалық ұзаққа бармай-ақ «баяғы жартас, сол жартас» қалпына қайта түсiп, арық көздерi де, өзен-көлдердiң жағалаулары тағы да қобыраған қағаздар мен суға батпайтын, таптасаң сынбайтын пластмасса бөтелкелермен бiтелiп жатыр. Көше бойларына егiлген гүлдердiң төңiрегi мен аралары да жүрегiнде аяушылығы жоқ адамдар қалай болса солай тастай салған балмұздақ, темекi қораптары, сусын мен сырадан босаған қауырсын ыдыстар мен бөтелкелердiң жайлы жерiне айналыпты. Жабайы сауданың да жағасы жайлауынан кеткен. Қауын-қарбыз, жемiс-жидек, құрылысқа қажеттi құм, тас, кiрпiш сатушылардың саудасы да қыза түскен.

Ешкiмнен сескенiп, селт етпейтiн секiлдi. Сонда, жүргiзiлiп жатқан акцияларымыздың қортындысы, нәтижесi қайда? Осы сауалымызды емеурiнiмiзден аңғарған Алатау аудандық көрiктендiру бөлiмiнiң қызметкерi Ерлан Тiлеубаев:

– Қазiр жиналып, қазiр ескерту айтып, айыппұл салып кетсеңiз де, ертесiнде сол баяғы қалыптарына қайта түсiп жатады. Жұртшылықтың көше тазалығына деген жауапкершiлiктерi өте төмен. Ендi қандай айла-амалмен тазалыққа үйрету керек екендiгiн бiле алмадық. Таза жатқан жерге дәттерi барып қалай күл-қоқыс тастайтындарын түсiнбедiк, – деп аудан тұрғындарына деген өкпеназын сездiрдi.

Ерлан әңгiмесiн аяқтағанша, Емцов көшесiнiң бойында орналасқан атшаптырым аймаққа орналасқан техникалық жөндеу орталығына келiп жеттiк. Көлiктен түскенiмiз де сол едi, ТЖО төңiрегiндегi тазалықтың мән-жайын байқаған қалалық экология инспекциясының бастығы Алмасбек Сәттiбаевтың түрi өзгерiп сала бердi. Бұл орталықта көлiк жөндеуге қатысты бiрнеше цех орналасқан екен. Бастықтарын да жыға танымайды. Есiмi Қайрат дегенмен, толық аты-жөнiн атай алмады. Орталық- тың iшi-сырты, опыр-топыр қоқысқа толғаны аздай, оның жанындағы «Алтын орда» дәмханасына кiрген бойда быжынаған қара шыбын мен аршылған картоп, сәбiзбен араласып жатқан тұрмыстық қалдықтарды көргенде мына жерден ас iшкен адамдардың асқазаны мықты шығар деп ойладық. Ас әзiрлеп жатқан аспазшының екеуi де ер адам, өзбек ағайындар. Қолдарында денсаулығы жөнiндегi анықтама түгiлi, өздерiнiң кiм екендiгiн анықтайтын жеке бас куәлiктерi де жоқ. «Құжаттарымыз қожайында» дейдi. Алатау ауданы қала бойынша туберкулезден «көш басында» тұрғанын ескерсек, ас әзiрлеп, нан пiсiрiп жүрген осындай «Қазақстанда баламасы жоқ» аспазшылардан сақ болған жөн-ау. Ал ендi осы ТЖО Алатау ауданындағы кiреберiс, көптiң көз алдында тұр. Аудандық СЭС iргелерiнде. Содан қаймықпай жанар-жағармайдың исi бұрқыраған жерден дәмхана ашып, адамдарға ас берiп отырған «мықтыларға» қайран қалмасқа амал жоқ.

Қалалық экология инспекциясының қызметкерлерi аудандық экология бөлiмiнiң мамандарына ТЖО төңiрегiн тәртiпке келтiруге уақыт берiп, орталық иесiне 20 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде айыппұл салу жөнiнде ұйғарым жасады.

«Алдаспан» төңiрегiмiз таза деп ант-су iшедi

Бiрақ, «Алғабас» ықшамауданындағы мектеп құрылысын жүргiзiп жатқан осы «Алдаспан» құрылыс мекемесiнiң маңындағы шашылып-төгiлiп жатқан құрылыс материалдарының қалдықтарын көргенде мекеменiң прорабының сөзiне илану қиындау болды.

«Алғабас» ықшамауданындағы Ақан серi көшесiндегi бой көтерiп келе жатқан көпқабатты тұрғын үйлердi, келер жылы пайдаланылуға берiледi деп жоспарланып отырған мектеп құрылысын көргенде көз тояды. Кеше ғана осы аймақ иен дала атанып, бос жатты емес пе?ө Ендi мiне, ауыл қалпын өзгертiп, қалаға қарап бой түзеп келедi. Бiрақ, амал не, осы әдемiлiктi бұзып, төңiрегiнiң көркiн кетiрiп жатқан тағы күл-қоқыс, құрылыс жұмыстарынан артылған материалдардың қалдықтары, құм, цементтен, жылытқыш заттардан босаған қап, сыр-бояулардың шелектерi тау-тау болып үйiлiп жатыр. Ол аз десеңiз, iргетас құюдан артылған құм-тас пен цемент қоспалары әр-әр жерде таудай болып қатып жатыр.

Бағасы қымбат қоспаның қалай болса, солай төгiлiп жатқанын көргенде, «айдалаға төгiп тастағанша қала көшелерiндегi ойылып жатқан жерлерге төгiп тастаса, тiптi болмаса, ауыл тұрғындарына арзан бағада сатса» деген ой келдi. Төгiлiп жатқан қоспалар қала көшелерiнiң бiраз жыртығын жамап, бiрнеше үйдiң ауласын тегiстеп алуына жетер едi.

Тұрғын үйлер мен мектеп құрылысы қатар жүргiзiлiп жатқандықтан шашылған құрылыс қалдықтарынан «Алдаспан» құрылыс мекемесi ат-тонын ала қашып, «бұл бiздiң қалдықтар емес, бiз келгенде бұл жер осылай шашылып жатқан, оны суретке түсiрiп, арнайы анықтама жазып, аудан басшыларына, қалалық Құрылыс басқармасына тапсырғанбыз» дейдi аты-жөнiн атауды қош көрмеген өзiн «осы мекеменiң құрылтайшысымын» деп таныстырған жас жiгiт.

Басшылар құрылыс маңайындағы шашылып жатқан қалдықтардан ат-тонын ала қашқанмен, экологиялық инспекцияның бастығы Алмасбек Сәттiбаев құрылыс мекемесiнiң басшыларына қатаң ескерту жасап, 1 аптаның iшiнде төңiректерiн тазалап, тәртiпке келтiрудi талап еттi. «Алдаспан» құрылыс мекемесiнде жұмысшылар демалатын, ауыз су iшетiн, темекi тартатын арнайы орынның жоқтығы көрiнiп тұр. Шөлдеген құрылысшылар шлангыдан ағып жатқан суды iшiп жатты.

Құрылыс мекемесiнен шығып, қалаға бет алдық. Алатау ауданы аумағындағы әзiрге бос жатқан жерлер бақылауды күшейтпесе, құрылыс мекемелерiнiң ғана емес, қала, аудан тұрғындарының қоқыс төгетiн орнына айналатын секiлдi.

Қаланың экология инспекциясы да аудан тазалығын бақылауды күшейту қажеттiгiн Алатау ауданының тиiстi сала басшыларына ескерттi. Ескерту ес жинатып, айыппұл айыбын түсiндiрер болса, аудандағы тазалықтың ахуалы дәл мұндай болмас едi. Жоқ әлде, бақылау болғанмен, талап ету төмен болып тұр ма, кiм бiлсiн. Тазалық дегенге келгенде Алатау ауданының ажары ашық болмай тұр.

Ал, «Алдаспан» құрылыс мекемесi жанынан «Нұр Отан» ХДП бақылау постысы құрылғанын баяндайтын тақтайшадағы сөздердiң қай тiлде жазылғанын жаздырған адамның өзi түсiнбесе, бiз түсiне алмадық.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *