Айтылмай қалған әңгіме

Қазақтың көрнекті жазушысы Берік Шаханов өмірден озды

Жақсы адам, жақсы жазушы еді

Қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Ғашықтың тілі», «Қаратаудың самалы», «Құса», «Ақ иірім», т.б. кітаптарымен оқырманға кеңінен танылған Берік Шаханов өмірден озды деген суыт хабарды естігенде, тіл ұшына келген сөз осы еді.

 Әлі есімде. Бірде әкем үйге қуанып келді. Қолында «Ғашықтың тілі» деген бір жұқалтаң кітап. Әкем ай сайын ауданнан мұғалімдердің жалақысын алып келетін. Ауылға ауданнан бір сары пазик қатынайтын. Аялдамада автобус күтіп тұрған әкемнің алдына бір қызыл жигули келіп тоқтайды да, ішінен бір кісі түсіп: «Аға, жүріңіз, ауданға барасыз ба, ала кетейін, кеше бір шаруамен келіп едім, Алматыға кетіп барамын» дейді ғой.

Әуелде әкемнің жыға танымағанын аңғарған ол: «аға, танымадыңыз ба, Берік Шаханов деген шәкіртіңізбін ғой» дейді. Содан екеуі әңгімені гөйітеді. Сол бір ерте көктемде Шабақты өзені жиі тасып (қазір бір тамшы су жоқ), көпірді жұлып алып кете беретін. Алдында әкем де сол Шабақтының жағдайын естіп, үйден уайымдап шығып еді. Аялдамада «автобус келе ме, келмей ме?» деп алаңдап тұрған әкеме бұл бір күтпеген сый болады. Сол жолы Берік аға әкеме «Ғашықтың тілі» деген кітабын қолтаңбасымен сыйлапты.

Бала күнімізде Берік Шаханов деген жазушының атын осылай тұңғыш рет әкемнің аузынан естіп едім. Әкемнің «соншалықты дарынды бола тұра, қандай қарапайым» деп риза болғаны да есімде.

Кейін Алматыға келіп, оқу бітіріп, жазу жұмысына араласқаннан кейін ағамен арагідік ұшырасып қалатын болдық. Сондағы әкем айтқан көрініс көз алдыма келе қалады. Осы бір әңгімені талай мәрте оқталып, өзіне айтып бергім де келген. Қарамайсыз ба, бұл желдей ескен уақыт шіркін кімнің сөзін айтқызуға мұрша беріп жатыр. Анда-санда «Қошекең қалай, әй, енді ондай ұстаздар тумайды ғой» деп қоятын.

Берік Шаханов шынында да өте қарапайым болды. Өмірде де, өнерде де осы принципінен айнымады. Ол жазушылықта әлдекімдердей күрделілікке ұрынбады, өмірдің өзіндегі барды өзіндей етіп көрсетіп, сендіріп, иландырып жазды. Мына орыста Шукшин, Распутиндер бастаған жазушылар әдебиетке деревня әңгімелерін алып келіп, бір құбылыс жасап еді ғой. Біздің Берік Шаханов та сол бағытта жұмыс істеген, сондай қаламгерлердің сойынан болатын. Өзі қандай қарапайым болса, жазуы да сондай қарапайым еді. Қызыл сөз іздеп танаурамай, өмірдің өз болмысын сол қалпында суреттейтін. Шебер екені сондай, тіпті, жағымсыз кейіпкердің өзін жағымды етіп жіберетін.

Бірде «Қазақ әдебиетіне» жарияланған «Сөз сәулесі» атты шағын толғаныстарымның бірінде Бекең жөніндегі айтылған мына бір ой да оның шығармашылық болмыс-бітімінен хабар береді ғой деп ойлаймын.

«…Қазақтың көрнекті жазушысы Берік Шаханов біртоға, сабырлы, артық сөзі жоқ қоңыр кісі. Бекең де кей-кейде көңіл құбылысына қарай ән салады. Бұл қасиетін бұрыннан білсек те, Тынышбай Рахимовтың немерелерінің тойында Тәкеңнің Абайдың сөзіне жазылған, көп айтылмайтын романсын орындады. Керемет зор дауыс болмаса да жүрекке жеткізіп айтты…

Берік Шахановтың «Қайсар» деген әңгімесі («Қ.Ә.», 13.04.2018.) ұнады. Талайларға қиянат жасаған қасіретті тұлғаның өзінен герой жасаған. Тіпті, ұнамды герой болып шыққан. Оның да адам екенін ашқан. Ашқанда ішіне кіріп кеткен. Тіпті, ол ән салатын адам екен. Ондай адамды санасыз деп кім айтады? Өнерлі адам өресіз болмайды. Бұл шын жазушының ғана қолынан келеді. Істеген іске жай адамның өзі де өкінеді ғой, ал енді бүткіл өмірі қасіреттен, қайшылықтан тұратын адамның өкінішін өрнектеу кез-келген суреткердің қолынан келе қоймайды. Өнердің міндеті тәптіштеп түсіндіру емес, тіксіндіру, тұшындыру. Осы тұрғыдан назар қоныстатқанда Берік Шахановтың бағы жанған жазушы. Ол өте қарапайым жазады. Күрделілік пен қарапайымдылықтың ортасынан жол табады. Сонысымен оның кейіпкері ұмытылмайды. Жалпы, Б.Шаханов өз бағасын алмаған жазушы».

Осылай деппіз. Қарапайымдылығы ғой, бірде осы сөзді оқыған ол «мені тіпті аспандатып жіберіпсің ғой» деді. Олай емес, қайта мен жеткізе алмай жатқандай болып едім. Шынында да осы әңгімедегі кейіпкерді біздің ел түгел біледі. Біз білгенде ол бір қараниетті, қаскөй, талайларға қиянат жасаған, тізесін батырған, қысқасы кісі сүйер қылығы жоқ адам еді. Жүрегі жұмсақ жазушының сондай кейіпкерден адам жасап шығуы шынында да нағыз шебердің қолынан келетін шаруа ғой. Оның да дұрыс адам болғаны, тіпті оны қоғамның бұзғаны, әнші болғаны, сол қасиетіне жазушының жазуында қатты иланып, тіпті аяп кетесіз.

Ол қызмет қумады, ешкімнің алдына түспеді, атақ та сұрамады, қарапайым, қоңыр тіршілік кешті. Қарапайым жазды, сондықтан оқырманы көп болды. Оның қоңыр қаламынан ұшқындайтын сол керемет қасиеттің өміріне де серік болғанына бір мысал айтайын.

Біз жыл сайын 100 шақты зиялы қауым өкілдеріне «Алматы ақшамын» жаздырып жүрдік. Бірде Берік аға телефондап: «Айналайын, осы уақытқа дейін газеттеріңді үзбей алып тұрдым. Енді өзім жазылайын, балалар жұмыс істейді, өзім зейнетақы аламын, жерге қарап отырған жоқпыз» деді. Онымен қоймай, ұқыптылығы ғой, газетке жазылғаны жөніндегі түбіртегін де редакцияға өз қолымен алып келіп еді. Бекең қай кезде де осы қалпынан айнымаған адам. Туысқанға жанашыр, бауырмал болатын. Кездесе қалсақ ауылды, ағайындарды сұрап бәйек болып жататын. Жеңгеміз Дәріжан апай өмірден озғанда бұл кісі біраз шөгіңкіреп қалды. Жеңгеміз ағамыздың бабын ғана жасап қоймай, ел ісіне де батыл араласқан үлкен қоғам қайраткері болып еді. Осы Алматыда аналарға ескерткішін қою идеясын көтеріп, онысы қоғамдағы белгілі адамдардан қолдау тауып, іске енді кірісетін шақта өмірден озды да қатты өкіндіріп кетті.

Бәкеңнің үйі біздің редакцияға тақау орналасқан, Шевченко көшесінің бойында. Арагідік редакцияға соғып, әңгімелесіп те кететін. Бірде аға көше бойымен жаяу кетіп бара жатыр екен. Дереу тоқтай қалып, сәлемдесіп, ала кетейін дегеніме «қарағым, сен қызметте жүрген адамсың, әр уақытың санаулы, маған әуре болма, Құдай екі аяққа қуат берсін» деп сол баяғы қарапайым қалпымен емпең қағып жүре берді. Бүгінде аузынан «қарағымы» түспейтін адамдар азайған заманда сондай бір кісі баласына салмағын салғысы келмей ел қатарлы тірлік кешкен жандарды сағынасың. Олар да азайып барады-ау. «Қарағым, шырағым» солармен бірге кетіп барады-ау деген бір пәс көңілдің жетегінде болатыныңды да несіне жасырайық.

Уақыт деген қандай жүйрік, қалай зырлайды?! Қараңызшы, қанша кездесіп жүрсек те, әкемнің шәкіртіне деген сол бір ризалығын айтудың да реті келмепті. Амал нешік, ендігі ұстаз бен шәкірт жаны жәннатта қосылып, сол айтылмай қалған әңгімені әкемнің өз аузынан да естіп жатқан болар-ау.

Жатқан жеріңіз жарық болсын жақсы адам – жақсы жазушы!

 

Қали СӘРСЕНБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *