Айтулы тарихшының аманаты

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың баста­масымен «Рухани жаңғыру» идеясы аясында қазақ тарихының көптеген ақтаңдақ беттеріне көңіл бөлініп, тарихи тұлғалардың өмірінен сыр шертер тарихи фильмдердің түсірілуі қолға алынды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универси­тетінің Ө.Жолдасбеков атындағы Студент­тер сарайында «Отандық кино күні» жобасы аясында режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» атты фильмі көрсетілді.

Бұл туындының жарыққа шығуына үкімет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, архив материалдарын жинақтауда көп көмек көрсетілгені айтылды.  Фильмді тамашалауға көрермен көп жиналды. Студенттер режиссер С.Нарымбетовке жан-жақтан сұрақ қойып, көкейлерінде жүрген сауалдарға нақты жауап тапқан­дай болып, ризашылығын білдірді. «Ама­нат» фильмін жұртшылық жақсы ілтипат­пен қабылдады. Белгілі режиссер өз сөзінде:  «Адамды туатын ана болса, тарих та – ана. Тарих – ұлттың рухани айнасы. Сол тарихты қайта зерделеу, әділетсіздікті қалпына келтіріп, өлгенімізді тірілту, өшкенімізді жаңғырту – Отанымыздың әр перзентінің парызы. Мен де сол пары­зымды өтеу үшін тарихтың ақтаңдақ бетте­рін ашып, фильм түсіріп жүрмін», – деді.

«Аманат» қазақтың әйгілі тарихшысы Ермахан Бекмахановтың өмірін өзек еткен.

«Ермахан атамыздың жұбайы Халима апамыз қазір 94-ке келіп отыр, бірде үйіне бара қалғанымда, қолыма барлық қол­жазбалары мен хаттарын ұстата салды. Мен Ерекеңнің өмірбаянымен толық танысып шығып, фильм түсіруге бел будым. «Аманатта» Бекмахановтың ғылы­ми диссертациясында қазақтың соңғы ханы – Кенесары туралы жазып, көп қиын­шылыққа тап болғаны айтылады. Бұл фильм көп тілдерге аударылып, көрсетіліп жатыр», — деді С.Нарымбетов.

Жастарды патриоттыққа, Отанын сүюге тәрбиелейтін мұндай фильмдер көптеп түсірілсе екен дейміз.

 

Ө.САНДЫҚБАЕВА,

М.ТОЙҒАНБЕКОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ЖОО-ға дейінгі білім беру          факультетінің аға оқытушылары.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *