АЙТМАТОВ ЖАТҚАН «ҚОРҚЫНЫШТЫ» БӨЛМЕ

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

В начале было Слово.

                         Позже возник Литинститут.

         Единственный в мире, до сих пор.

                         Его придумал Горъкий.

Валерий МИХАЙЛОВ.

Әдебиет институты дегеніміз – сол кездегі бір сырлы әлем, кеңестік құрылысты ұстап тұрған идеологияның тамырлы тар­мағы – әдебиеттің қайнаған қара қазаны секілді көрінетін. Оның атын естігеніміз болмаса, есігіне бас сұғамыз деп ойлаған да емеспіз. 1933 жылы Максим Горький ықпалымен құрылған Одақтағы әдебиет шеберлерінің шынайы шеберханасында Олжас Сүлейменов оқып жүріп, пәнәйі себеппен шығып кетіп, «Адамға табын, Жер, енді!» дүниені дүр сілкіндіріп жат­қанда қайта шақырған оқу орнының ректорына: «Сенімдеріңізге рахмет, ақын боп қалыптасып келе жатырмын», – деп жеделхат жіберіпті дегенді де естігенбіз. Жиырма екі жасында Жазушылар одағы­ның мүшелігіне өткен Евгений Евтушенко сонда оқыпты дегенде, алыс арманның жалт еткен желкені көз алдымызда елес боп көлбең ете қалатын.

Кеңес Одағының әдебиетші жастарға жасаған ең соңғы жақсылығы – 1989 жылдың мамырында Мәскеуде жас жазу­шылардың Бүкілодақтық ІX кеңесі өтпекші екен деп, Одақ қыран-топан жиналыс жасап, сараптан өткен саңлақтар қатарына жастар ісі жөніндегі хатшы Ұлықбек Есдәу­лет бастап, Аманхан Әлім, Тұрсын­жан Шапай, Рахымжан Отарбай, Есенғали Раушан, Гүлнар Салықбаева, Жүсіпбек Қорғасбек және осы жолдардың авторы еніп, жолға аттанды. БЛКЖО Орталык Комитетінін кең залында КСРО Жазушы­лар одағы басқармасының бірінші хатшы­сы, соғыс прозасының шебері Владимир Карпов кеңесті мерейлі сөзбен ашып, сәт-сапар тілеген соң бірнеше семинарларға бөлініп, жұмыс істей бастады. Қазақтар ә дегеннен-ақ алға шықты. Олар орыс тіліне жетік әрі аудармалары да сапалы болатын. Сосын Орта Азия  орысқа жақындау, өзбектер айтпақшы «орыс болу үшін әуелі қазақ болу керектігінен» бе, әйтеуір, қай секцияда болмасын жігіттердің бағы жанып жатты. Бес күннен кейін сол кең залда қорытынды кеңес өтті. Владимир Карпов­тың аузымен әркімнің жетістігі айтылды, кеңес нәтижесі сарапқа салынды. Бес жас қаламгерді семинардағы үздік жетістігі үшін Кеңес Жазушылар одағының мүше­лігіне кезексіз қабылдау туралы Жарлық шықты. Үш қаламгер Әдебиет институтына конкурссыз қабылданды. Олар: Сахалин­нен келген белорусь жігіті Валерий Балюк, өзбек ақыны Яхио Тоға және осы жолдардың авторы.

Мәскеудің жанға жайлы коңыр күзінде сабақ басталып та кетті. Тверь бульвары 25-үйде, Пушкин ескерткішінің артқы жағына, Мәскеу Академиялық көркемөнер театрына қарама-қарсы қоныс тепкен екіқабатты көне үйге де кірдік. Адамның жылт еткен жақсылығын аңдып, өзінде барды өзгеге сәуле ғып құюға асыққан жаны жайсаң оқытушылар қауымы тың­дау­шыларды қатты таңғалдырды. Әдебиет институты диплом бермейді, білімге куәлік береді. Өйткені, жазушы немесе ақын деген мамандық жоқ, сен әлем әдебиетінің озық үлгілерімен танысып, семинар сабақта­рын­да шығармаларынды талқылатып, әдеби ортамен араласып, хас шеберлердің тезінен өтудің өзі дипломға бергісіз дүние. Мұнда да жер-жердегі «мен мықтымын» деген айтқыштар мен жазғыштар жиналған ғой.

– Осы Шолоховтың «Адам тағдыры» очерк деңгейіндегі дүние емес пе? Неге сонша классика ғып шыңға шығарамыз?

Нижний Новгородтан келген ақын қыз көзілдірігін бір түзеп қойып, филосо­фиядан дәріс оқып тұрған сексеннің сеңгі­ріндегі академикке – кезінде «Тачанка» фильмін қорғап, ЦК-дағы қызметі мен партбилетінен қоса айырылған Г.И.Куни­цынге шығармашылыққа байланысты тосын сауал қойды. Шал әп-сәтте терлеп, тамағын кенеп:

– Сіз өзі, сіз өзі, – деп қайталай берді. – Сталинге соғыс тұтқындарын ақтау туралы ешкім де тісі батып айта алмады. Оны «Адам тағдыры» арқылы Шолохов қана айтты. Шығарманы оқыған Сталин «Тұтқындар жоқ, Отанын сатқандар бар» деген теоремасын өзгертуге мәжбүр болды. Сіз өзі, сіз өзі.., – деп Георгий Иванович қызға қарап, тамағын қайта-қайта кеней берді.

Осы сәт сөз бағалай білген патшаны да бас идірген әдебиеттің құдіретіне деген толғаныс сезімі аудиторияны түгел баурап алған еді.

Мұндай мысалдар көп-ақ.

Добролюбов пен Науаи көшелерінің қиылысына қоныс тепкен жеті қабатты жатақхана да дәл бір түңлігі желпілдеген ЦДЛ (Әдебиетшілердің орталық үйі) секілді болатын. Қабырғасына «Кімді ЦДЛ жалық­тырса, соның өзі бұл жерді жалықтырған» деп Долматовскийдің қолы қойылған кең зал әдеби буынның бір-бірімен жүздесер жанды нүктесі, ал жатақхана күнде кешке әдебиет әлеміндегі айтыс пен тартыс өтіп жататын  өмірдің өзіндей қызуы қайнаған  қызылкеңірдек орта еді. Жеке бөлме,  демалатын төсек-орын, бірнеше үстел шамы –  қаламгер үшін не керектің бәрі бар. Бәрінен қымбаты – «әдебиет ардың ісіне» өмірін бағыштаған әр ұлт өкілдерінің бір-бірін терең түсінуі.

Алпыс жылдан аса ғұмырында осы көне жатақхана түсініскен жүректердің тағдырына да айналыпты. Оқуға төрт жыл ұдайы келіп түскенін естіген күні «Арма­ныма жеттім» деп жетінші қабаттан секіріп кеткен қағілез қызды да көрдік. Атақты ақын Юрий Кузнецов өзінің курстасы, біздің әпкеміз Бәтимаға ғашық боп:

– Маған тұрмыска шықпасаң секіріп өлемін, – депті.

– Мықты болсаң секір, секіргеніңді көрейік, – дейді шығыс қызы. Арқалы ақынның екі қолы алда, екі аяғы артта, жетінші қабаттан қалықтап жерге түседі. Дін аман. «Мені Бәтимаға деген махаббат құтқарды, ештеңені де сезгенім жоқ», дейді ақын. Сол ақын қазір Ресейдің абыройына айналды. Қазақ қызымен бақытты түтін түтетіп, көзі тірісінде Шығыс Қазақстан топырағына күйеулік құқықпен жиі табан тигізіп тұрды.

Сол Юрий Кузнецов жатақхананың көкжағал ас бөлмесінде картоп қуырып жатқанда қасқа маңдай Николай Рубцов кіріп келіп, тиісе кетеді.

– Мен кемеңгермін, бірақ әрине… адам­дармен қарым-қатынаста өте қара­пайым­мын.

– Бір кухня екі кемеңгерге тарлық етпей ме?..

Рубцов сөзге тоқтап, шығып кетеді…

Рим халқы өз данышпандарының есімін пайдаланып кетпесін деп жасырын ұстайды екен. Біз болсақ кемеңгерлерімізді өлгесін ғана құрметтеп, қадір тұтамыз. Қазақ үшін елуге дейін бала деу, елуден кейін «сен де кеп қапсың-ау, ә!» деп таңыр­қау дәстүрі «өз жақсыңды жаттай сыйла» деген халық үшін жарасымсыз-ақ қасиет. Осы жерде Қали Сәрсенбайдың «Аға деген ауру бар» деген сөзін қостаймын. «Мен ағамын, иткөйлекті бұрын тоздырдым» деп тапырақтай бергенше, жаға болуды да ойлап қойған жөн шығар. Бір сәт Қала­ғаңның (Қалтай Мұхамеджанов) сөзін де еске алайық. «Әуезовтің маңдайын Сократ­тың маңдайы дейміз, ол өзіміздің маңдай ғой», – дейді тап басып. Өз маңдайымызға өзіміз сүйсініп қарайық та дегенді мылтықтың оғындай дәл тигізіп отыр.

Сонымен, Әдебиет институты туралы.

Ясная Полянадағы Лев Толстойдың, Петербургтегі Александр Пушкиннің, Рязан­дағы Сергей Есениннің үй-мұражай­лары, Бунин жазған «Антонов алмасы» өскен жер – міне, осылардың бәрі Әдебиет институтының саяхат-сабақтары арқылы жүздесер киелі орындар. Әрине, мұнда жүргендердің бәрі де талағында биті бар, «таланттыларға қолұшын беру керек, ал өлермендер өздері-ақ бұзып-жарып өтеді» дегенді терең түсініп, жүрегімен қабылда­ғандар. Ең бастысы, олар шеберліктің не екендігін сыналап бойға сіңіріп, нені жазып, нені жазбау керектігіне әдебиет әлеміне саяхат жасай жүріп көз жеткізер еді. Бірге оқыған өзбектің талантты ақыны, «Алаш ұранды қазақ, Арқар ұранды төре, Алла ұранды қожа» танымын барынша жетік білетін діндар Яхио Тоға да орыс әдебиетінің тереңінен сусындап, оның ұлы әдебиет екендігін қолынан кітабы түспеген отыз күн оразадан кейін таңырқай отырып айтып еді. Алыс та жақын шет ел әдебиеті де қазыналы терең бұлақтай. Олардың есігін түсініп тықылдатуды санана сіңірген семинарлардан соң сол есіктер өзінен-өзі еркін ашылар еді.

Әдебиет институты – ұлттардың ұйыған мекеніндей. Оның қабырғасындағы достық – ұмытылмас достық. «Бауырыма!»  деп «Глубинный голод» атты кітабына көз жасын сығып тұрып қолтаңба қалдырған Сахалиннен келген белорусь Валерий Балюк, Эрмитаждың ағаш ұстасы боп жүріп оқуға келген петерборлық ақын Алек­сей Любегин, армян Левон Балбулян­ды қалай ұмытарсың. Өзбек ақыны Яхио Тоға мен қырғыз драматургі Бурул Қалша­баева үй түбіндегі туыстар секілді.

Сөзімді 1994 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан «Әдебиет институты ашылса…» деген мақаламнан үзіндімен түйіндемекпін. «Әбділда Тәжібаев естелік­терінің бірінде: «…мен 1953 жылы Мәскеу­дегі Әдебиет институтының жанындағы екі жылдық жоғары курсқа – екі жыл алаңсыз оқуға, дамылсыз кітап ақтаруға кеттім. Сол Мәскеуде шәкірт боп өткізген екі жылыма әлі өкінбеймін», – депті. Мәскеудің Тверь бульвары, 25-үйге орналасқан Әдебиет институтының сол кездегі Одаққа, жалпы әдебиет әлеміне кең танылған қалам­герлердің ыстық ұясы, шыңдалу мектебіне айналғаны Әбділда ақынның «екі жылыма әлі өкінбеймін» деген сөзінен-ақ сезіліп тұрған болар. Қазақ әдебиетінің ұзақ көшін­де басы Әбекең, аяғы Аманхан Әлім оқып, қазір Одақ тараған тұста таяу шет елдерге есігі жабылған осы әдебиеттің киелі қабырғасынан Ә.Нұрпейісов, Т.Әлімқұлов, О.Сүлейменов, С.Мұратбеков, С.Жүнісов, Р.Тоқтаров, А.Нысаналин, Ұ.Есдәулет, тағы да басқа әдебиетіміздің ауыр жүгін қайыспай көтерген аға буын мен соңғы буын өкілдерінің білім бұлағынан сусындағаны баршаға аян.

Әдебиет секілді қиын сүрлеуді қалаған қалам иесі үшін Мәскеудегі Әдебиет институты үміт өткелі деп айтса, ешкім де кінәлай қоймас. Күллі Еуропа әдебиеті мен Шығыс поэзиясы, Одақ тұсындағы одақтас республикалар әдебиеті, XVІІІ–XІX–XX ғасырлардағы әдеби ағымдар мен аттары сирек аталатын Пушкинмен замандас ақындар, таяу және алыс шет елдердегі эми­грант қаламгерлер шығармашылығы, философия мен экономиканың хал кешуі, қазыналы кең кітапхана – осының бәрі сол оқу ордасының шәкіртке тартар сыйы. Толстой, Есенин, Пушкин болған жерлер­ге, тарихи орындарға саяхат-сапарлар қолына қалам ұстаған жанның көкірек танымы үшін аз көмек болмаса керек. Онан беріде тек әдебиет емес, кеңестік тоқырау тұсында үні естілмей, даусын тек «Голос Америки» мен «Би-би-си»-ден ғана тыңдап жүрген, кезінде өнердің өміршеңдігі үшін айтысып, КОКП Орталық Комитеті сияқты биік тақты тастап кеткен, қырық жыл қуғында болған Г.И.Куницынның дәрісі, атақты қаламгерлер Ш.Айтматов, В.Распутин, А.Киммен жүздесіп, олардың ақыл-кеңесін тыңдау да ұшамын деген қанатқа демеу емес пе!

Жә, су ағады, заман өзгереді, өткеннің жақсы іздерін Әбділда тектес дарындар естеліктерінде тамсанып айтып отырса, бұл да сол кезеңнің шындығы. Енді осындай қабырғалы оқу орнын Қазақ елінің астанасында неге ашпасқа?».

Горький атындағы Әдебиет институты құрылғалы сонда қызмет істеп келе жатқан бір кісі: «Айтматов «Жәмиласын» осында жүріп, осы бөлмеде жатып жазған еді», – деп мақтаныш тұтады. Бұл – орыс халқы өлердей қорқатын «13» саны мінгескен 713-бөлме еді. Бұл бөлмеде Юрий Кузнецов екеуінің басы бір қазанға сыймаған әйгілі Николай Рубцов тұрып, өзінің құлпыта­сына жазылған «Россия, Русь! Храни себя, храни!» деген өлең жолдарын өмірге  әкеліпті. Анатолий Ким де осы бөлмеде жатып, арман-сағымға араласып, қалам-қуатын алысқа сермеп, «Ұлдың соты» атты жалпақ жұртқа ұнаған әңгімесін жазды. Осы бөлмемен қоштасып тұрып, «Мен сені сүйемін!» деген қабырғаға қашап жазыл­ған жазу үшін коменданттың жазасынан Алматының апортын беріп ақталғанымды айта кетейін. Оны жазған мен емес, Марина есімді қызға ғашық болған бөлменің маған дейінгі тұрғыны, орыстың талантты прозаигі Анатолий Шипилов болатын.

Алматыда Бигелді Ғабдуллинді көрсем, құшағымыз айқасады. Орыс тілді әдебиет­ші, аудармашы, публицист Бигелді құрда­сыммен сонда табыстым. Ол «Ленинкада» (Ленин атындағы Орталық кітапхана) тапжылмай отырып, әдебиет әлемінің құдығына қауғасын терең  тастады. Тілі орысша Бигеш семинарда кез-келген орысты шаң қаптырып кететін. Қазақ ПЕН-клубының Президенті боп қазақ жерінде Халықаралық форумдар өткізіп жүрген әдебиетші жігіттің өнбойында «менің елім, менің әдебиетім» деп от боп тұтанған бір ұшқын бар. Ол жат жерде алған тәлімін қазақ үшін жұмсап, ұлттық әдебиетті әлемдік деңгейге шығару үшін жаны жай таппай шырқырап жүрген бір мазасыз жан.

Әдебиет институты – Тверь бульвары, 25-үй – кеңестік Одақ көлеміндегі жер-жерден жиналған таланттардың құж-құж қайнаған ордасындай еді. Бір кездері солай қарай асыға басқандардың арасынан қазақтар мен қазақстандықтарды көрсеңіз, осы бір саржағал үй олардың санасына қа­лам жолдарындай ирек-ирек із қалдырған ыстық ұя. Ал үстел шамы түні бойы сөн­бей­тін «қорқынышты» бөлменің есігіндегі 713 деген үш орынды сан ұлы Мұхаңның «Әдебиет – ардың ісі» деген үш ауыз сөзін жайбарақат мегзеп тұрғандай.

Сол Шыңғыс Айтматов Мәскеуге келіп, қолы қалт еткенде «Жәмиласын» жазған 713-ші «қорқынышты» бөлмеге бір соқпай кетпейді екен. Бұған сөз де, көз де куә.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *