«Айтарым көп, жазып алатын адам болса» деуші еді жарықтық

Қазағына танымал, зиялы Сарыбаевтар әулетінің бір перзенті, белгілі түркітанушы, қазақ тілінің тамыршысы, қазақ тілі лекси­кографиясының атасы атанған,  Ұлттық Ғылым академиясының  академигі,  фило­ло­гия ғылымының докторы, про­фессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері  Шора  Шамғали­ұлы Сарыбаев ақсақал  дүние­ден озды. 

 Биыл тоқсан деген тағдыр тауының үшінші асуынан енді ғана асқан  ақсақал­дан осыдан үш жыл бұрын, тоқсан жасқа толған кезінде тіл­шілеріміз сұхбат алып,  арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрған еді. Сонда: «Халім, міне, өздерің көріп тұрған­дай,  Абайша айтсам, «қартайып, қайғы ойлайтын» жасқа  да  келіп қалыппын. Қазақ­стан­ның «білгір» дәрігерлері қойған  «қатерлі ісік» деген  диагнозды Германия­ның дәрігерлері жоққа шығарғалы бері жаман емеспін.

Дәрігерлер жаман ауруға шалдық­қансыз дегенде кәдімгідей   бала-шағам­мен түгел қоштасып, жалғыз ұлым Қайратқа 12 бөлімнен тұратын өсиет хат жазып, өмірмен қоштасып қойған едім. Адам баласы қызық қой,   тоқсанға келсең де,  жарық дүниені бір сәтке де қимайды екенсің. Тоқсан деген аз жас емес қой, шүкір, жақсыны-жаманды,  аштықты да, қуғын-сүргінді де көрдік. Күні кешегі Желтоқсан оқиғасы кезінде жастармен бірге алаңға шығамын деп тобығымызға тас та тиді. Ахмет Байтұр­сынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатовтың тіл туралы жазғандарын зерттеу еңбектеріме пайдаланғаным үшін баспаханада басылып жатқан кітабымды   турап тастағанды да көрген адаммын. Ғылым академиясының да жабылғанын көз көрді… Сарыбаев сары уайымға салынатын жан емес, дегенмен жастардың болашағына алаңдаймын», – деп еді.

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген қағиданы өзінің де, ұрпа­ғының  да бойына сіңірмей,  мұнтаздай таза  өмір сүрген Шора атамыз еді бұл кісі. Осын­дайда  «Бұрынғының  адам­дары-ай!» дейсің терең күрсініп. Сары­баев көкеміз әңгіме­лескен сайын «айтарым көп, жазып алатын адам болса»  деп те айтушы еді. Оған  мына өмірдегі   тынымсыз тіршілік, уақыттың тапшылығы мұрша берді ме, «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы да. Міне, тағы бір асылымызды жоғалт­тық. Тірісінде оны бағалай алдық па, жоқ па кім білсін, ол ендігі уақыттың еншісінде.

Шора Сарыбаевтың қазақ тілі біліміне сіңірген еңбегі орасан зор. 1925 жылы  Ташкент қаласында өмірге келген Шора Сарыбаев  өмірінің соңғы сағаты соғылған­ша, қазақ тілінің диалек­тикасына, морфо­ло­гиясы мен лексико­логиясына, лексико­гра­фиясына, тіл тарихын зерттеуге  қызмет етіп кетті.  Адамға дұрыс есім беру керекті­гіне де мән беріп, оны да ұлтының рухани қазынасына қосып кеткен ғалым 250-ден астам  ғылыми мақала мен оқулық­тың, монографиялық еңбектің авторы.  Мыңға тарта кандидаттық, докторлық диссерта­циялардың да библиогра­фиялық көрсет­кіш­терін жасаған ізденімпаз да жан-жақты ғалым еді.

Шора Сарыбаев десе, жұрттың  езуіне әдемі күлкі үйіріле кететіні тағы бар.  Жеті жүзге жуық әзіл-қалжың жинап, күлкі­сүйер  қауымға сыйлаған  Шора  ақсақал­дың жарқын бейнесі   ұлтын  сүйер қазақ­тың жүрегінде мәңгі қалары анық.

Ал өзіңізді үнемі іздеп жүретін «Алматы ақшамы» газетінің ұжымы мен  қалың оқырманы сізді ешқашан ұмыт­пайды.  Өйткені, сіз де бізді ұмытпай­тынсыз.  Жыл­да баспасөзге жазылу нау­қа­ны кезінде «Алматы ақша­мы» газетіне жарты жылға жазылып қойға­ныңызды  алдын-ала ескертіп қоятын­сыз. Бірде «Ата, неге бір жылға жазыл­мадыңыз?» деп сұрағаны­мызда: «Біз енді жасы келіп қалған адам­быз ғой,  жазға дейін кім бар, кім жоқ деген­дей ғой», – дейтін едіңіз өзіңізге жара­сымды әзіліңізбен.  Иә, ертеңгі күнін кім болжай алады дейсіз?! «Жүз ауыз сөзің қалмаса, жүзге жеткеннен не пай­да?» дейтін едіңіз, шүкір, соңы­ңызда жұртыңыз айта жүрер жақсы сөзіңіз, өнеге тұтар тәлімді істеріңіз қалды.

Алдыңыз – пейіш, артыңыз – кеніш болсын!

 

«Ақшамдықтар».

 

 

 

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик:

Ана тіліміздің мәртебесін көтеруге бар ғұмырын арнады

Шора Шамғалиұлы бүкіл саналы ғұмырын ана тіліміздің өркендеп дамуына арнаған бірден-бір тіл білімінің білгір маманы болды.

Ол кісінің еңбекқор­лығы­нан, ізденім­паздығынан кейінгі ғалымдар үлгі алып өсті десе де болады. Шора ағамыз кешегі Алаш ардақтыларының көзін көрген, кезінде сол азаматтардың өнегесін алған тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы. Ғұлама ғалымның айтқан сөздерінен, жазған мақалаларынан ұлтжандылық сезімі атойлап тұратын. Шора Шамғалиұлы ұзақ жыл біздің  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында табанды да жемісті еңбек етті. Осы институттың қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімінің меңгеру­шісі, директорының орынбасары қызметте­рін абыроймен атқарды. Кейін де институттың бас ғылыми қызметкері болды. Ғалым ұзақ жылдық ғылыми-зерттеу еңбектерін қазақ тілінің өзекті салалары – диалектология, морфо­логия, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма мәселе­леріне арнап, көптеген ғылыми мақалалар мен оқулықтар жазды. Қазақ тілінің білгір маманы С.Аманжо­ловтың тілдегі диалек­тілерді топтау теориясын одан әрі дамытты. Ғалымның  «Қазақтың аймақтық лексико­графиясы» атты монографиясы түркітану ғылымында лексикография теориясына арналған алғашқы еңбек болды. Әлем елдері түркі тілдерін зерттеп жүрген көрнекті ғалым­дардың қатарында Гарвард корпорациясы­ның мүшелігіне сайланғаны, Германия мен Түркиядағы Халықаралық конгрестер мен конференцияларда баянда­ма­лар жасауы Шора Сарыбаевтың ой-өрісі кең, ғұлама ғалым екенін дәлелдесе керек. Шора Шамғалиұлының ана тілі саласын­дағы ұзақ жылдық еңбегі  туған ұлтына адал қызмет етудің өшпес үлгісі болып қалды. Ғалым ағамыздың хатқа түскен еңбектері келешек ұрпақ үшін де баға жетпес қазына болып қалары анық. Халқының ана тілі үшін еткен ұзақ жылдық табанды еңбектерінің ғұмыры ұзақ болып, елімен бірге өмір сүре береріне сенеміз.

 

 

Ғарифолла ӘНЕС,

филология ғылымының докторы, профессор:

Қазақтың жоғалтқан асыл дүниесін жинап, ғұмырын ұзартты

Өз мінезі – сөз мінезі болған асыл азамат Шора ақсақал өмірден озды.

Құдайға шүкір, Шөкеңнің басынан бақыт ауған жоқ. Ол бәрін көрді, аттан ауу ақырет еместігін аңдатты. Адамды қызмет көтермейтінін, қызметті адам көтеретінін көрсетті. Халық оның асыл сөзін ардақтап бағалады. Қазақтың жоғалтқан асыл дүниесін жинап, ғұмырын ұзартты. Қай салада қызмет етпесін, қолынан қаламын тастамай, ұлтқа қызмет етті. Елдіктің қамын, отаншыл ділімен, көркем тілімен жалықпай-талмай айтумен болды.

Пайғамбар мінезді, сәруар тұлғалы ғалым көп қазақта кездесе бермейтін өте кірпияз, тақ-тұқ, уақытын есеппен бағалай білуші еді. Ол мінез әкесі Шамғали Сары­баевтан дарыды. Бұл отбасы халқымыздың құндылықтар дүниесін жинаумен де танымал болды. Бауыры Болат Сарыбаев қазақтың музыкалық ұлт аспаптарын жинастырса, Шора ағамыз халық медици­насы туралы түрлі танымдық дүниелер мен қазақ футболы және қазақ қалжыңдары мен анекдоттарын жинастырып, оны ел игілігіне айналдырды.

Ол өз ісіне аса ұқыпты болатын. Қазақ тіл білімінің библиографиясын қалыптас­тыруда Шөкеңнің еңбегі зор. Осы еңбек­тердің бәрі қазақ тіліне қосылған олжа болды.

Иманыңыз жолдас болып, жаныңыз пейіштің төрінде болсын, асыл ұстаз!

 

 

АБЫЗ ҒАЛЫМ ЕДІ…

Қазақ елі ауыр қазаға ұшырады. Қазақ ғылымының іргетасы сөгілді. Қазақ тіл білімінде өзіндік орны бар ғалым – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының акаде­мигі, филология ғылым­ының докторы, профессор, Қазақ­станның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендеріңің иегері Шора Шамғалиұлы Сарыбаев 1 мамырда 94 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Шора Шамғалиұлы 1925 жылы наурыз айының 2-сі күні Ташкент қала­сында әйгілі ағартушы, әдіскер ғалым Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың отбасында дүниеге келген. Шора Шамғалиұлы Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебін, 1945-1950 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетін үздік оқып бітіргеннен кейін қазақ тілі кафедра­сында аспирантураға қалдырылды. 1954 жылы профессор М.Балақаевтың жетек­шілі­гімен «Қазақ тіліндегі одағайлар» деген тақырыпта кандидат­тық диссертация қорға­ды. А.Байтұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институты Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімінің меңгерушісі (1954—1960, 1967—1995), институт директорының орынбасары (1979—1987), 1995 жылдан осы институттың бас ғылыми қызмет­кері қызмет­терін атқарған. 1974 жылы докторлық диссертация қорғады.

Ш.Сарыбаевтың шығармашылық шең­бері кең, ауқымды, әр алуан ғалым болған еді. Қазақ тіл білімінің диалекто­логия, морфо­логия, лексикология, лекси­когра­фия, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, алтаистика мәселелері бойынша қалам тартқан. 500-ден астам ғылыми мақалалар мен оқулықтары, монография­лары жарық көрген. Оның зерттеулері тек Қазақстан емес, бұрынғы Одақ көлемінде шығып тұрған «Вопросы языкознания», «Совет­ская тюркология», «Народы Азии и Африки», «Советское востоковедение», Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының «Хабар­шысы» мен «Хабар­лары» тәрізді ғылыми-теориялық журнал­дарда және шет ел баспаларында жарық көрген. Ғалымның зерттеулері қазақ тілінің өзекті салала­рына, атап айтқанда, қазақ диалекто­логиясы, тіл тарихы, мор­фология, лексикология, лекси­ко­графия, библио­гра­фия, аударма, есім­нама, алтаис­тика мәселе­леріне арналған. Осылардың ішінен «Сүйген іс сүйкімді келеді» деген­дей, бар күш-жігерін сарп етіп зерттеген екі саланы ерекше атауға болады. Оның бірі – диалектология болса, екіншісі – тіл білі­мінің тарихы. Ғалым еңбек­терінің үштен бір бөлігі диалектология мәселесін зерттеуге арналған. «Кен байлығы жерде, сөз байлығы елде» деген халық нақылының мағынасына терең бойлап, жергілікті тіл ерек­шеліктерін жинауға ерекше мән берген. Одан бөлек, «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінің», «Қазақ тілінің диалектоло­гиялық сөздігінің», «Жаңа атау­лар сөздігінің», «Қазақ тілінің аймақ­тық сөздігінің» құрастырушысы. «Қазақтың аймақтық лексикографиясы» моногра­фиясы – түркітану ғылымында аймақтық лексикография теориясына арнал­ған алғаш­қы еңбек. Ғалымның классикалық зерттеулері қазақ тіл білімі ғылымының алтын қорында ерекше орын алып, көпте­ген ғылыми зерттеу жұмыста­рына өзіндік үлес қосқан еді.

Қазақ ғылымының зиялы қауымы мен өскелең ұрпақ тоқсанның төрінен көрінген абыз ғалым, қазақ тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосқан Сарыбаев Шора Шамға­лиұлы атқарған ерен еңбегін, асыл мұрасын әрдайым жадында сақтайды.

Отбасына, туған-туыстарына, әріп­тес­­теріне қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

 

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұжымы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close