АЙТАРЫ КӨП АПАЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

1Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ  

Үздіксіз білім беруге негізделген Алматы университетінің ұжымы жастарға  сапалы білім берумен қатар, өнегелі тәлім-тәрбие беру жұмыстарына  көп көңіл бөліп отырады. Мұнда жиі өткізіліп тұратын тұлғалармен жүздесулер, ақын-жазушылар, өнер иелерімен өткізілетін кездесулер университетте жүргізілетін  тәрбие жұмыстарының бір парасы ғана болса керек.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер  күні мерекесіне орай, университет шаңырағында тағы да бір тағылымы мол кездесу кеші болып өтті. Оған белгілі қоғам қайраткері, білім беру ісінің  үздігі, «Парасат» орденінің иегері Шәмша Беркімбаева мен жазушы Зейнеп Ахметова қатысып, студент-жастарға, әсіресе, болашақ ана – қыздарға  тәлімі мол әңгімелер айтып берді.  Кездесу кешінің шымылдығы университеттің ректоры Б.Құлжабаевтың   құттықтауын жолдаған күндізгі оқыту бөлімінің деканы Сәбит Шілдебайдың құттықтау сөзімен басталды.

2Бұдан соң қос тұлға туралы  Абай атындағы педагогикалық университеттің профессоры Гүлзия Пірәлиева және әдебиеттанушы, профессор А.Ісмақова баяндама жасады. Г.Пірәлиева Ш.Беркімбаеваның өмірі мен еңбек жолына  шолу жасап, ол кісінің қазақтың қыз-жігіттерінің жоғары білім алып қана қоймай, олардың ұлағатты ел азаматы болып қалыптасуына қосқан үлесі жайында әңгімелеп берсе, А.Ісмақова қазақ жұртына  келін болудың өнегесін  көрсетіп жүрген Зейнеп Ахметова жайында келісті суреттеме жасап берді.

Өз кезектерінде сөз алған қазақтың қайраткер қос қызы жастарға отбасының бақыты, әйел-ананы сыйлау, қыз бен ұлдың тәрбиесі жайында тәлімге толы әңгімелермен қатар, аналық ақыл-кеңестерін айтты. Егіннің де көктемде егілетінін айта келіп, білім жинап, оған қызығушылық таныту, бойға ұлттың асыл қасиеттерін дарыту жастық шақтан баста­латынын айтқан Шәмша Көпбайқызы  университет жастарын білімді, тәрбиелі болуға шақырды. Ал Зейнеп Ахметова болса, өзін қазақтың келіні дәрежесіне жеткізіп, соған лайықты болуға тәрбиелеген, ең алдымен, Бауыржан Момыш­ұлындай ұлын қадірлеген қазақ халқының пейілі десе, одан кейінгісі Баукеңдей ұлы тұлғаның өнегесі дегенді  тілге тиек ете отырып, атасы – батыр Бауыржан Момышұлының отбасындағы ұл мен келінге  дарытқан тәрбиелік қағидалары   туралы қызықты мысалдар келтіре отырып әңгімелеп берді.

«Атамның айқайының астарында үлкен   тәрбиенің ұлағаты жататын еді» деген Зейнеп жеңешеміз қазақ жастарын, әсіресе, ұлт тәрбиешісі саналатын қыздарды тәрбиелі, тәлімді болып, жаман әдет-дағдылардан аулақ болып бойжетулеріне тілек­тестігін білдіріп,  Бақытжан Момышұлының  төрт томдық шығармалар жинағын  университет кітапханасына тарту етті. Кездесу кешінде  аналар мен арулар туралы әндер шырқалып, күй тартылды. Студенттер кеш қонақтарына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, Шәмша апалары мен Зейнеп жеңешелерінен қолтаңба алды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *