АЙТА АЛМАҒАН МҰҢДАРЫМ КЕП КЕЙ-КЕЙДЕ, ЖҮРЕГIМДI АЯМАСТАН ТҮЙРЕЙДI

  • Жыр-жүрек

31

 

 

 

 

 

 

Құрманхан НҰРЫМБЕТОВ

 

БӘРIНЕН СҰЛУ КӨРIКТIМ

Лағындай ойнап елiктiң,

Гүлiндей жайнап өрiктiң,

Қай жерлерде жүрсiң сен,

Бәрiнен сұлу көрiктiм?

 

Жанарың күндей төгiп нұр,

Жанымды балдай ерiттiң.

Сағындым сенi, қайдасың,

Бәрiнен сұлу көрiктiм?

 

Қалмады бойда ерiк тым,

Қаласаң мәңгi серiкпiн.

Қимаймын сенi басқаға,

Бәрiнен сұлу көрiктiм.

 

Уәдеңе берген сенiппiн,

Соңыңнан және ерiппiн.

Адасып қалдық, ай жарық.

Қайдасың, қайда, көрiктiм?

 

ӘЙЕЛДЕР

Әйелдерсiз қиын күн,

Болмақ емес күйiң бұл.

Ашулансаң, құдай-ау,

Дауыл емес құйын бұл.

 

Ақылдылар, әсемдер,

Жүректегi әсерлер.

Алдағанға сенетiн,

Аңқау жандар, “көсемдер”.

 

Алақанда тұрмайтын,

Лақтыруға қимайтын.

“Айтқаныма жетем” деп,

Күнi-түнi тынбайтын.

 

Қасы қара қияқты,

Тар санайтын жұмақты.

Өкпелерi бiтпейтiн,

Манас жыры сияқты.

 

Әйелде не жазық бар,

Берiспейтiн алыптар.

Еркектердi шынжырлап

Байлап қойған қазықтар.

 

ӨЗIМ ТУРАЛЫ

Ақ қағазға сырымды айтып сиямен,

Қиыстырып қиялымды қиямен,

Ой түбiнде күнi-түнi тұншығам,

Жынды болып кетпес пе екем, сiрә, мен.

 

Қиял шiркiн көкке биiк сүйрейдi,

Iңкәр көңiл сезiмдi асқақ билейдi.

Айта алмаған мұңдарым кеп кей-кейде,

Жүрегiмдi аямастан түйрейдi.

 

Өң мен түстiң арасында жүргенiм,

Кiмге керек мұңайғаным, күлгенiм?

Толғанысым, тербелiсiм, келбетiм.

Ирек салым, ақ қағазда жүр менiң.

 

ҚАЙРАН МЕНIҢ КӨҢIЛIМ

Қайран менiң көңiлiм,

Неге толқи бересiң?

Құмдай сырғып өмiрiм,

Артта қалды-ау белесiм.

 

Қимай әлi жүрсiң бе

Отты күндер елесiн?

Өттi дәурен, күрсiнбе,

Сағыныш боп келесiң.

 

Шiркiн менiң арманым,

Жеткiзбедiң сағымдай.

Тәттi сәттер алдады

Балғын бала шағымдай.

 

Тербетiлген дүние,

Қайда менiң керегiм?

Таңнан тұрып күнiге,

Жоғымды iздей беремiн.

Қайран менiң көңiлiм,

Түнде жылап жасыдым.

Сезiм болып серiгiм,

Бiрде шалқып -тасыдым.

 

Қайран менiң көңiлiм,

Неге маза бермейсiң?

Жастық дәурен – елiгiм,

Ендi қайта келмейсiң…

 

ҚАЗГУ-ДIҢ ҚАЛАШЫҒЫ

ҚазГУ-дiң қалашығын,

Сағындым бала сынды.

Жастық шақ еске түсiп,

Жүрегiм аласұрды.

 

Таңдарды таңға қосып,

Бiр қызға болғам ғашық.

Айға да қол созғанмын,

Армандар таудан асып.

 

Бақытқа мүлгiп аспан,

Жұлдыздар жымыңдасқан.

Қайыңдар сыбдыр қағып,

Жұмбақты сырымды ашқан.

 

ҚазГУ-дiң қалашығын,

Сағындым бала сынды.

Жастық шақ еске түсiп,

Жүрегiм аласұрды.

Аласұрды!…

 

ТУҒАН КҮНIМ

Бүгiн менiң туған күнiм шынымен,

Құттықтайды кiмдер келiп гүлiмен?

Куәлiкте бiр ай кейiн жазылған,

Мен маусымның он бесiнде туып ем.

 

Не дей қоям, куәлiкке сенсенiз,

Неге келдiң демес едiм келсеңiз.

Құттықтаудың артығы жоқ, бауырым,

Қуаныштың салмағы шын өлшеусiз.

 

Әзiл айтып қасымда бiр жүретiн.

Досым қайда бар сырымды бiлетiн?

Түсiнбедiм, неге тыныш айналам,

Күн емес пе қуанатын, күлетiн?

 

ӨҢIМДЕ СЕНI IЗДЕЙМIН

Өңiмде сенi iздеймiн,

Түсiме жиi кiресiң.

Сарғайған мына күздеймiн,

Сағыныш болды елесiң.

 

Жанарың жанған шоқ едi,

Бойымда ерiк балқыған.

Сен барда қайғым жоқ едi,

Дүние ән боп шалқыған.

 

Дидарың сондай нұрлы едi,

Қарасам көзiм тоймаған.

Арадай қонған гүлге ендi,

Жүрем деп мәңгi ойлағам.

 

Есiме түссең, өкiнем,

Тағдырға мына не дерсiң?

Ұмыта көрме өтiнем,

Түсiме тағы енерсiң.

 

ЖОЛЫНДА ЖҮР ТАҒДЫРДЫҢ

Жолында жүр тағдырдың,

Жоғын iздеп сан құрбым.

Ғашық болған сезiмдi

Қай бұрышта қалдырдым?

 

Көкжиекте арманым,

Үмiт жiбiн жалғадың.

Бiр көрмей-ақ ғашығын,

Барады батып жалған күн.

 

Қысқа жiптей өмiрiм,

Кiмнiң табам көңiлiн?

Кiнәләсам өзiмдi,

Жазалайды сезiмiм.

 

Тарам-тарам тамырым,

Емiн таппас жанымның.

Iздеп өмiр өтуде,

Сағындым-ау, жан құрбым.

 

ЖҮРЕКТI  ТЕРБЕП  АРМАН-ӘН

Жүректi тербеп арман-ән,

Үмiттiң жiбiн жалғаған.

Көкжиек көкте айналдың,

Қиялым, биiк самғаған.

 

Арман-ай, менi арбаған,

Өкпе айтпас жарық ай маған.

Сәулесiн құшып түнiмен,

Болмады күнiм тоймаған.

 

Бар сырын айтып жай маған,

Жұлдыздар көкте жайнаған.

Бақытты менiң шағымдай,

Жап-жарық сонша айналам.

 

Мендегi жұмбақ сұрақтың,

Жауабын күттiм ұзақ түн.

Жалған-ай, әттең жалған-ай,

Несiне алдап жұбаттың?..

 

ТЕРБЕТIП  НӘЗIК СЕЗIМДI

Тербетiп нәзiк сезiмдi,

Жүрегiм бiрге езiлдi.

Топ-томпақ менiң асылым,

Ұмытам қалай өзiңдi?

 

Бейкүнә менiң арайлым,

Жарасып қалған қалай нұр?

Жүзiңнен сенiң айналдым,

Ынтығып қана қараймын.

 

Көздерiң сенiң қарақат,

Жүрекке салды жарақат.

Сәулеңнен сенiң нұр алып,

Табады жаным рахат.

 

Ақ көңiл менiң ардағым,

Манаурап атқан таңдарым.

Сен барда сезем бақытты,

Бақытты және жан жағым.

 

Түрiңнен сенiң айналдым,

Көргенде тарқар бар қайғым.

Сен үшiн төзем бәрiне,

Қазығыңа мәңгi байландым.

 

СӨЗIМ ҚАЛДЫ…

Сүйем деген сөз қалды айта алмаған,

Сезiм қалды мөлдiреп шайқалмаған.

Бүршiк атып ақ гүлiм ашылмады,

Самал желмен тербелiп, жайқалмаған.

 

Iздеп келiп өзiңдi, көре алмағам,

Балалығым, мен сенi кiнәламан.

Тағдыр шығар қоспаған екеумiздi,

Әсем бейнең елес боп шығады алдан.

 

Жәудiреген жанардан моншақ тамған,

Жылдар жылжып, арамыз алшақтаған.

Сағыныштан сарғайып қайран көңiл,

Өзiңдi бiр көрудi аңсап қалған.

 

Есiмiңдi мен жиi қайталаймын,

Сыбырлаймын, дауыстап айта алмаймын.

Түкпiрiне жүректiң тығып қойғам,

Сенi ұмытып, қалайша жай табайын?

 

ҰМЫТАЙЫН ДЕСЕМ ДЕ…

Ұмытайын десем де, ұмыта алман,

Қол бұлғайды алыстан үмiт-арман.

Сағымдай боп бұлдырап елесiң жүр,

Жанарымда суретiң тұнып қалған.

 

Қоштасуға өзiңмен әлiм келмей,

Сабыр көрмей, өзiңсiз сәнiм келмей,

Кешудемiн күн сайын азапты өмiр,

Ғашық жүрек дүрсiлдеп дамыл көрмей.

 

Шағаладай шырылдап теңiздегi,

От жүрегiм өрекпiп  сенi iздедi,

Неге сонша, қалқам-ау, қиналамын?

Шешуi жоқ әлде бұл сезiм бе едi?

 

Салқын бейне соңғы кез берiп келдiң,

Ұстатпайтын әлде бiр елiк пе едiң?

Қол ұстасып өзгемен кете бардың,

Махаббатты ойыншық көрiп пе едiң?

 

ЕЛУДЕН АСЫП БАРАМЫН

Өткенге неге алаңмын?

Артыма неге қарадым?

Қай жерге жетiп тоқтармын?

Елуден асып барамын.

 

Шоқ болып бейне жанарың,

От болып кейде жанамын.

Делебем қозып бейуақта,

Тұлпарға қамшы саламын.

 

Жүректiң бассам шанағын,

Тербелген әндей боламын.

Жасымды неге санадың?

Елуден асып барамын.

 

Таратып жастық базарын,

Сезiмнiң тартып азабын,

Солғындау тартып ажарым,

Елуден асып барамын.

 

ТIЛIМ, НЕГЕ БАЙЛАНДЫҢ?

Мен өзiңе шынымен ғашық болдым,

Көрген сайын теңiздей тасып-толдым.

Кездескенде сырымды айта алмастан,

Қоштасуға несiне асық болдым?

 

Шыныменен сен маған ұнап қалдың,

Қалай айтам сан түрлi сұрақ барын.

Қайран менiң жүрегiм лүпiлдеген,

Қоштасарда қимастан жылап қалдың.

 

Атыңды атап, амалсыз қайталадым,

От жүректiң лүпiлiн байқамадың.

Сандуғаштай сайрайтын қайран тiлiм,

Неге, неге байландың, сайтан алғыр?

 

Кезiккенде өзiңе, ашылмадым,

Сонда-дағы көруге асығамын.

Кiнәлама сен менi, перiште қыз,

Шырқай алмай қалдым-ау ғашық әнiн.

 

СЫЗЫЛТЫП, СӘУЛЕМ, ӘН САЛДЫҢ

Түсiнгiн, мейлi түсiнбе,

Тамырымның iшiнде

Бiр сезiм ағып барады,

Мөп-мөлдiр таза пiшiнде.

 

Шымырлап аққан бұлақтай,

Бүлкiлдеп жүрек шыдатпай,

Бойымды тербеп барады,

Сәулелi сезiм шырақтай.

 

Сызылтып, сәулем, ән салдың,

Ләззатқа балқып тамсандым.

Мөп-мөлдiр таза пiшiнде

Ақ таңды күлiп қарсы алдым.

 

Сағыныш

Асылымсың  жүрегiмде сақтаған,

Саған ғана жан сырымды ақтарам.

Сұлу бейнең сағымданып селт етсе,

Тап өзiңдi көргендей боп шаттанам.

 

Сәулем, сенi аңсаған бiр сәттерде,

Орамалың желбiресе көк белде,

Құшақ жайып, ендi-ендi жеткенде,

Ғайып болып кетесiң сен деп-демде.

 

Құпиямсың қалып қойған көзiмде,

Өзге түгiл түсiнбеймiн өзiм де.

Лүпiл қағып соғып тұрған жүрегiм –

Саған деген сағынышты сезiмде.

 

Көгершiнiм

Қалықтаған көгершiнiм көгiмде,

Бiр қасиет бар-ау сенiң тегiңде?

Ғашық етiп қойған менi өзiне,

Бойымдағы мөлдiреген сезiм бе?

 

Бiр кездерi кетем ерiп елеске,

Құмартамын гүлге оранған белесте.

Көк жүзiнде қалықтаған ақ ұлпа –

Сенiң қаққан қанаттарың емес пе?

 

Сенi көрiп, тұңғиықтың өзiнен

Жақсы хабар келгендейiн сезiнем.

Тiршiлiкке көкжиектен қараймын,

Қанаттанып ұшып барам өзiңмен.

 

Бұйра бұлттан асып әрi кетемiн,

Найзағайдай жарқылдап бiр өтемiн.

Ақ жауынмен араласып пәк сезiм,

Жер бетiне өлең болып жетемiн.

 

Бүлкiлдеген бiр ырғақ

Торға түскен торғайдайын шырылдап,

Көмейiмде бүлкiлдейдi бiр ырғақ.

Өн бойымнан сезiм ағып барады,

Алпыс екi тамырымнан шымырлап.

 

Мiнiп алып, қиялдайымын боз атқа,

Барам балқып, тербетiлiп ләззатқа.

Бiр құдырет  көкке менi көтердi,

Тамсанамын таңырқап бұл ғажапқа.

 

Жаным лезде тапқандай бiр керегiн,

Дүрсiлдейдi тыным таппай жүрегiм.

Көз алдымда дөңгеленген дүние,

Көк жүзiнде қалқып ұшып келемiн.

 

Мұндай сәтке сенгiн, мейлi сенбегiн,

Түсiм емес, өңiмде бұл көргенiм.

Көмейiмде бүлкiлдейдi бiр ырғақ,

Көкте емес, мен әзiрге жердемiн.

 

Кiмге сенем?

Дос боп жүрiп, қас болғаннан сақтанам,

Дұшпан болмас, шын дос болса жақсы адам.

Кейбiр жандар тiлi сайрап тұрғанмен,

Қулықтарын тек iшiнде сақтаған.

 

Iшi тарды қайдан бiлiп жатайын?

Кемшiлiгiн жөндеп тiгiп, матайын.

Керексiзiн алып тастап жолынан,

Жақсыларын мiнбелерден айтайын.

 

Көмектесiп, қолтығынан демейiн,

Тек жақсылық тiлеп тұрар көмейiм.

Соның бәрiн кетсе ұмытып бiр күнi,

Дұшпан демей, оны кiмге теңейiн?

 

Көмегiмдi талай көрген кезiнде,

Сондай бiр жан бастық болды өзiме.

Ол – данұшпан, басқа жандар ақымақ,

Жүр бүгiнде құлақ аспай сөзiме.

 

Кiмге сенiп, ендi кiмге не дейiн?

Дос болғанның қайсысына сенейiн?

Арамзалар тартар бiр күн жазасын,

Тек жақсылық тiлеп тұрар көмейiм.

 

Ақталу

Сен өкпелеп қалдың ба екен, бауырым?

Бауырының кiм бередi тәуiрiн?

Көңiл шiркiн табиғатқа ұқсайды,

Табан асты төгiп өтер жауынын.

 

Пенделiктiң қателiгiн кешiргiн,

Қатты жаппа жақыныңның есiгiн.

Көңiл шiркiн кейде сәби секiлдi,

Жақтырмайды тербей берсең бесiгiн.

 

Өмiр тәттi болмақ емес ешқашан,

Суық кiрмес терезеңдi ашпасаң.

Ащының да керегi көп тiрлiкте,

Тағам тәттi болмас тұзды қоспасаң.

 

Сен өкпелеп қалдың ба екен, жақыным?

Көрген жақсы ащының да татымын.

Тәттi өмiр қызық бола бермейдi,

Кей кездерi көрмесең сен қатуын.

 

Жалғыз досым

Жалғыз досым, өлеңiм,

Саған ғана сенемiн.

Жанға ашпаған сырымды

Өзiңе айтып келемiн.

 

Қиял болған құрдасым,

Сенсiң жалғыз сырласым.

Ұйқы қашып кетедi,

Өзiң келiп тұрғасын.

 

Селдей ағып ондайда,

Көңiл толқып қалмай ма?

Кетем айды аймалап,

Қиял шалқып шалғайда.

 

Ешкiм iздеп таппаған

Басқа әлемге аттанам.

Бәлкiм, пейiш сол болар,

Қуанам да шаттанам.

 

Арамдар жоқ ол жақта,

Бiрақ, бiзден алшақта.

Неге сондай болмаймыз,

Қанша пенде болсақ та?

 

Бiр сырымы айтамын,

Толғандым да шайқалдым.

Тазарып жан дүнием,

Перiште боп қайтамын.

 

Шындос таппай пендеден,

Мұңға батам кейде мен.

Жабырқаған жанымды

Сенсiң өлең, емдеген.

 

Жалғыз досым, өлеңiм,

Сенi жақын көремiн.

Адастырма жолымнан,

Саған сенiп келемiн.

 

Қала бершi баяғы сол қалпыңда

Өзiңменен кездесуге сескенем,

Кездескенде кетпес менiң ештеңем.

Отқа күiп қала ма деп қорқамын,

Жүрегiмде жанар тау бар өшпеген.

 

Сенi қайта көрмей-ақ мен қояйын,

Санамдағы бал сезiмге тояйын.

Қала бершi баяғы ару қалпыңда,

Қорқақтаймын кездесердей басқа жан.

 

Мұңаймағын

Келем дейсiң «Алатауға бiр күнге»

Ұғармысың жанымды сен бiр түнде?

Баяғыдай ертегiге сенетiн,

Менi әлi бозбала деп жүрсiң бе?

 

Сенi ойлаумен өткен менiң мұң күнiм,

Сағынумен көңiлiме мұң тұнды.

Елге әншейiн қарағанмен күлiмдеп,

Сенсiз күлген керегi жоқ күлкiнiң.

 

Өтсе-дағы қаншама жыл арада,

Iңкәрлiгiм өшпей қалған санада.

Ең алғашқы махаббатым – от сезiм,

Ұмытуға әсте оны бола ма?

 

Мың күнiмдi ауыстырма бiр түнге,

Өкiнiшпен өмiр сүру мүмкiн бе?

Тағдыр шығар екеумiздi қоспаған,

Бақытты бол, мұңаймағын, күрсiнбе.

 

Түсiндiм кештеу барып

Сәттерiм еске түсiп ұнатпаған,

Кездерiм көп оңаша жылап қалған.

Көкiрегiм кейде кеуiп кетедi,

Төзiм мен тағатыма шыдатпаған.

 

Қол ұстасып қуанғам, қиялдағам,

Арманым жеткiзбеген, жиi алдаған.

Мөлдiреген сезiм бе жанарымда?

Ыстық тамшы көзiмде, тия алмағам.

 

Ақ жауындай тоқтаусыз құя алмағам,

Тербелiп дүниеге сия алмағам.

Кiнәлi мүмкiн жастық сезiм шығар,

Өзiңдi шын көңiлмен сүйе алмаған.

 

Несiне, тағдыр, сенi кiнәлаймын?

Сезiмiмдi сығалап тұрады ай, күн.

Түсiндiм кештеу  барып, кешiрерсiң,

Мен ендi сенсiз өмiр сүре алмаймын.

 

Келмесең неге алдадың?

Келмесең, неге алдадың?

Қаншама күттiм мен сенi.

Сезiмдi жеңе алмадым,

Тербедi ойлар еңсенi.

 

Мен саған бәзбiреу ме едiм?

Алдымда сұрақ тұрды.

Жанарым жәудiреумен,

Жүрегiм жылап тұрды.

 

Бекетте қиял қалды

Шарқ ұрып сенi iздеген.

Көңiлiм қия алмады,

Мен кеттiм пойызбенен.

 

Қош ендi, сен елессiң

Кездеспей кеткен бақыт.

Кiнәлi сен емессiң,

Кiнәлi – өткен уақыт.

 

Ерекше еркем менiң

Мөп-мөлдiр жанарыңнан,

Перiште көрдiм бе екен?

Ақ нұрдан жаралдым ба?

Ғайыптан келдiң бе екен.

 

Сезiмнiң шертiп қылын,

Үздiгiп үзiлердей.

Өзiңе ынтық қылды,

Төзiмге тiзгiн бермей.

 

Сағындым күндерiмдi,

Бiр жүрген өзiңменен.

Қайтемiн түндерiмдi,

Сенi ойлап, көз iлмеген?

 

Елiктiң лағындайын,

Не деген көркем едiң?

Көктемнiң шуағындай,

Ерекше еркем менiң.

 

 

Күлiп көктем таңы атты

Күлiп көктем таңы атты,

Түн пердесiн ашқандай.

Күн сәулесiн таратты,

Жiбек шашу шашқандай.

 

Жылтырардай таңғы шақ,

Сенiң сырғаң сияқты.

Желек жайды жас бүршiк,

Қырқаларда қияқты.

 

Самалменен тербелiп,

Билеп жатыр қайың да.

Арманым жүр сенделiп,

Ойлап өзiң жайында.

 

Қандай сұлу

Қандай сұлу қиыла бiр қарасың,

Нұрға толы жанарыңның шарасы.

Сезiм шiрiкiн тербелгендей теңiзде,

Қайда менi алып кетiп барасың?

 

Қандай сұлу, қандай әсем жанарың,

Шуағынан от боп лаулап жанамын.

Аялдашы, аялдашы, қарағым,

Сендей жанды қайдан iздеп табамын?

 

Ай мен жұлдыз тапқандайын жарасым,

Қандай сұлу, қандай әсем қарасың?

Көкiректе күңгiрлейдi күйтабақ,

Әнге бөлеп жер мен көктiң арасын.

 

Қандай сұлу, қандай әсем көздерiң,

Жәудiр қарап кiмдi сонша көздедiң?

Таңғы шықтай мөлдiреген ақ моншақ,

Жүрегiмдi жылатқанын сезбедiң.

 

 

Бiреуден бiреу неге артық

Бiреуден бiреу неге артық,

Сәби боп бiрдей тусақ та?

Отырмын ойға жүк артып,

Кiнәлi оған құрсақ па?

 

Өмiрге ұл-қыз әкелген,

Ананы қайтем кiнәлап?

Жаралған бәрi әкеден,

Қай жерден кеттi кiнәрат?

 

Алданған момын пысықтан,

Пайдасын ойлап қам жеген.

Тербетiп бойды ысытқан,

Кiнәнiң бәрi қанда екен.

 

«Тектiден тектi туады,

Тазасы қанның тегiнде.

Тұқымды тұқым қуады», –

Деп айтқан адам тегiн бе?

 

 

Жақын досым, қайдасың?

Жақын досым, қайдасың?

Арпа iшiнде бiр бидай.

Қайран көңiл айнасың,

Жамандыққа жүр қимай.

 

Таң атқанша тарамай,

Сыр бөлiскен сырласым.

Бiр келуге жарамай,

Не ойладың, құрдасым?

 

Егiздейiн  бөлiнбей,

Әзiл айтар құрдасым.

Кеттiң неге көрiнбей?

Қайда жүрсiң, қайдасың?

 

Түнде жауған жаңбырмен

Түнде жауған жаңбырмен,

Жуып алып шаштарын.

Жасыл желек таң нұрмен,

Шайқап жатыр бастарын.

 

Жапырақта мөлдiр шақ,

Үзiлердей дiрiлдеп,

Бал арасы көлгiрсiп,

Аймалайды гүлiн кеп.

 

Күн сәулесi шуақты,

Көктен маржан шашқандай.

Қыз күлкiсi сияқты,

Бұлақ әнге басқандай.

 

Құс бiткенiң түршiгiп,

Сiлкiлейдi қанатын.

«Жалған-ай»! – деп күрсiнiп,

Күншуақта шал отыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *