«Қайраттың» қайраты қайтты ма?

Ермұхамед МӘУЛЕН

Қазақстан премьер-лигасының 7-тур ойындарының аясында алматылық «Қайрат» өз алаңында астананың «Локомотив» командасын қабылдады. Соңғы кездесулерде жеңiлiс тауып жүрген клубтың бұл жолы айы оңынан туар деген едiк. Бiрақ алматылықтар бұл кездесу де де 3 гол жiберiп, жеңiлiп қалды.

«Ертiс» және «Тобыл» командаларымен күш сынасқан «Қайрат» осы екi ойында да өз қақпасына үш гол жiберiп, бiрдей 1-3 есебiмен жеңiлiп қалған болатын. Бұл жолы команда ойынында алға жылжу сезiлген тұс деп айтар болсақ, команда бұл жолы гол санын арттырды. Десе де 1-3 не, 2-3 не ешқандай айырмашылық жоқ секiлдi. Себебi нәтижеде аларымыз 0 ұпай.

Ойын басталысымен өз мықтылығын танытып, алға ұмтылған «Локомотив» құрамындағы мықты ойыншыларының есебiнен ойынды өз қолдарына алды. Ұлттық құрамада өнер көрсететiн аяқдопшылары бар қонақтар Бугаев пен Богавац секiлдi легионерлерiнiң де септiгiмен көп жағдайда алаң иелерiнен басым көрiнiп жатты.

Қақпа маңынан белгiленген айып добын керемет орындай бiлген Нұрбол Жұмасқалиев ойынның есебiн ашты. Бiрiншi таймның соңына қарай Таңат Нөсербаев есептi еселей түстi. Бiрiншi тайм аяқталған тұста «Қайраттың» жағдайы нашар едi. Жiберiлген 2 гол және алаңнан қуылған жартылай қорғаушы Джорджевичтiң орнын толтыру қиынның қиыны едi.

Дегенмен, «Қайрат» оңай берiлмедi. 2-кезең басталысымен бiрден шабулға лап қойып, кеткен есенi қайтарғысы келдi. Стадионға жиналған жанкүйерлер де осыны қалаған едi. Алаңға шыққан Руслан Балтиев керемет пастарымен ойынға қан жүгiрттi. «Қайрат» қақпасына гол соққан Нөсербаев Балтевтiң орындауындағы айып добының нәтижесiнде өз қақпасына доп соғып алды. Кiрген голдан шабыт алған алаң иелерi Сергей Струковтың шабуылынан есептi теңестiрдi. Екi бердей ойыншының арасынан әрiптесiне пас берген ол нәтижелi шабуылдың бастамашысы болды. Допты тоғыздыққа шегедей қаққан Евгений Коструб едi. Жанкүйердiң көңiлi алып-ұшып, мәз-мәйрам болып жатқан тұста қонақтар су сепкендей басты. Сол қанатта ойын бойы ойқастаған Боговац қақпашымен бiрге-бiр шығып есепте қайтадан «Локомотивтi» алға шығарды. Ойын соңына қарай үлкен күшпен қысқан «Қайрат» шабуылын тойтарамыз деген астаналық қорғаушы Михаил Рожков қызыл карточка алып, алаңнан қуылды. Ойыншылар саны теңескенiмен, есеп теңесе қоймады.

Владимир Никитенко, «Қайрат» футбол клубының бас бепкерi:

­- Ойын өте тартысты өттi. Менiң командам қолдан келгеннiң барлығын жасады деп ойлаймын. 2-таймда өзiмiздiң күшiмiзге сенгендей болдық. Он адаммен жүрiп теңестiрiп кете жаздадық.

— Неге Руслан Балтиев алғашқы минуттардан алаңға шықпады?

Оның күш-қуаты әзiрге толықтай 90 минут ойнауға жетпейдi. Кубоктағы кездесуде бiршама ойнап, өз қалпына келсiн деген едiм. Оған артылар жүк көп. Сондықтан да Русланды 2-таймға қалдырып отырған едiм.

— Соңғы үш кездесуде 9 гол жiбердiңiздер. Мүмкiн қорғаушылардың ойынында бiр ақау бар шығар? Қалай ойлайсыз?
Мен сол жiберiлген голдардың барлығын қорғаушылардың қателiгiнен кiрдi деп ойламаймын. Қорғаушылар алдыңғы шептегi ойыншылардың қимылына тiкелей тәуелдi. Барлығын үйiп-төгiп олардың мойнына арта салуға болмайды. Футбол бұл командалық ойын.

— 2-таймда алаңға шыққан Струковтың ойыны сiзге ұнады ма?
— Иә. Жағдай қиындап тұрған кезде оның тәжiрибесi жақсы көмектестi. Ойыншыларды алға сүйреп, әлi ештеңе бiте қойған жоқ дегендей күш сыйлады жiгiттерге. Соның арқасында есептi теңестiрдiк. Қайта оның да аяғы жартылай жарақат едi.

Холгер ФАХ, «Локомотив» командасының бас бапкерi:

— Шын мәнiсiнде жақсы кездесу өттi деп ойлаймыз. Алғашқы минуттарда басымдылыққа ие болып, алға шыққанымен, қарсылас дес бермей есептi теңестiрдi. Бiрiншi таймдағы бiздiң ойыншылардың көрсеткен ойынын өте керемет деп бағалаймын. Осы күндерi менiң ойымша оңай жеңiле салатын команда жоқ. Бұл Қазақстан футболының дамып келе жатқандығының бiр көрiнiсi.

— Екi гол соғып, есепте алға шықтыңыздар, қарсылас командадан бiр ойыншы қуылып кеттi. Осы жағдайлардан соң жеңiске жеттiк деп ойлаған боларсыздар?

— Футболда небiр жағдай болатынын мен өз басым бiлемiн. Және ойыншыларыма да соны ұқтыруға тырысамын. Дегенмен де, ойынның дәл осылай өрбитiнiне ешкiм де сенбеген болар.

— Сонда сiздер қиын тұстан ненiң арқасында шықтық деп ойлайсыздар?

Ең алдымен командалық ойынның арқасында. Бiз соңыгна дейiн жағдайды түзеймiз деп күрестiк. Және еңбегiмiз еш кеткен жоқ. Жылдам аяқты Боговацтың арқасында гол соқтық.

«Қайрат» — «Локомотив» 2:3 (0:2)

Голдар: Жұмасқалиев 18 (0:1), Нөсербаев 40 (0:2), Нөсербаев 56 — автогол (1:2), Коструб 72 (2:2), Богавац 84

Ескертулер: Джорджевич 29 — П. Алиев 55, Жумаскалиев 90

Алаңнан қуылғандар: Джорджевич 32 — Рожков 90

«Қайрат»: Цветков, Муминов, Воротников, Джорджевич, Горячий, Кирильчик, Коструб, Фомин (Струков 66), Головской (Балтиев 46), Байрамов, Христов (Сүймағамбетов 35)

«Локомотив»: Эрич, Гурман, Нұрдәулетов, Рожков, Плиев (Даутов 44, Шомко 74), П. Алиев, Шахметов, Нөсербаев (Азовский 74), Жұмасқалиев, Богавац, Бугаев

Төрешiлер: Дүзмәмбетов (Өскемен), Богданов, Обрядов (екеуi де — Семей)

16 сәуiр. Алматы. Орталық стадион. 2000 көрермен

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close