ҚАЙРАТКЕР ӘЙЕЛ

Алматы қаласы­ның Мемле­кеттік архивінде Қазақ­стан Журналистер одағы сыйлы­ғының лауреаты, Қазақ­стан Республи­касы халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Ыбырай Алтын­сарин» медалінің, «Құр­мет» орденінің иегері, белгілі қоғам қайраткері, педагог, Алма­ты қаласы Мемлекеттік архиві­нің жеке қор құрушысы Сайраш  Әбішованың туғанына 75 жыл толуына орай «Жақсының жы­луы – жанға дәру» деген тақы­рып аясында кездесу болып өтті.

Оған Күләш Бейсенбіқызы, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Сәния Қайроллақызы, Әбубәкір Қай­ран, Әбділдабек Салықбай, Ардақ Кәкітай, Қайырбек Ша­ғыр, Рая Әбішқызы, Кенжегүл Қинаубаева, Бейбітгүл Дуан­бекова сынды белгілі қалам­герлер қатысты.

Кеште Сайраш Әбішқызына арналған бейнеролик (жастық шағынан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңдегі құжаттары, орден, медальдары, фотосуреттері, жет­кен жетістіктері) көрсетілді.

Сайраш Әбішева 1944 жылы 1 мамырда Семей облысының Ақсуат ауданында дүниеге кел­ген. Орта мектепті күміс медаль­мен бітіріп, 1961 жылы Абай атындағы Қазақ педаго­гикалық институтының тарих-филология факультетінің студенті атанады. 1965 жылы қазақ тіл мен әдебиеті және оған қосымша тарих пәнінің мұғалімі деген мамандық бойын­ша қызыл дип­лом алып шығады. Еңбек жолын Ақсуатта Ю.Гага­рин атындағы сегізжылдық мектепте мұғалім­діктен бастайды. 1966 жылы қараша айында аудандық комсо­мол комитетінің хатшысы болып тағайындалады. 1968 жылы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасына қабылданады. 1971 жылдан 1977 жылдың қазан айына дейін «Социалистік Қазақ­стан» газеті­нің редакциясында қызмет атқа­рады. 1977 жылы «Қазақстан әйел­дері» журналына жауапты хатшылыққа ауысты­рылған.

1983—1987 жылы педагог-жур­налист ретінде республикалық ғылыми-әдістемелік «Қазақстан мектебі» журналы бас редакто­рының орынбасары, қосымша «Бастауыш мектеп» журналы­ның редакторы қызметін атқар­ған. 1987 жылы «Қазақстан мек­тебі» журналының бас редакторы қызметіне тағайындалады.

Сайраш Әбішева – бірнеше жинақтың, екі кітаптың авторы. Қазақстанның 60 жылдығы қарсаңында жазылған очерктер топтамасы үшін Қазақстан Жур­налистер одағының екінші сыйлығын иеленді.

Ол – республиканың қоғам­дық өміріне белсене араласып жүрген қайраткер. 1989—1991 жылдар аралығында Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы болып сайланып, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, қазақ мектептерінің, балабақша­ларының ашылуына тікелей ұйытқы болған.

 

Ш.СӘЛІМГЕРЕЕВА,

Алматы қалалық Мемлекеттік архивінің бөлім басшысы, т.ғ.к.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *