Қайрат НҰРҚАДIЛОВ, Алматы қаласы Тұрғын үй басқармасының бастығы: Алматы қаласында 5 жыл тұрақты тiркеуде болу мәселесi талқылану үстiнде

Баспана мәселесi қандай да бiр даму жолындағы мемлекет болмасын бiрiншi кезектегi өзектi тақырып. Ал елiмiздегi ең келбеттi, табиғаты тамылжыған Алматы шаһарында бұл мәселе екi есе күрделi. Өйткенi, Алматы – Орта Азия белдеуiндегi iрi қаржы орталығы, сонымен қатар, күндiз-түнi сапырылысқан сауда-саттықтың нағыз ордасы. Өңiрлерден өзiмсiнiп жеткен қандас бауырларымызбен қыстырылысып, iргедегi қырғыз, өзбек, тәжiк ағайындар да нәпақаларын осы жерден iздеседi. Барлығында бiр-ақ арман бар, ол – есебiн тауып осынау құйқалы аймаққа сiңiсiп, баспаналы болу.

Биыл мемлекет басшысының бастамасымен «Қолжетiмдi баспана – 2020» бағдарламасы қолға алынды және бұл жобаны бүгiнде Елбасының өзi тiкелей назарында ұстап отыр. Айта кету керек, бұл бағдарлама көпшiлiктiң үмiтiн оятты. Редакция қоржынына қала тұрғындарынан аталған жобаның барысы туралы, жалпы қабылданған қайырлы құжат төңiрегiнде терең түсiнiктеме берудi өтiнген хаттар, телефон қоңыраулары көптеп түсуде. Осыған орай бiз қалалық Тұрғын үй басқармасының бастығы Қайрат Нұрқадiловке хабарласып, бiрнеше көкейтестi сауалдарға жауап беруiн өтiнген едiк.

– «Қолжетiмдi баспана – 2020» жобасының бұған дейiн 2005–2007, 2008– 2010, 2011–2014 жылдарға арналған бағдарламалардан ерекшелiгi бар ма?

– Мемлекет басшысының бұл бастамасы 2007-2008 , 2009–2011, 2011–2014 жылдардағы мемлекеттiк бағдарламалардың заңды жалғасы.

– Пәтер жалдап тұратын оқырманымыз 3 жылдан берi базарда ұсақ бизнеспен айналысып жүргендiгiн айтады. Қалада тiркелген, табысы да жаман емес екен. Ендi бағдарлама бойынша 2 б:лмелi пәтерге қол жеткiзсем дейдi. Ең алдымен қай мекеменiң есiгiн ашсақ дейдi баспанаға үмiткер оқырман.

 – Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2012 жылғы 30-қаңтардағы №261, Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27-қаңтардағы «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын iске асыру туралы Жарлығын жүзеге асыру мақсатында «Қолжетiмдi тұрғын үй – 2020» бағдарламасы әзiрленген. Бұл бағдарламаны үстiмiздегi жылдың маусым айында Үкiмет бекiттi. Бағдарламада жергiлiктi органдарда есепте тұрған қызметкерлерге жалға берiлетiн тұрғын үйлердiң құрылысын жүргiзу, жас отбасыларға тұрғын үй құрылыс жинақ қоры арқылы сатып алуға болатын тұрғын үйлер, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» желiсiмен босатылатын тұрғын үйлер, «ҚНК» АҚ арқылы берiлетiн тұрғын үйлердiң мән-жайы көрсетiлген.

Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан баспана босатуды ҚР-ның «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (одан әрi – ҚР Заңы) 74-бабы реттеп отырады. Коммуналдық тұрғын үй қорынан босатылатын баспананы белгiленген кезекке тұрған мына санаттағы мұқтаждар ала алады:

– Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен соғыста зардап шеккен мүгедектер;

– Халықтың әлеуметтiк әлсiз топтары;

– Мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйым қызметкерлерi, әскерилер және сайланбалы мемлекеттiк қызмет атқаратын тұлғалар;

– ҚР Заңнамасында белгiленген тәртiп бойынша тұрғын үйлерi апатты деп танылған азаматтар.

– Осыдан 5-6 жыл бұрын коммуналдық қор арқылы пәтерлерге ие болған бюджет қызметкерлерi баспаналарын жекешелендiре ала ма? Жекелендiруге құқы бар жағдайда оларға жеңiлдетiлген тариф қолданыла ма? Әлде, жалпыға бiрдей бiр тариф пе? Жалпы, қазiр қалада пәтердiң 1 шаршы метр құны қанша?

– Коммуналдық тұрғын үй қорынан берiлген пәтерлердi жекешелендiру мәселесiне келсек, 2011 жылдың 27-маусымында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтiк қорғау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңы қабылданып, осыған сәйкес Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына (бұдан әрi – ҚР Заңы) өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлгенi туралы хабарлаймыз.

ҚР Заңының 13-бабымен мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйлердi тегiн жекешелендiру құқықтары жетi санаттағы азаматтарға, оның iшiнде 1 және 2 топ мүгедектерi қарастырылған, сонымен қатар, аталмыш заңнаманың 13-бабы 9-тармағы бойынша ҚР азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттiк тұрғын үй қорынан бiр тұрғын үйдi ғана жекешелендiруге құқылы.

Ал, Заңның 98-бабына сәйкес тұрғын үйдi жекешелендiру тәртiбi Қазақстан Республикасының Үкiметiмен белгiленуi керек. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы қабылданғаннан кейiн бұл пәтерлердi жекешелендiру мәселесi қарастырылатын болады.

– Редакциямызға хабарласқан 2-топтағы мүмкiндiгi шектеулi азамат «Шаңырақ» ықшамауданында туыстарының үйiнде тұратындығын айтады. «Жеңiлдетiлген пәтер кезегiне тұруға мүмкiндiк бар ма?» дейдi қамкөңiл жан. Осы жерде «қала аумағында жеңiлдетiлген пәтер кезегiн қандай санаттағы тұлғалар пайдалана алады?» деген сұраққа жауап бере кетсеңiз?

– «Шаңырақ» шағынауданындағы 2-топ мүгедегiн тұрғын жаймен қамтамасыз ету мәселесiне келетiн болсақ, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67, 68-баптарына сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй тұрғын үйге мұқтаж, осы елдi-мекенде тұрақты тұратын және халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын топтарына жататын азаматтарға (төменде көрсетiлген 11 топ) және мемлекеттiк қызметкерлер мен бюджеттiк ұйым қызметкерлерiне берiледi:

1) ҰОС мүгедектерi мен қатысушылары;

1-1) ҰОС мүгедектерi мен қатысушыларына теңестiрiлген азаматтар;

2) 1 және 2-топтағы мүгедектер (өздерi жасаған қылмыс салдарынан мүгедек болған азаматтарды қоспағанда);

3) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi от-басылар;

4) заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;

5) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

6) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айрылған, жиырма жасқа жетпеген жетiм балалар. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;

7) оралмандар;

8) экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айрылған адамдар;

9) көп балалы отбасылар;

10) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары;

11) толық емес отбасылар. Қолданыстағы Заңның 69-бабына сәйкес жоғарыда аталған топтарға жататын азаматтардың барлығы егер Қазақстан Республикасының аумағында меншiк кұқығында тұрғын үйi болмаса немесе отбасы тұрып жатқан тұрғын үй санитарлық және техникалық талаптарға сай келмесе, онда тұрғын үйге мұқтаж деп танылады.

– Жалдық негiзде босатылатын пәтерге тек бюджет қызметкерлерi ғана үмiт арта ма, жоқ әлде банк есеп-шотында бастапқы жарнасын жинаған кез- келген тұлғаның таласы бар ма?

– Бұл санаттағы жеңiлдiктерге қала шеңберiнде тұрақты мекен-жайға тiркелген кез-келген республика азаматы үмiт арта алады.

– Жуырда жеке өзiңiздiң тарапыңыздан «Алматы қаласында пәтер кезегiне тұру үшiн үмiткердiң кемi 5 жыл қалада тұрақты есепте болуы шарт» деген ұсынысыңызды естiдiк. Сiздiң бұл мәлiмдемеңiз алуан-алуан пiкiрлердiң тақырыбына айналуда. Бұл пiкiрiңiз қоғамда қолдауға ие болады деп ойлайсыз ба?

– Алматы қаласында 5 жыл тұрақты тiркеуде болу мәселесi қазiргi кезде талқылану үстiнде. Осы бағдарламаға Үкiмет тарапынан қолдау бiлдiрiлгеннен бастап қаламызға өңiрлерден республика азаматтары көптеп ағылуда. Өткен жылы жеңiлдетiлген кезекте 750 азамат тiркелсе, биылғы 6 айдың iшiнде мың жарымнан астам отбасы тiркелiп үлгердi. Бұл өз кезегiнде баспананың қолжетiмдiлiгiн ұзартып жiбередi. Бағдарлама басқа облыстарда да қолға алынуда. Сондықтан, менiң жеке пiкiрiм – Алматыға ағыла бермей, қысқа мерзiмде аймақтарда қол жеткiзуге болады деп ойлаймын. Қазiргi уақытта тұрғын үйге мұқтаждар есебiне алу кезiнде азаматтардың республика аумағындағы соңғы 5 жылдағы тұрақты тiркеу бойынша мәлiметi алынады.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен – Берiк СӘДУАҚАС.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *