Қайрат МӘМИ, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы: «ТАРИХЫМЫЗДЫ ТАНЫП-БІЛУДЕ ЕЛДІҢ ОЙ-САНАСЫН ТЕРЕҢДЕТЕ ТҮСКЕН ТАҒЫЛЫМДЫ ЕҢБЕК»

Д.А.Қонаев атындағы Еура­зиялық заң академиясында «Ұлы даланың құқықтық дәстүрлері және тәуелсіз Қазақстанның конститу­циялық құндылықтары» тақырыбында «Дөңгелек үстел» болып өтті.

Балнұр АХМЕТ

Іс-шара­ны Д.А.Қонаев атындағы Еуразия­лық заң академиясы ҚР Кон­сти­туциялық Кеңесі мен Қазақ­стан Рес­публикасы Тұңғыш Президенті – Елба­сы қоры бірлесіп ұйымдас­тыр­ды. Аталған жиынның негізгі мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жан-жақты талқы­лау, ұсынылған идеяларды жүзеге асы­ру жолдарын қарастыру болды. «Дөңгелек үстел» жұмысына мемле­кеттік орган­дардың басшылары, ға­лым­дар мен үкіметтік емес құқық қор­ғау ұйымда­рының өкілдері қатыс­ты.

–  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының жарыққа шығуы елі­міздің қоғамдық, саяси және рухани, құқықтық өміріндегі маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр. Мемлекет бас­шысының аталған мақаласы еліміздің барлық аймағында үлкен қоғамдық пікір туғызып, ғалымдар ара­сында үлкен қызығушылық туды­рып, қолдауға ие болып отыр. Өйткені, Елбасы өзінің бұл мақаласында Ұлы Даланың осы уақыт­қа дейін кешенді түрде зерттелмеген, ғылыми айна­лымға түспеген қырла­рын, яғни тарихи, рухани құқықтық құндылық­тарын ғылыми негізде дәйектеп көрсетіп, өзекті мәселе ретінде күн тәртібіне қойып отыр. Осы тұрғыда қазақ халқының көшпелі өркениеті­нің тарихын, рухани өмірін, оның ежел­ден қалыптасқан құқықтық жүйесін және заң құндылықтарын бөліп қарауға болмайды. Өйткені, ол қазақ халқының қоғамдық-саяси тарихының маңызды құрамы болып қалыптасқан. Дәстүрлі қазақ мәде­ниеті мен өркениетінде аса маңызды әрі салмақты орны бар ауқымды сала, – деді Д.А.Қонаев атындағы Еура­зиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири.

Басқосу барысында Конститу­циялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми Елбасы мақаласының тарихымызды танып-білуде елдің ой-санасын одан әрі тереңдете түскен тағылымды еңбек екенін атап өтті. Оның пікірінше, Елбасы мақаласы ұлттық рухтың және сана-сезімнің асқақтауына игі ықпал етіп, қазақ елінің бай мұрасын халықаралық қауымдастыққа паш етуге негіз болады.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жария етілген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласы – тарихымызды танып-білуде елдің ой-санасын одан әрі тереңдете түскен тағылымды еңбек. Бүгін жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы­ның заңды жалғасы. Елбасы ғылымға негізделген тарихи сана қалыптаспай, Отанын сүйер азамат, елін сүйер ер болмайтынын атап өтті. Мыңдаған этнос жаяу жүргенде бабаларымыз ат үйретіп, алтыннан сауыт құйып, үзеңгіде жер-жаһанды жүйткіп өтуі кейінгі бу машинасын, оқпен атыла­тын қару ойлап табу үрдісімен пара-пар еді. Үзеңгі, ауыздық пен таға – арис­тократтық рухты бабалары­мыздың әлем кеңістігіне апарған өркениет сегменті екеніне ешкім дауласа алмайды. Ол да біздің әлем таныған бір қырымыз, оған қосқан үлесіміз. Әлем өркениеті алдында сүйсіне мақтанатын көнеден жеткен басқа жәдігерлеріміз де баршылық. Олардың ішінде Еуразияның сайын даласында ғұмыр кешкен бабалары­мыздың әлем кеңістігіне ұсынған теңдес­сіз құқықтық дәстүрлері де бар. Олардың көбі қазіргі таңда да ғылы­ми-тәжірибелік маңызға ие. Солар­дың бірегейі – би институты. Ол дауды әділ шешу, мал емес, ар тазалығы ұста­нымы әділдігінің ғажап формасы. Орыстың белгілі этнограф-тарих­шысы Левшин жазатын әділдіктің алтын ғасыры орнаған заман осы би­лер соты кезінде болған. Батыс елде­рінде бүгінде кеңінен орын алған екі жақты тең жарыстырып, қатаң заңға ғана тәуелді болып қалмай, билік шығара­тын англосаксондық сот жүйе­сінің де бастауы көшпелі өрке­ниеттің билер сотынан басталатынын шет ел ғалым­дары қазіргі таңда мойындап жүр. Біздің даламыздан бастау алған мәдениеттердің игілігін дүние жүзінің әлі күнге дейін көріп отырғанын дәлел­деп, дәріптей білуіміз керек. Жаңаша ұғым, жаңа көзқарас қалып­тастыруымыз керек. Жеті атамызды білгендей, жеті қырды мең­герсек, Елбасының маңына топтасып, алар асуларымызды, жетер жетістік­терімізді дәл межелесек, өркениет тізі­мінен өзіміздің лайықты орны­мызды табатынымызға сенімді­міз. Елбасы айқындаған жеті қазына­мызды елге паш етіп, Отанымыздың ұл-қызына тұмардай ұстатып, рухани бағдар етіп беру – біздің алдыңғы ұрпақтың қары­зы әрі парызы, – деді Консти­туциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми.

Шара шеңберінде әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің «Өнегелі өмір» сериясының кезекті 163-шығарылымының тұсаукесері болды. Бұл кітапқа Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәмидің еңбек­тері, мақалалары, сұхбаттары, ол туралы ұстаздары мен ұзақ жылдар қызметтес болған үзеңгілес әріптесте­рінің мақалалары, мұрағат құжаттары мен фотосуреттері енді. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының ака­демиктері Т.Қожамқұлов, С.Сартаев, заң ғылымының докторлары А.Ағы­баев, А.Диденко, З.Кенжалиев, Д.Бай­делдинов, бірқатар сот жүйесі, құқық қорғау органдарының құрметті қызметкерлері мен ардагерлері және тағы басқалар бар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *